Мереке

Әйел-әлем

Табиғат жаңаратын мезгіл — Жер-Ананың мерекесі Көктем келді! Өзімен бірге әдемілікті ала келетін әдемі мезгіл әдемілердің төл мерекесімен, 8 наурыз — халықаралық әйелдер мерекесімен басталады!
Әлемнің әйелсіз қызығы болмас еді. Әйелдің де өзіне ғана тән нәзік, әдемі әлемінсіз ерекшелігі де болмас еді. Ендеше, әйел-әлемге көз салыңыз…
Мерей

Айгүл «Болашақ» арқылы шетелге кетеді!

100 жылға жуық тарихы бар облыстағы ең көне газет — «Актюбинский вестник» басылымының ғасырға жуық жылнамасындағы ең жас редакторы Айгүл Нүркеева «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқу мүмкіндігіне ие болды!
Небәрі 26 жасында үлкен шығармашылық ұжымның тізгінін қолына алған Айгүл Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультеті журналистика бөлімін тәмамдап, қолына дипломын алғаннан кейін бірден осы газетке тілшілікке қызметке келген-ді. Ақпараттар бөлімінің тілшісі, кейін осы бөлімнің жетекшісі ретінде қызмет етті. Алты жылдан кейін осы газетке бас редактор ретінде қол қойды.
Қай іске де асқан жауапкершілікпен қарайтын, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін Айгүл енді, міне, тағы бір белесті бағындыруға ниет етті. Қазақ жастарына шетелдің ең таңдаулы оқу орындарында білімін жалғастыруға, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетел аспақ! Бұл — Айгүлдің әріптестері, біз үшін де үлкен қуаныш. Алдын ала тапсырылатын емтихандардың барлығынан әріптесіміз жоғары балл алыпты. Қазір құжаттарын дайындап жатыр.
— Өткен жылдың 26 желтоқсанында «Болашақ» стипендиясына ие болдым. Соның нәтижесінде британ жоғару оқу орындарында оқуға мүмкіндік алдым. Алайда алдымен Британияның оқу орындарының біріндегі тіл курстарында дәріс алуым керек. Қазір соған құжаттар әзірлеп жатырмын. Өзім қызмет ететін «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мейірхан Ақдәулетұлына, әріптестеріме мені қолдағаны үшін үлкен алғысымды білдіремін, — дейді Айгүл.
Алла қаласа, жақын аралықта Айгүл Британияға жол жүреді. Бұл 8 наурыз Аналар күні қарсаңында Айгүлдің анасына және… әкесіне жасаған үлкен сыйлығы іспеттес. Себебі бұл күні үйдегі анасының, қыздардың мерекесімен бірге Нүркеевтер шаңырағының отағасы, Айгүлдің әкесінің де туған күні.
— 8 наурыз — біздің отбасымыз үшін қадірлі мереке. Себебі, 8 наурыз — әкеміздің туған күні. Жылдағы бұлжымайтын дәстүр бойынша туыстарымыз біздің үйге жиналады. Және міндетті түрде туған күн иесіне және 8 наурыз мерекесі иелеріне сыйлықтарын алып келеді. Биыл 8 наурыз мерекесін ерекше атап өтуге дайындалып жатырмыз, себебі асқар таудай әкеміз 60 жасқа толады! — дейді Айгүл.

Дін

Бағзыда…

Біздің даламызға һәм санамызға Ислам діні келгенге дейінгі замандарда әйелдерді адам құрлы көрмеген деседі. Тіпті араб елдерінде өмірге қыз бала келсе, ұл тумағанына қарғыс айтып, өкініп, оны тірідей жерге көметін болған. Жүрегінде аяушылығы барлары тірі адамды өлтіруге қимай, қызды ұлша киіндіріп, жұрт көзінен жасырып ұстайтын болыпты дейді. Оның себебі — жабайы қоғамға қыз өсіп, бойжеткенде ол жезөкшелік жолға түсіп, сүйекке таңба салады, тұтас әулеттің арын аяққа таптайды деген соқыр сенім билік еткен. Тіпті текті ұл тууы үшін еркектер қосақтарын өз қолымен қадірлі адамның қойнына апарып салатын болыпты деседі. Ол аз десеңіз, бір-бірінің әйелдерін затша айырбастап, дінсіз әбден азғандар өз шешелерін де қатындыққа алатын болыпты-мыс. Ежелгі Грек, Рим елдерінде де әйелді адам деп есептемеген, ал қытайда әйелді жансыз затқа теңеп, ат та қойылмайтын болған. «Әйел адам ба, адам емес пе?» деген сұрақ батыс елдері философтарын да біраз әбігерге салғанға ұқсайды.
Арабтардың өз қыздарын тірідей көметініне қатысты Құранда жазылған: «Егер олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қарая бастайды.Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе? Олар нендей жаман үкім береді» («Нахл» сүресі, 58-59 аяттар).
Сондай азғын тірлікті әбден сынға алған Құран жерге түскелі, ұлы далаға Ислам патшалық еткелі «еркектің қабырғасынан жаратылған» әйелдер қауымы «заттан» адамға айналып, өзіне лайықты орнын алды. Яғни әйелдің мәртебесі көтерілді.
Ислам діні секілді ешбір дінде әйелге осыншалықты көп құқық берілмеген. Әйел ана ретінде де, жар ретінде де зор құрметке ие болды. «Әйелдерге жақсы мінезде болған», яғни «әйеліне дұрыс қараған» азамат мұсылмандардың ең жақсысынан саналды. Шын мәнінде, ер мен әйелдің амалдарды орындауы, соған сай ақиреттегі сыйға ие болуы тұрғысында құқықтары теңестірілді. Діни істе әйел баласына ешқандай шектеу қойылған жоқ, әйелге де ері секілді барлық діни міндеттер жүктелді.

