Спорт

«Бремен музыканттары» қандай ән шырқайды?

Еуропа Лигасы

Бүгін «Ақтөбе» футболшылары немістің жасыл алаңының шөбін жапырғалы отыр. Жерлестеріміздің Исландия мен Израильдағы жігерлі қимылдары тағы да қайталанатындығына сенгіміз келеді. Енді «Вердерге» келейік.

Германияның төрт дүркін чемпионы: 1965, 1988, 1993, 2004.

Германия чемпионатының сегіз дүркін күміс жүлдегері: 1968, 1983, 1985, 1986, 1995, 2006, 2008.

Германия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері: 1989, 1991, 2005, 2007.

Германия Кубогының алты дүркін жеңімпазы:  1961, 1991, 1994, 1999, 2004, 2009.

Германия Суперкубогының бес дүркін жеңімпазы: 1988, 1993, 1994, 2006, 2009.

Кубоктар кубогының жеңімпазы: 1992.

УЕФА Кубогының финалшысы: 2009.

Әзірге қазақ топырағына мұншама атақ-дәрежесі бар клуб табан тигізе қойған жоқ. Рас, «Галатасарай» келіп кетті. Бірақ түріктердің даңқы вердерліктерден оза алмайтыны анық.

Дегенмен біз қанша марапаттасақ та, «Вердер» неміс Бундеслигасында жұлдыз емес, мығым орта қол команда болып есептеледі.

1899 жылы, басқаша айтқанда, бұдан 110 жыл бұрын Бремен қаласында дүниеге келген бұл команданың ресми емес лақап аты – «Бремен музыканттары».

Командада неміс және әлем футболына есімдері мәлім біраз футболшылар өнер көрсетті:

Марко Боде (клуб тарихында ең көп доп сооқан сұрмерген – 102), Руди Феллер, Марио Баслер, Андреас Херцог, ресейлік Владимир Басчастных, румын Мику және бразилиялық Аилтон.

Жас күш:

Жуықта «Вердердің» 15 жастан асқан жасөспірімдері әлемнің клубтық командалары арасында ресми емес вице-чемпион атағына ие болды. Ұлыбританияда өткен бұл турнирдің финалында неміс балалары Бразилияның «Сан-Паулу» командасын 1:0 есебімен ұтып жатып, қосымша уақытта 1:3 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. Дегенмен ширек финалда Бельгияның «Генк» командасын (3:0), жартылай финалда француздың ПСЖ командасын (3:0) ұтқан вердерліктердің ұлттық чемпионат квалификациясынан мүдірмей өткені, төрт континенттің 20 командасы қатысқан турнирде финалға жетуі клубтың өз жұлдыздарын даярлау саясатының мығым екенін байқатады. Оның үстіне, немістің бірде-бір командасы бұған дейін бұл турнирдің финалына жете алған жоқ еді.

Бапкер:

«Вердердің» тарихында елеулі із қалдырған екі бапкердің біреуі Отто Рехагель (1980-1995) болса, екіншісі – 1999 жылдан бергі жаттықтырушы Томас Шааф. Т.Шаафтың «Вердердегі» ғұмыры 33 жылға созылып отыр. Ол 1972 жылы осында жасөспірім ойыншы болып бастаған қадамын кейін негізгі футболшылықпен һәм жаттықтырушылықпен жалғастырды. Бундеслигада ол 281 матчты бастан өткеріп, 14 доп соқты. Томас «Вердермен» бірге өз еліндегі турнирдің барлық жеңімпаздығына ие болумен қатар УЕФА Кубоктары кубогына да қол жеткізді. Рас, өткен жылы УЕФА Кубогы үшін болған сайыстың финалында Донецкінің «Шахтер» командасынан 1:2 есебімен ұтылып қалды. Т.Шаафты 2008 жылы Испанияның спорттық «AS» газеті «Болашақтың үздік бапкері» атады.

Бапкер Томас Шааф:

«Біздің төрт сағаттық аспан жолымен есептеспеске амалымыз жоқ. Сағат өлшемінің өзгешелігіне байланысты бұл сапардың оңайға соқпасы анық. Біз бәсекелесімізді лайықты бағалауға тиіспіз және Везерштадиондағы алғашқы ойында тәуір нәтижеге қол жеткізуіміз керек».

Команданың ресми емес лидерлерінің бірі және Германия құрамасының ардагері Тим Боровски:

«Қазақстан тым шалғайдағы ел болғандықтан, мен бәскелестеріміз туралы ештеңе білмеймін. Дегенмен олар «Маккабиге» қарсы ойынды әп дегеннен 3:0 есебімен ұтудан бастағанына қарағанда тіпті де осал команда болмауы керек».

Қалай болғанда да бүгін «Ақтөбе» неміс футбол алаңында намысты қолдан бермеуге тырысытаны анық. Тап қазір болжам жасаудың өзі тым қиын.

Еуропа Лигасының төртінші іріктеу раундында «Ақтөбемен» бірге бүгін бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің төмендегі командалары да алаңға шығатынын еске сала кеткен жөн сияқты:

БАТЭ (Беларусь) – «Литекс» (Болгария)

«Фулхэм» (Англия) – «Амкар» (Ресей)

«Галатасарай» (Түркия) – «Левадия»  (Эстония)

«Металлург»  (Украина) – «Аустрия» (Австрия)

«Твенте» (Голландия) – «Карабах» (Әзірбайжан)

«Динамо» (Ресей) – «ЦСКА (Болгария)

«Баку» (Әзірбайжан) – «Базель» (Швейцария)

«Шахтер» (Украина) – «Сивасспор» (Түркия)

«Зенит» (Ресей) – «Насьонал» (Португалия)

«Штурм» (Австрия) – «Металлист» (Украина)

«Бенфика» (Португалия) – «»Ворскла» (Украина)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button