Басты жаңалықтар

Қала

«Мәңгілік алау» жаңғыртылады

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған шаралардың аясында қаламыздағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенін қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
«Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі» ММ көркейту және көгалдандыру секторы бас маманы міндетін атқарушы Хасан Юсуповтың айтуынша, қалалық әкімшілік тарапынан мемориалдық кешенді қайта жаңғырту жұмыстары үшін жарияланған тендерді «Интерстиль» ЖШС мекемесі ұтып алған еді. Бұл мекеме бүгінде жұмысқа қызу түрде кірісіп кетті. Жеңістің 70 жылдығына тарту ретінде жасалатын «Мәңгілік алауды» қайта жаңғырту жұмыстары үшін қалалық бюджеттен барлығы 94,4 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлінген. «Интерстиль» ЖШС өз кезегінде уақыттың тығыздығын ескеріп, күндіз-түні тоқтамастан екі ауысыммен жұмыс істеп, қайта жаңғыртылатын нысанды сәуір айының 20-сынан кешіктірмей тапсыруды мойнына алған.
«Ақтөбе қаласы Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенін қайта жаңғырту» жобасын «Актюбгражданпроект» ЖШС мекемесі дайындаған. Қайта жаңғырту жұмыстарының жүзеге асырылуын авторлық бақылау жұмыстары да осы мекеме тарапынан жүзеге асырылмақшы. Кешендегі гранитпен қапталған «Батыр қалалардың» ескерткіш тақтайшаларының конфигурациялары өзгертіліп, олардың артына желбіреген жалау пішінінде 3 метр биіктікте қабырға тұрғызылмақшы. Кешен аумағындағы алаңға төселген кесек тастар толығымен жаңартылатын болады. Кешеннің түнгі жарықтандыру жүйесі жаңа жүйемен ауыстырылып, «Мәңгілік алаудың» шілтер құрылғысы жаңартылады, бұл құрылғыға газ жеткізу үшін диаметрі бұрынғыдан үлкен құбырлар тартылады.
Қаламыздағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінің тарихына үңілер болсақ, ол сонау 1970 жылы Кеңестер үйі (бүгінгі облыстық әкімдік ғимараты) алдында Октябрь гүлзарындағы (қазіргі Абай даңғылы) алаңға салынған еді. 1984 жылы «Мәңгілік алау» Ә.Молдағұлова даңғылындағы қазіргі орнына ауыстырылды. Содан бері мемориалдық кешенге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келгенімен, күрделі қайта жаңғырту жұмыстары биыл, яғни Жеңістің 70 жылдығын тойлар алдында алғаш рет жүзеге асырылғалы отыр.

Қуат МҰҚТАР.

Кәсіпкер болу үшін не істеу керек?

Қаржы салмай жылжымайтын мүлік саласында бизнесті бастау мүмкін бе? Бұл туралы сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы облыстық кәсіпкерлікті дамыту орталығында ұйымдастырылған семинар-тренингте жан-жақты айтылды.
Шарада Астана қаласынан арнайы шықыртылған жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Абзал Саманов дәріс өткізді. Ол жергілікті жас кәсіпкерлерге көп қаржы салмай, өз кәсібін қалай гүлдендіруге болатынын нақты дәлелдермен түсіндірді. Кәсіпкерлікті дамытудың қыр-сырын айтып, кеңестер берді.
— Кәсіпкер болу үшін адамға ең алдымен білім, қабілет, ынта-ықылас керек. Кәсіпкер өзіне сенімді болуы қажет. Ал капиталсыз өз кәсібіңді бастау тетігі — тынбай еңбек ету, — деді Абзал Саманов.
Жиын барысында жас кәсіпкерлер Абзал Самановқа шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байланысты сауалдар қойып, тұшымды жауап алды. Жиналғандар ұйымдастырушылардан шеберлік кластарын осындай тақырыптарда жиірек өткізуге кеңестер берді.

Нұргүл АҚНИЕТОВА,
Ақтөбе қаласы.

Бас жүлде — Әлібекте!

Өткен аптада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Геолог» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Мұқағали — мәңгілік ғұмыр» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында біздің студенттеріміз жетістікке жетіп, бас жүлдені қанжығаларына байлады.
Оның бірі — Әлібек Манарбек бас жүлдені жеңіп алса, тағы бір өнерлі оқушымыз Жадыра Төлепбаева Алғыс хатпен марапатталды.
Әлібек көпсалалы «Болашақ» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курсында оқиды. Жаны жырға жақын Әлібек «Жас қалам» үйірмесінің мүшесі. Аталған байқаудағы жеңіп алған жетістігі біздің үйірме үшін үлкен жеңіс болды. Бұған дейін колледж оқушылары облыс, қала көлеміндегі түрлі сайыстар мен байқауларға қатысып, бақтарын сынап жүр. Өнерлі жастардың талабын шыңдауда колледж кітапханашысы, ақынжанды Рая Боранбаева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлсезім Темірғалиеваның өлшеусіз еңбектерін атап өту керек. Осы ұстаздардың еңбегінің арқасында болашақта Әлібек сияқты жас дарындылардың арасынан талай Мұқағалилар шығады деп сенеміз.

