Басты жаңалықтар

ДІН ЖӘНЕ ЖАСТАР

Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің
«Білім мен тәрбиенің дүниетанымдық және
әлеуметтік мәселелерін зерттеу»
орталығының жетекшісі.
Әр жетінші студент қатысты…
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ислам және басқа діндер Қазақстанда жаңғыру кезеңін бастап, халықтың дінге ықыласы жыл сайын артып отырды. Соңғы жылдары дінтанушы мамандар тарапынан дінге бетбұрыс үдерісінің әлеуеті сарқылды, шегіне жетті деген пікірлер айтылады. 2009 жылы жүргізілген халық санағы мәліметтері бойынша, Қазақстан тұрғындарының 72,08 пайызы — мұсылмандар, қазақтардың 98,3 пайызы — ислам дінінде. Ел халқының 4,5 миллионға жуығы — 14 пен 28 жас арасындағы жастар. Жастардың дінге деген қызығушылығы артып отыр, әсіресе, қазақ жастары үшін өмірде діннің алар орны ерекше. Өздерін мұсылманмын деп санайтындар, жас ерекшеліктеріне байланысты тарқатар болсақ: 15-19 жас аралығындағылардың — 78,2 пайызын, 20-24 жас аралығындағылардың — 73,2 пайызын, 25-29 жас аралығындағылардың — 70,8 пайызын, 30-34 жас аралығындағылардың — 70,8 пайызын, 35-39 жас аралығындағылардың 71,9 пайызын құрайды. 45-50 жастан асқан соң, дінге деген ықылас төмендейді. Мысалы, 40-44 жас аралығындағылардың 72,6 пайызы дінге ықыласты болса, 70-тен асқандар арасында бұл көрсеткіш — 41, 1 пайыз.
Студенттер қауымы әрқашан да жаңа өзгерістерге, жағымды не жағымсыз ықпалға бейімделгіш. Жастардың сана-сезімдерінің қалыптасуына қоғамдағы діни ахуал үлкен әсер етеді.
2011 жылдың қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңнан кейін ел ішіндегі діни ахуал біршама өзгерді. Діни бірлестіктер саны 31 пайызға қысқарды. Қағаз жүзінде тіркелген көптеген діни бірлестіктер, топтар анықталды. Қайта тіркеуден кейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанында 2400 мешіт қызмет жасаса, православтік діни бірлестіктерде 299 шіркеу, рим-католиктік бірлестіктерінде — 84 шіркеу, «елуіншілер» бірлестігінде — 189, христианшыл баптистерде — 120, Иегова куәгерлерінде — 59, пресвитериан шіркеуінде — 55, «Жетінші күн адвентистерінде» – 42, лютеран шіркеуі қарамағында — 8, методистерде -11, жаңа апостол шіркеуінде — 8, кришнайттерде — 8, бахайлықтарда — 6, иудаизм дінінде — 4, буддизм дінінде — 4, мармондарда — 2, меннониттерде 2 діни ұйым жұмыс жасайды.
2012 жылы Ақтөбе облысында 66 мешіт, 6 православтық приход, 2 католиктік ұйым және «Иегова куәгерлерінің бірлестігі», «Жетінші күн адвентистері», «Кришна санасы қоғамы» бойынша бір-бір ұйым тіркеуден өтті.
Бірі жабылады немесе жаңа діни бірлестік тіркеледі — діни ұйымдардың саны үнемі өзгеріп отырады.
Біздің облыс — экономикасы тұрақты, әлеуметтік жағынан дамуы қарқынды аймақ. 2011-2012 жылдардағы уақиғалар экстремизмнен гөрі қылмыстық әрекеттерге жақын. Аймақта конфессиялар арасында және конфессиялардың өз ішінде толеранттық жағдай қалыптасқан. Аймақтағы оқу орындары түрлі салаларға мамандар дайындаса, Ақтөбе медресесі мешіт қызметкерлерін даярлайды.
