«ДИНАР-ЭЛЕКТРОМАШ»: КЕЛЕШЕККЕ СЕНІМДІ ҚАДАМДАР

Сөз басы
Бір кездері «Энергия» деп аталатын шағын дүкеннен бастау алған қадам бүгінде үлкен компания дәрежесіне шығарды. Компанияның бастауында тұрған Василий Хмыров пен Сергей Вишнякті ақтөбеліктер бизнестің білікті бастаушылары ғана емес, сонымен бірге адамгершілігі мол, азаматтығы басым, қоғам тіршілігінен өздерін қағыс қалдырмайтын танымал тұлғалар деп те біледі.
«Динар-Электромаш» қызметін тұтынбайтындар бүгінде кемде-кем. Өйткені, қандай шаруа болса да, электрге қатыссыз өрістей алмайды. Электр бұйымдары дейсіз бе, неше түрлі қондырғылар керек пе, осында келесіз. Ең бастысы, алдыңыздан сапалы өнім, қапысыз қызмет шығады.
Біз «Динар-Электромаш» фирмасында болғанымызда атағы алысқа кеткен ұжымның ішкі ахуалын сезінгіміз келген. Сонымен…
Үлкен істің бастауы
«Динар-Торгмаш» бірлестігінің «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде нарық айдынына еркін шығып, өзінің мүмкіндіктерін танытқан, уақыт талабына сай қызмет ете алатындығын дәлелдеген ұжым. Бұл серіктестіктің аумағына енгеннен-ақ өзгеше ахуалды сезінесіз. Алдыңыздан кездескен қызметкерлер ерекше ілтипат танытып, сізге қызмет көрсетуге деген ықыласын білдіреді.
Серіктестіктің бас директоры Василий Анатольевич Хмыров пен іс басқарушысы Сергей Викторович Вишняк нарық талабынан шығу үшін әуелгіде аздан бастағанын айтады. Олардың тынымсыз еңбектері, экономика заңдарын меңгеруге ұдайы талпыныстары, сұраныс пен ұсынысты тереңдетіп зерттеп, нақты іс-қимыл жасауға бейімделуі бүгінде өздері жетекшілік ететін мекемені алдыңғы қатарға шығарды.
1993 жылдан аймақтық нарықта табысты еңбек етіп келе жатқан «Динар-Электромаштың» әуелгіде «Метран» деп аталатын кәсіпорынның ресми өкілі болудан басталған қадамы бірте-бірте ұлғайып, Ставропольдағы «Концерн Энергомера» АҚ дилері, Мәскеудегі «ИЕК», «ЭКФ» секілді алпауыт өнім шығарушылардың ресми өкіліне дейін көтерілуі олардың тыңғылықты өсу қадамдарын көрсеткендей. Беріректегі тұста PHILIPS ресми дистрибьюторы болуы бұлардың тұтынушылары тарапынан сенімділікті нығайта түсті.
Мұның үстіне көп уақыттан бері Павлодардағы «Қазэнергокабель» АҚ зауытының филиалы «Динар-Электромаш» базасында жұмыс істейді.
Әдетте нарықтық бәсекенің қатаң заңы өрістеп тұрғанда ресми өкіл немесе дистрибьютор мәртебесін алу тіпті де оңайға соқпайтыны белгілі. Ол үшін кәсіпорынның іскерлік ахуалы айқын білініп, қаржы тұрақтылығы дәлелденуі тиіс, сонымен бірге қызмет көрсетудің жоғары сапасы айқындалғаны дұрыс.
Міне, осындай талаптардың бәрін жоғары дәрежеде меңгерген «Динар-Электромаш» қазір аймақтағы танымал серіктестік. Мұнда электр техникасы мен кабельдік-желілік өнімдердің алпыс мыңдай шамасындағы атаулары тұтынушыларға ұсынылады. Ал тапсырыс берушілер арасында жетекші мұнай компаниялары, құрылыс саласы ұйымдары, ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары жеткілікті. Облыстық және қалалық әкімшіліктермен тығыз байланыс орнатылған.
