Күріш
Күріш ежелден бері ағзадағы шлактарды кетіріп, артық салмақтан арылуға көмектесетін әмбебап тағам ретінде қолданылады. Бұрындары Азия елдерінде үлкен сұранысқа ие болған күріш енді Ресейде де үлкен танымалдыққа ие. Дегенмен, күріш диетасы үшін бұл тағамды жүйелі түрде жеу ғана емес, белгілі бір талаптарды орындау да қажет. Талаптарды сақтамаған жағдайда, нәтиженің орнына сырқатыңызды асқындырып алуыңыз мүмкін.
Күріштің пайда болуы
Күріш (Оryza) – астық тұқымдасына жататын бір немесе көпжылдық өсімдік. Біздің заманымыздан бұрынғы 2000-3000 жылдары-ақ күріш қолмен егіле бастапты. Қазір күріш өсіру мәдениетімен бес құрлықтың, нақтырақ айтсақ, 112 елдің диқандары жақсы таныс. Негізінен, бұл дақылдың Отаны — Оңтүстік Шығыс Азия. Күрішті егіп, өсіруге байланысты ең көне деректерді ғалымдар біздің заманымызға дейінгі бесінші мыңжылдықтың орта тұсынан, Тайланд жерінен тауып отыр.
Бұл күндері күріштің жиырмадан астам түрлері Оңтүстік Шығыс Азия мен Африка, Америка, Австралия құрлықтарының тропиктік және субтропиктік аймақтарында өсірілуде. Кезінде Орталық Азияда да күріш өсірілген. Мұны ежелгі грек географы Стробан мен тарихшы Геродоттың еңбектері айғақтайды. Жалпы, Оңтүстік Шығыс Азия халқы үшін күріш — басты тағам.
Күріштің Оңтүстік Азияға жеткені жөнінде деректер әрқилы. Оңтүстік Азия диқандары күріш дәнін Қытайдан жасырын түрде алып шығып еккен деген де әңгіме бар. Кейбір деректерде Еуропаға бұл дақылдарды Александр Македонскийдің алып барғандығы айтылады. Басқа деректерде Еуропаға күріш дәнін апарғандар — арабтар. Еуропада күріш өсірілмейтін Англия, Финляндия, Норвегия тәрізді елдердің өзінде XVIII ғасырда бұл дақыл кең тараған. Ал Ресейге күріштің жеткен кезі — бергі 200 жыл шамасында. Қазақстанның Сыр бойына күріш өсіру кәсібінің ерте кезден-ақ келгені Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты. Ол уақытта қазақ даласындағы ең ірі сауда және мәдениет орталығы — Отырар қаласы болып, Ұлы Жібек жолы сол жерді басып өткен еді.
Жалпы, Қазақстанда аса маңызды азық-түліктік дақыл болып есептелетін екпе күріш (О.sativa) өсірілетін аймақ: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы Сырдария, Іле, Қаратал өзендерінің атырабы. Қазақ жеріндегі күріштің сипаттамасы: биіктігі 60-150 сантиметр, бір жылдық, шашақты тамыры 70-80 сантиметрге дейін кетеді, онда ауа жинап өткізуші ұлпалар — аэренхима дамиды, сабағының жоғарғы буыны аралығының іші қуыс, төменгі буын аралығының ішінде паренхималық ұлпалар бар. Жылуды, суды көп қажет ететін біздегі екпе күріштердің сортына сәйкес вегетациялық кезеңі 90-130 күн. Елімізде жыл сайын жан басына шаққанда, орта есеппен 9 келі күріш жинап алынады. Бұл тұтыну көрсеткішінен төмен. Дастарқандағы орны бойынша елімізде күріш бидайдан кейінгі екінші дақылға айналып отыр.
