Желтоқсандағы жылылық

Жыл айырығында өткен кезеңге есеп бере қарап, алғы күндерге үмітпен қол созу — қашаннан қалыптасқан жайт. Ал адамдардың бір-біріне жақсылық тілеп, игі тілектерін білдіруі айналаны сәулелендіріп, жан жылуын молайтады. Осындай ізгілікті ахуал облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде, яғни Жаңа жыл қарсаңында Алға ауданына сапары кезінде болды.
Балғындардың қуанышы
Алғадағы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері дәстүр бойынша қашанда Жаңа жылды асыға күтеді. Өйткені мұнда бұл шараға тыңғылықты әзірленеді. Әсем шыршаның айналасы думанға толады, балғындар әртүрлі киімдерін киіп, өз өнерлерін көрсетуге, сөйтіп Аяз атадан жақсы сыйлық алуға ұмтылады. Ең бастысы, бұл күні оларды облыс басшысы арнайы келіп құттықтайды. Былтыр да солай болған, оның алдында да…
Архимед Бегежанұлын бұл жолы өзімен бірге музыкалық аспаптар ала келді. Балалар үйінің «АДД» деп аталатын ансамблі кейінгі бір тұстары өз өнерімен айналаға кеңінен танылып, өнерге құштар талантты оқушылар қатары көбейе бастап еді. Сондықтан да бұл сыйлықты олар қуана қарсы алды.
— Қымбатты балғындар, сіздерді алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтауға мен әдейі келіп тұрмын, сіздердің алдағы өмірлеріңіз жарқын да бақытты болатындығына сенемін. Елбасымыздың Жолдауларында айтылғандай, жас ұрпақтың тәрбиесіне, олардың жан-жақты жетілуіне елімізде қамқорлықтар молынан жасалуда, міне, соның игілігін сіздер де көріп отырсыздар, ең бастысы — жақсы оқып, үлкен азамат болуға талпыныңыздар,— деп тілегін білдірді облыс басшысы.
Шырша алаңына жиналған балғындардың бәріне де қорапшадағы сыйлықтар таратылды. Содан кейін әсем ән мен тамаша билер жалғасып, думанды сәт өрістей түсті.
Балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин журналистермен сұхбаттасу барысында балғындарға облыс әкімшілігі тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде ғана балалар үйінің түлектерін, Ақтөбе және Алға қалаларынан 27 пәтер беріліпті. Кейінгі кезде бұл мекемеге автобустың берілуі де сондай қамқорлықтың бір дәлелі іспетті.
Алдағы жылы балалар үйінде тәрбиеленетін 38 бала мектеп бітіріп шықпақшы. Олардың көбісі қазірдің өзінде болашақ жолдарын белгілеп, белгілі бір мамандық түрлерін игеруді көздеуде.
Бүгінде балалар үйінде 250-дей тәрбиеленушілер бар. Мекеменің өз орта мектебі бар. Бестамақ селосына таяу тұста балалардың жазғы демалыс және тынығу лагері жұмыс істейді.
Балалар үйінің тыныс-тіршілігіне алаңдаушылар көп екендігі, олардың арасында «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Емшан» компаниясы, «ГИС» компаниясы, «Ақтөбе-Қазақойл» ЖШС секілді ұжымдар әрқашан да демеушілік көрсетіп, осылай қарай мойын бұрып тұрады.
Балғындардың қуанышы әдетте үлкендердің мейірімді түрде қарауымен көбейе түседі. Ал осы жаңа жыл қарсаңындағы әдемі сәттің де олардың жадында ұзақ уақыт сақталары анық.
Новицкийлер жаңа пәтерге ие болды
Тағдыры талайлы бұл үш жасөспірімнің аналары Елена Новицкая 2005 жылы, ал әкелері Асқар Бектілеуов 2006 жылы дүниеден өткен. Балалардың үлкені Арслан әкесінің тегіне, ал інілері Александр мен Илья анасының тегіне жазылған. Бұларды жерлестері әдетте Новицкийлер отбасы деп атап кеткен.
