ӘУЛИЕ БҰЛАҚ

Көп қабатты үйдің жоғары жағында тұратын Нұржігіт аулада кездесіп қалғанда жылы шыраймен амандасып жүретін. Сәл уақыты бола қалса, қасыма келіп, өзінің мендей анасы барын, ол кісі кіші баласының қолында тұратынын айтып отыратын. Бірде құлағының тосаң еститінін айтты. Құлағыңа салқын тиген шығар дедім. Сонда оның айтқаны: «Құлағым сәби кезімде ауырған. Содан бір құлағыма ота жасаған. Содан кейін екінші құлағым ауырыпты, оған да ота жасатпақшы болыпты. Сонда ауылдағы бір үлкен әже, ол кісіні бүкіл ауыл адамдары тыңдайтын, сол әже әке-шешеме келіп «тілімді алсаңдар ота жасатпай-ақ, анау Әулие бұлақтың суын тамызыңдар» депті. Содан мені сонда апарып, бұлақтың суын тамызғаннан кейін бір құлағым аман қалыпты». Менің Әулие бұлаққа қызығушылығым артып, ол ауылдың қайда екенін, сол бұлақтың бар ма екенін тағатсыздана сұрай түстім.
«Ауылым Мағаджан ғой, қазіргі аты — Табантал. Әулие бұлақ орталықтан 18 шақырым, бұрынғы екінші ферманың қасында. Ауылым болған соң жылына бір-екі рет барып тұрам, кейде соғып, бұлақтың суынан ішіп, рақметімді айтып, жүрем», — деді. Менің қызыға сұрағаныма іші жылыды ма, әңгімесін жалғап: «Халық ол жерді киелі жер дейді, бұлақтың басында Қаракесек руының батыры ма, әлде әулие кісі ме, жерленген дейді. Таспен қоршалған бейіт бар. Одан басқа тарихын мен білмеймін. Ол жердің тарихын білетін ауылда Өмірзақ, Ысқақ ағайлар бар».
Ақтөбе қаласынан бас-аяғы 50-60 шақырым жерде тұрған ауылдағы Әулие бұлақты енді ғана естіп отырғаныма ойланып қалдым. «Ақтөбе» энциклопедиясын қарадым. Табанталды жазып келіп, онда Әулие бұлақ орны бар делінген. Орны ғана емес, бұлақтың өзі бар болғаны ғой. Біздің өлкемізде табиғат жаратылысының ішінде әулие атауымен аталатын «Әулие ағаш», «Әулие өзен», «Әулие мола» барын білетін едім, енді «Әулие бұлақ» қосылды. Олардың бірін білсек, бірін білмейміз.
Кемеңгер жазушы М.Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын, әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады». — деп тап басып айтқандай, мына Әулие бұлақтың да құпиялы сырын аша алмасақ та, бұлақтың бар екенін көргенімізге де ризамыз.
Құлақ естігенімен, өз көзіңмен көргенге не жетсін! Барып көрмей көңіл көншімейді. Ақыры облыстық тарихи-өлкетану музейінің көлігімен директоры М.Дүйсенғали және бұрынғы «Атамұра» хабарының режиссері Б.Ешпаймен Табанталға жол тарттық.
Бұл лирик ақын Ізтай Мәмбетов туып-өскен, перзенттік тебіреніспен жырға қосқан Табантал болатын.
Ізтай ақын бір өлеңінде туған жерге деген махаббатын былай деп білдіріпті: «Жадымда тұрсың, Табантал,
Жасырын ағып жылысқан.
Жайқалып өскен жағаң тал,
Жанымнан алғаш жыр ұшқан…
Көркіңді көрдім, көп түйдім,
Өн бойың өмір, жағаң тал
Өлеңге сөнбес от құйдың,
Қыз толқын өзен,Табантал».