Журналистің баласы
Хмыров деген фамилия бізге әуелден таныс-ты. Өмір бойы өзіміздің «Ақтөбе» газетімен көршілес болып, қатар келе жатқан «Актюбинский вестниктің» кешегі ізашары — «Путь к коммунизму» басылымында біраз жылдар жауапты хатшы болып Анатолий Хмыров деген журналист қызмет атқарды. Газеттің штабы саналатын бұл буында қызмет істеудің жауаптылығы — барлық бөлімдермен тікелей байланыста болып, редактордың қолы қойылған материалдарды үйлестіріп орналастырып, оқырманның оңтайлы оқуына сай ұсынуда. Әсіресе газет шығатын күндерде жауапты хатшының жаны мұрнының ұшында жүреді. Сондай қызметте Анатолий Иосифовичтің бәрін де орайластырып, алға қойылған міндетті салқынқандылықпен атқарып шығатынын талай көргенбіз.
Біз әңгімелесіп отырғанымызда сөздің бір реті келгенде Сергей Викторович өзінің әріптес туралы «бұл журналистің баласы ғой» деп қалды. Біз бүгінде өмірден өткен алдыңғы буын өкілі саналатын, ардагер журналистің өзіміз білетін, ойда сақталған кейбір ерекшеліктерін есімізге алдық. Василий Анатольевич те кішкентайынан журналист аға-апаларына еркелеп өскенін айтып, облыстық газеттердің өзіне бөтен еместігін білдірді.
Василий Хмыров бүгінде облыстағы үлкен кәсіп иесі болғанына қарамастан, уақыт тауып ардагер журналистерге хабарласып, хал-жағдайларын біліп тұрады. Тіпті айтулы мерекелерде оларға сый-сияпат жасауды да ұмытпайды. «Путь к коммунизму» газетінде редактордың бірінші орынбасары болып қызмет атқарған, бүгінде зейнеткерлік жастағы Екатерина Төлепбергенованың оған алғыс сезімін білдіргенін бұрын да естігенбіз.
Василий Анатольевичтің журналистің баласы екенін білдіретін тағы бір жәйтті оның қызмет кабинетінен шығар тұста байқадық. Бүгінгі заман талабына сай жабдықталған холлда кітап сөресі тұрды. Бір қызығы, онда бүгінгі қаламгерлердің емес, кешегі Гетеден бастау алатын әлемдік классиктердің туындылары, яғни әке-Хмыров қызыға оқыған кітаптар орын алыпты. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек…
Жұмадағы жүздесулер
«Динар-Электромаштың» дүкендерін аралап келе жатқаныңызда көңіліңізді бөлетін ерекше бір жайға тап боласыз. Ол — қазақтың ұлттық салт-дәстүрін анық танытатын аумақтың алдыңыздан шығуы. Мұнда келушілер үшін жайғасатын орындар бар, сәкі үстіне кең етіп көрпе жайылып, ортасына стол қойылған. Қабырғада аң терілері ілулі тұр. Киіз үй кейпіндегі бұл жерге келушілер көптеп саналады.
Жұма күні мұнда жиналғандар саны арта түседі. Өйткені, жеті нан пісіріліп таратылады. Самауыр қайнап жатады, ас пісіріледі. Бір ерекшелігі, мұнда бас сұққан адамдардың бәрі де тегін тамақтана алады. Ауқатты адам ба, жағдайы нашар жандар ма, оларды ешкім бөліп жатпайды. Ең бастысы, олар бір-бірімен түсінісіп, жылы көңілмен жүздері жарқырап отырса болды.
Шынында да, бұл — имандылық орталығы іспетті. Тіпті мешіттен имам келіп, уағыз айтатын кездері де болады. Жиналғандардың кішілері үлкендерге құрмет көрсетеді, ізет білдіреді. Бізге осы шаруаның жай-күйін таныстырған Василий Анатольевич мұсылман дінінің ізгіліке, имандылыққа шақыратын ерекше қасиетін құрметейтінін айтты.
— Жеті нан пісіріп, тамақ істейтін адамдарға өзіміз қаржылай көмектесіп, қолдап отырамыз,— дейді серіктестік басшысы,— өйткені біз үшін адамдардың көңіліне күншуақ орнататын осындай шаралар қажет-ақ. Біз кейде жұмыс-жұмыс деп күнделікті тіршілік ағымымен уақыттың қалай өткенін де білмей қаламыз. Сол аралықта басты құндылықтар — адамгершілік ахуалы, сыйластық сезімдері ескерілмей қалып жатады.
