Құқық

Сот сараптамасы — сан сауалдың жауабы

Қазіргі таңда еліміздің батыс өңіріндегі сот сараптама қызметін Ақтөбе облысы бойынша сот сараптама институты атқарады. ҚР Әділет министрлігінің аумақтық бөлімі болып есептелетін институтта сараптаманың отызға тарта түрі жүргізіледі. Олардың қатарында — құжаттарды техникалық зерттеу, жазу тану, қолтаңба, экономикалық, тауартану, өрт-техникалық, жарылыс заттарын зерттеу, психологиялық-қылмыстық, есірткі құралдары, психотропттық заттар мен прекурсорларды зерттеу секілді басқа да сараптама түрлері бар.

ДНҚ сараптамасы ақтөбеде жасалады

Сот сараптамасы прокуратура, сот органдарының, сондай-ақ, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарайтын өкілетті органдардың тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Прокуратура органдарының қаулылары мен сот қаулылары, ұйғарымдары сараптама жүргізудің негіздемесі болады.
Өткен жылы институт 2300-ден аса материал бойынша сараптама жүргізді.
Аталған институт директоры Марал Мұстафаның айтуынша, соңғы жылдары зертханалық жұмыстардың сапасын арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізіліп, бірнеше сараптама түрлері ашылған. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап молекулярлық-генетикалық сараптама түрін жасау жолға қойылды. Зерттеуге қажетті ДНҚ-генетикалық анализаторы, автоматтандырылған дозаторлы станция секілді жабдықтар орнатылыпты.
Қазір аумақтық бөлімшеде молекулярлық-генетикалық және химиялық зертхана жұмыс істейді. Зерттеудің басым бөлігі осы екі зертханада жүзеге асады.
— Сот молекулярлық-генетикалық сараптама — биологиялық туыстықты белгілеу, анықтау мақсатында және адамның жеке басына қарсы жасалатын қылмыстық істер категориясы бойынша жүргізілетін биологиялық зерттеулердің бір түрі. Мәселен, әйел зорлау, кісі өлтіру, бала ауысып кету, нәрестенің әкесін анықтау, белгісіз адамдардың сүйек қалдықтарын сәйкестендіру секілді оқиғалар кезінде осы сараптама түрі жүргізіледі. Түсінікті тілде айтсақ, адамныңденесіндегі дезоксирибонуклеиндік қышқыл, яғни ДНҚ арқылы нақты ақпаратқа қол жеткізіледі.
Бұған дейін бұндай сараптама түрі батыс өңірде тек қана Атырау қаласында жасалып келді. Біздің институтқа келіп түскен материалдардың барлығы сол облысқа жіберілетін. Ал қазір облыс бойынша қаралатын істер өзіміздің зертханада жүзеге асады. Ол жерде арнайы оқытылған маман жұмыс істейді. Бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Себебі шетелдік жаңа технологияның ерекшелігі сол, келген адамның ауа арқылы ДНҚ белгілерін өзіне қабылдап алады. Сондықтан аппараттың бағдарламасына тек қана сарапшының ДНҚ-сы енгізілген. Ал өзге адамдардың кіруі зерттеудің дәлдігіне зиянын тигізеді — дейді Марал Жаншаұлы.
Сондай-ақ, институтқа есірткі құралдары, психотроптық заттар мен перекурсорларды жоғары кәсіби деңгейде сараптамадан өткізу үшін ИК-спектрофотометр және газдық хромотограф қондырғылары қондырылды. Мамандар арнайы компьютерлермен қамтамасыз етіліп, олардың жұмыс жасауына ыңғайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар, институтқа бинефонографиялық зерттеуге арналған соңғы үлгідегі қондырғы орнатылды.