Нұржан КЕНЖЕҒАЗИН,
«Жас қалам» үйірмесінің жетекшісі,
оқытушы.
Ақтөбе қаласы.

Бүгінгі күннің білімі

Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Л.Оразбаева, қалалық мәслихаттың депутаты С.Құрманбаева, Қазақ-орыс халықаралық университетінің тәрбие-ісі жөніндегі проректоры Р.Әбілова, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы Н.Казманов қатысты. Сонымен қатар, отырысқа аталған мектептің мұғалімдері жиналды.
Кездесу барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауының маңыздылығына тоқталды.
— Жолдауда Мемлекет басшысы білім саласына ерекше көңіл бөлген. Маңызды құжатта білім беру саласындағы мәселелерді толықтай шешудің жолдары көрсетіліп, нақты тапсырмалар берілген. Мысалы, үш ауысымды мектептерді жою мақсатындағы жұмыстар Ақтөбе қаласында қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл өткен сайын жеке балабақшалардың саны артуда. Былтыр ел игілігі үшін берілген 7 балабақшаның алтауы — жеке балабақша. Бұл игі іс биыл да жалғасады, — деді Л.Оразбаева.
Жиын барысында сөз алған қалалық мәслихаттың депутаты С.Құрманбаева да Жолдаудың маңыздылығы туралы тұшымды баяндама жасады.

Жазира ДУМАНҚЫЗЫ,
Ақтөбе қаласы.

Байқау және 60 үміткер

Жуырда Ақтөбе қалалық оқушылар сарайында «Бозторғай» вокалдық-эстрадалық ән байқауы өтті.
Екі кезеңнен тұратын байқауға кіші (5-7 сыныптар) және үлкен топтан (8-10 сыныптар) құралған 60-қа жуық үміткер қатысты. Олардың жартысы ғана келесі кезеңге жолдама алды. Екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, жанды дауыста ән айтып, оза шапқан оқушылардың арасында 1-орынды кіші топтан №45 орта мектептің оқушысы Рахман Сағдиев, үлкен топтан Россовхоз орта мектебінің оқушысы Гүлім Телман иеленді. Ал 2-орынды №38 қазақ орта мектебінің оқушысы Наубек Жансерік, 3-орынды Новый орта мектебінің оқушысы Махаббат Серікқали жеңіп алды.
Шара соңында жеңімпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, байқауға қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар табысталып, өнерлі оқушылар естелік суретке түсті.

Назерке САЙЛАУОВА,
№38 қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.

350 Жүргізушіге айыппұл салынды

Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында 17 адам жол-көлік апатына ұшыраса, өткен жылы осы кезең бойынша сегіз кісі көз жұмған. Жол-көлік оқиғасының көбеюіне алаңдаған әкімшілік полиция басқармасы «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасын өткізді.
Бір аптаға созылған шара кезінде жол жүру ережесін бұзған 2700 жүргізуші ұсталды. Оның ішінде 59 азамат көлікті мас күйінде жүргізсе, есірткі тұтынған азаматтар да рөлге отырған. Ішкі істер қызметкерлері ішімдік ішіп көлік жүргізгендерді үш жылға жүргізушілік куәлігінен айырса, есірткі қолданушыларға да осындай жаза берді. Сондай-ақ, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен 28 жүргізушіге бір жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынды. Ал жаяу жүргіншіні өткізбеген және жылдамдықты асырған 350 жүргізуші айыппұл төледі.

К.ҚОПАЕВА.

Сыннан сүрінбей өтті

Ақтөбе қаласындағы №40 жалпы орта білім беретін мектеп ақпан айының басында мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясын Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің бас маманы Асқар Кемешов бастап келді. Облыстың әр мектебінен жинақталған комиссия мүшелері мектепті аттестаттау барысында өздерінің тәжірибелі әдістерімен, озық ойларымен бөлісті. Мектеп жұмысының жетістіктерін бағалап, кемшіліктеріне ескерту жасай отырып, «Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесіне» сай тексеру жүргізді.
Мұғалімдердің сабақ беру барысында ескерілетін 14 критерий бойынша сабақтар жүргізіліп, өзара талданып, сапамен бағаланды. Жоғары дәрежеде сапа көрсеткен мұғалімдер мақталды, тәжірибелері таратылуға ұсыныс жасалды.
Сонымен қатар, мектеп пен ата-ана, жеке тұлғалар, әкімшілік пен қызметкер арасындағы байланыстар анықталып, тәрбиеге негізделген барлық бағыттар бойынша анкеталық сауалнамалар алынды. Тексерудің барлық бағыты бойынша жоғары дайындықтарын көрсеткен №40 мектеп ұжымы мемлекеттік аттестаттаудан сүрінбей өтті.
Нұргүл Нөкен, мұғалім.
Ақтөбе қаласы.
Ақтөбенің арзан өнімі

