Денсаулық

Ақтөбеде алғаш рет бүйрек ауыстырылды

Облыстық клиникалық ауруханада екі күн қатарынан ҚР ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы  Жақсылық Досқалиев бастаған мамандар мен жергілікті хирург дәрігерлер екі адамның бүйрегін ауыстырды. 

 

Мемлекеттік тапсырыс: 10 бүйрек, 2 бауыр

 

Алғашқы күні дәрігерлер апалы-сіңлілі екі адамға ота жасаса, келесі күні ағалы-інілі екі адамның бүйрегін ауыстырды. Ота жасау сәтін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина универститетінің жоғарғы курс студенттері мен хирург дәрігерлер арнайы монитордан қарап отырды. Білікті ғалым ота жасаудың медициналық әдіс-тәсілдерін түсіндірді.

Жалпы бұндай ота еліміздің батыс өңірі бойынша алғаш рет жасалып отыр. Бұған дейін ішкі мүшені ауыстыру отасы Алматы мен Астана қалаларындағы ірі орталықтарда жүзеге асырылып келді.  Облыстық аурухананың бас дәрігері Самат Данияров алдағы уақытта бұндай мүмкіндікке ақтөбелік дәрігерлер де қол жеткізетінін айтты.

Облыстық аурухана заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақталған. Бүйрек ауыстыруға қажетті медициналық құралдардың барлығы бар. Жыл басында сегіз дәрігер  ішкі мүшені ауыстыру трансплантациясы бойынша арнайы курстан өтті. Атап айтсақ, хирург  дәрігер Әлмырза Жанәділов Жақсылық Досқалиевтің қарамағында тәжірибесін шыңдаса, алты дәрігер мен бір медбике Беларусь елінің астанасы Минск қаласындағы республикалық орталықта білімін жетілдірді. Сондықтан трансплантология орталығының мамандарын шақыртып, аурухана дәрігерлерінің тәжірибесін шыңдауға күш салып отырмыз. Бұл жолы ота кезінде Астанадан келген  мамандар  біздің дәрігерлерге ота жасаудың  медициналық әдістерін  үйретеді. Ал келер жылдан бастап бұндай ота түрін өзіміздің дәрігерлер жасайтын болады. Алдағы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша он бүйрек, екі бауыр алмастыру отасы жасалады. Бұндай медициналық көмек республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болғандықтан, науқастарға тегін жүргізіледі, — деді С.Данияров.

Елімізде жылына мыңнан аса  науқас донордың көмегіне мұқтаж. Олар республика бойынша бүйрек ауыстыру тізіміне тұрады. Ел медицинасының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, кейбір азаматтар кезегін күтіп жүріп көз жұмады. Ал  енді бірі шетелге баруға мәжбүр.

Қазір облыста 230 адамның бүйрегін ауыстыру керек. Олар гемодиализ арқылы өмір сүріп жатыр. Гемодиализ дегеніміз — арнайы аппарат арқылы, яғни адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Себебі созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде зәр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмайды. Бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Ал  гемодиализ арқылы адамның қаны тазартылып отырады.

 

Ақтөбе медицинасының болашағы зор…

 

Түстен кейін трансплантология орталығының мамандары баспасөз кеңесін өткізді. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев Астанадан келген мамандарға алғысын айтты. Содан кейін Жақсылық Досқалиев сөз алды.

—  Әлемде адамның ішкі мүшелерін ауыстыру ең жоғары деңгейде көрсетілетін медициналық қызмет  болып есептеледі. Осы көмек түріне  ақтөбеліктер де  қол жеткізіп  отыр. Бүгінгі бүйрек ауыстыру отасы  — Ақтөбе медицинасының тарихына жазылатын маңызды оқиғаның бірі. Себебі бұндай медициналық қызмет  еліміздің батыс өңірінде алғаш рет жүзеге асып отыр. Жалпы ішкі мүшелерді ауыстыру отасын жасауда  Ақтөбедегі медициналық мекемелердің  мүмкіндігі зор. Өйткені бұл  өңір медицина саласының білікті мамандарын даярлауда республикада алдыңғы қатарда тұр. Оны осы аймақтағы  медицина университетімен байланыстыруға болады. Бұл оқу ордасында мықты профессорлар сабақ береді. Мәселен, ота жасау үшін  Астанадан келген жеті дәрігердің бесеуі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  түлектері. Сондықтан Ақтөбе медицинасының болашағы зор, — деді Жақсылық Досқалиев.

Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, қазір елімізде ішкі мүшелерін ауыстыруды қажет ететін адамдардың қатары  өте көп. Оның ішінде республикада бүгінгі күні 1700-ден астам адам бүйрек ауыстыруға, 1400-ден астам адам бауыр ауыстыруға мұқтаж.  Ал 170 адамның жүрегі аппарат арқылы соғып тұр. Егер жүрегін жақын күндері ауыстырмаса, олар өмірмен қоштасуы әбден мүмкін. Оның айтуынша, донор тапшылығына байланысты науқастың мүшесін  уақытында ауыстыруға әзірге елімізде мүмкіндік жоқ.

—  Еліміздегі осы мәселелердің барлығы мемлекет тарапынан ескеріліп, арнайы орталық құрылды. Орталықтың мамандары әр облыста жұмыс істейді. Олардың міндеті —  ішкі мүшесін ауыстыруды қажет ететін адамдарды тізімге алу, донор іздеу,  ота жасату, отадан кейін әрі қарай сауығып кетуіне ықпал ету. Ақтөбеде бұл жұмыстармен кәсіби маман Валентина Арыстанова айналысады. Мәселен, осыдан екі ай  бұрын өлген адамның өкпе, жүрек және екі бүйрегі  алынып, науқас жандарға  салынды. Жалпы елімізде көп жағдайда  науқасқа туыстары ғана  донор болып жатады, — деді ғалым.

Жақсылық Ақмұрзаұлы  еліміздің медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі жыл сайын жақсарып келе жатқанын тілге тиек етті. Ол осыдан екі жыл бұрын республикада ішкі мүшелерді ауыстыру бойынша төрт клиника жұмыс жасайтын болса, қазір олардың саны онға жеткенін, еліміздің  батыс аймағы бойынша бұндай ірі орталық  Ақтөбеде қалыптасатынын айтты.

Баспасөз мәслихатында  Жақсылық Досқалиев ота жасатқан науқастар мен донор болған азаматтардың денсаулығы жақсы екенін мәлімдеді.

Бұл азаматтарға ота жасалмас бұрын дәрігерлер оларды арнайы тексеруден өткізді. Ішкі мүшелердің талшықтарына дейін сәйкес келетіндігі тексерілді. Екі науқасқа да ота сәтті жасалды. Аурхана дәрігерлері мен озық технологияның арқасында ота жасауда ешқандай қиындықтар болған жоқ. Барлығы сәтті өтті. Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты. Зәр шығару мүшелері іске қосылды. Донор болған азаматтардың да денсаулығы жақсы,  — деді білікті хирург.

Алғашқы бес күн бойы науқастар жан сақтау бөлімінде жатады. Оларды трансплантология орталығынан келген білікті хирург, алты жыл Жапонияда осы бағытта білімін жетілдіріп, жұмыс істеген  Марлен Досқали қадағалайды. Бұдан кейін олар палатаға шығарылып, кейін оңалту орталығына жіберіледі.

 

Ата-ананың алғысы

 

Жиында екі бірдей баласына ота жасатқан  Мұқанбетқали Смайлов дәрігерлерге алғысын жаудырды.

—  Екі балам ота үстелінде жатқанда жанымды қоярға жер таппадым. Бірақ, Аллаға шүкір, сіздердің алтын қолдарыңыздың арқасында балаларымның жағдайы тәуір екенін естіп, қуанып отырмын. Алла сіздерге ұзақ ғұмыр берсін, — деді көзіне жас алып, әрі қарай сөйлей алмаған  Мұқанбетқали.

Мұқанбетқали Шалқар ауданы Айшуақ ауылының тумасы. Осыдан төрт жыл бұрын алты баланың ортаншысы 34 жастағы Қасым ауыр бүйрек дертіне шалдығады. Үш жыл қатарынан гемодиализ арқылы  ем алған. Кейін дәрігерлер бүйректі  ауыстырмаса, Қасымнан  айрылып қалатынын айтқан. Бауыры үшін 25 жастағы інісі Жасұлан бүйрегін беруге келіседі.

