Басты жаңалықтар

«Қазақстанда жасалған»: Отандық өнім және қолдау

Өткен аптада «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығындағы «Анвар» супермаркетінде Ақтөбе қаласы әкімдігі мен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда жасалған» акциясы өтті.
Акция барысында ірі сүт өндіруші «Айс» ЖШС сатып алушыларға өз өнімінің дегустациясы мен промоакциясын өткізді. Сондай-ақ, акция аясында қала тұрғындары жергілікті нан, ұн өнімдерін сатып алып, өз бағасын берді.
— Менің 4 балам бар. Осы сауда орталығына келіп, үнемі жергілікті ұн, сүт өнімдерін аламын. Сапасы жақсы. Барлық қала тұрғындарына өз өнімдерімізді тұтынуын ұсынамын. Бүгінгі акция барысында мен сүт өнімдерінің бірнеше түрін алдым. Осындай шаралар жиі өтіп тұрса, тұрғындар үшін пайдалы болмақ, — дейді қала тұрғыны Жұлдызай Әбілдаева.
Бүгінгі күні қалалық әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімі жергілікті өндірушілермен, сауда желілерімен және базарлармен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Қазір облысымызда тұтынушылық қоржынына кіретін тауарлардың көп бөлігі өндіріледі. Атап айтсақ, ұн, макарон, жарма, сүт, шұжық, сұйық май, т.б.
— Тұрғындарды жергілікті сапалы өніммен қамтамасыз ету — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында негізгі азық-түлік қоржынына кіретін ұн, макарон, жарма өнімдері басқа өңірлерге қарағанда төмен бағамен сатылады. Сондай-ақ, қазіргі кезде сүттен, сұйық майдан, ұннан жасалатын өнімдердің түрлері көбейіп, тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылып отыр. Атап айтсақ, қазір сүттен жасалатын өнімнің түрі 80-нен асады. Сонымен қатар, біздің қаламызда шұжық өнімдерінің де бірнеше түрлері өндіріледі.
Бүгінде жергілікті тауар өндірушілер аудандардан және басқа облыстардан ет салып алып, оны өңдеп, нарыққа ұсынуда, — дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова.
Оның айтуынша, алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер, оның ішінде азық-түлік өндірушілер мемлекеттік бағдарламалар арқылы алған несиелеріне субсидия алады және оларға инфрақұрылымдық көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, қазіргі таңда өндірушілеріміздің өнімі барлық «Анвар», «Дина», «МЕТРО» супер және гипермаркеттерінде көрнекі сауда орындарына жайғастырылған және олардың кең түрлері ұсынылған. Бұдан өндірушілерге қолайлы жағдай жасалғанын аңғаруға болады.
Айта кету керек, Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан халқын патриот болып, тек отандық өнімдерді тұтынуға шақырған еді. Сондай-ақ, Президент еліміздің барлық өңіріндегі сауда орындарына қазақстандық өнімдерге жеке бұрыш белгілеп, басқа импорттық тауарлардың тасасында қалмауын қадағалауды облыс әкімдеріне жүктеген болатын.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button