Есірткінің жаңа түрі

Институтта қазір 28 сарапшы жұмыс істейді. Олардың барлығы белгіленген жоспар бойынша ұйымдастырылатын арнайы семинарларға қатысып, біліктілігін жетілдіріп отырады. Осы бағыттағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, кәсібінің қыр-сырын меңгереді. Мәселен, жақын күндері бір сарапшы жаңадан пайда болған синтетикалық есірткі түрі бойынша Мәскеу қаласына барып біліктілігін арттырып қайтпақ.
— Қоғам алға ілгерілеген сайын, қылмыстың да түрі көбейеді. Есірткі тасымалдаушылар мен¬ оның түрін жасаушылар да қарап қалмайды. Соңғы уақытта синтетикалық есірткінің жаңа бір түрі пайда болды. Бұл — шегуге арналған шөптерге қосатын синте¬тика¬лық каннабиноид негізінде жасалған өнім. Бұндай есірткі түрі адамды өзіне тәуелді етіп қоймайды, адам ағзасына, психологиясына күшті әсер етед. Есі ауысып, денесі іруі мүмкін. Әсіресе бұған жастар әуес. Жалпы елімізде есірткі құрамында кездесетін 28 синтетикалық каннабиноидқа шектеу енгізілген, яғни бұл заттарды заңсыз айналымға салған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады — дейді институттың директоры.
Сондай-ақ, биылдан бастап институтта сот сараптаманың биологиялық, экологиялық, портреттік, электр-техникалық түрлерін және психологиялық-криминалистикалық түрін жасау жоспарға енгізіліп отыр. Аталған сараптама түрлерін жүргізу үшін мамандар оқытылып жатыр. Мысалы, экологиялық сараптама бойынша бір маман Орал қаласына барып, тәжірибесін шыңдап қайтпақ.

Жалған мөр, өзгерген құжат

Қазір Ақтөбе облысы бойынша институтта жазу мен қолтаңбаны зерттеу, жол-көлік оқиғаларын, жол апатының себебін және көліктің жағдайын зерттеу, құрылыс саласы бойынша, экономикалық сараптамалар және қылмыстық сараптаманың барлық түрі жүргізіледі. Марал Мұстафаның айтуынша, құжаттарға қатысты сараптама жасайтындардың қатары көбейген. Әсіресе, қойылған қолдың дұрыстығын, яғни шынайылығын тексеру, банк құжаттарын, мәселен, сыйға берілген үй құжаттарын, қолхаттардың, келісімшарттардың, заем келісімшарттарының шынайылығын тексеру жұмыстары жиі жүргізіледі.
— Біреудің атынан қол қойып немесе құжатты өзгертіп жіберетіндер көп. Соңғы уақытта бұндай дерек қытай азаматтарына қатысты жиі тіркелді. Мәселен, Қытайдан келген азамат Қазақстанда жүру мерзімін өздерінің жалған мөрлері арқылы өзгертіп алады. Құжат тексеру кезінде күдік келтірген көші-қон полициясының қызметкерлері істің анық-қанығына көз жеткізу үшін біздің сарапшылардың көмегіне жүгінеді. Арнайы әдіс арқылы мамандар істің шынайылығын анықтап береді. Сонымен бірге, салынып жатқан мемлекеттік нысандарға экономикалық, құрылыс сараптамасы жүргізіледі. Бюджеттен бөлінген қаржының қандай дәрежеде мақсатты түрде жұмсалып жатқаны анықталады. Сондай-ақ мұнай ұрлығына қатысты сараптама жасалады. Өткен жылы осы бағыттағы зерттеу жұмыстары үшін жаңа қондырғы әкелінді. Биыл да тиімділігі жоғары тағы бір қондырғыға тапсырыс беріп қойдық, — дейді институт директоры.
Институт директорының айтуынша, алдағы уақытта сот сараптамасына қатысты барлық мекемелер Әділет министрлігінің құзырына берілмек. Жақында қазіргі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сот медициналық сараптамасы әділет министрлігінің қарамағына өтсе, болашақта наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлер де аталған минстрліктің қарауына жіберілмек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button