Әлеумет

Аналар үйі

Ақтөбеде осыдан бір жыл бұрын «Аналар үйі» ашылды. Ол түрлі себептермен кішкентай баламен жалғыз қалған жас аналарға арналған. Бір жылдың ішінде Ақтөбедегі «Аналар үйін» 22 келіншек паналапты. Олардың қатарында күйеуімен ажырасқан, жігіті алдап кеткен, оң жақта отырып бала көтерген соң туған-туыстары теріс айналған, ойнақтап жүріп, от басып, бойына біткен баласынан бас тартқысы келген жас қыздар бар. Бір жылдың ішінде «Аналар үйі» осындай қыздардың жалғыз ғана «барар жер, басар тауына» айналды.
Әлемнің кейбір елдерінде осы тақылеттес әлеуметтік жобалар бұрыннан бар көрінеді және олардың көбін мемлекет қаржыландырады деседі. Ал елімізде ашылған жиырма шақты «Аналар үйі» — кәсіпкерлердің әлеуметтік жобасы. Яғни мұндай жоба үшін мемлекет тарапынан бір тиын да қаржы шықпайды. Оның бар жауапкершілігі кәсіпкерлердің мойнында. Жобаның авторы — белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев. Өткен жылдың аяғында «Аналар үйі» еліміздегі ең үздік әлеуметтік жоба номинациясы бойынша «Алтын жүрек» сыйлығына ие болды. Айдын Рахымбаев бір жылдың ішінде өзінің және миллиардер достарының қаражаты есебінен еліміздің бірқатар қаласында осындай үйлер ашып, 500-ге жуық жас әйелге көмек көрсеткен. Жоба авторларының айтуынша, «Аналар үйін» ашудағы мақсат — жетімдер санын азайту. Аналар үйіне негізінен шарасыздықтан баласын жетімдер үйіне тапсыруға бел байлаған жас әйелдер келеді. Ал жылына 500 анаға қолдау көрсету — 500 баланы тірі жетімдіктен сақтау деген сөз. «Бұл 10-15 жылда жетімдер үйі санын азайтуға септігін тигізер еді» — дейді жоба авторлары.
Ақтөбедегі «Аналар үйі» өткен жылы наурыз айында жергілікті кәсіпкер Исламбек Салжановтың қолдауымен ашылды. Жалға алған екі қабатты коттедж үйде бір мезгілде он ана, он бала өмір сүре алады. Ана мен баланың жылы да жайлы үйде қысылмай-қымтырылмай өмір сүруіне бар жағдай жасалған. Бір жыл бойы балалардың киім-кешегі, ішіп-жемі қамқоршылардың қолында.
— Мұнда негізінен баласынан бас тартқысы келген жас әйелдер келеді. Облыстағы білім, денсаулық басқармаларымен арада арнайы меморандумға қол қойдық. Бұл құжат бойынша, облыстағы барлық оқу орындарымен, медициналық мекемелермен тығыз байланыс жасаймыз. Өз баласын перзентханаға тастап кеткісі келетін, жетімдер үйіне тапсырып жібергісі келетін қыздармен кездесеміз, олармен психолог мамандар жұмыс жасайды. «Аналар үйі» туралы айтамыз. Осында алып келгеннен кейін ол қыздың кездескен жігітімен, үйінен