Мереке

Ғасыр жасаған әже

Ақтөбе қаласының тұрғыны, 100 жастағы Рахи Нұрманованы мереке қарсаңында жергілікті билік өкілдері құттықтап, үйіне барды.
Қазір қаламызда «Ақ бата» акциясы аясында әкімшілік тарапынан 100 жастағы әжелерді құттықтау шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл жолы қалалық әкімдіктің өкілдері мен мәслихат депутаттары Ақтөбе қаласының «Рауан» тұрғын үй массивінде тұратын 100 жастағы Рахи Нұрманованың отбасында болып, әжейді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйля Бөртебаеваның айтуынша, қазір Ақтөбе қаласында жасы 100-ге жеткен 15 азаматша тұрады. «Ақтөбе қаласының 100 жастағы тұрғындарының барлығы кезінде ер-азаматтармен қатар тылда еңбек етіп, сұрапыл соғыстың ауыртпалығын көрген жандар. Олардың екеуі — Ұлы Отан соғысында қайтпаған жауынгерлердің жесірі», — дейді Нәйля Хасенқызы.
Ғасыр иесі Рахи әже өзінің саналы ғұмырының көп бөлігін киелі Ырғыз жерінде өткізген. Кеңшарда еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосқан жан. Бүгінде аяулы ана, ардақты әже атанған Рахи Нұрманова бес баласынан өрген 19 немереден 35 шөбере, бір шөпшек сүйіп отыр.
Ақтөбе қаласы мәслихатының депутаты Мұқанбетқали Қазкеев Рахи әженің отбасына амандық, деніне саулық тілеп, ғасыр ғұмыр иесін әйелдер мерекесімен құттықтап, гүлшоқтарын табыс етті. Мерекелік дастарқан басына жиналғандар жүз жастағы әженің ақ батасын алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button