«СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – УАҚЫТ ТАЛАБЫ»

Қазақ жерінің киелі де қасиетті баурайының бірі — Ұлытау өңірінде Ұлт көшбасшысының тарқатқан ой-пікірінде Қазақстанның қазіргі бағыты мен ұстанған жолы және Мәнгілік Ел болудың басы ежелгі ата-бабалар салған сара жолдан бастау алатыныН айтқан. Мәнгілік Ел болу идеясын іске асырудағы бірден-бір шаралардың қатарына да сыбайлас жемқорлықпен күресті жатқызуға болады.
Кеңестер одағы құлағаннан кейін, оның құрамындағы көптеген мемлекеттер әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшырады. Біз де мемлекетіміздің тарихындағы күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті алғашқылардың бірі болып бұрынғы одақтас республикалар кеңістігінде, өзіндік қазақстандық даму жолын айқындаған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды.
Бүгінгі таңда біз еліміздің таңдап алған жолының сенімді, берік, дұрыс жол екендігіне көзіміз жетті.
Аталған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан тиімді және ашық мемлекеттік қызмет жүйесінің әрекет етуіне арналған институционалдық құқықтық негіз құруға бағытталған терең әкімшілік реформалар жүргізуге кірісті.
1998 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Бұл заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда шешуші рөль атқарады және Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастырады. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметке конкурстық негізде қабылдау жүйесі енгізілді, саяси және әкімшілік лауазымдарды бөлу жүргізілді, Қазақстан Республикасының Заңдарын білуге тестілеу, аттестаттау, кәсіби біліктілігін көтеру, марапаттау, тәртіптік жауапкершілікке тарту және тағы да басқа мемлекеттік қызметті өткеру тәртіптері нақты анықталды.
Сонымен қатар, ел егемендігін алған алғашқы жылдары «Ұйымдасқан нысандағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойылды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі арнайы орган құрды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясына және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл жоспарына да қол қойылған болатын.
Әрине, заман талабының өзгеруіне байланысты сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында да жаңа талаптар қойылуы түсінікті. Соңғы онжылдықты алып қарайтын болсақ, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында ауыз толтырып айтарлықтай құқықтық база қалыптастырылды. Мәселен, бұл саладағы нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізіліп, қосымшалармен толықтырылып келеді. Мұның өзі, қазіргі таңда қолданыстағы 1998 жылы алғаш рет қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы халықаралық стандарттарға жақындата түскенін көрсетеді.
2014 жылғы 26 желтоқсанда Елбасы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын бекітті.
Стратегия мемлекеттің алдағы жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын көрсетеді және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға, оның деңгейін қысқартуға ықпал ететін кешенді шараларды қамтиды.
Стратегияда еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ахуалына талдау жасалады, сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар сипатталады, оларды жою жөніндегі тәсілдер мен басым шаралар, Стратегияны іске асыру тетіктері көрсетіледі.
Стратегияны іске асыру нәтижесі халыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын, мемлекет институттарына қоғамның сенімін, азаматтардың құқықтық сауаты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті деңгейін көтеру, сондай-ақ еліміздің халықаралық рейтінгін жақсарту болуы тиіс.
Стратегияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылының түйінді бағыттары: мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық бақылау институтын енгізу, квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сот және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі анағұрлым төмен елдердегі қолданылатын шаралардың базалық негізі мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және жазалаудың бұлтартпастығы, мемлекеттік органдар жұмысының азаматтық қоғам тарапынан бақылануы, профилактикалық шаралардың тиімді жүргізілуі болып табылады.
Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мен еліміздің барлық азаматтарына сыбайлас жемқорлық әрекеттерге бару мүлде тиімсіз болатындай құқықтық әрі қоғамдық ахуал туғызу мақсаты тұр.
Жемқорлықтың дамуына институттық (құрылымдық) және әлеуметтік-мәдени секілді әртүрлі факторлар ықпал етеді.
Институттық факторларға мемлекеттік органдар жұмысындағы төрешілік және жоғары құпиялық деңгейі, есеп беру жүйесінің көп болуы; тиімсіз кадр саясаты; мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика нормаларын бұзуы және басқаларды жатқызуға болады.
Әлеуметтік мәдени факторларға қоғамда қалыптасқан мінез-құлық қағидасы жатқызылады.
Әлеуметтік зерттеулерді алып қарайтын болсақ, сауалнама жүргізілген респонденттердің басым көпшілігі мемлекеттік қызметтер алу процесінде сыбайлас жемқорлық көріністерімен кездеседі екен.