қуып жіберген ата-анасымен, туыстарымен сөйлесіп, кездесуге тырысамыз. Шама келсе, қыздарды жігіттерімен табыстырып, үйленіп, отау болып кетуіне қолдау көрсетеміз. Ондай болмаған жағдайда ата-аналарының бетін бері қаратуға, қыздарына қол ұшын беруіне ықпал етуге тырысамыз. Тіпті олай болмаған жағдайда, қыздардың «Аналар үйінен» кеткеннен кейін жұмысқа орналасуына қол ұшымызды береміз, — дейді Ақтөбедегі «Аналар үйінің» директоры Таңсұлу Лакова.
Таңсұлу Лакова осындағы қыздардың анасындай, кішкентай шақалақтардың әжесіндей болып кеткен. Сүрініп кетіп, сүйеуінен айырылған, бір рет аяғын шалыс басып, кінәсін, күнәсін түзетуге жақындары мұрсат бермеген өрімдей қыздардың ешкімге сеніп айта алмайтын сырларын тыңдайды. Балаларының бетінен сүйіп, әжесіндей еркелетеді.
— Осы уақытқа дейін 17-28 жас аралығындағы қыздар келді. Тағдырлары әртүрлі. Мінездері де әртүрлі. Туған қыздарымдай еркелетемін, кейде ұрысып та аламын. Кейбір қыздар өмірден түңіліп, ешкіммен сөйлескісі келмей, ашуын айналасындағылардан алардай болып келеді. Кейін, психолог онымен жиірек сөйлесіп, өмірге деген көзқарасын өзгертуге күш салады. «Аналар үйінде» бір жылдың ішінде 22 қыз болды. Олардың ішінде жетімдер үйінде тәрбиеленген екі қыз бар. Екеуіне де кезексіз үй алуына көмектестік. Жігіті алдап кеткен 10- сынып оқитын бір қыз бала да тұрды.Түсік жасатқысы келген, бірақ жүкті екенін өте кеш білген. Әкесі жоқ екен, анасының оны баласымен бірге бағатын жағдайы жоқ, себебі одан басқа да шиеттей бала-шағасы бар әрі туған-туыстардан ұялады екен. Сондықтан баласы бір жасқа толғанша әлгі қыз осы үйде тұрды. Кейін анасы қызы мен жиенін алып кетті. Тағы бір қыз кезінде белгілі бір себептермен отау құра алмай қалған жігітімен қосылып, үйлі-баранды болып кетті, — дейді Т.Лакова.
«Аналар үйіне» келген әйелдер баласы бір жасқа толғанша осында тұруға құқы бар. Жетімдер үйінде тұрған, туыстары жоқ қыздар баласы бір жарым жасқа келгенше тұра алады. Қыздар мұнда бос отырмайды. Бірі тамақ жасаса, бірі үй жинайды, іс тігеді. Болашақта қыздарға осы бір жыл ішінде ұсақ-түйек кәсіптерді меңгеріп алуға мүмкіндік берілмек. Және оларға балаға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны жинауға кеңес беріліп отыр. Бұл — бала бір жасқа толып, «Аналар үйінен» шыққан уақытта қыздардың қолында аз да болса қаржы қорының болуына септігін тигізеді. Қыздар қолдарынан келгенше тірліктерін жасап жатыр. Балаларының денсаулығы «Аналар үйіндегі» медбикенің қарауында.

