Спорт

МЕРЕКЕ ЖӘНЕ МАРАПАТ

Спорт күні мерекесінде орталық мәдениет және демалыс саябағында бір топ спортшы марапатталды. Сонымен қатар жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің басшылары мен журналистер де сыйлықтан құр қалған жоқ.

Спортшыларды төл мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова құттықтап,  оларға жеңіс тұғырына көтеріле берулеріне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар Сара Қайыржанқызы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың атынан белсенді  спортшыларға Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті. Олардың арасында әлемдік деңгейде күш сынасып жүрген палуан Райса Байлиева мен қазақша күрестен әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов та бар. Облыс әкімінің Алғыс хаты облыстық спорт, дене тәрбиесі және туризм басқармасы мен оның аудандардағы бөлімдерінің өкілдеріне де берілді.

Сара Нұрқатовадан кейін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Абай Байжомартов құттықтау сөз алды. Ол өз сөзінде қалалық әкімдік спорттың дамуына барлық жағдайды жасайтындығын айтты. А. Байжомартов қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан 20 адамға Алғыс хат пен ақшалай сыйлық тарту етті. Олардың арасында ауыл шаруашылық колледжінің директоры Владимир Друзьяк, Азия чемпионатында грек-рим күресінен күміс медаль иегері Әсет Әділов және Қазақстан бойынша кикбоксинг жүлдегері Айнұр Әлібековалар бар. Айта кету керек, Архимед Бегежанұлының еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Қала әкімі Спорт және туризм министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар министрліктің атынан бірнеше ақтөбеліктерге Алғыс хат тапсырылды. Олардың қатарында күні кеше ғана 60 жасқа толған мерейтойын тойлаған үстел теннисінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуаныш Жөнелбаев та бар.

Облыстық спорт, дене тәрбиесі және туризм басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов те бірқатар спортшыларға сыйлық табыс етті. Басқарма бастығы өз сөзінде облысымыздың спорт саласы биыл да жоғары деңгейге көтерілгендігін және салынып жатқан спорт нысандары туралы айтты.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұл мерекеде спорт журналистері де елеусіз қалған жоқ. Журналистер Серік Әбдібек, Асхат Қалжанов («Актюбинский вестник»), Дмитрий Шинкаренко («Эврика»), Марат Жұмабаевтар («Ақтөбе» ФК баспасөз өкілі) Алғыс хаттармен марапатталды.

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button