Жастар

Жастардың жолы — нұрлы болашақ

Өткен жұмада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының күмбезді залында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының ұйымдастыруымен

1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Жастар — нұрлы болашақ жолында» атты облыстық жастар форумы өтті.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ақниязов, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылары,  қоғамдық бірлестіктердің  жетекшілері, белсенді жастар мен студенттер қатысты.

Жиында алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова форумға жиналғандарды 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, тілегін білдірді.

—    Бүгінгі 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай  жастар форумы биыл кең көлемде ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, ең алдымен, сіздерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын.

Екіншіден, «Жастар — нұрлы болашақ жолында» атты облыстық жастар форумын ашық деп жариялай отырып, осы шараға арнайы келген барлық қатысушыға алғысымды білдіремін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ел ертеңі — жалындаған жастар. Ал олардың бүгінін жарқын ету — билікке жүктелетін бірегей міндет», — деген болатын. Сондай-ақ, Президент  елімізде іскер жастардың беделін көтеру, оларға мейлінше мемлекет тарапынан қолдау таныту қажеттігі турасында да өз Жолдауларында баса айтқан еді.  Бүгінгі күні бұл тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қолдау тауып, лайықты нәтижесін беріп жатыр. Жас кәсіпкерлердің қатары да  жыл сайын толығып, олар ел экономикасының өркендеуі жолында сүбелі үлес қосып келеді. Ал біздің облысымыздағы белсенді жастар қатары көбейіп, әртүрлі мәдени-әдеби іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар өз идеялары мен ұсыныстарын үнемі біздің назарымызға ұсынып отырады. Елдің болашағы — білімді жастар десек, бүгінгі күні  әрбір оқу орнында білім алып жатқан жас маман жақсы білім алып, ертеңгі күні еліміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосады. Сондықтан бүгінгі форум облыстағы барлық жастарға жігер береді, үлкен мақсаттарға ұмтылдырады деп ойлаймын.

Форумға қатысушы жастарға бақытты болашақ, үлкен жетістіктер, денсаулық тілеймін, — деді Сара Нұрқатова. 

Бұдан кейін облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова сөз алып, ұйымның биылғы жылы атқарған жұмыстары жөнінде баяндай келіп, осы істердің жүзеге асуына жергілікті билік, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді.

Бүгінгі күні облысымызда үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Қауымдастықтың құрамындағы барлық қоғамдық бірлестіктер, орталықтардың жетекшілері — өз істеріне берілген, тәжірибесі мол, әрдайым қамқорлық көрсетіп жүретін жандар. Осылардың ішінде облысымызға есімдері танымал  Ғалымжан Байдербес, Нұрлан Үдербай, Құралай Бәйменова, Федор Чемоданов, Кеңес Бірманов сияқты азаматтарды ерекше атауға болады. Олар — жастарға үлгі болатын азаматтар.

Ал үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстарына келер болсақ, биылғы жылы облыс орталығында біршама әлеуметтік жағдайы төмен, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің тарапынан қаржылай көмек те берілді.

Қазіргі кезде қауымдастық мүшелері облыстағы мемлекеттік мекемелермен,  ұйымдармен бірлесе отырып, мәдени-көпшілік, қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Сондай-ақ, бірлескен жұмыстардың нәтижелері мен қауымдастық құрамындағы бірлестіктер мен орталықтардың жасаған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, оның ішінде телеарналар, газет-журналдар арқылы жұртшылық назарына ұсынып отырады.

Қорыта айқанда, жүйелі түрде жұмыс атқарсақ, облыстағы мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен азаматтарға қамқорлық жасасақ, ол көпке үлгі болады деп ойлаймын. Бүгінгі форумға қатысып отырған барлық жастарға, үкіметтік емес ұйымдар мен мекемелердің басшыларына алғысымды білдіремін, — деді Айгүл Дүйсенова.

Шара барысында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Бибігүл Ақжігітова облыстағы жастармен жасалынып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

Осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасымыздың берген тапсырмаларын орындау мақсатында Ақтөбе облысының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы құрылып, ағымдағы жылы  өз жұмысын бастады.