Тағдырлар

Бота:
— Жасым 23-те. Оқу бітіргеннен кейін бір жыл жұмыс жасадым. Жігітіммен екі жыл кездескеннен кейін отау құрдық. Дұрысы, ол мені алып қашты. Үйіне алып келгеннен кейін, оның туған інісі шатылып, түрмеге түсті. Сөйтті де, ата-анасы тойды кейінге шегерді. Қайын атамның ауылдағы кішкентай үйінде бірнеше отбасы бірге тұрдық. Адам көп болғасын ата-анамыз бізді қаладағы саяжайлардың бірінде құрылысы жүргізіліп жатқан үйге тұрыңдар әрі қарауылдаңдар деп, Ақтөбеге жіберді. Осында жолдасым, қайынсіңлім үшеуміз тұрдық.
Жап-жақсы тірлік кешіп жатқан едік, бір күні жолдасымның ойын ойнап, соның салдарынан қарызға белшесінен батқанын білдім. Қолына сәл ақша түссе, бір сағаттың ішінде жоқ қылып келетінді шығарды. Сөйтіп жүргенде бұл жағдай оның ата-анасының құлағына жетіп, енем, қайын ағам несиеге ақша алып, күйеуімнің қарызын жапты. Бірақ жолдасым сонда да ойын ойнауын қоймады. Қоймаған соң енем баласын қаладан ауылға алып кетті. «Сен осында тұра тұр, бәлкім, балам ауылда жұмыс жасаса, дұрысталар, ауылда ойнайтын букмекерлік компаниялар, ойын автоматтары жоқ, адам болып кетер, сені де ауылға алып кетерміз» — деген соң, қайын сіңлімнің қасында қала бердім. Аз уақыт өткеннен кейін қайын ағам телефон шалып, маған: «Үйді босат!» деді. Қайын сіңлім киімдерімді жинап, далаға қуып шықты. Қайда барарымды білмедім. Қара басымды бірдеңе қылып асырар едім, шешесіз жетім өскен қызбын, қандай да болса, қара жұмыстан қорықпаймын, барға тасып, жоққа жасымаймын. Алайда өзім емес, құрсағымдағы баланы аядым. Шешем 12 жасымда қайтыс болды. Таршылықты да, қиындықты да көрдім. Әпкелерімнің барлығы жан-жақта, барлығының отбасы бар. Әкем 75-те, ендігі қалған өмірінде оны да уайымға салғым келмеді.
Қайын сіңлім үйден қуып шыққасын, заттарымды көршінің үйіне қалдырып, учаскелік пунктке бардым. Жағдайымды айттым. Онда да құдайына қараған адамдар екен, мені жетектеп, осы үйге әкелді. Ең қиналатыным, менің титтей де жазығымның жоқтығы. Үйден қуғанда жолдасыма хабарласқанмын: «Менің қарыз ақшамды үйдегілер жапты, мен оларға ештеңе айта алмаймын» деген сөзі жаныма батты. Мен еріме қарасам, ерім жерге қарады… Ендігі арманым — баламды азамат ету.

Лаура:
— Жасым 19-да. 11 жасымда анамнан айырылдым. Шешеміз дүниеден өткеннен кейін нағашы әжем сіңлім екеумізді өз қолына алды. Қалада тұрдық. Колледжде оқып жүрген кезімде, 17 жасымда бір жігітті ұнатып, екеуміз кездестік. Содан тұрмыс құрдық. Енем мені жақтырмады. «Жетім қызды неге алдың, жетімнен қандай әйел шығады» деген ауыр сөздер айтатын болды. Сәбиіміз өмірге келгеннен кейін де енемнің қабағы ашылмады. Балама дәрігерлер туғаннан жүрек ақауы бар деген диагноз қойды. «Жетімнің ауру баласы керек емес» деген сөздер жүрегіме инедей қадалды. Бәріне шыдадым. Содан күйеуім қол көтеретінді шығарды. Бір күні түнгі сағат 3-те баламмен далаға қуып шықты. Әжем: «Ерте байға шық деген мен емес» — деп үйіне қабылдамады. Достарым қол ұшын созды, достарыммен бірге пәтер жалдадым. Кейін осында келдім. Міне, қазір қызым алты айға толды. Осындағы өзім тағдырлас қыздар маған бауырдай, «Аналар үйінің» директоры анамдай болып кетті.
Жолдасым мүлде хабарласпайды, үйдегілерден де хат-хабар жоқ. Болашағым бір Алланың қолында. Дәл қазіргі мақсатым — баламды емдету. Қалғанын кейін көре жатармыз…

