Басты жаңалықтар

БҮГІН «БҮРКІТТІҢ» НҰСҚАУШЫЛАРЫН ТІЗЕРЛЕТТІК. ЕРТЕҢ?..

Осыдан біршама бұрын Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-гимназиясында болған жайттан күллі республика жұртшылығы хабардар. Ата-аналар бастап, БАҚ қостаған оқиға «Бүркіт» қоғамдық бірлестігінің екі нұсқаушысының тізерлеп, кешірім сұрауымен аяқталған болатын. Бірақ жұртшылық арасындағы әңгіме басылар емес. Жақында редакциямызға Мұхтар Арын атындағы  Қарғалы қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушыларынан хат келіп түсті. Хат аталған мектептің ата-аналарына арналыпты. Мархабат!

 «… Қымбатты, ата-аналар!

Біздің осы хатты жазуымызға себеп болып отырған жайт — осыдан бір айдай уақыт бұрын №23 мектеп-гимназиясында болған оқиға. Болған істің ақ-қарасын ашып алмай, барлығыңыз екі жігіттің тізелерін бүктіріп, бүкіл халықтың алдында кешірім сұратқандарыңыз өте әбестік болды.

Мектепте ішкі тәртіпті тек мұғалімдер ғана емес, жоғары сынып оқушылары да қадағалап, ұстаздарға көмектесуі қажет. Әрине, тәртіпке шақырған «Бүркіт» қоғамдық бірлестігінің нұсқаушыларынан да қате кеткен шығар. Олар мүмкін, бұзық, тентек балаларды тәртіпке шақырып, мектеп ережелерін бұзбауларын талап еткен болар. Дегенмен сіздердің жасаған әрекеттеріңіз өте қатігездік болды. Бүкіл елдің алдында тізерлетіп отырып, болмаған іске кешірім сұраған біздің құрдастарымыз енді жұрт бетіне қалай қарайды? Осы туралы ойланып көрдіңіздер ме? Олар да болашақ ел қорғайтын Қазақстанның азаматтары емес пе?!

Шынын айтқанда, біздің үйдегі де, түздегі де, мектептегі де тәртіп бұзуымызға тек мұғалімдер кінәлі деген теріс пікір қалыптасқан. Сонда біздің ата-аналарымыз қайда? Олар неге біздің теріс қылықтарымызға жауап бермейді? Осы уақытқа дейін бізге ешқандай мұғалім «Тәртіп бұзыңдар», «Кекшіл болыңдар»  деп үйреткен емес. Біздің осы күнге жетіп, білім алып, өмірден өз орнымызды табуымызға күш салып, тәрбиелеген ұстаздар… Бәрі осы абзал жандардың арқасы…».

Хаттың негізгі мазмұны осындай. Оқушылардың хатынан кейін біз осы мәселеге байланысты бірқатар оқушылар мен мұғалімдердің, «Бүркіт» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің пікірін білген едік.

Айсұлу САПАРОВА, М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің «Жас Ұлан» оқушылар ұйымының мүшесі, 10-сынып оқушысы:

— Біздің бұл хатты жазғандағы басты мақсатымыз — өзіміз қатарлы бозбалалардың намысын қорғау. Елі үшін, еліміздің болашағы — балалар мен олардың қауіпсіздігі үшін қызмет жасап жүрген жігіттердің көпшілік алдына шығып, төменгі сынып оқушылары мен олардың ата-аналарынан жасамаған әрекеттері үшін тізерлеп отырып кешірім сұрауы артық болды.

Ал ата-аналар болған істің байыбына бармай, нұсқаушыларды кінәлап, оларға жала жабардан бұрын балаларымен ашық сөйлесіп, бұл мәселені өз арасында шешулері  қажет еді. Телеарна тілшілерін шақырып, елді дүрліктірудің керегі жоқ болатын. Мұндай жағдайды көріп-білген өзге балалардың осындай әрекетті қайталамауына кім кепілдік береді?

