Басты жаңалықтар

Хромтау ауданы

Терможаңғырту: он үй жөнделеді

Соңғы екі жылда Хромтау қаласында терможаңғырту бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер жаңартылып жатыр. Бағдарлама алғаш басталған жылы алты үй жөндеуден өтсе, өткен жылы жеті үй қайта жаңарған. Аудан әкімі Аязбай Османғалиевтың айтуынша, келер жылы бұл тізімге он үй енеді.

Терможаңғырту бағдарламасы арқылы бірқатар үйдің шатыры мен жертөлесі жөнделді.  Алдағы жылы жөндеуден өтуі тиіс он үйдің құжаты әзірленіп жатыр.  Қазір бес үйдің құжаты мемлекеттік сараптау комиссиясына жіберілді. Жалпы аудан бойынша  жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер көп. Мәселен, Никельтаудағы көп қабатты үйлердің көпшілігі ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген. Бұл үйлерде пәтер иелері кооперативі жоқ болғандықтан құжаттары дұрыс емес. Сондықтан қазір қажетті құжаттар дайындалып жатыр. Сондай-ақ, бағдарламаның тиімділігін  әлі де жете түсінбейтін тұрғындар бар. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндікті пайдалану керектігін үнемі айтамыз, — дейді аудан әкімі.

Құрылыс жұмыстарын негізінен жергілікті мердігерлер жүргізеді. Үйлердің сапалы жөнделуін мемлекеттік комиссиядан бөлек  тұрғындардың өздері де қадағалайды. Қандай да бір ақау орын алса, жергілікті әкімдікке хабарласып, шағымдарын айтады.

Сондай-ақ, аудан әкімі қала көшелерін жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір Хромтау көшелерінің 85 пайызына асфальт төселген. Қалған көшелер келер жылы жөнделеді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Дүкен мен дәмхана

 

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» дәлізінің бойында жатқан Бөгетсай ауылының кәсіпкерлері үшін жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін орталықтар ашқан тиімді.

Қазір жол бойында  «Айкөркем», «Толғанай» дәмханалары жұмыс істесе, келер жылы іске қосылатын тағы бір қызмет көрсету кешенінің  құрылысы жүріп жатыр. Тамыз айында ашылған  «Толғанай» дәмханасының иесі Айдын Шамшина шаруашылықты алғаш бастағанда қобалжығанмен, қазір істің ілімін тапқанын айтады.

—  Төрт жыл қатарынан ауылда жұмыссыз отырдым. Мамандығым геодезиялық кәсіп болғандықтан,  ауылда мамандығыма сәйкес жұмыс болмады. Сондықтан жұбайым Нұрбек екеуміз ақылдасып, несие алуды жөн көрдік. Ауыл әкімі біздің ұсынысымызды қолдап, тиісті құжаттарды қалай дайындау керектігін айтты. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша екі миллион төрт жүз мың теңге алып, дүкен салдық. Ағайын-туыстың көмегі арқылы дүкен құрылысын  бір айдың ішінде аяқтадық. Алғашқыда ісіміз қалай жүрер екен деп қобалжып едік, шүкір, қазір дүкеннің бір жағын шағын дәмхана ретінде ашып жолаушыларға қызмет көрсетіп отырмыз. Әсіресе, Түркия, Қытай елдерінен зат таситын ірі жүк көліктер жиі тоқтайды. Жолаушылар ыстық бәліш жеп,  шай ішіп кетеді. Сусын, түрлі тәттілер  сатып алады. Ауыл халқы да азық-түлік, керек-жарақты  біздің дүкеннен алады. Жалпы күре жолдың бойы болғандықтан сауда тоқтамайды, табыс жақсы түседі, — дейді дәмхана иесі.