Қазір…

Алайда қазіргі кезде сауатсыздықтың, дінді терең білмеудің салдарынан ба, әйтеуір Исламның мұсылманға берген нығметтерін теріс түсінетіндер бар. Әйелді қор тұтып, кем санап, шама келсе, оны ойыншықтай пайдаланып, ұнамаса талақ етіп, өзінің «артық жаратылған еркек» екенін дәлелдеу үшін ойына келгенін істеп жүргендер аз емес.
«Әсіресе, өздерін сәләфи санап жүргендердің арасында (олардың өзі бірнеше топқа бөлінеді) кейбір топтардың қылығы, тіпті арсыздық. Жиырма нешедегі жап-жас бір қаракөзіміздің айналдырған бірнеше ғана жылдың ішінде он бір рет некелесіп үлгергенін Ақтөбедегі бір имам айтып беріп еді. Біреуі талақ қылып, екінші бір танысына: «Ахи, екіншімді талақ қылдым, қажет болса некелеп ал» деп «ухтиларын» араларында ойыншық қылатын көрінеді. Тіпті кейбір қыздар талақтан кейін үш ай күтпей басқасымен некелескендіктен құрсағындағы баланың әкесінің кім екенін де білмейтін көрінеді. Мұның зинадан айырмашылығы не? Діннің атына қандай кір келуде?! Байғұс қыздардың болашағы не болмақ? Жетім балалар ше? Ал осының бәрін естіп, біліп жүрген туған-туыстары асыл дініміз жайлы не ойламақ?» — деп ашына жазады дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы.
Қой терісін жамылған қасқыр сынды, дін атын жамылған «ахилар» арасында қақпақыл ойыншыққа айналған «ухтилардың», біздің қыздарымыздың тағдыры неге ойыншық болуы тиіс? Неге олар жүзінші рет біреудің тоқалы болуы тиіс?

Рух

Сен батырсың, Гүлмирам!

Гүлмираммен осыдан он үш жыл бұрын таныстым. Танысқан күннен бастап оның асқан шыдамдылығына, ерлігіне (иә, ерлігіне!) тәнті болдым. 15 жасында пойыздың астына түсіп қалып, екі аяғынан, бір қолынан бірдей айырылған қаршадай қыз тезі қатты тағдырдың басқа салғанын сабырлылықпен көтере білді.
Оның орнында басқа біреу болса, төзімі шыдар ма еді, кім білсін…
Ол шыдады. Себебі ол — «қырық шырақты» қазақ қызы!
…1989 жылдың наурыз айында Атырау медициналық училищесінің бірінші курс студенті Гүлмирам Сражева анасын Аналар күнімен құттықтау үшін Байғаниннің Жарлы ауылында тұратын үйіне келді. Мереке аяқталып, кейін қарай Атырауға, оқуына қайтар жолда пойыздың астына түсіп… екі аяғынан, сол қолынан айырылды. Ол аяқ-қолынан ғана емес, оқуынан, дәрігер боламын деген арман-мақсатынан да… қол үзді… Бірақ тіпті ер-азаматтың өзі шыдас беруі қиын бұл жайт бес жастағы титтей қыз баланың сағын сындыра алмады. 9-сынып бітіріп, училищеге түскен Гүлмирамның орта білім алғаны туралы аттестаты да жоқ болатын. Ал Гүлмирамның алдында алынбаған асулар, шықпаған шыңдар тұр еді…
Ол үйде жатып 9-10 сыныптың бағдарламасын өзі оқыды, ауданнан комиссия шақыртып емтихан тапсырды. Жоғары оқу орнына түсті, оны үздік дипломмен аяқтады. Облыс орталығынан үй алды. Мектепке жұмысқа тұрды. Қазір Ақтөбедегі Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры.
— «Басқа түссе, баспақшыл». Адам басына түскен қиындықты, қайғыны көтере білуі керек. Мен аяқ-қолымнан айырылғанда өзімді-өзім осылай жұбаттым. Себебі басыңды тауға, тасқа ұрып жылағанмен, аяқ-қолыңды қайтадан қалыпқа келтіре алмайсың. Саған бәрібір ешкім көмектесе алмайды. Ең бірінші көмекшің — өзің, отбасың. Пойыз астына түсіп, денемнің жартысынан айырылғанда отбасында алған тәрбиенің, өмірге деген көзқарасымның нәтижесінде шығар, соншалықты қасіретті қайғыға баттым деп ойлаған емеспін. Қайтадан тұруға, қатарға қосылуға тырыстым. Болашаққа сеніммен қарап, осындай жағдайда да жоғары дәрежеде өмір сүруге ұмтылдым. Анам, бауырларым қолдау көрсетті, көрсетіп те келеді. Өмірдегі тірегім де солар, — дейді Гүлмирам.
Гүлмирам жиырма бес жыл бойы тағдырдың пешенесіне жазғанын сабырмен көтеріп келеді. Кеудесі өртенсе де, күліп жүретін осы бір ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ осыншалықты темірдей төзімділігін, сабырлылығын, жанының әдемілігін үлгі етуге болады.
Батыр ұлттың батыр қыздары осындай!

