Басты жаңалықтар

Елбасы Ақтөбенің бірегей зауытын қабылдады

Жалпыұлттық телекөпір

Қысқа мерзімде салынып, құрылысының ауқымы мен маңызы жөнінен қазірдің өзінде ел аумағына әйгілі болған Ақтөбенің рельс-арқалық зауытын, әрине, облыс тұрғындары  жақсы біледі. Осындағы өндірістік ғимарат ішінде өткен бейсенбі күні зауыт ұжымы, құрылысты салуға қатысқан құрылысшылар, теміржолшылар салтанатты сап түзеп, зауыттың тұсаукесер қуанышына жиналды. Бұл кезде салтанатты жағдайда, Елбасының қатысуымен «онлайн» режимімен Қазақстанды жаңаша индустрияландыру жалпыұлттық телекөпірі өтіп жатты. Мемлекет басшысы 2014 жылдың екінші жартысында еліміздің аймақтарында іске қосылатын индустрияландыру картасы жобаларын қабылдады. Ақтөбе аймағы бұған Жаңа жыл алдында лайықты тарту-таралғымен келіп, ғасырдың құрылысы десе, артық болмайтын алып зауыттың Елбасының рұқсат беруімен тұсауын кесуге дайын тұрды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Ермек Қизатов зауытты іске қосатын тетіктің жанында тұрып осы сәтті күтті.

Алып экрандардан Астанадағы және барлық аймақтардағы салтанатты жиын түгел көрініп, ел игілігіне айналған табыстар туралы хабарлар баршаны қуанышқа бөледі. Биылғы жылы барлығы 150 жаңа индустрияландыру картасы жобалары жүзеге асырылғанИндустриялық бағдарлама аясында 628 млрд. теңгенің өнімі экспортталған, 75 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Осының нәтижесінде ұлттық экономиканың қауіпсіздігі сақталды, жұмыс орындары молайды, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артып, өңірлерге серпін берілді. Бесжылдықты қорытындылап, келесі кезеңге аяқ басқан бұл жолғы жалпы ұлттық телекөпірде және 15 кәсіпорын іске қосылды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында титан құймалары зауыты, Қарағанды аймағында алтын өңдеу фабрикасы, Ақтөбеде рельс-арқалық зауыты, Қытаймен шекарадағы құрғақ порт, Ақтау айлағында мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын жаңа терминал, Жамбылда жел электр қуаты бекеттері, кілем тоқыма фабрикасы, тізбелеп айта берсек көп. Астаналық журналистер айтқандай, түрлі сала, кейбірі дара, барлығы жаңа.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетінен бірегей өндіріс орындарын қабылдай отырып, жаңа кәсіпорындардың ұжымдарына алғысын білдірді, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының біртіндеп экономиканың негізгі арқа сүйер қуатты күшіне айналып келе жатқанын айтты.

— Басынан бастап менің айтып келе жатқаным, біз әр уақытта Қазақстан бай, жерінің қойнауында темір де бар, көмір де бар, мұнай да бар, газ да бар, алтын, күміс, мырыш, барлығы бар деп жүрдік. Бірақ та, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты. Мен оны 30 жылдан бері қарай, басынан бастап айтып келе жатырмын. Мінекей, қазір ғана біздің қолымыз жетіп, мүмкіншілігіміз келіп, сол сыртта жасап жатқан байлықты, қосымша табыстарды елімізге әкелуге бетбұрдық. Бұл — біз үшін тәуелсіздікті жариялап, оны ұстап қалумен бірдей, өте қиын шаруа. Сондықтан біз іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына — ол индустрия мен инновация бұл дүниеде. Біздің көздегеніміз — ғылымды өндіріспен ұштастырып, инновацияға ие болу. Сонда ғана біз мақсатымызға жетеміз, — деп түйді сөзін Елбасы.

Телекөпір барысындағы әңгімесінде Мемлекет басшысы елдің назарын тынымсыз еңбек етуге, барлық жерде жұмыс орындарын көбейтуге аударды. Тіпті көптің көзіне түсер тұсқа қанша жұмыс орны ашылғанын, қанша адам жұмысқа орналасқанын жазып қойса деген ойын да білдірді. Бұдан Елбасымыздың жұмыссыздықты жоюға қаншалықты маңыз беріп отырғанын аңғаруға болады. Сонымен бірге, Президент бірлігі мықты елдің тірлігі түзу боларын да меңзеді. Кедергі де, қиындық та еңсеріледі, тек елдің тыныштығы қымбат екенін айтты.

«Тұрақты даму деген — бізге жоғарыдан біреу салып берген бұдырсыз даңғыл жол емес. Ешкімнің берген сыйлығы да емес. Әртүрлі кедергілер мен қиындықтардың кездесіп отыруы заңдылық. Өмір солай. Өмір оңай емес, өмір — күрес, өмір — бәсеке. Әр адамға, әр елге , әр мемлекетке қиындықты жеңу үшін күресу керек. Тек қана жақсылыққа кенеліп үйренген жан, ол жақсылықты бағаламайды. Анда-санда табанға тас батпаса, даңғыл жолдың қадірі де білінбейді. Қиыншылықты сол табанға батқан қиыршық тастар деп санаймын. Ең бастысы — бірлігімізге бекем болып, татулықты ту ете білелік!» — деді Президент.

