Басты жаңалықтар

Ақтөбе жәрмеңкесінде Үсен төре өнер көрсеткен

1870 жылы патша өкіметі Ақтөбе бекінісінде жәрмеңке ашуға рұқсат беріпті. Бұған Торғай облысының сол кездегі әскери губернаторы Баллюзектің тікелей ықпалы тиген. Ол жоғары жаққа қазақ даласында жәрмеңкелердің санын көбейткен жағдайда, «орыс көпестері арзан бұйымдарын қымбат бағаға сата алатын кең де пайдалы өткізу орындарын ашып,  рыноктан ортаазиялық бұйымдарды ығыстырып шығара алады» деп дәлелдеген.

Ақтөбеде сауда қатынастарының дамуы  қала тарихының бір бөлшегі саналады. Осы тақырыпқа орай біз Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбековті әңгімеге тартқан едік.

Жалпы, Ақтөбе бекінісінде тұрақты сауда сөрелері (лавка) алғаш 1869 жылы-ақ Татар слабодасында салынып, жұмыс жасай бастады. Алғашқыда саудагерлердің ісі көңілдегідей жүре қоймады: малға, мал өнімдеріне және 1 пұты 5-6 тиын тұратын тарыға айырбас сауда жүргізілді. Тауар жергілікті халыққа өте қымбатқа сатылды. Мәселен, «матрешка»  шөбі араласқан шайдың 1 фунты 2 рубль, қанттың фунты – 20-25 тиын, шыттың ең арзан түрінің 1 аршыны 18-20 тиыннан сатылды.

Ақтөбе бекінісіндегі ең алғашқы ірі саудагер Емельян Тухтин болып саналды, оның  ісінің жылдық тауар айналымы 50-60 мың сом болды. 1869 жылы ол әскери губернатордың рұқсатымен Ақтөбеде бірінші рет шарап қоймасын ашты.

Ал 1870 жылы ашылған Ақтөбе жәрмеңкесі өзінің күнделікті жұмысында Ресей ішкі істер министрі, генерал-адъютант Тимашев бекіткен ереже бойынша жұмыс жасады. Ережеде орындардың жеребе арқылы бөлінетіні, әр орынның көлемі, құны, басқа да мәселелер нақтыланған. Ал туындаған дауларды ауызша сот, уездік соттармен қатар, «қазақтардың халықтық дәстүріне сай шешулеріне болады» деп атап көрсетілген.

Жәрмеңке жыл сайын 15 шілдеден 15 тамызға дейін өткізілетін болды.

1870 жылы ашылғанымен, іс жүзінде Ақтөбе жәрмеңкесі тұрақты түрде тек қана 1895 жылдан бастап кеңінен өткізіле бастады. Оның басты себебі жәрмеңкелерге келген саудагерлер өте аз болды. Сонымен бірге алғашқы кезде Ақтөбе уезінің және іргелес уездердегі (Ырғыз, Темір) қазақтардың сауда ісімен айналысу тәжірибесінің болмауы да жәрмеңкедегі сауда деңгейінің төмен болуына өз әсерін тигізді.

Ақтөбе жәрмеңкесі 1876-1880 жылдар аралығында 5 жыл бойы өтпей қалды.

Мұның себебі – жәрмеңке мерзімінің Орынбор айырбас алаңындағы жәрмеңке уақытымен сәйкес келетіндігі. Соған байланысты Орынбор әкімшілігі ақтөбелік жергілікті саудагерлердің өтінішін ескеріп, жәрмеңкелердің өткізу мерзімін қайта қарап, Ақтөбе жәрмеңкесі 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткізілетін болды.

Ал Орынбор айырбас сарайында Ақтөбе уезі қазақтарының сауда жасауына осындағы жәрмеңкеде базарбасы болып жұмыс атқарған Бөрте болысының биі Меңдіғұл Ешмұхамбетов өзінің көп көмегін тигізген. Ол орысша және қазақша жақсы білетін болғандықтан саудагерлер мен сатып алушылардың арасындағы таласты өте шебер шешіп, орыстар мен қазақтарды келісімге келтіріп отырған. 1891 жылы Ақтөбе уезінің қазақтары Орынбор айырбас сарайында 1741 түйе, 5128 жылқы, 3811 ірі қара, 5213 қой, 894 ешкі сатып, сауда айналымы 114 366 рубльге жеткен.

Ақтөбе уезі аумағынан Ресейден Түркістан, Орта Азия хандықтарына және оңтүстік өлкелерден Ресейге сауда керуендері мен көлік жолдары өтеді.