2011 жылға дейін республика көлемінде 29 діни білім беретін мекеме тіркелгенімен, олардың кейбірінің діни-ағартушылық қызмет атқармағаны анықталған. Қайта тіркеуден соң 13 исламдық, 2 христиандық бағыттағы оқу орындары тіркелді. Еліміздегі православ, католик, протестант миссионерлер саны 400-ге жуық. Олар жыл сайын тіркеуден өтеді, сөйткенмен заң бұзу әрекеттері де байқалады. Соңғы жылдары шетелден келген миссионерлер қазақ жастарын өздерінің діни бірлестіктеріне кіргізу мақсатында қазақ тілінде үгіт-насихат жүргізіп, кітаптар таратуда. Діни әдебиеттер көп жағдайда жастардың санасына әсер етіп, олардың ұстанымын өзгертіп отырады. Соңғы үш жылда бұрынғы ҚР Дін істері агентігінен 25 мыңға жуық әдебиетке рецензия берілді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде студенттердің дінге көзқарасы бұрын зерттелмеген. Жалпы, елімізде студент жастардың дінге қатысты бағыт-бағдарын айқындайтын зерттеулерді әдебиеттен кездестірмедік. Сондықтан бұл жұмысты студенттердің діни тұрғыда ұстанатын жолын зерттейтін алғашқы ұмтылыс, алғашқы ізденіс және осы күрделі мәселенің тек кіріспесі деп қабылдаған жөн.
Әлеуметтік зерттеу жүргізілген тұста университетте 8166 студент оқыды, олардың 95 пайызы қазақ, 3 пайызы орыс, 1 пайызы украин, қалғаны — басқа ұлт өкілдері. Жалпы, университетте 27 ұлт өкілдері білім алып жатыр. Дін мәселесін зерделегенде студенттердің ұлттық (этностық) тегін айқындаудың өз қисыны бар. Мысалы, олар ойланбастан «қазақпын, сондықтан мұсылманмын», «орыспын, сондықтан православпын» деген пікір білдіргенмен, бұл терең діни сенім туралы пікір түюге негіз бола алмайды. Тіпті дінге сенбейтін жастардың өздері, кейде мұсылманбыз дейді. Ешкім де қазақ не орыс боп туғандықтан ғана мұсылман немесе православ болмайды, дінді таңдау терең сенімнен туады. Студенттердің 64 пайызы қыздар, 36 пайызы — жігіттер. Кейбір факультеттерде, мысалы, педагогика және психология факультетінде қыз балалардың үлесі — 96 пайыз, филология және шет тілдер факультеттерінде — 88 пайыз.
Діни сәйкестігі тұрғысынан, біздің жоғарғы оқу орнында, негізінен, мұсылмандар оқып жатыр, ал гендерлік сипаты жағынан қыз балалар басым. Бұл да діни ахуалға өз әсерін тигізеді. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, ер адамдарға қарағанда, әйел адамдар дінге, Жаратушыға деген сенімге жақын.
Қазіргі студенттер — өтпелі кезеңде, 90-жылдардың ортасында туған, ислам діні мен басқа діндердің жаңғыруы тұсында, зайырлы мәдениет пен дін мәдениеті әрекеттесе бастаған XXI ғасырдың 10-жылдарында мектеп бітірген. Зерттеудің бағдарламасын дайындағанда, бүгінгі студенттердің дүниетаным ерекшеліктерін де ескердік. Мәселен, жастар мемлекеттің олардың жеке өміріне арласпайтынын біледі, сондықтан студенттер қорқу–үрку сезімінен таза, өз ойларын еркін білдіреді. Олар діни тұрғыда өздерінің жағымды не жағымсыз таңдауларын жасырмайды.
Университеттің әр 7-ші студенті зерттеуге қатысты. Сауалнама барысында әр студенттің анкетаны өз бетімен толтыруы көзделді. Жинақталған ақпараттар студенттердің адал пікірін білдіреді деп сенім артамыз.
Сіз Құдайға сенесіз бе?
Бұл сауалға 1593 студенттің 1522-сі немесе 95 пайызы «иә» деп, 22-сі немесе 2 пайызы «жоқ» деп жауап берсе, 44 студент немесе 3 пайызы жауап беруге қиналған.
Студенттер сауалнамаға өз ойларын қосып та жазған: «Аллаһқа сенбейтін адам жоқ қой», «Жаратушы ие бар деп есептеймін», «Әрине, сөзсіз сенемін», «Құдайдың бар екені ақиқат, оның барына сенемін!», «Оған дәлел болатын көптеген нәрселер бар», «Он — создатель», «Я верю в Бога как мусульманин», «Не верю», «Іштей сенемін».