Ақпан айынан бастап қала маңындағы ауылдық округтерде көшпелі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіле бастады. Алғашқы жәрмеңке Қарғалы мен Благодар ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанованың айтуынша, бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізілген шараның нәтижесі көңіл көншітерлік.
— Қала әкімінің кезекті кездесулерінің бірінде округ тұрғындары тарапынан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жиі өткізілсе деген ұсыныс айтылған болатын. Халықтың осы өтінішінен кейін, әрі ірі сауда орындарынан алшақ жатқан елді мекен тұрғындарын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында осы шаруаны қолға алдық. Алғашқы жәрмеңкенің нәтижесі жақсы. Мәселен, Қарғалы ауданында өткізілген жәрмеңкеге халық өте көп келді. Ауылдықтар шанамен келіп, сұйық май, ұн, картоп пен пиязын тиеп алып кетіп жатты. Себебі жәрмеңкеде барлық өнім қала базарларынан арзан бағамен сатылды. Егер қалада сұйық майдың ең арзанын 253 теңгеден сатып алатын болсақ, жәрмеңкеде 235 теңге болды. Ал жұмыртқаның он данасы 150 теңгеден өтті.
Жәрмеңкеге қатысқан «Рамазан» серіктестігінің өнімдері өтімді болғаны сол, екі-үш рет қалаға қатынап қайта әкелді. Қазір серіктестік өкілдері бізге келіп, Қарғалыдан тұрақты сауда нүктесін ашқысы келетіндерін айтты. Біз бұндай ұсынысты қуана қабылдап отырмыз. Себебі бұл жердегі баға дүкен сөрелеріндегі өнімге қарағанда әлдеқайда арзан болады, — дейді Анар Даржанова.
Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының өнімдерінен бөлек жергілікті тауар өндірушілер, яғни «Рамазан», «Анвар», «Рокос», «Айс», «Молочные истории-А», серіктестіктері мен «Мукашев» жеке кәсіпкерлігі өз азық-түліктерін саудаға шығарды. Ал «Азияагрохолдинг» серіктестігі тұрақтандыру қорының көкөністерін сатты. Мәселен, картоп 80 теңгеден өтсе, қырыққабат — 80, жуа —82, сәбіз — 72 теңге болды. Ал қант — 140, қарақұмық — 169, күріш184 теңгеден өтіп кетті. Арзан бағамен сатылған сүт, ұн, шұжық өнімдерін де алушылар көп болды. Жалпы Қарғалы мен Благодар ауылдық округтеріндегі жәрмеңкеде 4,8 тонна көкөніс, оның ішінде 3,2 тонна картоп, 0,5 тонна қырыққабат, 0,5 тонна жуа, 0,5 тонна сәбіз, 3 тонна ұн өнімдері, 500 литр сүт, 300 келі кондитер бұйымдары мен 200 келі сары май сатылды. Өнімнің жалпы сомасы — 1,5 миллион теңге. Ал Қурайлы ауылдық округінде өткен жәрмеңкеде де халық қажетті азық-түлікті мол қылып алды.
— Жәрмеңке өткізілерден бұрын жұртшылыққа хабарландыру таратылады. Округ әкімдері халық жиі баратын қоғамдық жерлерге хабарламалар іліп, тұрғындарды жәрмеңкеден қалмауға үндейді. Осындай бірігіп істелген жұмыстың арқасында қазір ауыл халқы жәрмеңкеге үйреніп қалды. Әр сенбі сайын өздеріне қажетті өнімді алып кетеді. Жергілікті кәсіпкерлер үшін де тиімді болып отыр. Елбасының отандық өнімді қолдауға шақырған бастамасы да осы шараның аясында жалғасын тауып жатыр, — дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.
Жәрмеңке наурыз айының соңына дейін жалғасады. Сондықтан округ тұрғындарын арзан бағамен сатылған өнімдерден құр қалмауға шақырамыз.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Былтыр тұрғын үй салу жоспары толық орындалды

Қазіргі уақытта Ақтөбе агломерациясы деген ұғым санамызға молынан сіңе бастады. Облыс орталығы жан-жаққа етегін кеңінен жайып, зәулім ғимараттар қатар түзеуде. Әсіресе соңғы жылдары қала түбірінен өзгерді.
Сонымен, бүгінгі күні нендей шаруалар атқарылды, ертеңгі күнге арналған жоба-жоспар қандай? Біз осы мәселе төңірегінде Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Асылбек Әлімбаевты әңгімеге тартқан едік.

— Тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп жатқанын күнделікті өмірімізде байқап жүрміз. Қалай болғанда да, мұның өзі күрделі шаруа екені айтылып жүр. Мәселен, құрылыс салынатын аймаққа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізудің машақаты бір бөлек дегендей.
— Иә, бұл бағытта да біраз жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын жобалау және құрылысын жүргізу бойынша ауқымды тірліктер жасалды. Мына деректерге назар аударып көріңіз: 2014 жылы аталған инфрақұрылымдарды дамытуға 5 032,3 млн. теңге бөлінді.
Негізінде өмірлік маңызы бар мұндай жобаларды жүзеге асыру тиянақты тірлікті қажет етеді. Мәселен, Қызылжар-3 поселкесіндегі электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау желілері құрылысы, Мағаджанов селосындағы және Ақжар поселкесінің ескі бөлігіндегі электрмен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау, Заречный-3, Новый поселкелеріндегі жаңа құрылыстар ауданын сумен жабдықтау жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Қазіргі уақытта мұның барлығы да пайдаланушы ұйымдардың балансына берілді.
Аталған бағдарлама бойынша Сазды-2 поселкесіндегі жаңа құрылыстар аумағында газбен жабдықтау желілерінің алаңнан тыс және кварталішілік құрылысы басталды, басқа да жерлерде осындай шаруалар жалғасын табуда.
— Қала және оның аумағындағы мекендер үшін ауызсумен үзіліссіз қамтамасыз ету жайы үнемі көңілде тұратыны белгілі. Осы шаруаларды қамтитын құрылыстар туралы не айтар едіңіз?
— Былтыр «Сумен жабдықтау және су бұрғыштар жүйелерін дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 1 836,6 млн. теңге бөлінді. Осы қаржыға қала бойынша 5 сумен жабдықтау жүйелерін қайта құрылымдау қарастырылды. Бұл жұмыстарды атқаруға «КТП» ЖШС, «Ақтөбеспецстрой» ЖШС, «Влад» ЖШС, «Интеграл ХХІ» ЖШС, «АСУ-К» ЖШС ұжымдары жұмылдырылуда.
Біз бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан су құбырлары желілерінің тозығы жеткен буындарын тексеріп, басты күшті соларды ауыстыруға, жаңғыртуға жұмсаудамыз. Мәселен, қазіргі уақытта Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі су бөлінісі желісін құрылымдау толығымен аяқталды, бірқатар нысандар биыл тиянақталады.
— Коммуналдық шаруашылықтар нысандары қай кезде де жұртшылық талабын толық өтеуге жете алмай келе жатқаны жасырын емес. Осы бағытта қандай шаралар алынуда?
— Арнайы «Коммуналдық шаруашылықтар нысандарын дамыту» бағдарламасы қабылдануының өзі бұл салаға ерекше көңіл бөлініп отырғандығын білдіреді. Ең бастысы, республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастырылды. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы осы мақсатқа 2 700 млн. теңге бөлінді. Ал сол қаржыға не атқарылды дегенге келетін болсақ, көп шаруамызды түгендеп алу мүмкіндігі туғанын айтар едік. Оның ішінде көптеген сорғылық стансаларда жылу желілерінің қайта құрылымдалуы басталғанын тілге тиек етуге болады.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру бізге қаламыздағы инженерлік желілердің апаттық жағдайға қатысты қауіптілігін елеулі түрде төмендетуге мүмкіндік береді, ең бастысы, ұзақ мерзімге сенімді жұмыс істейтін жүйеге қол жеткізудеміз.
— Бүгінгі күні ерекше назар аударылып отырған мәселелердің қатарында балғындарды мектеп, балабақшамен қамту жайы тұрғаны мәлім. Осы салада атқарылып отырған жұмыстарды таратып айтып берсеңіз.
— Өткен жылы білім беру саласы нысандары құрылысына және қайта құрылымдауға жалпы алғанда 3 033,1 млн. теңге қаралды, оның жартысына жуығы республикалық бюджеттің еншісіне тиді, қалғандары жергілікті бюджеттен шықты. Осыншама қаржыға қаланың Заречный-4 поселкесінен 1000 орындық, 12- шағын ауданнан 600 орындық, Ақжар-2 ауданынан 320 орындық мектептер салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 12-шағын ауданнан 320 орындық балалар бақшасы бой көтерді.
Жас буынның жан-жақты білім алуы, өнегелі өсіп-өркендеуі үшін Елбасының өзі айқын бағыт беріп, ерекше қамқорлық көрсетіп отырғаны белгілі. Сондықтан да біз беріліп отырған мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға ұмтылудамыз. Бұл ретте жаңа мектептер құрылысын қолға алу барысында біз қажеттілік деңгейін зерттеп, талдау жүргіземіз. Осындай сұранысқа сай бір жаңа мектеп құрылысы қаланың Жаңақоныс селосында басталды.
«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында тұрғындар қатары көбейіп, әлеуметтік қызметтерге сұраныс молая түсуде. Сондай-ақ, мектеп табалдырығын аттайтын, балабақшада тәрбиеленуге тиісті балғындар да көбеюде. Қазіргі уақытта бұл аумақта 1200 орындық орта мектеп пен 320 орындық балалар бақшасы құрылысы басталды. Заречный-1және Заречный-4 поселкелерінде де көп ұзамай балғындар қуанышын бөлісетін боламыз деген ойдамыз. «Өрлеу» шағын ауданында да мектеп құрылысы басталды. Облыстық физика-математика мектебі өздері орналасқан ғимаратты балалар бақшасына қайтарып берді, оған енді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
— Алдағы жоспарларға тоқтала кетсеңіз.
— Үш ауысымда білім беру әдісінен арылу және апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын білесіздер. Жаңа мектептердің бой көтеруі негізінен осындай проблемаларды шешуді де көздейді. Бүгінгі күні «Заречный-3» және «Бауырластар-2» поселкелерінде, сондай-ақ, «Батыс» шағын ауданында 600 орындық үш мектептің құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.
Өткен жылы қолға алынған бірқатар жобалар биыл жалғасын табады, сондай-ақ, жаңа міндеттер белгіленді. Ең бастысы, облыс орталығының одан әрі көркеюі, заманауи талаптарға сай тіршілік етуі басты мақсат болуда.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Тұрғын үй қоры қалай сақталады?