Еліміз егемендік алғаннан кейін бұл ауылға Табантал атауы қайтарылды. Ауылдың іргесі сөгілмеген, үй-жайларын жөндеп, қораларына тау-тау шөп жинап алған, қысқа дайын екені көрініп тұр. Оның үстіне ауылға газ құбыры тартылып, жігіттер осы шаруамен айналысып, сөйлесуге де мұршалары жоқ екенін байқадым. Халықтың игілігіне істеліп жатқан жаңалыққа біз де қуандық. Ашық тұрған дүкеннен бұлаққа баратын жолды анықтап алып, үлкен кісілердің үйлеріне барсақ, екеуі де сапарлап кетіпті. Тәуекел деп шағын ауылға тез-ақ жетіп келдік. Ауыл адамдары қысқа дайындықпен күзгі шаруасын жасап жатыр. Бізге кездесе кеткен Алдаберген деген азаматтан Әулие бұлаққа апаруын өтіндік. Ол тез жиналып, Әулие бұлақтың жолымызда қалғанын айтып, лезде бастап апарды. Жолшыбай белгіні көргенбіз, бірақ түсінбей өтіп кеткенбіз. Белгіде «Ақай ауылы» деп жазылған. Үлкендеу белгіде «Қаракесек Жақау Тілібек Малбағар ата рухына бас иеміз. Белгі қоюшылар — Ақай ауылы» деген жазу бар. Малбағар ата осы жерде жерленген-ау деп ойладық. Бұл белгі соңғы жылдары қойылғаны байқалады. Бұлақ маңы ескі бейіттер, жалпақ қайрақтастармен бір қатар етіп қоршалған. Қалың қараған арасында біраз бейіттердің түрі өте ерте заманға сілтейді. Белгінің қасында құран бағыштап, Әулиеден рұқсат сұрап, төмендегі бұлақтың суын іштік. Бұлақ төменнен мөлдіреп ағып жатыр, жағалай тал, қоға, қамыс биік болып өсіп, бұлақты қоршап тұр. Бейне қорған сияқты бұлақтан аққан су үлкен жыра-сайды толтырыпты, арнасынан асып жарқырап жатыр. Ауылдың қаз, үйректері емін-еркін жайлап алған. Бұрын білмеген адам бұл жерде бұлақ бар деп ойламайды, ешқандай белгі жоқ. Ауылдың маңында өрісте жылқы, сиыр, қой жайылып жатыр. Даланың сәні де, дәулеті де малы ғой. Түтіні түзу шығып тұрған берекелі ауыл екенін айтпай білесің. Бұлақты көріп, суын ішіп, көңіліміз бірленіп, қуанып қалдық. Алдаберген бізге: «Енді біздің үйден шай ішіндер» — деді. Мен үлкендігіме басып: «Рақмет, сен шақырып тұрсың, ал келін не дейді, өзің әйеліңе айттың ба?» — дедім. Ол үйіне барып әйелін ертіп шығып, екеуі үйіне шақырды. «Сіздер біз үшін қысылмаңыздар, біз жол жүріп үйренген адамдармыз, ас-суымызды ала жүреміз, тек жылы жерде отырып шай ішсек» — дедім. «Ол не дегеніңіз?! Қазақ емеспіз бе, қысылмай жайғаса беріңіздер» — деді Ақтоты жайдары жүзбен. Бұлақты көрген қуаныштан байқамаппыз, денеміз тоңазып қалыпты. Үй іші жып-жылы, мұнтаздай таза. Төргі бөлмеге шай жасалды. Бес жасар кішкентай қыз бала зыр жүгіріп, анасына көмектесіп жүр. Дастарқанға жаңа көмген ыссы нан, ақ ірімшік, қаймақ-май мен ыссы шай келді. Қонақ күтіп отырғандай жайлады. Қазақтың дастарқанының табыстырғыш құдіреті бар ғой. Қайран ауылдың ақжарқын адамдары-ай! Төріне шығарып, барын жайып салып, қонағының кім екенін сұрамай-ақ сыйлай беретін дархандық біздің ғана дәстүріміз ғой.