Мәселе

Кімнің баласысың?

Елімізде әрбір бесінші сәби некесіз дүниеге келеді екен. Бұл қазіргі уақытта мыңдаған әйелдің жесір, мыңдаған баланың әкесіз жетім екендігін көрсетеді.
Статистикалық дерек бойынша, 1980 жылдары бір жылда туған балалардың 10 пайызы некесіз туған. 1999 жылы бұл сан 52 мыңға жуықтаса, 2009 жылы 75 мыңнан асыпты! 2013 жылы сәл азайып, 62 мың болған.
Одан беріде қоғамның бұл жайтқа еті өліп, көзі үйренді — яғни, әкесіз туған балалардың саны артпаса, азайған жоқ. Дерек бойынша жыл сайын 40 мыңға жуық бала толық емес отбасында өмірге келеді екен. Бір сорақысы, олардың дені әкесінің кім екенін білмей өседі.
Ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының бірінде Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Бекжан Әбдуәлиұлы мынадай дерек айтқан болатын: «Қазіргі қоғамда бұл үлкен белең алған, үлкен көрініс туып отыр, ондай балалар көп деп айтуға болады. 2010 жылдың қаңтар айынан тамыз айына дейінгі аралықта Алматы ауданында туған балалардың тізімін алып, олардың есімдерін зерттеп жүрген кезде мынандай мәселеге тап болдық. Сол тамызға дейінгі аралықта 4516 бала дүниеге келген болса, соның тең жартысының құжатында әкесі туралы мәлімет жоқ. Бұл нені көрсетеді? Біздің ер-азаматтарымыздың отбасының алдындағы жауапкершілігінен айырылып бара жатқанының көрінісі», — деген-ді.
Бұл батыс елдеріндегі отбасылық институт дағдарысының салқыны. Мәселен, кейбір бейресми дерек бойынша, Германияда бір жылда өмірге келетін балалардың 64 пайызы, Эстонияда 59 пайызы, Францияда 53 пайызы, Британияда 46 пайызы, Австрияда 39, Италияда 24 пайызы некесіз дүниеге келетін балалар деседі.

90 мың «көкек» әке. 4 миллиард қарыз

Бала некесіз туса да, толық отбасында өмірге келіп, ерлі-зайыпты ажырасса да, оның ауыртпалығын тартатын әйелдер. Дерек бойынша, елімізде алимент төлеуден жалтарып жүрген 90 мыңнан астам «көкек» әке бар көрінеді. Олардың туған балаларына бережақ қарызы 4 миллиард теңгенің шамасында деседі. Бір Ақтөбенің өзінде былтыр әділет департаментінде алимент өндіруге қатысты 11 798 атқару құжаты болған. Жыл басынан бері балаларына қарыз әкелердің 135 миллион теңге көлеміндегі қаржының 60 миллионы өндіріліпті.
— 30 жасымда бір жігіттің етегінен ұстадым. Бір балалы болдық. Қосылғаннан кейін күйеуім «өнерді» шығарды. Жетімсің деді. Енем де мына жетімекті қалай әйел қыласың деп, көрсетпегенді көрсетті. Бір күні түннің ортасында үйден қуып шықты. Қазір балам екеуміз пәтерде бөлек тұрамыз. Күйеуіммен ажырасып тындым. Күйеуім жақсы тұрады, алайда жалақысын аз қылып жазғызып алған, баласына ай сайын бар болғаны 3 мың теңге алимент төлейді. Ол қай жыртығымызға жамау болады? Жұмысқа шықсам, баламды қарайтын адам жоқ, баламмен үйде отырсам, өмір сүру қиындап барады, — дейді Марал есімді келіншек.
Қазіргі кездегі ажырасып, тағдырмен бетпе-бет қалған әйелдердің көпшілігінің жағдайы осындай. Оң жақта отырып, сүрініп кетіп, аяғы ауырлап қалған әйелдердің көбінің жағдайы тіпті жаман. Мұның барлығына тек әйелді кінәлау артық. Еркек те адам баласы, оның да отбасы үшін, өз ұрпағы үшін жауапты болуы маңызды….

Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button