Спорт

Палуандар бас қосты

d0bfd0b0d0bbd183d0b0d0bdd0b4d0b0d180-d0b1d0b0d181-d0bad0bed181d182d18b«Ақтөбе» қонақ үйінің мәжіліс залына облыстың грек-рим және еркін күрес шеберлері, спорт мектептерінің жас жеткіншектері жиналды. Облыстық спорт, дене тәрбиесі және туризм басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов күрестің осы түрлері бойынша жылдың  алты айының қорытындысына тоқталып өтті.

Биылғы жылы грек-рим күресі бойынша бірқатар салмақты бәсекелерде жерлестеріміз топ жарыпты. Атап айтқанда, спорт шебері Асхат Құдайбергенов 55  келі салмақта ересектер арасында Қазақстанның чемпионы атанып, ХХІІ Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. FILA халықаралық турнирінің «А» сериясы бойынша «Испания Гран-приі» жүлдесін жеңіп алған. Енді Асхат  қыркүйекте Данияда өтетін әлем чемпионатына  әзірленуде.

Осы салмақта спорт шебері Саясат Шаңғытбаев ересектер арасындағы ел біріншілігінде қола медальды мойнына тақты. Қазақстанның ІІ Жастар спорттық ойындарында қарсыластарының  жауырынын жер иіскетіп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, келешегінен үміт күттіретін жастарымыз да шеберліктерін шыңдап  келеді. Мәселен, Нұртас Өтепбергенов 1992-93 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы болып, Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде топ жарды. Жақында Үндістанда өткен Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Облыс орталығындағы спортшылармен қатар Шалқардағы В.Цеханович атындағы №1 спорт мектебінің шәкірттері Нұрдәулет Елмұратов пен Мейрамбек Айнағұловтар да облыс қоржынын медальмен толықтырған. Нұрдәулет  Қазақстанның ІІ Жастар спорттық ойындарының  чемпионы атанып,  әлем чемпионатына қатысты. Ал Мейрамбек Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде алтыннан алқа тағып, FILA халықаралық турнирінде және кадеттер арасындағы Азия чемпионатында қола медальдарды жеңіп алды.

Жиында осындай табыстарға қол жеткізген спортшыларға ҚР грек-рим және еркін  күрес Федерациясының облыстық филиалының Алғыс хаттары мен ақшалай  сыйлықтары тапсырылды.  Облыстың  спорт басшысы Асылбек Құлмағамбетов, Федерацияның облыстық филиалының директоры Әкімжан Еркебаев,  күрес ардагері Мұрат Есенжолов күрес шеберлерін дайындаудағы  өздерінің ақыл-кеңестерін айта келіп,  бапкерлер  мен спортшыларға табыс тіледі. Қазақстанның  жастар спорттық ойындарында грек-рим күресінен жалпыкомандалық бірінші орынды  жеңіп алған ақтөбеліктерді 2012 жылы болатын олимпиадалық ойындарға қатыстыру негізгі мақсат екенін еске салды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button