Жоғарыдағы мәліметтер діни көңіл күйдің өсуін көрсеткенімен, терең діншілдік туралы қорытынды жасау асығыстық деп санаймыз. Болашақ мамандықтары бойынша талдасақ, негізінен қыздар оқитын педагогика және психология факультеті студенттерінің дінге сенімі жоғары — 100 пайыз, экономика, физика-математика факультеттері студенттері арасында құдайға сенетіндер үлесі — 93 пайыз.
Өзіңізді қай діни конфессияға жатқызасыз?
«Құдайға сенсеңіз, өзіңізді қай діни конфессияға жатқызасыз?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқан студенттердің 96,2 пайызы «мұсылманбыз» деп жауап берді. 0,5 пайызы өздерін православ санайды. 0,3 пайызы «басқа діндеміз» дейді. 4 студент атеистік қөзқараста, студенттердің 0,2 пайызы өздерін ешқандай дінге қоспайды. Жауап беруге қиналғандар саны — 38 студент ( 2,6 пайыз).
Зерттеуге қатысқандар арасында басқа ұлт өкілдері — 49 студент, олардың 34-і, яғни 70 пайызы мұсылмандар, олар — әзірбайжан, татар, ұйғыр және т.б. этнос өкілдері. Қалғандары — католиктік, протестанттық және буддистік ұстанымдағылар.
Бұл тұста мына жағдайларға көңіл аударған жөн.
Біріншіден, респонденттердің ұлты мен діни ұстанымдары сәйкес келетін де, келмейтін де тұсы бар. Мысалы, «қазақ, демек, мұсылман», «орыс, демек, православ» ұстанымдары кей жағдайда сәйкес келмейді. Бұған дәлел: қазақтардың 0,4 пайызы басқа дінді қабылдаған, ал орыстардың 1,4 пайызы және украиндердің 0,9 пайызы ислам дінін қабылдаған. Қазақ жастарының басқа дінге өтуін қазақы қоғамдық пікір қолдамайды, дегенмен заң мен әдеп сабырлылық пен төзімділікке шақырады.
Екіншіден, кейбір жағдайда студенттер «жауап беруге қиналамын» немесе «басқа пікір» деген тұстарға белгі соғады. Ондайда жастардың өз пікірін ашып айтқысы келмейтіні байқалып тұрады. Кейбір студенттер анкетаны бастаған тұста өзін «атеиспін» десе, соңғы жағында «мен мұсылманмын» деп, «өзгеріп» шығады.
Үшіншіден, студенттердің қатарынан әртүрлі дәстүрлі емес діннің өкілдері де анықталды. 1990 жылдары түрлі үгіт-насихатқа рұқсат беріліп, ислам және христиан діндерінің атын жамылған ағымдар, жаңа діни қозғалыстар кеңінен етек жайды. Зерттеуге қатысқан 9 студент дәстүрлі емес діни бағытта екенін көрсетіпті. Олар шет тілдер, техникалық және экономика факультеттерінде оқиды.
ХХ ғасырдың 60-жылдарында Ямайкада пайда болып, әлемге африкандық регги музыка стилінде танымал болған растафариандық жаңа діни ілім бағытын ұстанатындар да бар болып шықты. Бұл діни ағым ұстанушыларын растмандар дейді. ХХ ғасырдағы Эфиопияның соңғы билеушісінің есімі — І Хайле Селассие, таққа отырмастан бұрын ол рас Тэфэри Мэконнын («рас» — ақсүйектерге тән титул) деген атпен танымал болған. Растафариандық ілім батыс әлемінен және оның жақтастарынан бас тартуға, өз орталарына махаббатпен қарауға негізделген. Бұл ағымның ұстанушылары бүгінде әлемде 1 миллионға жуық.
