Мереке

Қой қазаққа жағатын түлік

Биылғы Наурызда Қой жылы кіреді. Халқымыз Қой жылын жақсы жыл санаған. Оның арғы-бергі тарихымызда жайлы болып, есте қалған кездері көп. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін 1991 жылы, Қой жылында алды. Соның арқасында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дерлік заманды көріп отырмыз. Күллі халқымыз қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасқан Президент сайлауы қарсаңында тұрмыз. Табалдырық аттағалы тұрған Қой жылының да берекелі, мерекелі жыл боларына көзіміз жетіп отырғандай. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қазбек МӘЛІКОВПЕН әңгімеміз кезінде біз бұған тірек боларлық біраз деректер алдық. Сонымен…

 

—  Үлкендер: «Күннің жамандығы кетер-ау, адамның жамандығы болмаса…» деп отырушы еді. Сол айтқандай наурыз келіп, күн жылынып, тоқты «ауызын сулады». Мал қыстан жақсы шығып келеді. Мұндай кезде шаруаның көңіл күйі көтеріңкі екенін білеміз. Оның үстіне Жылқы жылы орын босатып, қашаннан жайлылығымен белгілі қой келеді. Бұл түлік халқымыздың санасында «Семіздікті қой көтереді» дегендей байсалдылықпен, «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» дегендей байлық, молшылық атауымен астасып жатады. Біздің облыста бұл түлікті өсіру қаншалықты дамыған?

— Байлық бастауы қой десек артық болмайтын шығар. Тап қазіргі шақта біздің облыста миллионнан астам қой-ешкі бар. Олардан өндірілетін өнім де қомақты.  Мысалы, 2014 жылы сойыс салмақта 9171 тонна қой еті, 1245,5 тонна ешкі еті өндірілді. Мал басының өсімі негізінен ауыл шаруашылығы  құрылымдарында анық байқалады, бұған енді ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, фермерлік шаруашылықтар кіреді. Тек  өткен жылы 2013 жылмен салыстырғанда қой-ешкінің басы 5,3 пайызға өсті. Қой шаруашылығын дамытуға, оның ішінде шалғайдағы қой шаруашылығын дамытуға 2012 жылдан бастап айрықша мән берілді. Сол жылы облыстың оңтүстік, оңтүстік-батыс жағындағы  Ырғыз, Шалқар, Байғанин, Ойыл сынды төрт ауданында сынамалық жоба іске асырылды.  20 мыңның үстінде қазақы қой сатып алынып, лизингке берілді.

— Интернетке көз салсақ, әлемнің 170-тен аса елінде 650-ден астам қой тұқымы мен тұқымдастары бар екен. Неолит дәуірінде қолға үйретіле бастаған жабайы қой — арқар және муфлоннан шыққан қой адамның қолынан өсіп, дамып, осындай дәрежеге жеткен. Қазақтың да қой өсіруде даңқы алысқа кеткен. Бір кезде біздің өңірде салмағы 100 келі тартатын, қыстай шөбі қау жайылымдықта жылқы құсап қар теуіп қоректенетін Еділбай қойлары өсірілетін. Қазір мұндай қойлар қайда бар?

Бізде таза еділбай қойы Ойыл ауданының «Толғанай» шаруа қожалығында бар. Бұл шаруашылық асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін мәртебеге ие. Біз қойдың бұл тұқымын негізінен Батыс Қазақстан облысындағы «Бірлік»  асыл тұқымды мал зауытынан сатып аламыз. Таза еділбай қойын осы шаруашылық өсіріп сатады, таратады. Мұнымен бірге, бізде қойдың асыл тұқымын өсірумен шұғылданатын өзге де шаруашылықтар жеткілікті. Көбіне олар қан алмастыру, малдың тұқымын одан әрі қарай жақсарту мақсатында асыл тұқымды қошқарлар сатып алып ауыстырып отырады.

Қойдың негізінен бізде өсірілетін түрлері — еділбай қойы, қазақтың құйрықты қылшық жүнді, сосын қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді және цигай қойлары.

— Асыл тұқымды қой өсірумен облыста қанша шаруашылық айналысады?

11 шаруашылық. Оның ішінде екеуі цигай қойын өсірумен — «Тоқмансай», Құмжарған» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері шұғылданады.  Еділбай қойын өсіретін «Еділбай-элит» шаруашылығы бар Ақтөбе қаласына қарасты, сосын жаңа айттым, Ойылда «Толғанай»  шаруа қожалығы. Бұлар қойдың таза еділбай тұқымын өсірумен айналысады. Ал «Алтын әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді қойын өсіріп келеді. «Көптоғай», «Жалпақ», «Данагүл», «Идиат» шаруа қожалықтары — Ойыл, «Шыңғыс» шаруа қожалығы — Әйтеке би, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Хромтау аудандарында қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойын өсірумен айналысады. Тек былтырғы жылы осы шаруашылықтар арқылы 9 мыңдай асыл тұқымды қой сатып алынған екен.

Тап осы түлікке мемлекеттік қолдау бар ма?

— Бар болғанда қандай! Соның арқасында асыл тұқымды қой өсіру жұмысы қарқын алып, нығайып келеді. Қазір асыл тұқымды қошқар сатып алған шаруа қожалықтарына осы жұмыстарды жүргізгені үшін субсидия төленеді. Соның нәтижесінде жылма-жыл саулық саны артып келеді. Алдыңғы жылы бұған 50 мың саулық қатысса, өткен жылы 125 мың саулыққа жетті немесе екі жарым есе өсті. Бұл шаруа биыл да қарқынды жүргізілуде. Бұлардың бәрі — тұқымын жақсарту арқылы болашақта қой етін молайтудың қамы.