Айдын дүкен мен дәмханаға қажетті заттарды Ақтөбеден алдыртады. Қарабұтаққа баратын «Анвар», «Дина» сауда орталықтарының көліктері жолай «Толғанай» дүкеніне де зат тастап кетеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан екі адам  дүкен мен дәмханадағы ұсақ-түйек шаруаларды тындырады. Олардың еңбек ақысының елу пайызын мемлекет төлесе, қалғанын дүкен иесі береді.  Айдынның алға қойған жоспары  көп. Несиені уақытында қайтарса, жолаушыларға арналған жатын бөлме, жуынатын монша салғысы келеді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Айжан — қожалықтың басшысы

 

Мал өсіріп көл-көсір табысқа кенеліп отырған шаруаның бірі — Айжан Мәмбетова. Қазір ол Абай селолық округіне қарасты «Еркін» шаруа қожалығын басқарады.

Тоқсаныншы жылдардан кейінгі қиын кезең біздің отбасымызға да оңай тиген жоқ. Үйдегі бес баланы асырап, бағу үшін тынбай еңбектендік. Қорадағы бес-алты малдың басын көбейттік. Балаларымыздың дені сау болуы  үшін, оларға табиғи тағам түрін беруге тырыстық. Бір-екі сиыр саудық, соның арқасында сүт пен етті сатып алған жоқпыз. Осылайша, жыл сайын мал саны өсті. 1996 жылы жолдасым Есмұрза екеуміз «Еркін» шаруа қожалығын құрдық. Қазір қожалықта  245 ірі қара бар. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, 11 асыл тұқымды бұқа сатып алдым. Аллаға шүкір, осылайша мал басын көбейтіп, бала-шағаны асырап отырмыз. Қазір балаларымның барлығы ержетіп, өз алдына үй болды. Жазда немерелерім келіп шаруаға қолғабыс етеді, — дейді қожалық басшысы.

Қазір қожалықта екі отбасы еңбек етеді. Олар шөп шауып, мал бағады. Шаруашылық басшысы оларға бар жағдайды жасап отырғанын айтты.

Қазір мал бағатын адам тапшы. Жастар бұндай жұмысты істегісі келмесе, үлкендердің денсаулығы жарамайды. Сондықтан келген малшыларға бар жағдайды жасауға тырысасың. Оларды еңбекақысынан бөлек, азық-түлікпен қамтамасыз етемін. Балаларына киім-кешек, оқу құралдарын алып беремін. Үйлерінде біреуі ауырып қалса, дәрі-дәрмекке қажет қаржы менің мойнымда. Сондықтан олар да алдындағы малына өз малындай қарайды. Өзім аудан орталығында тұратын болғандықтан, қожалық жұмысын малшыларға сеніп тапсырамын, — дейді Айжан Мәмбетова.

Қожалық басшысы шаруашылықты жүргізуде ешқандай кедергі жоқ екенін, алайда кейде ет өткізуде қиындықтар орын алатынын айтты. Себебі аудан орталығында ет алатын арнайы жер болмағандықтан сойған мал дер кезінде өтпей қалады. Сондықтан қожалық басшысы аудан орталығында апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеден қалмайды. Еттің келісін 1000 теңгеден сатады. Хромтау қаласында өткізілетін түрлі қайырымдылық шараларына да қатысады. Қолынан келгенше мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Зейнет жасынан асса да Айжан Мәмбетова, келешекте шаруашылықты кеңейткісі келеді. Алған несиені уақытында қайтарса, ойға алған жоспарларының орындаларына сенімді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

107 құдықты құбырлар алмастырады

 

Аудан орталығынан елу шақырым жерде Бөгетсай ауылдық округі бар. Самара- Шымкент  күре жолының бойында орналасқан ауылдың тұрмысы тәуір. Бірі жол бойына қызмет көрсету орталығын салса, бірі дүкен, енді бірі монша салып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар шаруа қожалықтарын құрып, кәсібін жандандыруда. Округ әкімі Сердалы Жаназаров, бұрынғыдай емес, қазір ауыл халқы сыртқа қоныс аудармайтынын айтады.