Ұжымда өткен мерекелік шаралар, Наурыз тойы, тағы да басқа салтанаттар бейнежазбаларда сақталған. Тойларда ән салып, «Қамажай» биін билеп, өзге де өнер түрлерін көрсетіп жатқандарды көргенде, кәсіби өнерпаздар екен ғой деп ойлап қалуың кәдік. Ал шын мәнінде соның бәрін орындаушылар — серіктестікте еңбек ететін қыз-жігіттер. Олар өз кәсіптерін қалай беріліп атқарып, шеберліктерін қаншалықты танытса, бос уақыттарында да мың сан қырларын көрсетіп, көрермендерін соншалықты ырза қылады.
Қосалқы шаруашылықтың көмегі
Облыс орталығынан аса қашық емес аумақтағы Богословка деп аталатын өңірде «Энергия» деп аталатын қосалқы шаруашылық жұмыс істейді. Мұны серіктестік басшылығы негізінен көлденең пайда табу үшін емес, өздерінің жұмысшы-қызметкерлерін экологиялық жағынан таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ұстап отырғанын айтады.
— Әрине, күнделікті қажет тағамның бәрін қазір қала дүкендерінен қиналмай-ақ сатып алуға болады,— дейді Сергей Викторович,— бірақ олардың сапасы қандай, қоспалары бар ма деп күдіктеніп бітетініміз рас қой. Ал біздің қосалқы шаруашылығымыз арқылы азық-түліктің мол қорын жасақтап алуға болады.
Серіктестік бизнес саласында өз мүмкіндігін дәлелдеп, имиджін қалыптастырып, мамандардың біліктілігін арттырып, қысқаша айтқанда, өздеріне-өздері келген тұста ғана шаруашылық құру қажеттігін сезіне бастаған. Өйткені, бұл идеяның өзі жұмысшы-қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қолдау, таза азық-түлікпен қамту ниетінен туындаған.
Және бір атап өтерлігі, қосалқы шаруашылық бұрыннан қалған, ескі ғимараттардың орнына емес, таза жерден өрістеген. Жаңадан әкімшілік-тұрмыстық корпусы салынған. Қазір бұл салада жиырма сегіз адам еңбек етеді.
Қосалқы шаруашылықта бүгінгі күні 200 сиыр, 50 жылқы, 650 қой бағылады. Мал азығы дайындалады. Арпа-бидай егіледі. Тіпті қауын-қарбыз да өсіріпті.
Серіктестік басшылығы осындай еңбекпен бағылған малдың, өсірілген өнімнің игілігін жұртшылық, яғни ұжым мүшелері көріп, сезінуі керек деп есептейді. Соның бір айғағы — мекемеде түскі астың тегін берілуі. Дастарқан мәзіріне ұсынылатын тағамның бәрі — өздерінің өнімдері. Олардың арасында жас балық, жұмыртқа, көкөністер жеткілікті қойылады.
Ал соғым союшылар үшін де мәселе шешілген. Олар қосалқы шаруашылықтың қорасына кіреді де, таңдаған малын жетелеп алып шығады.
Қысқасы «Энергия» серіктестікте еңбек ететін әрбір адамға ерекше күш-қуат сыйлайды.
«Балалар — біздің болашағымыз!»
Серіктестік жұмысы қаншама қауырт болғанымен, мұнда балалардың болашағына немкетті қарай алмайды. Тіпті шілдехана, бесікке салу деген сияқты тойлардың өзі елеусіз қалмайды. Мәселен, баланың туғанына қырық күн толғанда әке-шешесі міндетті түрде осында алып келеді екен. Ал ұжымдағылар нәрестенің алғашқы қадамына кәдімгідей дайындалады. Оған сыйлықтарын әзірлейді, баланың анасына ерекше құрмет жасайды, көрімдік беріледі.
Жаңа жыл қарсаңында ұжым басшылығы жергілікті билік өкілдеріне өздері ұсыныс білдіріп, 300 бала қатысатын шырша тойын өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Бұл шараға қатысқан бүлдіршіндер ән-күй мерекесін қызықтап, түрлі ойындар өткізеді, сан түрлі сыйлықтарды алады. Қысқасы, бір жылға жететін дерлік қуаныш-шапағатқа бөленіп шығады.
Серіктестікте медициналық қызмет көрсету жақсы жолға қойылған. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар.