Ақтөбе қаласы мен қалаға қарасты 5 селолық округте 1602 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 30 пайызы жөндеу жүргізуді қажет етеді.
1602 көпқабатты үйдің 800-ден астамына 120 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Кондоминиум нысандарының саны — 284.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша үйді жөндеу — тұрғындардың міндеті. Дегенмен жыл сайын тұрғын үй қорының жағдайы нашарлап барады. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық ша¬руашылықты жаңарту» бағдарла¬ма¬сының тұрғын үй қорын сақтап қалуда септігі көп.
Біз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бисембиннен облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің жағдайын, оларды күтіп, ұстауда жасалып жатқан жұмыстар туралы білген едік.

Терможаңартудың тиімділігі

— «Тұрғын үй-коммуналдық ша¬руашылықты жаңарту» бағдарла¬ма¬сының көпқабатты үйлердің жағдайын жақсартуда пайдасы көп. Бұрын тұрғындарға үйлерінің ортақ меншікке жататын бөліктерін жөндеуге көмек берілген жоқ. Өйткені үй мемлекеттікі емес, жекенің иелігінде. Үйлерді жөндеу үшін көп қаржы керек. Қыруар қаражатты тұрғындардың өздері жинап, жөндеу жүргізуі — оңай шаруа емес. Инженерлік желілер: ыстық су, салқын су, жылу, кәріз құбырлары, электр желісін толықтай жаңарту үшін көпқабатты тұрғын үйге кем дегенде 4-5 миллион теңге қажет. Ал бір ғана лифтіні алмастыру құны — 6 миллион теңге. Үйлерін жаңартуға тұрғындар ықыласты болғанымен, мұндай ақшаны жинай алмасы анық, — дейді Жұлдызбек Темірбекұлы.
Үйді жаңарту жұмыстары үшін төленетін ақшаны мемлекетке қайтарғанда өсім мүлде болмайды. Кепілдің қажеті жоқ. Төлем инфляцияға тәуелді емес. Ақшаны 10-20 жылда қайтару керек. Ай сайынғы төлем пәтердің шаршы метріне байланысты. Орташа баға: 2-5 мың теңге. Себебі қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, ай сайынғы төлем 3 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.
Еліміз бойынша бұл жоба 2011 жылы басталды. Пилоттық жобаға енген төрт облыстың бірі — біздің Ақтөбе. Үйлерді сақтап қалу мақсатында қолға алынған бағдарламаның арқасында Ақтөбе қаласындағы біраз үй жаңарып қалды.
Бастапқы жылдары бұл мақсаттағы жұмыс 2 тетік бойынша жүзеге асырылды. Бірінші тетік: күрделі жөндеу. Екінші тетік бойынша үйдің жекелеген бөліктері ғана (тұрғындардың өтініші бойынша) жөнделді.
2011 жылы 55 үйге жөндеу жүргізіліпті. Бірінші тетік бойынша, 8 үйге күрделі жөндеу жасалды. Шатыр бүтінделіп, инженерлік желілер, жертөле жаңартылды. Автоматтандырылған жылу бекеті орнатылды. Екінші тетік бойынша, 42 үй жөнделген.
2012 жылы 28 үй жаңарыпты. 2013 жылы терможаңарту жұмыстары үшін қаржы бөлінген жоқ. Ал былтыр 29 үй жаңаша түрге енді. Биыл 20-ға жуық үйді жөндеу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттар дайын.
— Былтырдан бастап бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Соған байланысты тұрғын үйге қандай жөндеу жұмыстарын жасау қажет? Мұны тұрғындардың өздері шешеді. Тұрғындардың өтініштері бойынша, кейбір үйлердің шатырлары бүтінделіп, жертөлелері жаңартылады. Подъездердің есік, терезелері салынады. Енді бірінің инженерлік жүйелері ішінара ауыстырылады, — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.