Ілгеріде ауылдан қалаға көшушілер көп болса, қазір үй салып, ауылда тұрғысы келетіндердің қатары артты. Әсіресе, ауылда жұмыс істеген жастар сыртқа кеткісі келмейді. Оларға үй салу үшін тегін жер телімі  беріледі. Биыл жер алған тоғыз жас отбасы  баспана тұрғызып алды. Оның  үшеуі жаңа үйге көшті. Осылайша ауыл халқы жыл санап көбейіп келеді. Округке қарасты Талдыбұлақ, Шіліктісай, Қарлау елді мекендері бар. Оның ішінде Шіліктісай мен Талдыбұлақтан  көшіп келушілермен де  ауыл тұрғындарының саны толығып жатыр. Ал Қарлау ауылының тұрғындары көгілдір отын кіреді деген үмітпен әзірге жылы орындарын суытқысы келіп отырған жоқ. Себебі келер жылы Қарабұтаққа газ барса, Қарлау да тыс қалмауы мүмкін, — дейді округ әкімі.

Қазір Бөгетсай ауылында мектеп, балабақша, медпункт, мәдениет үйі, кітапхана жұмыс істейді. Жеке кәсіппен айналысатындардың да қатары көбейген. Сегіз дүкен, екі тойхана бар. Округ бойынша  41 қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алған «Бекарыс» шаруа қожалығы  272 бас мал сатып алса, «Аслан» шаруа қожалығы да ірі қараның санын көбейткен. Былтыр құрылған «Көшу» шаруа қожалығы 25 сүтті қашар сатып алыпты. Келер жылы сүт өнімдерін шығаратын кешен салмақ. Сондай-ақ, округ әкімі алдағы жылы ауылға тұщы су тартылатынын айтты.

Аллаға шүкір, қазір ауылда көгілдір отын бар, келер жылы ауызсу тартылса, халықтың жағдайы жаман болмасы анық. Биыл тұщы су жобасын жасауға 16 миллион теңге бөлінді. Барлық құжат мемлекеттік сараптау комиссиясына жіберіліп, дайын тұр. Ауыл шетінен ұңғыма  қазып қойдық. Келер жылы құбыр тарту жұмыстары басталмақ. Қазір халық өздері қазып алған құдықтан ішіп отыр. Ауыл бойынша 107 құдық бар, — дейді Сердалы Жаназаров.

Округ әкімі ауылды көркейту жұмыстары бұнымен тоқталып қалмайтынын, алдағы уақытта бірқатар шаруалар қолға алынып, мәдениет үйі секілді нысандардың жөндеуден өтетінін айтты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Елбасымен кездескісі келеді

 

Тәуелсіздік құрдасы Нұрсұлтан Назарбаев Хромтау қаласында тұрады. Елбасымен аттас  жігіт  есімін мақтан тұтады. Нұрсұлтанның есімін нағашы атасы Нұрғазы қойыпты. Түсінде асау тұлпарға құрық сала алмай жүрген Нұрғазы өзіне Елбасының қарап тұрғанын көреді. Бұны жақсылыққа жорыған ақсақал сол күні дүниеге келген жиен немересінің атын Нұрсұлтан қояды.

— Аты-жөніме қатысты түрлі қызықты оқиғалар болды. Көпшілігі сенімсіздік танытып жатады. Оқушы кезімде бокспен шұғылдандым. Республиканың әр аймағында өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Бокстан спорт шебері атандым. Сол уақытта қарсыластарым және  жиналған жұртшылық аты-жөнім аталғанда таңдана қарайтын. Кейін үйреніп кеттім. Бірақ Елбасы есімін иеленгеннен кейін әр жұмысыма жауапкершілікпен қарап, ол кісінің атына кір келтірмеуге тырысамын, — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бір қызығы, Нұрсұлтан Елбасы секілді металлург болмаса да, осы салада еңбек етіп жүр. Қазір «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-да жүргізуші болып жұмыс істейді. Зауыт жұмысшыларын шахтаға апарып, алып келеді. Он бес жасынан бастап көлік жүргізуді үйреніпті. Осыдан бір-екі жыл бұрын «БелАЗ», «КамАЗ» секілді ірі көліктерді  жүргізген. Хромтау қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжді  электрик мамандығы бойынша бітіріп, қазір Ресейдің Магнитогорск мемлекеттік техникалық университетінде осы мамандық негізінде сырттай білім алып жатыр.