Регги мәтіндері қоғамдағы теңсіздік, әлеуметтік және саяси әділетсіздікке қарсы «үндейтін» христиандық платформада баяндалады. Сонымен қатар, сорадан (конопля) алынатын, психикалық деңгейде қоздырғышы бар каннабисті қолдануды дәріптейді. Каннабист адамның күлкісін қоздырады, кейде ұйқыға немесе ұйқысыздыққа және әртүрлі көңіл күйге апарады. Бұл діннің өкілдері некені жоққа шығарады, ауырса дәрігерлерге жүгінбейді, медицинаны мойындамайды.
Студенттердің басқа біреулері өздерін агностиктерге немесе агностицизмге жатқызады. Агнотицизм теологиялық және философиялық болып бөлінеді. Философиялық агностоцизм объективті шындықтың қағидаларын тану мүмкін емес дегенді қолдайды. Өздерін теологиялық агностоцизм өкілі санайтындар Құдайға, өлімнен кейінгі өмірге сенбейтінін, дінді күнделікті өмірдегі этикалық норма ретінде қарастыратынын айтады. Агностик — сенімін Құдаймен байланыстырудан бас тартқан адам.
Студенттер арасында копилизм (ағылшын тілінен аударғанда, сору — «мені көшір» деген сөз) миссионерлік қызметі танылған. Бұл шіркеудің негізін 2010 жылы 19 жастағы шведтік студент қалаған. Копилизм кез келген интернеттегі ақпаратты құдіретті санайды. Бұл жаңа дін Швецияда заңды ресми дін ретінде жарияланған. Бұлар да Құдайға сенбейді.
Зерттеудің қорытындысында, студенттер арасынан үнді халқының ұлттық діні болып саналатын индуизм тармақтарының бірі шактизм бағытын ұстанушы да «табылды». Еуропаның Нидерланд елінде ХХ ғасырдың соңында пайда болған итеизм де жастарға таныс екен. Итеизм — дін емес, дінтануда оны жаңа діни қозғалыс қатарына жатқызады. Бұл дәстүрлі емес бағытта болғандықтан, қоғам үшін қаупі бар болуы да мүмкін. Нидерланд тілінен аударғанда «its» сөзінің мағынасы — «бұл», «бұл да», «бірдеңе», «бір зат». Бұл ағым дәстүрлі христиандықты жоққа шығарады, Құдайға сенбейді. Аспан мен Жер арасында «бірдеңе» немесе бір тылсым күш бар деген түсінікті ғана алға тартады. Батыс әдебиетінде аталған жаңа діни қозғалыс «діни либерализм» саналып, қатарын жастармен толтыруда. Жастар бұл сенімді ескірген христиандық догматикадан құтылудың жолы деп санайтын сынды.
Социология іліміндегі объектінің бір бөлігіне тән құбылысты қалған бөліктеріне аудару, яғни экстраполяция методологиялық әдісін қолдансақ, 1553 студенттің ішінен 9-ы «жаңа діни қозғалыстар» ықпалында болса, 8166 студенттің арасында бұл көрсеткіш 45-ке жуықтайды.
Төртіншіден, қазақ топтарының кейбір студенттері өздерін «шаманизмге» жатқызса, орыс топтарындағы кейбір студенттер «не отношу себя никакой религии», «мен атеиспін» деп қосымша пікір білдірген. Студент қауымының басым көпшілігі адам өмірінде діннің рөлі маңызды екендігіне мән береді. Дін тура жолдан таймау үшін керек деп біледі.
Дін туралы мәліметті қайдан аласыз?
Студенттердің дін туралы ақпаратты қайдан алатындығы өзекті мәселе болғандықтан, бұған үлкен мән бердік. Шынымен де, жастарға мектеп, ЖОО, БАҚ, ата-ана, тума-туыстары, діни ұйымдар, ғаламтор, достар және діни әдебиеттер, яғни әлеуметтік орталар өз ықпалын тигізеді. Бірақ бұл әлеуметтік орталардың жастар арасында маңыздылығы бірдей емес. Зерттеу көрсеткендей, студенттер әрдайым ата-аналарының жағымды не жағымсыз ықпалын жоғары қояды. Ал БАҚ студенттердің қөзқарасына әсер етуде — екінші орында болса, ғаламтор діни ақпарат беруде үшінші орында болды. Бірақ қазақ тіліндегі діни веб-сайттар артқан сайын, қазақ тіліндегі жас контингент артуы ғажап емес. Төртінші орында — орта және жоғары оқу орындары. Демек, университет ішіндегі тәрбие жұмыстары туралы ойлану керек. Мешіт, шіркеу және діни ұйымдар — бесінші орында.
