Мереке

Айсәуле — батыр ана

Ақтөбенің ең жас «Батыр анасы» — Айсәуле Сатыбалдиева. Отыз жасында сегіз құрсақ көтерген оның қазір тоғызыншы баласына аяғы ауыр.
Отау тіккен он бес жылдан бері баспана зардабын тартқан Байдешевтер отбасы былтыр күзде баспаналы болды. Сол кезде Алға ауданының Қайыңдысай ауылында малшыларға арналған аядай бөлмеде тұрып жатқан көпбалалы отбасының қиын тірлігін айтып бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қаққан болатын. Телеарналардан тараған сол сюжеттердің бірін көрген облыстық мәслихаттың депутаты, «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Өндіргенов бұл жайға бейжай қарай алмапты. Ұжымымен ақылдаса келе, Байдешевтер отбасына Ақтөбе қаласының іргесіндегі Жаңақоныс ауылынан екі бөлмелі пәтер сыйлады.
Алға ауданының әкімі Асқар Шериязданов Байдешевтерге Маржанбұлақ ауылынан кезектен тыс 25 сотық жер берді.
Біз көпбалалы ата-ана Серік Байдешев пен Айсәуле Сатыбалдиеваны әңгімеге тартқан едік.

Несібе

— Әр бала бұл өмірге өз ризық-несібесімен келетіні рас. Бұған тұңғышымыз дүниеге келетін кезде анық көз жеткіздік.
… Келіншегімнің босанатын айы, күні жақындады. Аман-есен жаны қалып, нәресте сүйсек, екеуін перзентханадан шығарып алу керек. Алайда, басқа түгілі, баланың жаялығын алуға жұмсайтын ақша жоқ.
Сол кездері әкем екеуміз Қандыағашта бір мекемені күзететінбіз. Еңбекақым — 1500 теңге. Дегенмен жалақыны уақытында берген емес. Не істеу керек? Кешқұрым әлгі ғимараттың алдында әкем екеуміз осы мәселені қалай шешуге болатынын айтып отырғанбыз. Кенет, қойдың жүнін сықай толтырып тиеген жүк көлігі біздің қасымыздан шаңдатып өтті. Зымыраған көліктен бір тай жүн тура біз отырған жерге түсіп қалды. Мүмкін, көліктегілер жүннің жерге түскенін байқап, тоқтайтын болар деп ойладық. Аңғармады. Содан, жүнді ғимаратқа кіргіздік. Ертесіне жүн тапсыратын жерге апардым. Әлгі бір тай жүн — 110 келі болды! Келісін 70 теңгеден тапсырып, 7700 теңге алдым. Бұл ол кезде кө-өп ақша-тын. Сол күні келіншегім босанды. Ұл тапты. Сол ақшаға жаялық та алдым, жаңа туған нәресте үшін қажет басқа да заттарды сатып алдым. Тіпті шілдехананы да осы ақшаға жасадық. Міне, несібе деген — осы, — дейді Серік.

Депутат Мейіржанның мәрттігі

Серік пен Айсәуле 1999 жылы шаңырақ көтерді. Отау тіккен он алты жылда бұл отбасында сегіз бала дүниеге келді. Үйелмелі-сүйелмелі сегіз бала көз ашқалы аядай бір бөлмеде тұрды. Олар қайда бармады? Ата-анасы күн көріс қамымен Қандыағаштан Қызылордаға көшті. Он жылға жуық сонда тұрды. Одан соң Алматы асты. Онда үш жыл тұрып, елге оралды. Туыстарды сағалап барғанмен, қайда барса да, пәтер жалдады. Пәтер деп айту артықтау болар, өйткені сонша жанға кең сарайдай, ішінде тұрмысқа қажеттінің бәрі бар пәтер түгілі, ыстық суы мен салқын суы ортақ пайдалануға арналған жатақханалардан да бір бөлменің кілтін ұстата салғандар болмады. Амал жоқ, біреулердің жаз үйінің бір бөлмесінде тұруға мәжбүр болды. Тығылысып, қыстырылысып тар бөлмеде тірлік етті. Қаздай тізіліп, беті-қол жууға да кезекке тұрады. Ата-аналары жылы-жұмсақты балапандарының аузына тосқанымен, әрқайсысын ерекше үбектемеді. Кішкентайларының дастарқандағы дәмге қолдары әрең жететін. Төсекке аяқ-қолды жазып жату да мұң. Үйсіз-күйсіз, біреудің босағасында жүрсе де, олар амандықтарына, тату тірліктеріне, төрткөз түгел болғанына шүкір десті.
Байдешевтер Ақтөбеге былтыр сәуірде көшіп келіпті.
— Айсәулеге: «Ағайын-туыстан жырақта жүрмей, елге қайтайықшы. Ақтөбеге барайық» деп айтып едім. Ақтөбеге оралғанымызға қуанамыз, — дейді Серік.
Олар өткен күзде, қарашада баспаналы болды. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Өндіргенов мәрттік жасады. Ұядай екі бөлмелі пәтердің кілтін жас отбасыға тарту етті. Серікті «Автопарк» серіктестігіне слесарь етіп жұмысқа алды.
— Бұл үй — балаларымыздың несібесі, — деді көзіне жас алып қуанған Айсәуле, — Біз үшін бұл күтпеген қуаныш болды.Тәтті түс көргендей, бастапқыда сене де алмадық. «Екі-үш күннен соң көшіріп әкелеміз» деді «Автопарк» серіктестігінің өкілдері. Мұндайда екі-үш күн өтіп бола ма? Ертең көшеміз деген күні таңды көзбен атырдық. Ақыры Ақтөбеге өз үйімізге көшіп келдік. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Серік екеуміз қуаныштан жыладық. Хан сарайы да біздің осы екі бөлмелі пәтерімізден артық болмас, сірә. Қиындықтың бәрі артта қалды. Қазір ол күндерді есімізге алғымыз да келе бермейді. Мейіржан Сағидоллаұлы нағыз азаматқа лайық өнегелі іс жасады. Мұндай қайырымдылықты жасау екінің бірінің, ауқатты тұрса да ағайынның қолынан келмейді. Мейіржан Сағидоллаұлына ризашылығымызды қалай білдірерімізді білмейміз. Ол кісіге қарыздармыз, —дейді Айсәуле Сатыбалдиева.

