Жұмыспен қамту және жастар саясаты

Сенбі күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәжіліс өткізіп, екі мәселені — тұрғындарды жұмыспен қамту және жастар саясатының орындалу барысын қарады. Жиынға облыстық және қалалық әкімдіктердің, облыстық атқарушы органдарының, сондай-ақ, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиев 2014 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді. Өткен жылы облыс бойынша 15725 жаңа жұмыс орны ашылған және 1096 адам әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылған. Басқарма тарапынан 10506 азаматтың еңбекке орналасуына ықпал етіліп, 4506 жұмыссыз уақытша қоғамдық жұмысқа тартылды, 615 адам Жастар тәжірибесіне жіберілді.
Басқарма басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жоспарлы және мақсатты жұмыстар жүргізілгенін айтып өтті. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында жұмыссыз, аз қамтылған 7052 азаматтың еңбекке орналасуына көмек көрсетілді. Бұл бағдарлама бойынша бөлінген 4687,7 миллион теңге толығымен игерілді.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 82 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға дәрігерлік амбулаториялар құрылысын жүргізуге және күрделі жөндеуден өткізуге 3267,1 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар толық аяқталып, жұмыссыздар, өзін-өзі қамтамасыз етіп жүргендер және аз қамтылғандар қатарынан 1157 адамға жұмыс орны ашылды.
Екінші бағыт — кәсіпкерлікті дамыту, несие беру бойынша 686,3 миллион теңге бөлінген. 173 бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылды. 382 қатысушыға 654,2 миллион теңге шағын несие берілді. Нәтижесінде 602 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталықтары бойынша 336 адам жұмысқа орналасты.
Үшінші бағыт бойынша бөлінген 734,3 миллион теңге толығымен игерілді. Еңбек рыногына қажетті мамандықтар бойынша кәсіптік оқулар ұйымдастырылды. Кәсіптік оқулардан өткен 889 адамның 818-і жұмыспен қамтылды.
Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жалақының белгілі бір бөлігін субсидиялау арқылы 1417 бағдарламаға қатысушының әлеуметтік еңбекке орналасуына ықпал етілді. Әлеуметтік жұмыс орындарында мерзімі аяқталған 1700 қатысушының 1345-і тұрақты жұмысқа алынды.
Оқу орындарын бітіргеннен кейін жұмыссыз жүрген 1165 жас Жастар тәжірибесіне жіберіліп, жоспар 119,5 пайызға орындалды. Жастар тәжірибесінен өткен 1359 жастың 1003-і тұрақты жұмысқа орналастырылды.
«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 1008 мүгедекті жұмыспен қамту жоспарланған, ал іс жүзінде 1045 адам жұмыс орнын тапты.
Еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамту бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеді. 2015 жылдың 1 қаңтарына 881 адам жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде тіркелген. Экономикалық белсенді тұрғындар бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайыз, ал республикалық орташа көрсеткіш 0,6 пайызға жуық.
Алтынбек Әмірғалиев өткен жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне 322 адамнан тұратын 77 аз қамтылған отбасы көмек сұрағанын, оларға 8178,2 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек берілгенін атап өтті.
Негізгі азық-түлік тағамдары бағасының және коммуналдық қызмет тарифінің өсуіне байланысты аз қамтылғандардың тұрмысын көтеру және азаматтардың әлсіз санаттарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен жеңілдіктер, өтемақылар және қосымша әлеуметтік көмек түрлері қарастырылған. Өткен жылы 94621 азаматқа 2045,5 миллион теңге көлемінде қосымша төлемдер мен жеңілдіктер берілді.
Архимед Мұхамбетов басқарма басшысына жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, және еңбек рыногындағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Ақтөбе қаласы және аудандардың әкімдеріне, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жақын уақытта 2015 жылға арналған тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал ету жөніндегі шаралар жоспарын жасауды тапсырды. Бұл мәселелер бойынша әкімдер мен кәсіпорындар басшылары арасында өзара байланыс жөнінде меморандумдарға қол қою және басқа шаралар алу туралы тапсырмалар берілді.
Кеңесте жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Дариға Исмағамбетованың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашы жастардың азаматтық белсенділігі туралы айта келіп, облыста 39 жастар ұйымы, оның 22-сі Ақтөбе қаласында жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның ішінде «Атамекен», «Жас қыран», «Ақтөбе-Даму», «Кеңес» секілді жастар ұйымдары белсенділігімен ерекше көрініп отыр. Жоғары оқу орындарында, техникалық кәсіби білім беру ұйымдарында және облыстың ірі кәсіпорындарында 44 жастар істері жөніндегі комитет жұмыс істейді.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 197,3 миллион теңге бөлінді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жастар саясатын қолдаудың маңызды механизміне айналды. Осы мақсатта өткен жылы 26,8 миллион теңге бөлінді. Облыстағы жоғары оқу орындарында 6580 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда.
Дариға Исмағамбетова сондай-ақ жоғары оқу орындары мен кәсіби-техникалық оқу орындарын бітірген жастардың жұмысқа орналасу жағдайына да тоқталып өтті. Өткен жылы оқу орындарын бітіргендердің 78,6 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш — 65 пайыз.
Баяндамада «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен — ауылға!» атты жастарға арналған жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқаны да айтылды. «Дипломмен — ауылға!» жобасы бойынша өткен жылы 319 жас маман еңбекке орналастырылған.
Облыс әкімі сапалы кәсіби білім беруге баса назар аударды. Жастар саясаты жөніндегі кеңестердің жұмысының тиімділігін арттыру және патриоттық тәрбие беру жөнінде тапсырмалар берді.
Бердібай КЕМАЛ.