Діни әдебиет және дінге сенетін достар — алтыншы, жетінші орындарда.
БАҚ, интернет, ата-ана, діни әдебиет, жақын достар, жалпы әлеуметтік орта көбіне-көп жағымсыз ақпаратқа бейім болады, діни, ұлттық құндылықтарды қолдай бермейді. Қазақстан қоғамының тұтастығына, мәдени бірлігіне жұмыс жасайтын, ғылыми ақпарат беретін орта — білім мекемелері.
Зерттеудің барысы көрсеткендей, дәстүрлі емес діндер өкілдері, дінді уағыздауда қасындағы достарынан бастап, алдау және арбау, сендіру (внушение), гипноз технологиясы арқылы жұмыстарын жүзеге асыруды көздейді. Мұндай әрекет көбінесе әйелдер арасында жүргізіледі.
Зерттеу жұмыстары қазақстандық қоғамды біріктіру және студенттерді мәдени тұтастыққа бейімдеу бағытында жоғары оқу орындарының жұмыстарын әлі де жетілдіру мақсаты тұрғандығын көрсетеді.
Оқу ордасынан сенімді ақпарат аламыз деп, жаратылыстану факультетінің студенттері пікір білдірсе, экономика және заң мамандықтарының студенттерінің сенімі төмен, олар көбінесе ғаламторға мән береді екен. Филология факультеті студенттерінің діни кітаптарды басқалардан көбірек оқитыны белгілі болды. Болашақ әдебиет мұғалімдері болған соң, бұл да заңдылық болар.
Мешітке, шіркеуге және ғибадат үйлеріне барасыз ба?
Дінтану ілімі мешітке, шіркеуге және ғибадат үйлеріне баруды діни ұстанымның басты критерийі деп қарастырады. Студенттердің 11 пайызы (қазақтар және басқа ұлттар) үнемі мешітке, шіркеуге барса, 67 пайызы тек жағдайға байланысты оқта-текте баратындығын айтады. Қосымша: «Егер мешіт, шіркеу, ғибадат үйлері Сіз тұратын мекенжайға жақын орналасса, барар ма едіңіз?» деген сұраққа, студенттердің 23 пайызы «иә» десе, қалғандары «жоқ» деп жауап берді. Жаратылыстану факультетінің әрбір бесінші студенті, инженерлік-техникалық факультетінің әрбір жетінші студенті үнемі мешіт не шіркеуге барып тұрады. Мұндай орындарға барлығынан ең сирек баратын — кәсіби-шығармашылық факультеті студенттері.
Сауалнамада студенттер өз әсерлерімен бөліскен: «мешітке тұрақты барып тұрамын», «мешітке барғым келеді», «мешітке ата-анаммен жылына бір рет мұсылман мейрамдары кезінде барамын», «мешітке марқұм болған ата-анама аят оқыту үшін барамын», «мешітке сирек, ата-анаммен және әжеммен барамын», «мешітке қиын жағдайларға тап болғанда барамын», «жылына бір рет пітір садақа беруге барамын», «жұма күндері баруға тырысамын», «мешітке барғым келеді, бірақ түрлі ағымдар болғандықтан қорқамын», «сенемін, бірақ мешіт айналасында көптеген секта өкілдері жүреді». Студенттердің көбі діни мейрамдарды атап өтуге ерекше мән береді, оларды қазақтың және басқа ұлттардың дәстүрімен, тарихымен байланысты санайды.
Діни дәстүрді жиі сақтайсыз ба?