Бүгінгі күні ауылдық округтерде жастармен жұмыс жүргізетін 124 нұсқаушы-әдіскер бар. Ауылдық округтердегі жастармен жұмысты жүргізу, негізінен, жастар ісі жөніндегі кеңес хатшыларына және белсенді жастарға жүктелген. Қазіргі кезде орталықтар материалдық-техникалық базамен толықтай қамтамасыз етіліп, мамандар бекітілген.

Айта кету керек, бүгінде облыс тұрғындарының жалпы санының 30 пайызы — 14 пен 29 жас аралығындағы жастар.  Биылғы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін облыс бойынша 197 миллион теңге бөлінді.

Қазір облыста 39 жастар ұйымы қызмет істейді. Оның ішінде 22-сі —  Ақтөбе қаласында, 17 ұйым облыстың барлық аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, облыста 19 этно-мәдени бірлестік бар. Олар Қазақстан халқының тарихи-мәдени, этносаралық татулық пен басқа да құндылықтарды жастар арасында насихаттау мақсатында қызмет атқаруда. Сондай-ақ, студенттер мен ауыл жастары жазғы демалыс кезінде студенттік құрылыс пен «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарында жұмыла жұмыс жасап, табысты еңбек етті. Биыл  «Жасыл ел»  жасағында 2585 жас жұмыс жасады. Оның ішінде қала бойынша – 1282 адам, аудандар бойынша 1300 адам еңбек етті.  Жыл қорытындысы бойынша аталмыш жасақтар 20-дан астам объектілерде жұмыс атқарды.

«Жасыл ел» жобасына биылғы жылы да облысымыздың жұмыссыз жастары тартылып, 588  жас жұмыспен қамтылды. Еңбек маусымының қорытындысы бойынша үздік 107 жасқа облыс әкімі атынан Астана қаласына жолдама берілді.

Жастар ресурстық орталықтарының ықпалымен облыс бойынша 185 жұмыссыз жас тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, оның 8-і — мүмкіндігі шектеулі жастар, — деді Бибігүл Жақсыбайқызы.

Оның айтуынша, биылғы жылы білімді, белсенді жастардың ішінде 297 студент облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бір жолғы стипендиясына ие болыпты. Сондай-ақ, облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2 пайызға төмендеген.

Жиын барысында форумға қатысушы жастардың атынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жастармен жұмыс жөніндегі комитетінің жетекшісі Әлібек Қаратаев сөз сөйлеп, «Біздің, жастардың, жеңістері мен жетістіктері — қажырлы еңбек пен мақсатқа жетуге деген құштарлықтың нәтижесі. Осындай қасиетті біз ер жүрек аға-апаларымыздан үйрендік, ұлттық тәрбие арқылы бойымызға сіңірдік. Біздің жетістіктеріміз ел үшін, Елбасы үшін, болашақ үшін!» — деді шын жүрегінен ақтарыла.

Артур Азиев, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі:

Бүгінгі жастар форумы облыстағы жастарға жаңа серпін беретін, тың идеялар туындауына ықпал ететін шара деп ойлаймын. Бұл шара облыс көлемінде биыл кең ауқымда өтіп отыр. Осындай шаралардың жастар үшін маңызы зор. Себебі, олардың жаман әдеттерден аулақ болып, білімге, өнерге деген ынта-ықыласы еселеп, рухани дамуына ерекше әсер етеді. Бүгін қаладағы, аудандардағы белсенді жастар марапатталды. Олардың ішінде мен де облыс әкімінің Алғыс хатын иелендім. Өте қуаныштымын. Жастар — қоғамның белсенді мүшесі болуы тиіс. Сонда ғана ел экономикасының іргесі берік, болашағы сенімді болмақ.

Форумда Сара Нұрқатова  жастар саясатын жүзеге асыруға, облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына зор үлесін қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың, жастар қоғамдық бірлестіктерінің төрағаларын, жоғары және арнаулы оқу орындарының белсенді студенттері мен жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілерін, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан Алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтар табыс етті.

Шараны А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің өнерлі оқушылары «Жаса, Қазақстаным!» әнімен аяқтады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button