Тасымал жұмыстары негізінен жергілікті қазақтардың күшімен жүргізіліп, керуен тасыған қазақтар өздерінің түйелерінің қызметі үшін белгілі бір дәрежеде табыс тауып отырды. Ақтөбе уезінің қазақтары сауда ісіне тасымал кәсібімен айналысу арқылы да қатынасады. Тасымал ісімен негізінен түйелі қазақтар айналысады. Ақтөбе уезінің көшпелі қазақтарының иелігінде 1893 жылы 13 мың түйе болды. Осы түйелердің шамамен 20 пайыздан астамы керуен жолына тартылды. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Орынбордан Ташкентке тасымал бағасы әр түйеге 1 пұт тауар үшін 6-7 рубль болса, 1879 жылы тасымал бағасы едәуір өсіп, 18 рубльге дейін көтерілді.

Сөйтіп, тасымалмен айналысқан адам орта есеппен барлық шығындарын алып тастағанда жылына екі мың шақырым жол жүріп, екі рет Орынбордан Ташкентке кіре тартудан әр түйеден 25 рубль таза пайда тапқан.

1895 жылы Ресей ішкі істер және қаржы министрліктерінің рұқсатымен Ақтөбе жәрмеңкесі ашылатын күн 15 қыркүйектен 1 қыркүйекке ауыстырылып, бұл мерзім жәрмеңкеге қатысушылар мүддесіне сай келді.

1896 жылы 1 қыркүйектен 1 қазан аралығында өткізілген Ақтөбе жәрмеңкесінде барлығы 166 лавка жұмыс жасады. 1896 жылғы жәрмеңке тұсында – 29, 1897 жылғы жәрмеңкеде 33 асхана қазақтардың иелігінде болды. 1896 жылғы жәрмеңкеде 14 тігін шеберханасы, 5 ұстахана жұмыс жасады.

Ал 1897 жылы жәрмеңкеде жұмыс жасаған ұстаханалар 2,5 есе көбейіп, олардың саны 11-ге жетті. Осылардың ішінде 7 ұстахана қазақтардың иелігінде болды, 2 ұстахана Орынбор татарларының, 2 ұстахана Жаманқаладан келген орыстардың меншігінде жұмыс жасады.

Ақтөбе жәрмеңке комитеті 1901 жылы 30 қыркүйекте Торғай облысының әскери губернаторынан 1902 жылдан бастап Ақтөбеде 1-15 маусым аралығында екінші жәрмеңке ашуға рұқсат сұрап, ал Орынбор қазыналық палатасының меңгерушісі бұған өзінің қарсы болмайтынын хабарлаған.

Ақтөбеде екінші жәрмеңкенің ашылуы Темір (Қарақамыс), Көкжар жәрмеңкелерінің сауда жұмысына белгілі бір дәрежеде зиянын тигізеді деген қобалжуға қарамастан, 1902 жылы Ақтөбеде 9-23 мамыр аралығында екінші жәрмеңке ашылып, ол туралы Ресей ішкі істер министрлігіне және көршілес Орал, Сырдария облыстарына хабар берілген.

1903 жылы Торғай ауыл шаруашылығы қоғамы құрылды. Осы қоғамның құрылуына Торғай облыстық ветеринарлық (мал) дәрігері Колесников басшылық жасады. Қоғамның басты мақсаты мал шаруашылығының дамуын дұрыс жолға қою, ірі қара малдарды асылдандыру болды. Бұл қоғам құрылтайшыларының қатарында Ақтөбе уезінің малы көп байлары болған. Солардың кейбірінің аты-жөндерін атай кеткенді жөн көріп отырмын: Дербісәлі Беркімбаев, Ақметкерей Қосуақов, Әбіл Түлкібаев, Мәмбетжан Ибрагимов, Сабыр Кейкин, Мырзағұл Қойайдаров, Баймұхамед Наурызбаев. Ақтөбе уезінің ірі байлары негізінен Орынбор, Жаманқала, Көкжар, Ырғыз, Ақтөбе жәрмеңкелерінде мал сату арқылы капитал жинаған.

1907 жылы Ақтөбеде өткізілген күзгі жәрмеңкеге 67 саудагер келген. Олардың ішінде 11 саудагер Бұхар бұйымдарын сатумен айналысты. Осы жәрмеңкеге қазақ Қожа Ізбастиев деген саудагер 3000 рубльдің тері бұйымдарын әкеліп, оның жартысынан артығын (1600 рубль) сатқан.

Ал 1908 жылы Ақтөбе жәрмеңкесінің комитеті жанында қала бюджеті есебінен аудармашы қызметі енгізілді, бұл қызмет Ақтөбенің 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінің түлегі Ермұхамбет Нұрмұхамбетовке тапсырылған.

1908 жылы Ақтөбе уезі бойынша сатылған малдан 1 425 342 сом табыс түсті. Сонымен бірге 154 409 сомға тері, 51 918 сомға жүн сатылды.