Студенттердің бірқатары дін, мешіт, шіркеу, ғибадат үйлері туралы біліп қана қоймай, саналы түрде діни дәстүрлерді (намаз, ораза, т.б.) орындайды. Студенттердің 15 пайызы діни рәсімдерді үнемі, 37 пайызы жағдайға байланысты орындайды: намаз оқиды, ораза ұстайды немесе жұма намазына барып, пітір садақа береді. Респонденттер сауалнамада мынадай қызықты пікірлер білдірген: «мен діни әдеттерден алыспын», «намаз оқимын, бірақ ораза ұстамаймын», «ораза ұстаймын, бірақ намаз оқымаймын», «ораза ұстағым келген, бірақ ата-анам рұқсат етпейді», «үнемі жұма намазына барамын», «ораза ұстауға тырысамын», «оның еш мағынасы жоқ», «ешқашан діни дәстүрлерді орындамаймын», «Құдайға сенем, бірақ бірде-бір дінді мойындамаймын», «мен үшін оның мәні жоқ, өз философиям бар», «Рамазан айында тарауих намазын оқимын», «діни наным қазақтың қанына сіңген», «әрине, орындаймын», «психологиялық тұрғыдан дайын емеспін».
Сіздің отбасыңыздың дінге көзқарасы қандай?
Жастардың өміріне ата-аналары мен жақын туыстары ерекше ықпал етеді. Сол себепті оларға осындай сұрақ қойылған болатын.
Ал жауап берген студенттердің 16 пайызы өз отбасы мүшелерін шынайы діндар адамдар ретінде өмір сүреді десе, 40 пайызы отбасыларының дінге бейтарап көзқараста екенін айтқан; 27 пайызының ата-аналары діни жораларды орындауға қарсы, ал 14 пайызының ата-анасы балаларының діни дәстүрлерді орындауын қолдайды. Студенттердің 2 пайызы жауап беруге қиналады. Барлық студенттерді өз ата-анасының жағымды және жағымсыз пікірлеріне бірден қосылып кетеді деп айтуға болмайды. Біраз бөлігі ата-аналарының ұстанымдары жайлы өкініш білдірсе, кейбірі ата-ана тәрбиесі мен кеңестеріне келісетінін көрсетеді.
Белгілі болғандай, қазақ отбасыларының көп бөлігі балаларының діни рәсімдерді орындауына қарсы. Ал орыс, армян, әзірбайжан және басқа да этникалық топтар, керісінше, дінді қолдайды, оған этникалық құндылықтарды сақтап қалатын рухани тірек ретінде қарайтын ата-аналар ықпалы көп.
Қандай мемлекетте өмір сүргіңіз келеді: зайырлы әлде діни?
Мұндай сұрақ студенттерге неге қойылды? Қазіргі посткеңестік кеңістікте (Кавказ, Орталық Азия елдері, соның ішінде — Қазақстан) жастар арасында дін мәселесіндегі ұстанымы бойынша екі топты атап көрсетуге болады. Біріншісі —ұлттық және діни дәстүрлерді тығыз байланысты санайтындар, олар дінге ұлттық құндылықтарды сақтайтын негізгі фактор ретінде қарайды. Ал екіншісі — тек діни бағытты ұстанғандар, олар үшін ислам, ең алдымен, белгілі бір ұлттық дәстүрлермен байланыссыз, әлемдік дін. Екінші топтың пайда болуын XX ғасырдың 90-жылдарында исламның қайта жаңғыруымен байланысты қарастыру керек. Кеңестік ассимиляцияның әсерінен өзіндік діни дәстүрлеріміздің әлсіреуін шетелдік миссионерлер өз мақсаттарына пайдаланды. «Исламдық жаһандану» ағымы ата-бабалар дәстүрін қайта қарау ұстанымын қолдайды.
Сауалға орай студенттердің кейбірі этникалық айырмашылықтарға мән берудің қажеті жоқ, ислам барлық халықтар үшін бірдей болуы қажет деген мағынада жауап қайтарған. Басқалары, (басым көпшілігі өздерін мұсылман санайтын студенттер), ұлттық дәстүрлердің мәнін қолдап, оны есте сақтап, үнемі орындап жүреді. Көптеген адамдар үшін діни және ұлттық құндылықтардың бірлігі қажет, олар үшін бұл құндылықтар бір-бірін толықтырады және рухани дамудың негізгі тірегі болып табылады. Ұлттық мәдениет пен дәстүр діни сананың қалыптасуына жағдай жасайды.