Нұрсұлтан бос уақытында спортпен шұғылданады. Үйдегі 93 жастағы әжесі Бибіажар мен қарындасы Әлияға көмектеседі.

Нұрсұлтан бес жасында әжесі екеуі Алматы қаласына Елбасымен кездесуге барыпты.  Өкінішке қарай, сол уақытта Мемлекет басшысы Қостанай облысына іс-сапармен кетіп, Президент әкімшілігінің қызметкері оларды «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісімен кездестіреді. Кейін Нұрсұлтан туралы «Кішкентай Назарбаев» деген мақала жарияланады.

—Болашақта Елбасымен кездескім келеді. Сол күннің туатынына үміттімін. Егер Елбасымен кездесер сәт туса, осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқаныма және ел бірлігі  үшін ол кісінің сарабдал саясатына алғыс айтар едім, — дейді Нұрсұлтан.

Жас жігіт оқуын тамамдаса, кәсіпкерлікпен айналысқысы келеді. Ол Кедендік одақ аясында сырттан тауар әкелуге, елдегі өнімді сыртқа шығаруға мүмкіндіктің  мол екенін айтады. Алдағы он жылда өзін жұмысы алға басқан кәсіпкерлердің қатарынан көру үшін аянбай тер төкпек.  Сөзі салмақты, ойы ұшқыр жігіттің алға қойған жоспарының орындаларына біз де сенімдіміз.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Ауыл мектебі: 270 оқушы, 2 «алтын белгі»

 

Биыл Бөгетсай ауылындағы орта мектеп аудан бойынша үздік атанып,  оқушыларды сапалы біліммен сусындатқаны үшін мектеп-гимназия  дәрежесіне ие болды. Мектеп директоры Дастанбек Бөлтенов бұл ең алдымен ұстаздардың еңбегі екенін айтады.

Мұғалімдер оқушының сапалы білім алуы үшін тынбай еңбектенеді. Мәселен, өткен жылы екі оқушы «Алтын белгіге» ие болса, биыл төрт оқушы үміткер болып отыр.  Ал ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткішіміз — 95,7 пайыз. Жалпы мектепте  оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Интерактивті тақта және интернет жүйесімен жарақталған. Соңғы жылдары математика пәнін тереңдетіп оқыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүрігізіліп, қазір осы бағытқа біржола ден қойдық. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін он бір үйірме жұмыс жасайды. Оның ішінде би, ән, қазақша күрес, гір тасын көтеру, теннис секілді спорт түрлері бар. Білім ордасындағы жас мамандарға да қолдау танытылады. Биыл екі маманға үй берілді, — дейді мектеп басшысы.

Мектепке күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін 94 миллион теңге қаржы бөлініпті. Биыл оның 56 миллионына білім ордасының есік-терезесі, едені, электр жүйесі мен жылу батареялары ауыстырылған. Ал қалған қаржыға келер  жылы  жылу қазандығы мен сырты жөндеуден өтеді. Мектепте 270 оқушы білім алады. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына ерекше қамқорлық көрсетіледі. Жыл басында оқу құралдары бірінші кезекте осы топтағы балаларға беріледі. Дастанбек Бөлтенов биыл ата-анасынан айырылған баланы қамқорлығына алғаны үшін Алтынгүл Рысмағанбетованы жұмысқа орналастырыпты. Алтынгүл қазір мектепте кіші қызметкер болып еңбек етеді.

Үйде екі баламыз. Әкем ертеректе қайтыс болды. Мен тұрмысқа шыққаннан кейін үйде анам мен інім қалды. Өткен жылы анам ауыр науқастан көз жұмды. Менен басқа қамқоршысы жоқ інімді жалғыз қалдыра алмадым. Заңды түрде оны қамқорлығыма алып, Хромтаудан отбасыммен көшіп келдім. Өзімнің үш балам бар. Осында келген соң мектеп басшысы мені жұмысқа алды. Қазір, шүкір, жағдайымыз жақсы. Ауыл әкімі мен мектеп басшылығы тарапынан ініме әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ауыл кәсіпкерлері киім-кешек, оқу құралдарын алып береді. Қазір інім сегізінші сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Спортпен шұғылданады, — дейді Алтынгүл.