Жәрмеңкеде Ақтөбе уезінің қазақтары сатқан мал және мал өнімдерін орыс, татар көпестері Оралдың өнеркәсіпті қалалары мен Мәскеу, Қазан және Новгород шаһарларына апарып сатты.

1909 жылы, 15 ақпаннан 1 наурызға дейінгі аралықта, қала басқармасының ұсынысы бойынша Ақтөбеде екі апталық екінші жәрмеңке өткізілді. Көктемгі жәрмеңке шаруашылық қажеттілігіне мал сатып алуға өте қолайлы болды. Осы жәрмеңкеде Самара губерниясынан келген Шихабалов деген миллионер көпес көктемгі егіс жұмыстары үшін жүздеген өгіз сатып алған.

Ақтөбе қаласы XX ғасырда үлкен сауда орталығына айналды. Сөйтіп, қала басшылығы Торғай облысының әскери губернаторы Страховскийге қалалық қоғамдық банктің несиелік негізін салу үшін 10 мың рубль бөлуін сұрап өтініш жасады. Ақтөбе қаласында қоғамдық банк 1910 жылы 10 қарашада өз жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне Торғай облысының вице-губернаторы  қатынасқан. Ақтөбе калалық басқармасы банк меңгерушісі қызметіне Федор Мещеряковті сайлады.

Тағы бір деректе 1911 жылғы 8 қыркүйекте Ақтөбе жәрмеңкесі ашылып, қазақтардың ораза айы аяқталмағанына байланысты жәрмеңкеге адам аз жиналғаны айтылған.

Айта кетейін, 1897-1915 жылдар арасында Ақтөбе уезіне 110 мың орыс ұлтының өкілдері қоныс аударыпты. Бұл бүкіл уезд халқының 45,4 пайызын құраған. Қазақ халқының саны табиғи өсім есебінен артып, уездегі қазақтар саны 126,9 мың адамға жетіпті.

Табиғи өсімге қарамастан уездегі қазақтар үлесі 1897 жылы 95 пайыз болса, 1915 жылы 52 пайызға төмендеп кеткен.

Ал 1915 жылы Ақтөбе қаласында 14 228 адам тұрды. Бұл тұста Ақтөбе уезінде қалалық және отырықшы елді мекендерде – тұрақты сауда, жәрмеңкелік сауда және қала саудагерлерінің өздері немесе солардың сауда шаруашылығын жүргізетін өкілдері (приказчиктер) арқылы ауылдарға, яғни жайлау мен қыстауларға шығып жасайтын сауда түрлері дами түсті. Сауда негізінен орыстар, татарлар және сарттар мен Бұхар еврейлерінің қолында болды. Орта Азия саудагерлері қазақтарға өтімді кілем, халат (шапан), жібек маталар, кептірілген жеміс-жидек әкелді. Ресей көпестері мануфактура, бакалея, темір және тері бұйымдарын саудаға салды. Ал қазақтар мал және мал өнімдерін сатты.

Қазақ даласындағы сауда мәселесіне байланысты орыс-татар бәсекесі туралы Рыбаков есімді зерттеуші: «Сан жағынан татарлардың үлес салмағы жоғары, мұнда да сауданы өз қолдарына ұстап отыр; құжынаған татарлар біреулеп-екеулеп арба дүкендеріне тауарларын артып, бүкіл өлкеге бытырап тарайды; міне, осы жүріс-тұрыстары кезінде олар орыс ісінің дұшпаны және екіжүзді, арам, мұсылманшылықты насихаттаушы болып табылады. Орыс саудагерлері неге даладан бойларын аулақ ұстайды және татар ықпалы мен саудасына неге қарсы тұрмайды екен деп, еріксіз таң қаласың. Ал қырғыз даласына келсек, ол – сауда іскерлігі мен табыстылығы үшін кең өріс», – деп жазған болатын.

Белгілі адамдар арасынан Ақтөбе жәрмеңкесіндегі сауда мекемелерінде Арынғазы ханның немересі Үсенмұхаммед Мұхамедқазыұлы (Үсен төре) қызмет атқарған. Ол өте сауатты адам болған. Орынбор ерлер гимназиясын бітіріп, әкімшілік қызметтер атқарған. Орынбор, Темір (Қарақамыс) жәрмеңкелерінде базарбасы болып қызмет еткен. Қарғалы маңында үлкен имениесі болған.

Ал оның күйшілік өнері жөнінде жұрт жақсы біледі. Үсен төре өмір бойы домбырасын қолынан тастамаған, атақты «Ақжелеңнің» 62 түрін түгел орындаушылардың бірі болған. Үсен төренің өнеріне Орынбор, Темір (Қарақамыс), Ақтөбе жәрмеңкелеріне жиналған қауым тәнті болып, таңдай қаққан.

Жазып алған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button