Алдабергеннің айтуынша, бұл жер ертеден бабаларының ата қонысы екен. Басқа тарихын білмейтінін айтты. «Әулие бұлақ баяғыдан бар деп естиміз. Бұлақтың суының емдік қасиетін көрген кісілер келіп, кейде түнейді, садақа жасайды. Үлкен кісілер бұл жер киелі жер, байқап жүріңдер деп үнемі ескертіп отыратын» — деді.
«Ақай» шаруашылық қожалығын 1992 жылы құрған Қойшыбаев Өмірзақ ағаның әңгімесі: «Біздің арғы тегіміз Малбағар баба. Сол бабаның ұрпағымыз. Ол кісі әрі батыр, әрі әруақты болған дейтін қариялар. Малбағар баба осы жерге жерленіпті, бейіттер көп, құлпытасы болмаған соң анықтау мүмкін болмады. Бұлақ та сол кісінің қасиетімен байланысты болуы мүмкін. Одан кейінгі белгідегі тақтада жазылған кісілер Малбағар бабадан тараған. Жақау, Тілібек те батыр болған. Жақаудан тараған Ақай атамыздың баласы Ақтан батыр (1770 – 1854). Ол Есет, Жанқожа батырлармен үзеңгілес, әрі досы, әрі қарулас сарбазы болған. Талай жорықтарда ерлік көрсеткен батыр. Жерленген жері Бершүгірде, басын қарайтып, ас берілді.
Мен қазір жетпіс тоғыздамын. Бұлақты 90-ға келіп қайтыс болған әкемнен естіп, көріп жүрдік. Ауыл адамдары ретсіз бара бермейді, әулиелі жер деп үлкендер малды жайғызбайтын.
«Сулы жер — нулы жер» деген халқымыз. Табанталдың ірілі-уақты сағалары бұрын суы мол, сарқылмайтын. Ащысай, Жайлаусай, Сүгірсай әрі кең, әрі терең өзенге бергісіз, суға толы, жағалары көк құрақ пен талға толып тұратын. Біздің жерге қоныстанған өзге ұлт өкілдері 1905-1912 жылдары келе бастапты. Бірінші қоныстанған Аққұм жүз үйге жетіпті. Жердің атауы да солардың атына көшіпті. Олар тегін жер, мол суды пайдаланып, бау-бақша салып, жеміс ағаштарын егіп, жердің игілігін көрген ғой. Өкініштісі, бүгінде бағы мол су жоқ, сайлар түгілі ауылдың ортасынан өтіп жатқан Табанталдың өзінің түбі көрініп жатады».
Өмірзақ аға сегіз бала өсірген үлкен әулеттің отағасы. 80-ге таяған жасында қунақ, әңгімесі түзу, шаруа қожалығына басшылық етеді. Төрт баласы ауылда шаруасын дөңгелентіп отыр.
«Осы бабалардың аты сақталсын, өсіп келе жатқан жас ұрпақ біле жүрсін, әлі талай зерттеушілер де шығар деп үміттенемін. Бабалардың рухы риза болсын деген ниетпен ауылдың атынан белгіні қоюға басшылық еттім», — деді Өмірзақ аға. Жол бойы біз көрген мал осы қожалықтың иелігінде екен.
Дана халқымыз «Бұлақ — судың анасы» деп бекер айтпаған. Ірілі-ұсақты өзендер бастауын бұлақтан алады, теңізге, көлге құяды. Қысы-жазы тынымсыз ағады, жеті қабат жер астынан қайнап шығып, тіршілік атаулыға нәр береді. Ауа мен су табиғаттың адамзатқа, жан-жануарға, бүкіл тіршілікке тартқан сыйы боп саналады. Жалпы бұлақ атаулыға халқымыз құрметпен қарайды. «Бұлақ көрсең, — көзін аш» дейді. Ал сол бұлаққа Әулие аты берілсе, бұл тектен-тек емес. Не сыр барын жан-жақты зерттеуді керек етеді.
Рысжан ІЛИЯСОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
өлкетанушы.