Білім ордасында ата-ана қамқорлығынан тыс қалған осындай екі оқушы бар. «Мектепке жол» акциясы аясында бұл оқушыларға  көмек көрсетіледі.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Несиеге келген қойлар

 

Биыл Хромтау ауданына  шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 141 миллион теңге несие  берілген. Бүгінде аудан кәсіпкерлері несие алып, ісін дөңгелентіп отыр. Ал мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыға қол жеткізіпті. Мәселен, Тассай ауылдық округіне қарасты «Бөкейхан» шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Юсупов аталған акционерлік қоғамнан 8 миллион теңге несие алып, жергілікті шаруашылықтардан  биязы жүнді 330 қазақы қой сатып алған.

— Осыдан он шақты жыл бұрын қожалық құрып, егін шаруашылығымен айналыса бастадым. Ал қазір мал шаруашылығына біржола бет бұрдым. Қожалыққа қарасты 1500 гектар жердің  600 гектарына ғана егін егемін. Ал қалған бөлігін жайылым ретінде пайдаланып отырмын. Негізінен қой мен ірі қараны көбейту жоспарда бар. Биыл несие алып, қой санын көбейттім. Оның ішінде Ырғыз ауданындағы «Алтын-Әсел» шаруа қожалығынан 18 бас асыл тұқымды қошқар сатып алдым. Келешекте қойдың санын мыңға жеткізгім келеді. Бұрынғыдай емес, қазір мемлекет  несие алу үшін шаруаға бар жағдай жасап отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі несиені қалай алу керектігін, қандай құжат қажет екенін түсіндіріп, құжат рәсімдеуге көмектесті. Егер осы несиені алмағанда малды бұлай көбейте алмас едім, — дейді қожалық басшысы.

Қожалықтағы  568 қой мен 27 ірі қара аудан орталығынан жетпіс шақырым жердегі  Үшбұлақ ауылының маңында жайылады. Қазір қожалықта бес адам жұмыс істейді. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша екі адамды жұмысқа алыпты. Олардың еңбекақысының елу пайызын мемлекет төлесе, қалғанын қожалық басшысы береді. Малшылардың еңбекақысы да уақытында төленеді.

Сондай-ақ, биыл 250 гектар жерге күнбағыс егіп, оны облыстағы май шығаратын зауытқа тапсырыпты.

«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, болашақта мал басын көбейткім келеді. Бірақ бізді қинайтын мәселе — ет тапсыратын орталықтың жоқтығы.  Бейнеттеніп өсірген малды алыпсатарларға арзан бағаға өткізгің келмейді. Осы мәселені тиісті орындарға айтқанымызда, келер жылы шешімін табатынын айтты. Ал қазір қойдың етін  қала базарларына апарып келісін 850 теңгеден сатып жүрміз. Егер ет алатын арнайы орталық болса, сойған малды қалай өткіземін деп қиналмас едік. Сондай-ақ, қазір  қойдың жүні де арзан бағаға  кетеді. Келісін 30 теңгеден облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктерге тапсырамыз, — дейді Нағашыбай Юсупов.

Қожалық басшысы бұндай қиындықтарға қарамастан шаруашылықты кеңейтуге күш салып жатыр. Жазда сауын сиыр ұстайды. Сүт, айран, сүзбе секілді өнімдерді аудан орталығы мен Ақтөбедегі базарларға апарады.  Келешекте екпе шөп өсірумен, оның ішінде судан егумен айналыспақ. Бұл уақытта судан жеген сиырдың  сүті молаяды әрі малға қажетті жемшөп те аз мөлшерде дайындалады.  Сондай-ақ, Нағашыбай Юсупов биыл қысқа сақадай сай отырғанын, қажетті азық ерте әзірленгенін айтты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button