Ислам әлеміндегі ағымдардың ықпалы біздің студент жастарымызды ойландыратынын көріп отырмыз. Студенттердің 58 пайызы — тек қана зайырлы мемлекетте, 18 пайызы — зайырлы мемлекетте , тек 6 пайызы діни мемлекетте өмір сүргенді қалайды, 18 пайызы «жауап беруге қиналамын» деген. Университет студенттерінің әр 17-і немесе тағы да экстраполяция әдісімен шамаласақ, 500-ге жуығы ислам мемлекетінде тұрғысы келетіні туралы пікір білдіреді десек те болады. Бұдан «ел көшті, жау шапты» деп қорытынды жасауға негіз жоқ. Студент жастардың санасында ислам, православ, басқа да дәстүрлі діндер ұлттың тарихи өмір салтымен, мәдени ортасымен байланыста ұялаған, олар шын жүректен Жаратушыға сенеді, діннің қоғамдағы қызметіне қызығушылық танытады. Тағы да бір жағдай назар аудартады: тарихи діндерін құрметтей тұра, жастар басқа дәстүрлі діндерді де сыйлайды. Жастардың діни санасының деңгейі, мазмұны қоғамдағы дінге көзқарастың айнасы деуге болады.
Еркін ақпарат алмасу жағдайында рухани салада қазақстандық қоғамда дүниетанымдық бағыт-бағдар өзгерді. Сонымен бірге, жастардың көңіл күйлері тұрақты болмайтынын ескеру жөн. Жастардың романтикаға, қиялға берілгіш психологиясы кейде идеялық астары мен мақсаттарына қарамастан, әртүрлі ағымдарға бейімді және бұл жағдаймен санасу керек. Экстремистік қозғалысты ұйымдастырушы идеологтар оны жақсы «пайдаланып», «идея» үшін бірбеткей, қамсыз, қылмысқа, лаңкестікке ойланбай баратын жандарды тәрбиелейді.
Оқу орындарының ұстаздары, мамандығына қарамастан, дін мәселесін айналып өте алмайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының тәрбиелік әлеуеті мол. Бұл тұрғыда тек «Дінтану» пәнін енгізумен шектелуге болмайды. Тарих, әдебиет, музыка, педагогика, психология, әлеуметтік пәндердің рухани-адамгершілік, ағартушылық мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды. Сондай-ақ, жаратылыстану пәндерінің (физика, математика, биология, техникалық пәндер) де жастардың ақыл-ойын жетілдіретін тұстары жеткілікті. Барлығы ұстаздарға байланысты.
Жастарға еліміздегі экономикалық, әлеуметтік, психологиялық жағдайлар да әсер етеді. Елді ойландыратын жемқорлық, нашақорлық, әлеуметтік әділетсіздік, жұмыссыздық сияқты мәселелердің шешуін тәжірибесіз, аңғырт жастар діни мемлекетпен байланыстырады. Сонымен бірге, шетелде білім алған жастар, шетел миссионерлері Құранды, мешіт қызметкерлері секілді ескірген догматикалық тәсілмен емес, жеңіл тілде тәпсірлеп түсіндіреді. Ең бастысы — имандылық, отансүйгіш, ұлттық құндылықтар негізінде елдің басын қосу маңызды.
Сонымен бірге, терең тәрбиелік жұмысты тестілеумен алмастырып, оқушымен, студентпен пікір алмасудан айырылып барамыз. Бұл, әрине, бөтен әңгіменің арқауы.
Бүгін ғылым мен діннің арақатынасы үлкен мәселе болып отыр. «Наука без религии хрома, религия без науки слепа» деген Альберт Эйнштейн. Бүгін бір кездегі дін мен ғылым арасындағы қарама-қарсылық олардың өзара түсіністігіне ауысып барады. Жақында Мәскеудегі Ұлттық ядролық зерттеу университетінде теология кафедрасы ашылып, оған меңгеруші болып митрополит тағайындалды. Бұл Ресейде үлкен пікір таластар туғызуда.
Дін мәселесінде тізгін имандылыққа жат, дінді ақылға, әділдікке қарсы қоятын адамдардың қолына тисе, елдегі рухани ахуал күрделене түседі. Зайырлы мемлекет — адамның, азаматтың өмірін, денсаулығын, хұқын сыйлайтын, дәстүрлі діндерді қастерлеп-құрметтейтін мемлекет.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button