Мереке

26 салт дәстүрді жаңғыртты  

Бүгін, яғни 18 наурыз — ежелгі түркінің тоғыс күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңескен күні. Осыған орай Ақтөбедегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жаса, Наурыз, дәстүрлі!»  атты танымдық шара және «Наурыз – ұлт құндылықтарының бастауы» тақырыбында ұлттық  тағамдар көрмесі өткізілді.

Шараға облыстағы  мәдениет саласының қызметкерлері, музей қызметкерлері, Ақтөбе кооперативтік, көлік және коммуникация және С.Бәйішев атындағы университеттің студенттері мен оқытушылары, қала тұрғындары қатысты.

Музейдің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша,  Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде 1993 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді.

— 1993 жылы марқұм Мұхтар Арын мұраларды зерттеу инспекциясында қызмет етіп жүрген мені шақырып алып, облыста наурыз тойына арналған сценарий жасау қажеттігін айтты. Теңге айналымға шыққан жылы болатын. Сол жеті теңгеде көрсетілген қазақтың жеті арысын бейнелі түрде сахнаға шығарып,  Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке мен молшылықтың Тәңірісі – Ұмай ана, Қыдыр баба, Үтбике, Әзмырза атты кейіпкірлерді қатыстырып сценарий жасадық. Содан кейін бірнеше рет бұл қойылым облыстық драма театры актерларының қатысуымен өткізілді. Қазір жыл сайын музей қызметкерлері осы сценарийді қолдана отырып, дәстүрлі Наурыз тойын өткізеді. Биыл да 6 мифологиялық кейіпкер, Күн мен түннің теңелу сәті, ұмыт болған 19 салт-дәстүр, барлығы  26 көне салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында танымдық кеш өткіздік, — дейді Б.Мырзабай.

Шара барысында  «Бақ-берекем, құт-мерекем Әз Наурыз» атты  этнографиялық қойылыммен қатар «Ұйқыашар», «Селт еткізер» сынды салт-дәстүрлер көрсетілді.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button