Жылу жүйесі мен лифт

Бағдарламаның арқасында тозығы жеткен, әбден ескірген жылу құбырлары да жаңарады. Яғни жөндеу жұмыстарынан кейін жылу босқа ысырап болмайды.
Сонымен қатар, кейбір үйлерге автоматтандырылған жылыту бекеті орнатылыпты. Мұның арқасында жылу энергиясы біраз үнемделеді. Тиісінше, жылу үшін аз ақша төленеді. Автоматтандырылған жылыту бекетін орнату 2011 жылдан бастап қолға алыныпты. Сол жылы 6 үйге орнатылса, 2012 жылы 7 үйге жылу реттейтін бекет қондырылған.
— Жылу қуатын пайдаланудың ережесі бар. Онда жылу жүйесінің сызбасын (схема) өзгертуге болмайтындығы жазылған. Дегенмен пәтерлерін жылыту үшін жылы еден салып, балконға жылу құбырларын жүргізетіндер жетерлік. Бір пәтерде осындай өзгертулер болса, соның салдарынан басқа пәтердің тұрғындары зардап шегеді.
Тұрғындар ескеруі тиіс тағы бір мәселе, жылу басқа пәтерлерге де қалыпты тарауы үшін ыстық су тікқұбырының диаметрін кішірейтпеу керек. Диаметрдің көлемі кішірейген сайын айналым тежеледі. Темір құбырлардың диаметрі 20 болса, пластик құбырлардың диаметрі 25-30 болуы тиіс, — дейді Жұлдызбек Бисембин.
Ақтөбе қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде 494 лифт бар. Оның 273-інің пайдалану мерзімі өткен. Лифтілердің пайдалану мерзімі — 25 жыл.
— 494 лифтінің 428-і жұмыс істеп тұр. 30-ы — жөндеуді қажет етеді. 18 лифтіні ауыстыру керек, — дейді Ж.Темірбекұлы.

Тұрғындар және пик

Қазір қалада 300-ден астам басқарусыз үй бар.
— Осы үйлердің салдарынан қалада жылыту маусымына дайындық кезінде көп қиындық туады. Себебі, пәтер иелерінің кооперативі, кондоминиум болмаған соң жылу құбырларын жөндеу жұмыстары уақытында жүргізілмейді. Жертөлелері, ондағы инженерлік желілер өте нашар үйлердің тұрғындарымен кездесіп, жиналыс өткіземіз. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Басқарусыз үйлер — негізінен ескі екі қабатты үйлер мен бұрынғы жатақханалар. Аты шыққаны — Жаманқұлов көшесіндегі 5-үй. Маресьев көшесіндегі 82-үйдің де жағдайы мәз емес. Жатақханада тұратындардың 60-70 пайызы — пәтер жалдаушылар. Иелерін табу қиын, — дейді Ж.Бисембин.
Ақтөбедегі 800-ден астам көпқабатты үйге 120 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. ПИК қызметі үшін төленетін орташа баға пәтердің әр шаршы метрі үшін — 15-25 теңге.
— Қала тұрғындарының пәтер иелері кооперативі қызметіне қаншалықты ақша төлейтіндігіне талдау жасаған едік. Қорытындысында, тұрғындардың 30-40 пайызы ақша төлемейтіні анықталды. Бізге пәтер иелері кооперативінің жұмысына шағым айтып келушілер жетерлік. Солардың басым бөлігі — пәтер иелері кооперативінің қызметі үшін ақша төлемейтіндер. Егер тұрғындар пәтер иелері кооперативіне ақша төлемесе, одан қандай жұмыс талап етеді. Тұрғындар үш ай бойы пәтер иелері кооперативінің қызметі үшін ақша төлемесе, онда ПИК төрағасы оларға ескерту жасауы тиіс. Ескертуден қорытынды болмаса, сотқа беруге болады, — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.
Тұрғындар ПИК үшін төленген ақшаның мақсатты жұмсалғанына күмәнданса, не істеу керек? Бұл туралы Жұлдызбек Бисембин былай дейді:
— Мұндай жағдайда ревизиялық комиссияға жүгінуге болады. Ревизиялық комиссия тұрғындар сенімін ақтамаса, аудиторлық тексерісті жүргізу керек. Ревизиялық комиссия — үй тұрғындарының басым бөлігі сенетін, пәтер иелерінің жалпы жиналысында таңдалған тұлғалар.
Тұрғындар жалпы жиналыста пәтер иелері кооперативі мүшелерін қайта сайлауға құқылы. Пәтер иелері кооперативі төрағалары тұрғындармен тығыз байланыста болуы керек. Бұрын олар тұрғындарға жылына бір рет есеп беретін еді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты былтырдан бастап пәтер иелері кооперативі төрағалары тұрғындарға тоқсан сайын есеп беруге міндетті.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Балабақшалар мен балдырғандар

Соңғы үш жылда Ақтөбе қаласында жеке балабақшалар көп ашылып жатыр. Бұған жекенің иелігіндегі балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстың берілуі сеп болуда.