— Егер бір қызметкеріміз салқын тиіп не басқалай жолмен сырқаттанып қалса, ол дереу өзіміздің медициналық пунктте емделеді,— дейді Сергей Викторович,— оған әлбетте еңбекке жарамсыздық қағазы жазылмайды, оның орнына жұмыста болды деп есептеледі. Бұрын Ресейде тұрған дәрігер қазақтар осында қызметке шақырылды. Бәлкім солардың емінің де көмегі тиген шығар, әйтеуір бұрын бедеу деп ресми диагноз қойылған үш келіншек бала көтерді.
Қысқасы, соңғы он жылдай уақыт ішінде фирма бойынша елу шақты бала дүниеге келіпті. Солардың бәрі де үлкендердің шынайы қамқорлығын сезініп өсіп келеді.
Ал Богословкадағы орта мектепке фирманың ұдайы қарасып тұруы да — балаларға деген мейірімнің бір көрінісі.
Ең бастысы — бір-біріңді қолдау
Серіктестікте жұмыс істеу принципі адамдардың бірінбір қолдауына, келушілерге шынайы көңілмен қызмет етуге негізделген. Олар сонда ғана бірігіп отырып табысқа жететіндіктеріне сенімді.
Мұнда ұжымдағы 314 адам бір-біріне сенетіндей ахуал қалыптасқан.
«Динар-Электромаш» басшылығы үшін өңірдің дамуына үлес қосу — басты міндеттердің бірі іспеттес. Олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінеді, облыстың тыныс-тіршілігіне белсене қатысып отырғанды жөн көреді.
Компанияда адамдарды жақындастыра түсетін игілікті шаралар ұдайы ойластырылып отырылады. Қызметкерлердің тұрғын үй алуына, жеңіл көлік иесі болуына жету жолдары қарастырылған. Бұл корпоративтік бағдарламалардың жүзеге асуы жан-жақты ойластырылған. Сондай-ақ шетелдерде туристік саяхатта болу мүмкіндіктері де қарастырылған. Бір атап өтерлігі, мұндай игіліктерді бөлісуде алауыздықтар тіптен де туындамайды екен. Өйткені, кім-кім де өз еңбегінің елеусіз қалмайтындығына сенеді.
Бизнестің жілік майын шаққан Сергей Викторович ұжымдағы әр түрлі шаралардың да ұйытқысы екен. Мәселен, осында қыз ұзату немесе жігіттің үйлену тойы болса, өзі бастап жүреді екен. «Ең бастысы — біздің тойымыз екінші жақтың тойына қарағанда мазмұнды, мағыналы, әсерлі болуы керек, сол үшін бәріміз жүгіріп жүріп қызмет етеміз»,— дейді ол.
Шынында да мұндай қолдауды сезінген жастардың өз ұжымына деген құрметі де арта түспей ме?!
Сергей Вишняктың Қазақстан халықтары ассемблеясындағы сөйлеген сөзін көпшілік әлі де ұмытқан жоқ. Елбасының алдында ол жастар арасындағы патриотизм, Отанға сүйіспеншілік туралы ақ жүрегінен ақтарыла ойларын айтты.
Сөз түйіні
«Динар-Электромаш» компаниясы қазір Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танымалдыққа ие бола бастады десек, артық айтқандық емес. Осы өңірге келген сан түрлі делегациялардың мұнда соқпай кететіні сирек. Солардың қай-қайсысы да жылы лебіздерін білдіруден тартынған емес. Әсіресе, қандай нәрсеге де кірпияз көңілмен қарайтын жапондықтар «Біз Кеңестер Одағы ізіндегі көптеген жерлерде болдық, бірақ менеджменттің жапон стилінде жұмыс істейтін нышанды сіздің фирмадан ғана байқадық, істеріңізге табыс тілейміз»,— деп кетіпті.
Күнделікті жұмыс арасындағы үзілісте фирма қызметкерлері бизнес сабақтарын үйренеді, сондай-ақ бос уақытта спортпен шұғылдануға, өздерін өздері жетілдіруге мүмкіндіктер жасалған.
Ең бастысы, көптеген әлемге танымал фирмалар «Динар-Электромашты» өздеріне сенімді серіктес санайды. Ал бұлар осындай сенімге тұтынушыларға адал қызмет көрсету арқылы жетті.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.