— Ағамның жағдайы барлығымыздың жанымызға қатты батты. Әсіресе үш баласы мен әйеліне қиын тиді.  Бүйрек ауыстыру керектігін естігенде, не істерімізді білмедік. Барлығының да отбасы,  бала-шағасы бар. Бірінің денсаулығы көтермесе, екіншісі тәуекелге бара алмады. Сырттан донор іздеп те көрдік. Бірақ ол үшін қыруар қаржы керек екен. Ал ондай мүмкіндік бізде жоқ. Осы қиындықтан бізді үйдің кенжесі, бойдақ інім Жасұлан құтқарды. Ол бүйрегін беруге келісті. Ұзақ тексеруден кейін, міне, ота жасалып отыр. Енді Алладан екі бауырымның аман-есен ортамызға оралуын тілеймін, — деді қарындасы Гүлнара.

Ал ауыр бүйрек дертіне шалдыққан 33 жастағы Сағынгүл Мамбеталинаның анасы Зоя да қызы үшін жанын шүберекке түйгенін айтады.

—  Қызымның ауыр дертке шалдыққанын естігенде отбасымызбен қиналдық. Күйеу балам Қытай мен Ресейге де апарып келді. Бірақ дәрігерлердің барлығы бүйрек ауыстырмаса, бұл дерттен айығу  мүмкін емес екенін айтты. Осыдан кейін донор іздедік. Бірақ бүйректі сатып алуға қаражат таба алмадық. Сондықтан 22 жастағы қызым Сабина донор болуға келісті. Алғашында екі қызымның жағдайы қалай болар екен деп, қатты уайымдадым. Тіпті қан қысымым көтеріліп, ауырып та қалдым. Ал қазір жүрегім орнына түсіп отыр, — деді анасы Зоя.

Жолдасы Азамат Мұқанов жарының денсаулығына алаңдайтынын, балдызы Сабина мен дәрігерлерге алғысы шексіз екенін айтты.

Жақсылық Досқалиев науқастың туған-туыстарына барлығы жақсы болатынын айтып, жиналғандарды  салауатты өмір салтын ұстанып жүруге шақырды.

Сондай-ақ ол отаның сәтті шығуына  астаналық Болатбек Қаюпов, Ғани Құттымұратов секілді дәрігерлердің сіңірген еңбегі зор екенін айтты.

 

Эндопротез және эмбалия

 

Самат Данияровтың айтуынша, қазір емдеу мекемесіне  инновациялық технология енгізіліп жатыр.  Мәселен, аурухананың урология бөлімінде бүйректегі тасты ультрадыбыс арқылы үгітетін аппарат жұмыс істейді. Осы аппарат арқылы несеп жолындағы тасты үгітіп, науқасты пышаққа түсуден сақтауға болады. Қазіргі таңда жүз елуден астам адамға осындай ем жүргізіліпті.  Ал травматология бөлімінің дәрігерлері жарақат алған азаматтарды мүгедек болудан сақтап қалудың жаңа әдісін қолданып жатыр. Мәселен, сынған жамбас пен тізе буындарына эндопротез салынады.

— Бұрын бұндай науқастар мүгедек болып қалатын немесе бір жылдан астам уақыт Астана қаласындағы травмотологиялық орталықта кезекте тұратын еді. Қазір дамыған медицинаның арқасында адамдардың аяққа тұрып кетуіне жағдай жасалып отыр. Соңғы екі айда 22 адамға эндопротез салынды. Келер жылы жүз адамға ота жасалады. Сонымен бірге қараша айында төрт әйелдің жатыр миомасына инновациялық әдіспен ем жүргізілді. Бұрын бұндай ауруға шалдыққан әйелдің жатыры алынып тасталып,  бала туу мүмкіндігінен айрылатын еді. Ал қазір эмбалия арқылы миомаға келіп тұрған қан тамыры бітеледі, қан келмегеннен кейін миома семіп қалады. Осылайша әйелдің жатырын сақтап қалуға болады. Жалпы бұндай әдіс дамыған елдерде жиі қолданылады, — деді бас дәрігер.

Аурухана басшысы  алдағы уақытта да ұлттық медицина орталығымен тығыз байланыс орнатылатынын айтты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button