Жеке балабақша және мемлекеттік тапсырыс

Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті орнату ісі жемісті жүргізіліп келеді. Бұдан 3 жыл бұрын облыс орталығында небары 5 жеке балабақша болған еді. Қазір олардың саны 29-ға жетті. Нәтижесінде, мұнда тәрбиеленетін балдырғандардың да саны артты: 3750 бала жеке балабақшаға барып жүр.
Ақтөбедегі жекенің меншігіндегі 29 балабақшаның 27-сіне мемлекеттік тапсырыс берілген.
— Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдау, көмектің арқасында кәсіпкерлер жеке балабақшалар ашуға ынта, ықылас білдіріп жатыр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде балабақшаға қабылданған балалардың тамағы үшін төленетін қаржы мемлекеттік балабақшадағы төлеммен бірдей: 8800 теңге. Әрбір бала үшін ай сайын мемлекеттен 20 мың теңгеден бөлінеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр кез білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп отырады. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Мемлекет басшысы білім беру саласына ерекше мән беріп, жеке балабақшаларды дамыта түсу керектігін айтты, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева.
Былтыр қалада пайдалануға берілген 7 балабақшаның алтауы — жеке балабақша. Биыл 5 балабақша ашу жоспарланып отыр. Соның екеуі — жеке балабақша.
— Қазір Батыс-2 шағын ауданында 350 балаға арналған жеке балабақша құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл білім беру мекемесі сәуір айында ел игілігі үшін беріледі. Рысқұлов көшесінде де жаңа балабақша бой көтеретін болады, — дейді Ләззат Аманжолқызы.
Балабақша санын арттыру мақсатындағы жұмыстардың бір парасы — бұрын балабақша ғимараты болған нысандарды қайтарып, балабақша ашу. Былтыр облыстық физика-математика мектеп-интернаты мен облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ғимараттары қайтарылды. Биыл бұл нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл Заречный-4 ауылында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық балабақша еңсе тіктейді.

Кезек неге көп?

Ақтөбе қаласында 44 мемлекеттік балабақша бар. 21 шағын орталық жұмыс істейді. Жеке балабақшалардың саны — 29. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жалпы 19 500 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл — Ақтөбе қаласындағы балдырғандардың 80,1 пайызы балабақшалармен қамтылды деген сөз.
— Мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі жақсы өзгерістерге қарамастан, балабақшаларда орын тапшылығы мәселесі бар. Қуаныштысы, бұл демографиялық өсімге, бала туу көрсеткішінің артуына байланысты. Бұл — бір. Екіншіден, Ақтөбе қаласына аудандардан, көрші облыстардан көшіп келушілер көп. Былтыр мамыр айында 30 мың бала кезекте тұрған болатын. Маусым айынан бастап 7500 балаға жолдама бердік. Сөйтіп, кезекте тұрғандардың саны 24 мың болды. Дегенмен қаңтар айындағы есеп бойынша кезекте тұрған балдырғандар 28 мыңға жетті. Мамыр айына дейін бұл кезектің тағы да көбейетіні анық, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы. Ләззат Аманжолқызының айтуынша, биыл жазда 5500-ге жуық балдырғанға балабақшада тәрбиелену үшін жолдама беріледі.

Жұмыс пен жоспар

— Ақтөбе қаласына қарасты Сазды селолық округінде балабақша мүлде жоқ. Сол себепті аталған ауылда балабақша ашу жоспарланып отыр.
8-шағын ауданда балабақшаға баратын бала өте көп. Бұл шағын ауданда екі балабақша ғана бар. Сондықтан аталған шағын ауданнан да балабақша ашу жоспарланып отыр. Бұл екі мәселе Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың бақылауында тұр.
Ақжар ауылында да балабақша жоқ. Бұл ауылға балабақша салу 2016-2017 жылдарға жоспарланып отыр, — дейді Л.Аманжолқызы.
2016 жылы Батыс-2 шағын ауданында республикалық бюджет тарапынан 320 орындық балабақша салынады. «Нұр Ақтөбе» қалашығында да 320 балаға арналған балабақша бой көтереді. Сонымен қатар, Заречный-1 ауылында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық балабақша еңсе тіктейді.
— Өрлеу елді мекенінде жаңа мектеп салынып жатыр. Қазіргі мектептің ғимараты — бұрынғы балабақша ғимараты. Сондықтан бұл ауылда да балабақша ашылады.
Былтыр жыл аяғында 12-шағын ауданда №56 мектеп ашылып, №43 мектеп-бақшаның оқушылары жаңа білім шаңырағына ауысты. Қазір №43 мектеп-бақша №46 Ай-Керім балабақшасы болып аталады. Әзірге мұнда 5 топ бар, — дейді Ләззат Оразбаева.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Қамқорлық және көмек