Айгүл:
— «Аналар үйіне» былтыр 23 жасымда, қыркүйек айында келдім. Осында келгеннен кейін бір аптадан соң дүниеге Ясин атты сәбиімді әкелдім.
… 22 жасқа дейін бірде-бір жігітпен кездесіп көрген емеспін. Мектеп бітірген соң оқуға түсіп, бірінші курстан кейін денсаулығыма байланысты оқудан шығып кеткен болатынмын. 22 жасымда ауылдан қалаға жұмыс іздеп келдім. Сөйтіп жүргенде бір жігітті ұнаттым. Екеуміз біраз кездескеннен кейін, ол мені абыройымнан айырды. Сол күннен бері мен онымен сөйлескен де, оны көрген де жоқпын. Қатты қиналдым, телефондарымның барлығының номерін ауыстырып тастадым, тіпті өзіме-өзім қол салып, өлгім де келдім. Алайда достарым құтқарып қалды. Жұмыстан шығып, ауылға келдім. Үш айға дейін аяғым ауыр екенін білгенім жоқ. Білген кезде не істерімді білмей, туған әпкемнен, анамнан ақыл сұрадым. Олар балаңды алдыртып таста деді. Дәрігерге барғаным жоқ, бірақ өз білгенімше баланы түсіруге тырыстым. Алайда онымнан еш нәтиже шықпады. Іштегі баланың мерзімі жеті айға жеткенде анам үйден қуып жіберді. Достарымның үйін паналадым. Осы «Аналар үйі» туралы біліп, құрбыларым осында алып келді. Алланың құдіретін айтсаңызшы, дәрі-дәрмек ішіп, түсіруге тырысқан балам өмірге сап-сау келді. Шүкір.
Әкесі баласы туралы ештеңе білмейді. Мен оны көргенім де, ештеңе айтқаным да жоқ. Ешкімге өкпем жоқ, тағдырым осылай болған шығар. Анамды, әкемді, бауырларымды сағынамын. Бірақ оларға да, маған да уақыт керек шығар…

Жанат:
— 19 жастамын. Аяғым ауырлап қалғанын білгенде, үйленеміз деп жүрген жігітім сәбиді алдыртып тастау қажеттігін айтты. Бұрын үйленген, ажырасқан адам екенін білдім. Өзі басқа қалаларға жиі кетіп қалатын еді. Бір күні мүлде хабарсыз кетті. Баланы алдыртуға қимадым. Сәби 5 айлық болған кезде жүкті екенімді анам біліп қалып, алдырт деді. Бірақ түсік жасатуға кеш болды. 8 айлығында ертерек босанып қалдым. Перзентханадан шыққан кезде үйде ағам келіншек алып келіп жатқан болатын. Үйде қонақтар болғасын, анам маған үйге келмей-ақ қой деді. Өзім де үйге баруға ұялдым. Сосын осы «Аналар үйіне» келдім.
Кейін анам әлгі жігіттің бұрынғы әйелінің телефонын тауып алып, сөйлесті. Бақсам, ол жігіт қылмыс жасап, түрмеге түсіп қалған екен.
Бүгінде колледжде білім алып жатырмын. Сырттай оқимын. Дәл осындай жағдай менің басымда болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп көрген жоқ. Тағдырым деп қабылдадым. Амалым жоқ…

«Айтуға оңай…»