 

Айбол ҚАЙЫРҒАЛИ, М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің «Жас Ұлан» оқушылар ұйымының мүшесі, 10-сынып оқушысы:

—  Ер жігіт қашанда намысшыл келеді. Біз де қатарластарымыздың болмаған іске жауап беріп, елге түрпі болғанына қатты намыстандық. Сол үшін редакцияға хат жолдаған едік. Кез келген оқушы қателікке бой алдырады. Оқушы тәртіп бұзған жағдайда мұғалім не тәртіпке шақырған мектеп қызметкері тарапынан айтылған сынға оң көзқараспен қарап, өз қателігін мойындауы керек.

Тағы бір айтарым, қазір ата-аналардың бәрі дерлік  жұмысбасты. Өз балаларының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таппайды. Ал балаларының бойынан қателік көрсе, тәртіпсіздік жасаса, бәрін мұғалімге артып, жауапкершіліктен қашады. Бұл — дұрыс емес…

 

Нұрлан БАЙМУРЗИН, М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

—   Осы оқиға телеарналарға шыққаннан кейін, оқушылар келіп маған өз пікірлерін білдірген болатын. Мен де мұндай оқиғаның біздің қаламызда орын алғанына іштей қынжылдым. Қалай болған күнде де бұл жақсы нәрсе емес.

Қандай қателік кетсе де, әрине, мұндай мәселені мектеп ұжымы өз арасында шешуі керек еді. Ата-аналар да қызбалыққа салынып, асыра сілтеп жібергенге ұқсайды.

Менің ойымша, мектепте орын алған тәртіпсіздікке бала да, ата-ана да, мұғалім де жауапты. Қазіргі таңда оқушының оқу процесі кезіндегі, сабақтан тыс уақыттағы жіберген қателігіне, жағымсыз іс-әрекетіне тек мектеп ұжымы мен мектеп басшысы кінәлі деген көзқарас қалыптасқан. Егер оқушы сабақ уақытында тәртіпсіздік жасаса, оған мұғалім жауап береді. Ал мектептен тыс уақытта бұзақылыққа барса, ата-анасы жауап беруге тиісті.

Қазіргі ата-аналардың көпшілігі, әсіресе, жас ата-аналар жауапкершіліктен қашады. Баласы оқудан қалса не сабақ оқымаса, сылтау айтып баласын қорғап шыға келеді. Ал мұғалімдер тарапынан арыз, шағым не ескерту алған жағдайда, баласына білім беріп отырған ұстаздарға сенімсіздікпен қарайды. Сол үшін менің мұғалім ретінде айтарым, құрметті ата-аналар,  балаларыңыздың қателігін, қабілет деңгейін көріп, бақылап, өздеріңіз шынайы бағасын беріңіздер.

Әділжан ДӘУЛЕТОВ, «Бүркіт» қоғамдық бірлестігінің аға нұсқаушысы:

—  Бүгінгі күні «Бүркіт» қоғамдық бірлестігінің құрамында 10 нұсқаушы жұмыс жасайды. Барлығы — кәмелеттік  жасқа толған азаматтар. Біздің мақсатымыз — келісімшарт арқылы қызметке қабылданған білім беру мекемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылардың бұзақылық істерге бармауын, жаман әдеттерден аулақ болуын қадағалау, тәртіпке шақыру, сондай-ақ, олардың тәртіпсіздіктері жайлы мектеп басшысына, тәрбие ісі жөніндегі жауапты қызметкерге ескерту.

Ал №23 мектеп-гимназиядағы оқиғаға байланысты айтар болсам, сол білім беру мекемесінде қызметте тұрған аға нұсқаушы мен оның көмекшісі өз істеріне жауап беретін, жұмыс қағидаларын сақтай білетін азаматтар. Сондықтан олардың төменгі сынып оқушыларын ұрып-соқты дегеніне мен сенбеймін. Ал олардың ата-аналар алдында кешірім сұрауының бір ғана себебі мектеп абыройын сақтау болды. Кейін анықталғандай, балалар ешқандай соққыға жығылмаған, біздің нұсқаушылар оқушыларды тәртіпке шақырып, ескерту жасаған.

Қазіргі кезде аталған екі нұсқаушы қызметтерінен өз еріктерімен босатылды. Олардың еш кінәсі жоқ. Сондай-ақ, мектеп-гимназия және бірлестік арасындағы келісімшарт өз күшін жойды.

