Басты жаңалықтар

ҚЫСҚЫ СПОРТЫҢ ҚАНДАЙ, ҚАЛА?

Қыс мезгілі де ортасынан ауып барады. Бұл күндері қала тұрғындарының дені бос уақытын мұз айдындарында өткізеді. Ал жалға алатын конькидің бағасы қанша? Облыс орталығындағылар шаңғы мен конькиді қайдан жалға ала алады? Жалпы, шаһардағы қысқы спорт түрлерінің хал-ахуалын анықтап көрген едік.  

 

285 БАЛА — БОЛАШАҚ КӘСІБИ СПОРТШЫ

 

Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бас маманы Гүлдана Тілеубергенованың айтуынша, бұрынғыдай емес, қысқы спорт түрлерімен айналысқысы келетін адамдардың саны жыл өткен сайын артып келе жатыр. Әсіресе, елімізде ұйымдастырылған Азия ойындарынан кейін мәнерлеп сырғанау мен конькиге қызығушылық танытушылар аз емес. Соған сай, билік тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келе жатқан көрінеді.

— Айталық, Ақтөбе қаласында қысқы спорт түрлерін одан әрі дамыту үшін жыл сайын желтоқсан айында мұз айдындары құйылады. Олар өңірдегі жалпы білім беру мекемелерінің спорт алаңдарында орналасқан. Егер балалардың өздерінің конькилері болса, облыс орталығындағы №5, №8, №12, №16, №19, №20, №23, №24, №26, №27, №29, №34, №36, №38, №39, №40, №41 орта мектептердің аумағында тегін сырғанай алады. Сондай-ақ, бізде Кірпішті елді мекенінде қысқы спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда кез келген ұл-қыздың хоккей, шаңғымен кәсіби түрде шұғылдануына мүмкіндік бар. Және ондағы секциялардың барлығы ақысыз. Қазіргі таңда ол жерге 285 бала барып жүр, — дейді Г.Ерғалиқызы.

Сала маманының сөзінше, конькиді жалға берумен айналысатын кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігі әрдайым бақылауда. Олардың белгілеген бағаларын реттеуге қол қысқа болғанмен, дене тәрбиесі және спорт бөліміндегілер талап-тілектердің мұқият орындалуын қадағалап отырады екен. Жалпы, Гүлдана Тілеубергенова қала сыртындағы демалыс орталықтарын есептемегенде, бұл істің басында шаһар бойынша бар-жоғы 2-3 іскер азаматтың барын айтады. Осы орайда «Мега Ақтөбе» орталығындағы мұз айдынына бүгінде 85 жастың тұрақты түрде барып, ондағы нұсқаушыдан  мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйреніп жүргенін айта кету керек.

 

«ТҮНГЕ ДЕЙІН КОНЬКИ ТЕБЕДІ…»

 

Мейрамбек Жантұрлиевтің конькиді жалға беріп, сол арқылы нәпақасын тауып жүргеніне биыл 6 жыл болыпты. Алғашында конькиді сағатына 200 теңгеге жалға беруден бастаған ол, бірер жылда оған жүз теңгенің қосылғанын, сөйтіп бұл бағаның қазірде 300 теңгені құрайтынын тілге тиек етті. Таңғы сағат 9-дан түн жарымға дейін келушілерге қызмет ететін жігіттің жанында 5 әріптесі бар. 300-ге жуық арнаулы аяқкиімге иелік ететін Мейрамбек жыл басталғалы жұмыстың қызып тұрғанын жасырған жоқ.

— Конькилердің баршасын ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, арнайы алдыртамыз. Осы жылы да олардың біразын жаңартып, қатарын молайттық. Коньки «тебуге» ықылас танытушылардың жас шамасы әрқилы. Мектептің бастауыш сынып оқушысынан бастап, егде тартқан қарттарға дейін осында келеді. Өйткені бұл да спорттың бір түрі ғой. Таза ауада денеңді шынықтырғанға не жетсін?! Көңіл күйіңді көтеріп, достарыңмен жақсы демалыс жасауға ұйытқы болатын мұз айдынына  келушілер қараңғы түскенге дейін  толастамайды. Бірақ біздер кешкі сағат 9-дан кейін кәмелет жасына толмағандарды айдынға жібермейміз. Тәртіп сондай.

Конькиде сырғанаушылар негізінен демалыс күндері көп болады. Аязды күндері тіптен бос отыратынымыз бар. Десек те, қай кезде болсын, келушілерге тегін қызмет ететін нұсқаушымыз ешқайда кетпейді. «Қате — аяқ астынан» демекші, білмеген адамға жөн сілтеп, аз да болса мұзда конькиде сырғанауға жағдай жасауға ұмтыламыз. Оның қызметіне көбіне кішкентай балалар жүгініп жатады, — дейді ол.

Мейрамбек Орталық стадион маңындағы мұз айдында еңбек етеді. Ақтөбеліктер, сонымен бірге, қыс мезгілінің қызығын А.Пушкин атындағы саябақта, «Қоныс» спорт сарайы, т.б. жерлерде көре алады. Айта кетерлігі, өз конькиі бар ақтөбеліктер бұл мұз айдындарына кіру үшін 50-100 теңге көлемінде төлеуі қажет.

 

НЕ ДЕЙСІЗ?

 

Ләззат МҰРАТ, оқушы:

 

— Өзім Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектептің 6-сыныбында оқимын. Мұз айдынына аптасына 2 рет келіп тұруды әдетке айналдырдым. Әр келген сайын 1-2 сағат конькиде сырғанаймын. Коньки өзімдікі, кіру кұны деп жүз теңге төлеймін. Себебі «катокты» пайдаланғаным үшін осындағылар ақша талап етеді.

 

Дәулет ШАБАҚОВ, оқушы:

 

— Конькиде сырғанауға екі күнде бір рет келіп тұрамын. Әдетте достарыммен жиналып, арнайы осында уақыт өткіземіз. Бұл спорт түрі маған қатты ұнайды, ата-анам да менің осынау қызығушылығыма дән риза.

 

Дильназ ЖОЛДЫБАЙ, оқушы:

 

— Мен де осында құрбым Ләззатпен жиі келіп тұрамын. Конькиді осыдан екі жыл бұрын сатып алғандықтан, тек мұз үстінде сырғанағаным үшін ақша төлеймін. Сабақтан кейін, болмаса демалыс күндері конькиде сырғанаған денсаулыққа пайдалы әрі өте қызық. Осындай мұз айдындары көптеп ашылса, біз тек қуанар едік.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Суретті түсірген автор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button