Жақында «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай…» бағдарламасында Ақтөбедегі «Аналар үйінің» екі тұрғынын көрсетті. Жоғарыда біз сөйлескен Лаура мен Айгүл (есімдері өзгертіліп алынды) дүйім Қазақстан жұртына өз тағдырларын айтқанда студияда отырған көрерменнің көбі көзіне жас алды. Соның бірі әнші Жанар Айжанова:
— Қызды алдап кету еркектерге оп-оңай. Соңында қиындық көретін қыздар. Әккі жігіттердің алдауына талайдың көзі мен ағының қарасындай жалғыз қыздары да түсіп жатқан шығар. Ата-ана қыздарына ақылды әбден болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, кішкентай кезден бастап айтуы керек. Баланы кешке ақшам кірген кезде түгендеуі керек, айтатын ақылын, өсиетін сол кезде айтуы тиіс, — дейді ол.
Бағдарламаға қонаққа келген продюсер Гүлшара Айдәулетқызы жетім өскен Лаураның өзімен тағдырлас екенін, оны бала бір жасқа толғаннан кейін өз қамқорлығына алатынын айтты. «Алматыға кел. Мен сенің балаңды балабақшаға, өзіңді жұмысқа орналастырамын. Тұратын жеріңді тауып беремін. Қолымнан келгенше көмек көрсетемін» — деді. Ал Жанар Айжанова Лаураның Ақтөбеден Алматыға баратын жол-пұлын өзі көтеретінін айтты.
— «Айтуға оңай…» бағдарламасына шыққаннан кейін әкемнің туыстары телефон соғып: «Сен бізді елдің алдында ұятқа қалдырдың» деп ұрысты. Қиналған кезде сүйеу бол алмаған туыстарыма не дейін… Алматыға баратын шығармын. Ақтөбеде қалғым келмейді әрі баратын басқа жерім де жоқ, — дейді Лаура.
Бағдарламаны Қазақстанның миллиондаған жігіттері де көрді. Көріп, жауапсыз еркектердің жасаған қиянатын, қателіктерін жөндеуге бел байлап, хабарласқандары да болыпты.
— Бағдарламадан кейін бізге еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше жігіт хабарласты: Жезқазған, Ақтау, Талдықорған, Қызылорда, Семей қалаларының жігіттері қыздармен танысқысы келетіндіктерін, көңіл жарасса, балаларымен қоса, өз қамқорлықтарына алып, некелерін қидырып, отбасы болсақ, өткен өміріндегі қиындықтарын ұмыттырсақ деген ниеттерін жеткізді, — дейді «Аналар үйінің» директоры Т.Лакова.
Біз «Аналар үйіне» сұхбаттасуға барғанымызда директордың алдында 30-35-тер шамасындағы бір жігіт отыр екен:
— Бағдарламаны көргеннен кейін қарындасымдай қыздарға жаным ашыды. Танысайын деп келдім. Өзімнің үш ұлым бар. Әйелім балаларымды маған қалдырып, өз еркімен өзге адамға тұрмысқа шығып кетті. Қазір балаларды Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында тұратын анам бағып жатыр. Өзім Ақтөбе қаласында тұрамын. Өзім секілді қиындық көрген қыздармен бас қоссам, түсінеді ғой деген оймен осында келдім. Егер менің үш баламды қабылдаса, оның бір баласына қамқор әке болар едім, сүйеу болар едім… Бұйырғанын Алла көрсетер, — дейді Қанат.

P.S.
«Жақында жергілікті телеарналардың бірінде бағдарламаға қатысқанымда, бір қария телефон соғып: «Осындай оң жақта отырып бала тапқан қыздарды не үшін тайраңдатып қоямыз? Бұл дұрыс емес» — деген пікір айтқан болатын. Әрине, мұндай үй қазақ жерінде болмауы тиіс. Алайда бұл жобаның мақсаты — қателескен қыздарды насихаттау емес, жетімдіктің алдын алу» — дейді Таңсұлу Лакова.
Әрине, қыздардың оң босағада отырып балалы болуы қанымызға жат. Оны жақтап отырғанымыз жоқ. Бұл қазақы салт-дәстүрдің, қызға қырық үйден тыйымның, ырымдардың, «малым — жанымның, жаным арымның садағасы» ұстанымының ұмытылғандығының салдары екенін сіз білесіз. Бұл — салдар. Себептер бұдан он есе көп. Алайда біз салдармен емес, ең алдымен себептермен күресуіміз керек.
Тәрбиеге аса қатты қарайтын қазақ жерінде мұндай үй болмауы тиіс. Олай болса, бізде түрме де, жетімдер үйі де, қарттар үйі де болмауы керек қой…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

7 Comments

  1. Салеметсизбе мен осы аналар уйнде туратын Жанузакова Айзат деген кызды издеймин мумкин болса мына номерге хабарласып адресинизди айтсаныздар екен хабарласып барып коргим кездеским келеди87716872791

  2. Саламатсызба менин жасым 21де турмыс шыккам аягым ауыр 17апта жолдасым ажырасу арыз берип отыр баска биреум бар деп сот болды мен аягым ауыр ажыраспаим дедм казир бир хабарласпаит косылмаим деп отыр екинши айелимен жур ата анама аитсам уй келме журт уят деп отыр оларды али хабарласпат 2аи болды енд бала босана сала саби суйе алмаи журген жанга берин деп едим хабарласыныздарш дала тастаганша

  3. Мен ажырасканмын 2 балам бар екеуіде кішкентай жасым 21 де.киеуім балдардан шаршадым тура алмайм деп тастап кетип калды нестеримди білмеймін аналар уйінің толык мекен жайын жаза аласыздарма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button