№55 орта мектепте «Досыма көмек» қайырымдылық акциясы өтті.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Махашова, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Р.Шауменова және мектептің әлеуметтік педагогтары Г.Құлжанова мен Ә.Тайбөриндердің ұйымдастыруымен өткізілген акцияға мектеп оқушылары белсене қатысты. Шара барысында жиналған жүз мың теңгеге тұрмысы төмен, көпбалалы
және ата-анасы мүгедек 25 балаға оқу құралдары таратылды. Сондай-ақ, үйден оқытылатын оқушы Жайна Сұлтанғалиға 20 000 теңге және ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушы Ә.Жарқынбаеваға қажетті оқу құралдары мен киім-кешектер табысталды.
Жалпы білім беру қорынан 60 оқушыға 500 000 теңге және демеушілік көрсетушілер тарапынан 15 оқушыға 150 000 теңге қаржылай көмек көрсетілді.

Г.ҚҰЛЖАНОВА,
әлеуметтік педагог.
Ақтөбе қаласы.

Ата-аналар оқыды

Қазіргі кезде мектептегі білім мен тәрбиеде соны ізденістер көбеюде.
Өткен аптада №38 қазақ орта мектебінің 3 «а» сыныбы ата-аналарымен өткізілген коучинг-сабақ осындай мәселелерге арналды. Қазір бала сабақтан үйге келген бойда компьютерге отыра қалады. Кейбір оқушылар тамағын да соның алдына қойып ішеді. Бұл өте зиян. Сынып жетекшісі, білікті ұстаз Дариға Қуанышкереева түрлі ойын ұйымдастыру арқылы интерактивті тақтада «Бала тәрбиесі және ғаламтор» атты коучинг сабақты түсіндіріп, ата-аналармен өз ойын бөлісті. Коучинг-сабақ өте тартымды әрі қызғылықты өтті.
С.ХАЙРУЛЛАҰЛЫ.

Тоғызқұмалаққа үйреткен

Заречный мектеп-балабақша кешенінде тоғызқұмалақтан мектепішілік турнир өтті.
Аталған турнирге бірнеше команда қатысып, белсенділіктерін көрсетті. Бұл шара тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Жайнагүл Қалдығаринаның ұйымдастыруымен 1-4 сынып оқушыларының арасында өткізілді. Тұрақты жұмыс жасап, бастауыш сынып оқушыларын тоғызқұмалаққа үйретіп, олардың қызығушылықтарын оятып, жарысқа қатыстырып жүрген Жайнагүл апайымызға алғысымыз мол.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін турнирде бұл жолы барлық командалар жақсы ойын көрсетіп, қатысушылардың барлығы арнайы дипломдармен, медальдармен марапатталды.
4 «а» сыныбының ата-аналары атынан Н.АЯШ.
Ақтөбе қаласы.
64 баланың қуанышы

Новый орта мектебінде «Қамқорлық» акциясы өткізіліп, 64 балаға материалдық
көмек көрсетілді.
Акция аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға білім беру қорынан қысқы, спорттық киімдер мен оқу құралдары табысталды.
Ал «Емшан» компаниясының басшысы М.Өндіргенов үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі бір оқушымызға сабақ оқитын үстел мен орындық сыйлады.
Акция барысында балаларға көмек қолын созған мейірімді жандарға алғысымыз шексіз.

А.ӘБДІХАЛЫҚ,
әлеуметтік педагог.
Ақтөбе қаласы.
Қайырымдылық көрінісі

№53 орта мектепте «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымы аз қамтылған, көпбалалы және жетім балаларға көмек көрсетті.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қағиданы ұстанған ұстаздар аталған акция аясында 87 800 теңге көлемінде тұрмысы төмен және жетім балаларға спорттық киімдер мен оқу құралдарын сыйлады.
Сондай-ақ, ата-аналар ішінен Е.Мұқашев, Н.Қазтаев, Г.Қазтаева, жеке кәсіпкер М.Табынбаевалар көмекке мұқтаж балаларға сырт киімдер мен арнайы сыйлықтар ұсынып, қамқорлық жасады.
Мектеп әкімшілігі тарапынан 100 оқушыға оқу құралдары табысталып, 38 балаға спорттық киімдер үлестірілді.
Айнұр ТӨЛЕГЕНОВА,
әлеуметтік педагог.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button