Жемқорлықтан аулақ болып, шашпалыққа салынбау жөнінде айта келіп, индустриялық бағдарламаларға бөлінген қаржыны ұтымды жұмсауды тапсырды.

Осы ұйымдастырылған жалпыұлттық телекөпірде Президент қабылдаған 15 жобаның ішінде ең сүбелісі Ақтөбе рельс-арқалық зауыты болғанын әңгімеміздің басында айттық.

Бұрынғы кеңестік кеңістікте теміржол бұйымдарын жасайтын үш-ақ зауыт бар. Оның біреуі — Украина аумағында, қалған екеуі — Ресейде. Сондықтан бүгінгі күні еліміз үшін аса қажет мұндай зауыттың салынуы теңдесі жоқ оқиға еді. Мамандардың айтуынша, Ақтөбеде зауыт құрылысын салу кезінде 500 жұмыс орны ашылып, жұмысшылардың  бір бөлігі Ресей, Беларусь елдерінен шақыртылыпты. Өндіріс қолданысқа берілген кезде мұнда 1000-ға жуық адам еңбекпен қамтылмақ. Өңір үшін бұл тың кәсіп. Сондықтан оған қажетті кадрлар еліміздің оқу орындарында, көрші Ресейде оқытылған. Тіпті Италиядан арнайы даярлықтан өтіп келген мамандар да бар. Сонымен қатар, кадр даярлауға жаңа өндірістің өзі де дағдыланып келеді. Мәселен, зауытқа жұмысқа орналасқан жас инженер Жарас Өтегенов бізбен әңгімесінде жаңа жұмыстың қыр-сырын осы жерден үйренгенін айтты.

Өз кезегінде Елбасымен тікелей байланысқа шыққан  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Ермек Қизатов зауыттың ашылуына рұқсат беруін сұрады.

— Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жеке инвесторлармен бірге зауыт құрылысын аяқтап, бүгін жылыту пешін іске қосып отыр. Жобаның қуаттылығы — жылына 430 мың тонна металл өндірісі.  Бұл өнім «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қажеттігін толық қамтамасыз етеді және экспорттауға мүмкіндік береді.

Аса қадірлі Президент мырза! Сізге жобаның жүзеге асырылуына қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Өндірісті іске қосуға рұқсат етуіңізді сұраймын, — деді  ұлттық компания вице-президенті.

Елбасы жаңа өндірісті ықыласпен қабылдап:

— Рақмет. Зауыттарыңызда болғанмын, көргенмін. Бұл — Қазақстандағы тұңғыш рельс шығаратын зауыт. Өте қажет. Қанша шақырым теміржол салып жатырғанымызды өздерің көріп отырсыздар. Сондықтан бұл үлкен қуаныш, құттықтаймын! Кәсіпорынды ашуға рұқсат етемін, — деді салтанатты жағдайда. Сол сәтте зауыт гудогы белгі беріп, ғимарат ішін жиналған көпшіліктің қуанышты ризашылықтары мен қошеметі кернеді.

Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты пайдалану ресурсы жоғары жылдамдықтағы жүк және жолаушылардың жүрдек пойыздары үшін рельстер, арқалықтар, бұрыштамалар мен швеллер шығарады. Ақтөбенің рельс-арқалық зауытының бөлім басшысы Әлімжан Жолбатыров зауыт өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге, Өзбекстан, Түркменстан, Беларусь, Ресей елдеріне экспортталады деген сенімде.

Сөйтіп, Ақтөбенің рельс-арқалық зауыты өңір ғана емес, елдің дамуына тың серпін бермек. Көпшілікке мәлім, зауыт құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Қазір мұнда құрылыс аяқталып, нақты өнім шығаруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Үстіміздегі жылдың екінші жартысында іске қосылатын Индустрияландыру картасы жобаларының тұсауын кесуге арналған жалпыұлттық телекөпір  барысында Мемлекет басшысы «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттады. Жылдың ең таңдаулы индустриялық жобасы бойынша «Алтын сапа» сыйлығының бас жүлдесі Ақтөбенің рельс-арқалық зауытына берілді. Сыйлықты Елбасы қолынан зауыттың бас директоры Андрей Кузьмин алды.

Жалпы биылғы жылы «Алтын сапа» байқауына 293 өтініш түскен. Соның ішінен 9 кәсіпорынның ғана айы оңынан туды.

Қазақстанды жаңаша индустрияландыру жалпыұлттық телекөпірінде Елбасына осыдан үш жыл бұрын іске қосылған «Қазақойл–Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  газ өңдеу зауытының жұмысы жөнінде серіктестік басшысы Андрей Шейкин есеп берді.  Бұл зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс жасап тұр. Кәсіпорын осы жылы 320 млн. текше метр газ, 24 мың тонна пропан-бутан қосындысын және 6 мың тонна күкірт өндірді. Жергілікті халыққа газ жеңілдетілген бағамен сатылуда. Өнім өзге аймақтарға да экспортталып жатыр.

Ақтөбе халқы үшін Жаңа жыл жақсы ырым, жаңа үмітпен басталғалы тұр. Елбасы елдің ырысына, өңір экономикасының тірегіне айналатын бірегей зауыттың тұсауын кесті.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button