Қорлан ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА, зейнеткер ұстаз:

—  Мен 35 жылдан астам уақыт ұстаз болдым. Талай шәкірт тәрбиелеп, өсірдім. Өзімнің де балаларым бар. Әрі ана, әрі ұстазбын.

Бүгінгі күні заман өзгерді ме, адам да өзгерді ме, біздің санамыз төмендеп бара жатқан тәрізді. Адамгершілік, сыйластық, әділдік деген қасиеттерден айырылып бара жатырмыз. Мұғалімді құрметтеу, сыйлауды да ұмытып барамыз. Ата-аналар бүгінгі күні балаларының қателігін өздерінен емес, мектептен, ұстаздардан көретін болды. Бұл —  дұрыс емес. Себебі баланың тағдырына, оның өмірден өз орнын тауып, азамат болуына, ең әуелі, ата-анасы жауап береді. Тәрбие мәселесі жағына келгенде мұғалімнен гөрі ата-ана балаға өте жақын әрі тәлім-тәрбие беруде рөлі зор. Өйткені отбасындағы тәрбие балаға үлкен әсер етеді. Бала көзімен көргенге, жүрекпен сезінгенге сенеді, қателік жасаса, оны сол мезетте мойындауға батылы бармайды.  Жас ата-аналар балаларының кемшілігін мойындамайды, не болса да баласын жақтап шығады. Ал бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Ата-анасының жақтасып, сөзін сөйлейтінін білген соң, кез келген оқушы мұғалім тәртіпке шақырғанда немесе ескерту жасағанда тыңдамайтын болады. Тәрбие екі жақты болмау керек, ол үшін мұғалім мен ата-ананың сөзі де, тәрбиесі де бір бағытта болуы шарт. Сонда қанша сотқар бала болса да, олардан асып кете алмайды, тәртіпке бағынады.

Редакциядан:

Ертеректе баласын сауат ашу үшін молдаға бергендер: «Еті — сенікі, сүйегі менікі» дейді екен. Бұл — баланы ұрып-соға бер деген сөз емес-тін. Астарында молдаға үлкен жауапкершілік жүктейтін сенім бар еді. Кешегі кеңес заманында мұғалімге деген  құрмет бөлек еді. Даулы мәселеде ата-ана баласының емес, мұғалімнің сөзін сөйлейтін. Бұл — тәрбие еді! Одан бала жаман болмайтын. Бүгінде ұлттың ұстынына айналған талай азаматтың қазір ұстазынан шапалақ жеген  сәттерін  сүйсіне еске алатынын көріп жүрміз.

Қазір біз бала тәрбиесінің тізгінін босатып алдық. Жауапкершіліктің бәрін мұғалімге артып қойып, өзіміз басымызды «арашалап» алдық. Баламыз сабақ оқымаса, бұзық болса, ұстазынан көретін болдық.  Тіпті «Менің балам жақсы оқиды, тек мұғалімі дұрыс бағаламай жүр…» деп тепсінетін ата-аналар да бар. «Тізеге салып» бағасын дұрыстататындарды да көріп жүрміз. Қит етсе, «БАҚ өкілдерін шақырамыз…»  деп қорқытатын болдық. Шақырып та жүрміз…

Бүгін осылайша ұстазын «жеңген» бала ертең қайтпек? Әрине, «ілгеріге» ұмтылады, жаңа «жеңістерге» талпынады. «Нәтижесі» сол — әкеге қарсы сөйлейтін ұл, шешесінің сөзін тыңдамайтын қыз пайда болды. Әрірек барсақ, бір ауыз сөзге шыдамай асылып қалатын, шыбық тимей шыңқ етер,  босбелбеу ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз.

Әрине, балаларды ұрып-соғуға жол бермеу керек! Бірақ әуелі болған оқиғаның байыбына барып алу қажет еді…

Бүгін «Бүркіттің» нұсқаушыларын тізерлеттік, ертең…

…Еуропаның кей мемлекеттерінде бала құқығын қорғау туралы заңның «жетілгендігі» соншалық, ата-анасы баласына жекігені үшін жауапкершілікке тартылатын көрінеді. Біз де соның кебін киіп жүрмейік. Атамыз қазақ: «Баланы — жастан…» дегенде қауіп еткеннен айтатын.

Ойланайық!

А.АЙДАРОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button