Арслан қазіргі уақытта құрылыс нысанында жұмысшы болып еңбек етеді, ал Александр Алға индустриялды-техникалық колледжінің «ауыл шаруашылығы фермері» мамандығы бойынша білім алуда. Илья Бестамақ орта мектебінің 8- сынып оқушысы. Олар Альфия Алдиярованың патронаттық тәрбиесінде өсуде.
Ағайынды үш жасөспірімнің жан-жақты жетіліп, өсуі, алаңсыз жұмыс істеуі үшін оларға қамқорлық жасауға шешім қабылданды. Сөйтіп, Алға қаласындағы жаңадан салынып, таяуда пайдалануға берілген 2 қабатты үйден Новицкийлерге тым жақсы, кең де жарық пәтер бөлінді. Үйдің ордерін облыс әкімі оларға салтанатты түрде тапсырып, балаларға алдағы уақытта бақытты ғұмыр, ілгеріге ұмтылыс, жетістіктер тіледі.
Балалардың бағымына жауапты Альфия Алдиярова мұндай қамқорлығы үшін облыс әкімшілігіне алғысын айтып, өзінің жолдасы Ізмұрат екеуі көпшілік сенімін ақтайтынын, қоғамның белсенді құрылысшысы болатын лайықты жас буын тәрбиелеп шығару жолында аянбайтындықтарын білдірді.
Қала халқы қыста тоңбайды
Шағын қалалардың қысқы маусымға әзірлігі қай кезде де қыл үстінде тұрғандай көрінетіні бар. Өйткені көптеген жерлерде соңғы уақыттарға дейін осы бір маңызды шаруаға атүсті қараушылық, жете мән бермеушілік, ал көңіл аударған жағдайда да материалдық-техникалық базалардың нашарлығы секілді түрлі себептер көлденең тұрып алып келді. Алайда жағдай бұлайша созыла беруі мүмкін емес-ті. Облыс басшылығы бұл мәселеге ерекше мән беріп, талапты күшейтуі нәтижесінде көптеген аудан орталықтарында жағдай оңға қарай өзгеріп, жылыту қазандықтары өз деңгейінде жұмыс істей бастады. Соның бірі — осы Алға қаласындағы орталық жылыту қазандығы.
1972 жылы іске қосылған бұл қазандық қырық жылдан астам тарихында өзінің шырқау шыңына жетіп, азып-тозу сатысына да шықты. Сол тұста оның жаңғырту шаралары қолға алынды.
Былтыр Владимир Зайченко басқаратын «Титан» жылу-энергетикалық компаниясы» ЖШС осы шараны қолға алып, кәсіпорынның энергия тиімділігін көтеру, жылу құбырларында апаттылықты төмендету бағытында жұмыстар істеді. Сөйтіп, 2014 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында қаланың жылыту жүйесіне қатысты көптеген буындар жаңғыртылды. Бұл мақсатқа 390,7 млн. теңге бөлінді, оның 357,7 млн. теңгесі республикалық, қалған 33 миллионы облыстық бюджеттен қарастырылды.
Қарастырылған құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, желтоқсан айының он екінші жұлдызында мемлекеттік қабылдау комиссиясы нысанды қабылдап алды.
Атқарылған жұмыстар аясында №3 қазандық жөндеуден өткізіліп, су дайындау қондырғылары, дизель генераторы, басқару шкафтары, сорғылар, желдеткіштер, түтін сорғыштар, кеңейткіш бактар орнатылды. Сондай-ақ, ғимараттың іш-сыртына жөндеу жүргізіліп, есік-терезелер алмастырылды, су резервуары оқшауланды.
Осы жұмыстардың орындалу сапасына назар аударған облыс басшысы қаланы қыстан қалыпты күйде алып шығудың, тұрғындардың жылы үйде тіршілік етуінің маңыздылығы жөнінде айтып, істелген шаруаларға қатысты оң бағасын берді.
Архимед Бегежанұлы жылыту жүйесінің жұмысшы-қызметкерлерімен кездесіп, олардың хал-ахуалымен танысты, сонымен бірге алдағы келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, игі тілектерін білдірді.