Кішкентай көмекшілер

— Айсәуле мен балаларымды перзентханадан өзім шығарып алып жүрдім. Перзентханадан шығарда келіншегім қажетті заттардың тізімін жасап береді. Бірін қалдырмай бәрін сатып аламын.
Айсәуле жоқта үйдің тірлігін де қоса атқаратынмын. Балалардың сабағын қадағалап, тамақ пісіремін. Әліби мен Махаббат өсіп, соңғы жылдары «қолым ұзарды». Мен жұмысқа кеткенде кішкентайларға екеуі бас-көз боп, үй шаруасын да тындырып қояды, — дейді Серік.
— Дәрігерлер әйелдерді бала көтерісімен есепке алады ғой. Мен емханаларда тіркеуде тұрған емеспін. Перзентханаға босанатын уақытым тақалғанда бір баратынмын. Дәрігерлер әуелі ұрсып алады, сосын қабылдайды. Сегізінші баламды босанарда Серік жұмыстан шыға алмады. Екі сөмкемді сүйретіп, аудан орталығындағы перзентханаға өзім бардым. Тіркеуде тұрмаған соң, дәрігерлердің: «Қабылдамаймыз. Ақылы бөлімшеге бар!» деп азар да безер болатынын білемін. Ал менің айқай тыңдап тұруға шамам жоқ, қиналып барамын. Содан бөлімшенің меңгерушісіне тура бардым. Амандасқаннан кейін үстелінің үстіне құжатымды қойып: «Тәте, ауырып тұрмын. Қусаңыз да ешқайда бара алмаймын» дедім. Жөн сұрады. Сосын ауылдағы учаскелік медбикелерді шақырып алып, айқайлады. Артынан медбикелер: «Дүкенге күнде нанға келесің ғой. Тым болмаса, сол кезде іргесінде тұрған амбулаторияға бас сұқпадың ба?» деп жатыр. Менің кесірімнен олардың бекерге сөз естігендеріне ұялдым.
Үйсіз-күйсіз жүрген соң да болар, жиі көшіп-қонатындықтан емханаларға барғым келмейтін. Ақтөбеге көшіп келген соң Жаңақоныстағы амбулаторияға барып, тіркелдім. Шүкір, денсаулығым жақсы, — дейді көпбалалы ана.
Сегіз бала бірін-бірі өкшелеп өсіп келеді.
— Әрқайсысы әр жалғыз. Бәрін бірдей жақсы көреміз. Жасы кішілерінің қылығы тәтті. Үлкендері жаныңа жалау боп жүреді, — дейді Серік. Ол 8 наурызда ас әзірлейтінін айтады.
— Балалар мен пісірген тамақты жақсы көреді. «Әкеміз тамақ пісіріп жатыр!» деп мәз болып, қуанады. Әсіресе, палауды кәнігі аспаздардай дәмді пісіремін.
8-наурызда жарыма ерекше сыйлық жасаған емеспін. Дегенмен мәселе сыйлықта емес деп ойлаймын. Бізде бір-бірімізге деген сыйластық пен құрмет бар. Әр босағада жүрсек те, қанша қиындық көрсек те бір-біріміздің көңілімізге қаяу-мұң салып, ренжіскен емеспіз, — дейді Серік.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button