Асыл тұқымды қошқар сатып алған шаруа қожалығына сатып алған шығындарын өтеу үшін басына 8 мың теңгеден селкциялық жұмыс жүргізгені үшін 1,5 мың теңгеден саулық басына субсидия төленеді.

— Қойдың тек еті ме, жүні де қазақ үшін қадірлі емес пе еді?

— Түйінді мәселе  бұл. Бізде  қой жүнін қайта өңдеу кәсіпорындары жоқ. Бұрын болған, жойылып кеткен. Тек біздің облыс емес, республика бойынша жағдай осындай. Бұрынғыдай  қой жүнін қабылдап алу да, оны ұқсататын жеңіл өнеркәсіп те Қазақстанда жоқ.

— Бұрынғыдай қой жүнінен киіз баспайды?

— Басатындар бар  киізді, бірақ кең көлемде емес.

— «Шопан аталардың» қатары қалай толығуда?  Фермерлер шопан таба алмайтыны туралы жиі айтады?

— Осы жағы қиын болып тұр. Қазіргі шопандардың дені үлкен кісілер. Жастар жағы әзірге там-тұмдап қана барып жатыр. Қалай десек те, малдың бәрі бағылып тұр. Бағылмай жатқан мал жоқ.

— Мал шаруашылығындағы мемлекеттік бағдарламалардың  атаулары түлік түрлеріне қарай лайықталған. Ірі қара — «Сыбаға», жылқы — «Құлан», қой —  «Алтын асық»…

— Былтырдан бастап қой шаруашылығында  «Алтын асық» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Шаруашылықтар біраз мал алды. Биыл да 5 шаруашылық осы бағдарламаға қатыспақ. Асыл тұқымды қошқар алады. Қазірдің өзінде олардың төртеуіне 7 жылға 6 пайызбен несие берілді. Негізгі бережақты төлеуге екі жыл демалыс беріледі. Бұған да шаруашылықтардың қатысуы тәуір. Былтыр 13 шаруашылық қатысса, содан 11 шаруашылықтың жобалары мақұлданып,  2,5 мыңдай қой сатып алған. «Алтын асық» — жақсы бағдарлама.

— Қой қазақтың оң жамбасына келетін шаруа. Атакәсібі деп те жүрміз. Көп шығынға да түспейтін сияқты…

— Негізінен шығын жоқ жылқы түлігі ғой. Қойдың жұмысы аз емес. Қысқа шөп дайындау керек. Ветеринарлық жұмыстары бар. Қыста 20 күн сайын астын ойып отыру керек. Төл алу жұмыстары жалғасады. Жабағысы, күземі, қозы күземі, күйек алу сынды науқандары бар. Баққан кезде де көз жазбай соңында жүру керек. Өзге түліктер сияқты айдап салуға келмейді.

— Біздің бір ағамыздың мамандығы зоотехник еді. Сол кісі айтушы еді: «Біз, зоотехниктер, шөп жегісі келіп тұр ма, болмаса су сұрап тұр ма — сиырдың мөңірегенінен білеміз» деп. Сіздің де мамандығыңыз зоотехник, қойдың қандай мінездерін білесіз?  Мысалы, қой құлағын қақса, ауа райы бұзылады деген болжам бар. Қой жылы туған құрдастарыңыз бар ма? Мінездерінде осы түлікке ұқсастық табыла ма?

— Ал мен бұларды білмедім, зерттегенім жоқ.

— Ешкіні сауады қазір Ақтөбеде. Бизнес жасап отырғандарды көріп жүрміз.Қазақ «Қойдың сүті қорғасын»  деп жоғары бағалайды. Бір кездері қазақ қойды қосақтап сауған. Қазір ондай жоқ, неге?

— Қажеттілік болмай тұрған болар. Қойды сауу үшін ерекше рацион болу керек. Әйтпесе қозысын жарытпайды. Сүт аламыз деп қозыдан айырыламыз. Ол үшін біраз бейімдеу керек. Жұмысы да көп. Қойдың сүтінің құнарлы екенін де, сұраныстың болатынын да білеміз. Бірақ мұның әлгіндей қиындықтары бар.

— Қойдың жайылымы, құдық жағдайы қалай?

— Былтырдан бастап бұл мәселе де қолға алынуда.  Лизингпен ұңғыма қазатын техника алынып берілді. Былтыр біраз шаруашылықтар құдық  қаздырды.  Қазір алыс жайлауларда отыратын шопандар күн, жел қуатын пайдаланатын технологияларға көшірілуде.  «Агробизнес — 2020» бағдарламасы бойынша бұл жұмыстар қойлы ауылдарда биыл да жалғасады. Оған да мемлекттік қолдау қарастырылған, шығынының 80 пайызын қайырады.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ел қой малын да көп ұстайтын болды. Шаруа қожалықтарының 4-5 мыңнан қойы бар, ешбіреуі  мың бастан кем ұстамайды.  «Шопан аталардың» қатарларын толықтыру бағытында да жұмыстар бар. Мысалы, мен өзім білетін шаруа қожалықтарының ішінен шопанға барлық жағдай жасап отырғандарын жақсы білемін. Олар азық-түлігін, көкөнісіне, картобына дейін қамдап береді. Жақсы айлық төлейді. Тіпті 10 жыл қой бақсаң, қаладан пәтер әперемін, 3-4 жылдан кейін кілтін, құжатын тапсырамын деп шартқа отырып жатқандары да бар. Осының бәрі қой шаруашылығының дамуына жол ашса керек.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button