Бизнес-инкубатордағы берекелі істер
Алғадағы бизнес-инкубатор екі қабатты еңселі ғимаратта орналасқан. Сыртқы беттегі айқыш-ұйқыш берілген қызылды-жасылды жарнамалардың өзі мұнда көптеген шаруалардың қолға алынғандығын білдіргендей. Шынында да солай. Өйткені күнделікті тіршілікке қажетті қандай да бір проблемаңызды осы аумақтан шеше аласыз.
Мәселен, тігін цехын алайық. Оның басшысы Эльмира Сүлейменованың айтуына қарағанда киім-кешектер тігу немесе клиенттің талабына сай өзгертіп жасау, тағы басқа да талаптарды сапалы етіп орындау олар үшін түк емес. Ең бастысы цех жұмысына сұраныс жеткілікті.
«Шұғыла» дизайн-студиясы да — соңғы жылдар жаңалықтарының бірі. Бұл жерге жастар жағы көбірек келетін сияқты. Өйткені заман ағымына ілесу, әлемдегі оң өзгерістерді жедел қабылдау, кешегінің өлшемін бүгінгінің талабымен алмастыру соларға көбірек тән. Көрмеге қойылған үлгілер студиядағы тың ізденістерді байқатады.
Қатар-қатар бөлмелерде орналасқан әсемдік салоны, такси қызметі, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттік, аяқкиім жөндеу, кілт дайындау секілді сан-салалы қажеттіліктер көпшіліктің мүддесін қанағаттандырады.
Индустриялды аймақ — дамудың алғышарты
Алға қаласының солтүстік-батыс бөлігінен индустриялды аймақ құру үшін 100 гектар жер бөлініп, қазірдің өзінде көптеген қызу тірліктер жасалуда. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Арман Бошанов бұл жөнінде облыс әкіміне толық баяндап берді. Оның айтуынша, аталған аймақ атқарылатын істердің мақсат-мүддесіне орай екі бөліктен тұрады. 15 гектарды қамтитын бірінші бөлікте негізінен өнеркәсіп өндірісі, оның ішінде гофра ыдыстар зауыты, картон-қағаз зауыты, полиэтилен өнімдері зауыты орналастырылмақшы.
Ал 85 гектарды құрайтын екінші бөлікте екі ет комбинаты, жылыжай кешені, трансформатор жинау цехы, темір-бетон бұйымдары зауыты, кабель өнімдері өндірісі зауыты, индустриялды аймақ басқарушы компаниясы нысандары орын тебеді.
Қазіргі уақытта аймақтың техникалық-экономикалық негіздемелері жасалуда. Ең басты мәселелердің бірі жергілікті станция арқылы электрлендіру жайы қазірдің өзінде шешімін тауып тұр. Ал индустриялдық аймаққа енетін бір шақырымнан астам темір жолды салу да қиындыққа түспейді. Өйткені Ақтөбедегі рельс арқауы зауытының өнімін көп ұзамай арзанға алу мүмкіндігі тумақшы.
Кәсіпкерлермен жүздесу барысында белгілі кәсіпкер, жарылғыш заттар шығаратын «Нитрохим» ЖШС жетекшісі Гүлнара Сералиева өзі қолға алған күрделі жобаның бүгінгі сәттегі жай-күйімен таныстырды.
Облыс басшысы индустриялды аймақтың құрылымдарына байланысты өз пікірін білдіріп, химиялық кластермен қатар азық-түлік тағамдарын өндіретін өндірістің орналасуына байланысты түзету енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті әкімшілікке кәсіпкерлік аясын алда да кеңейте түсу, талаптанушыларға қолдау көрсету жайын міндеттеді.
Алға ауданының әкімі Асқар Шериязданов қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы әкімшілігімен сырттан келетін инвесторларды жергілікті өңірге тартуға байланысты ықпалдастық мәселесімен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту, бизнеспен шұғылданамын деп талаптанушыларға қолдау көрсету бағдарында басқа да жұмыстар атқарылуда. Ал индустриялды аймақтың құрылуы осы жолдағы ілгерілеуді жүйелендіре түспекші.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Алға ауданы.



