Жастар

Жастар саясатының жаңашылдықтары талқыланды

Сейсенбі күні облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары бір топ жаспен Хромтау ауданына барып, онда экскурсия ұйымдастырды. Мақсат — жаңарған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының жай-жапсары мен кәсіптік бағдар беру жұмысын түсіндіру.
Шара аудандық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған басқосудан басталып, онда аудан әкімі Аязбай Османғалиев алғаш боп сөз алды. Аудан басшысы Елбасының мемлекеттік саясаты және кезекті Жолдауының мән-маңызына тоқталып, артынша белсенді қыз-жігіттердің бәсекеге қабілетті болуы үшін көп еңбектенуі қажет екенін айтты. Сондай-ақ, кездесуде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Максим Чаркин, Хромтау аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Назгүл Сәрсенбайқызы ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының кәсіптік бағдар беру жұмысы туралы кеңінен әңгімелеп, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Жиында қазіргі күні еңбек нарығының сұранысына сәйкес техникалық мамандықтарға сұраныстың артып отырғаны турасында сөз етіліп, бұл саланы таңдаған өскелең ұрпақтың ұтылмайтыны және келтірілді.
Бұдан соң Ақтөбе техникалық колледжінің оқушылары бастаған топ Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысымен танысып, сондағы еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін өз көзімен көрді. Сонымен қатар, олар дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне де соғып, аудан спортшыларының қалай жаттығатынын білді. Сапардан үлкен әсер алған болашақ жас мамандар мұндай шараның берері мол екенін, болашақта осындағы комбинатта жұмыс істегісі келетінін айтып тарасты.
— Шараның мақсаты — жыл басында жастарға қатысты қабылданған заңды егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, ауданның балғын тұрғындарын кәсіптік бағдар беруге қатысты жан-жақты құлақтандыру. Бұл — дәстүрлі кездесулердің бірі. Бұған дейін талқылау жұмыстары Ойыл, Шалқар, Байғанин, Алға аудандарында өтті. Алдағы уақытта қалған аудандарды да қамтуды мақсат етіп отырмыз. Бір қуантатыны, қыз-жігіттердің бұған қызығушылығы зор. Келіп, көруге ынта-ықылас танытушылардың қарасы қалың, — дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қызметкері Гүлнар Мақатова.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button