Осыған орай, қылмыстық-процессуалдық шараларды қолданумен қатар мемлекеттік органдардың кадрлық саясатына меритократияны енгізу; сыбайлас жемқорлық себептері мен жағдайларын жоққа шығару арқылы жүргізілетін рәсімдердің, сондай-ақ қызмет көрсетуші мен халықтың арасындағы байланыстың ашықтығын қамтамасыз ету; азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді және оған қарсы тұруда оның белсенді қатысуын қамтамасыз ету шараларын енгізу көзделуде. Біздің елімізде аталған бағыттар бойынша айтарлықтай қадамдар жасалуда.
Есептілік, ашықтық және меритократияны енгізу мақсатында мемлекеттік қызметті реформалау жөнінде шаралар қабылданды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі тікелей байланысын біршама қысқартты. Бюджет қаражатын жымқыруды азайтатын мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру жүйесі де жетілдірілуде. Барлық жерлерде ақпараттарға қолжетімділік қызметінің өрісі кеңейді, бұл өз кезегінде, электронды үкіметті, сондай-ақ мемлекеттік және жеке құрылымдардың интернет-ресурстарын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларға әсер етті.
Елбасының шешімімен ағымдағы жылдың тамызында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа агенттік құрылды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шараларымен өзара тығыз байланысты мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіруді қамтамасыз етуге бағытталған. Елбасының жаңа Агенттікке берген нұсқауларын ескере отырып, жаңа міндеттер белгіленді, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін ұйымдастыру міндеттері айқындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар онымен күресу тәсілдерін күшейтуге, одан әрі жүйелендіруге және жетілдіруге негізделетін болады. Бұл ретте, қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кеңінен тарту міндеті айрықша басымдыққа ие болады. Ұлттық ерекшеліктерді ескере және халықаралық озық тәжірибені назарға ала отырып, «сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» жолындағы біздің кезекті қадамымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғаммен әріптестік орнату болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мен анықтау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға орындалуы міндетті ұсыныстар енгізіледі. Бұл актілер мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұйымдық-басқару қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жағдайда ұсынылады. Басқаша айтқанда, нақты қандай да бір құқықбұзушылықтар орын алғанға дейін, осындай шаралардың болуы мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бақылау сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Билікті теріс пайдалану мен лауазымдық құқықбұзушылық фактілерін объективті түрде ашып көрсететін және жариялайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны, оның іске асу барысын насихаттайтын, азаматтық моральдың жаңа нормаларын қалыптастыратын БАҚ-пен ынтымақтастық орнатудың маңызы зор. Себебі атқарылып жатқан барлық шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария етілсе, бүкіл халыққа көрсетілсе, бұл да бүкіл мемлекеттік қызметкерлерге үлкен сабақ болмақ.
Құқықтық сананы тәрбиелеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын меңгеруге ерекше назар аударылады. Азаматтардың сыбайлас жемқорлық құбылыстарынан аулақ болуы үшін өздерінің құқықтарын нақты білуі, оларды қорғай алуы, жеке, кәсіби өмірі мен қоғамда сыбайлас жемқорлық әдістерін қолданудан бас тартатын тұрақты моральдық ұстанымын қалыптастыруда мақсатты жұмыс жүргізу көзделуде.
Осыған байланысты, жұмыстың маңызды бағыты сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және ағарту болып табылады.
Бұл бағыт халық пен мемлекеттік қызметшілерге білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жүргізуді, жұртшылықты ақпараттандыру бойынша жұмысты, бұқаралық ақпарат құралдарымен қоса, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес қоғамдастығымен жұмыс жүргізуді қамтиды.
Халық пен мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен ағарту жүргізуде әртүрлі нысаналы топтарды қамту, оның ішінде мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқитындарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі.
Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен ағарту бойынша жұмыс адамдардың кең тобын қамтуды көздейді. Себебі қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру қоғамның әр мүшесі дұрыс идеалдар мен құндылықтарды қолданып, сыбайлас жемқорлықты қоғамдық және әлеуметтік жамандық деп қабылдаған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін.
Қорыта айтар болсақ, Ел Президентінің алға қойылған міндеттерін іске асыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы барлық мүдделі күштердің бірлесіп жұмыс істеуі елімізді өркендетуге және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Қайрат СҮНТАЕВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы.