Күріштің қазақстандық сорттары
Кейбір Оңтүстік Шығыс Азия елдері (Қытай, Жапония, Вьетнам) күрішті көшеттен өсіреді. Қазақстанда көбірек өсірілетін күріш түрлері — Алакөл және Үштөбе сорттары. Бұларды шығарған Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары. Олардың өсірілетін жерлері негізінен, Қаратал өзенінің бойы. Қазақ даласында өсірілетін күріштің тағы бір түрі — Маржан сорты. Оны Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты шығарған. Қызылорда облысындағы күріш егістігінің 65-70 пайызында бұл дақылдың (өсімдіктің) осы сорты өсіріледі. Қазақстандық күріштің Алтынай деп аталатын да сорты бар. Қазақстан Ғылым Академиясының Өсімдіктер физиологиясы, генетикасы және биоинженериясы институтында шығарылған бұл күріш сорты негізінен, Іле өзенінің бойындағы Ақдала аймағында өсіріліп, мол өнім беріп келеді. Қызылордалық екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев 1947 жылы күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады.
Күріштің пайдасы
Күріш адам ағзасын жақсы тазалайтын қасиетке ие. Оның түрлі сұрыптарынан тағам дайындалады. Негізгі азықтық дақылдардың бірі саналатын күріш дәнінен – спирт, крахмал алынады, сыра қайнатылады, сабанынан қағаз жасалады. Кебегі — мал азығы. Күріш кебегінен жоғары сапалы май алуға да болады.
Күріш — калориясы төмен азық. Күріш несімен пайдалы? Күріштің құрамында глютена жоқ. Глютена дегеніміз — ағзада қатты аллергиялық реакция тудыратын ақуыздар. Күріш құрамындағы ауыр көмірсулар тағаммен адам ағзасына еніп, оның бұлшық етіне жинақталады да, күш-қуатты керегінше шығарып отырады. Күріштің құрамында магний, темір, В тобының дәрумендері бар. Ақуызға бай күріш ағзаны қажетті амин қышқылдарымен қамтамасыз етеді.
Күріш құрамындағы ауыр көмірсулардың көмегімен адам ағзасында күніне қант пен майлар құрамы өз мөлшерінде реттеліп отырады. Ағзаға өзге тағамдармен түскен зиянды заттарды да күріш өз бойына сіңіріп алып, залалсыздандырады. Сол себепті күріш арқылы ем-дәм (диета) ұстанғанда ағзадан тұз бен қалдықтар (шлактар) сыртқа шығады. Соның нәтижесінде, жүйке жүйесі жақсы жұмыс атқарып, ұйқы дұрысталады, бет терісінің түсі әдеміленеді, ауыздан жағымсыз иіс шықпайтын болады.
Күріштің құрамында калий бар. Ал калий —жүрек қан-тамырының жұмысына, дертіне шипалы. Өйткені ол жүректің бұлшық еттерін нығайтады, жұмысын жақсартады. Тағам болып ағзаға түскенінде, күріш ең алдымен тұзды (натрий) жояды, сол тұздың зияндылығы ағзадағы судың сіңімділігіне кедергі келтіруі. Яғни күріш ағзаны тұз бен артық судан арылтып, зат алмасу үдерісін жандандырады.
Күріштен жасалған тағам асқазан сөлінің қышқылдығы жоғары, гастрит, жарасы бар науқастарға да ем.
Күріш зиянды ма?
Диетолог-дәрігерлер тазаланған ақ күріштің зиянды жақтары да бар екендігін айтады. Себебі ол тазаланғанда құрамындағы дәрумендер мен пайдалы заттар қалмайтын көрінеді. Содан, тазаланған күрішті ас мәзірінде үзбей пайдаланғанда, жүрек қан-тамыр, қант диабеті, өзге де дерттер асқына түседі. Олай болса, бізге тазаланбаған және қоңыр күрішті тұтынған пайдалы.
Түр мен түс
Күріштің әртүрлі түстері бар. Ең пайдалысы, ашық қоңыр түсті күріш. Мұндай түсті дақылының құрамында біздің ағзамызға пайдалы зат мол.
Күріштің пішіні де әртүрлі болады:
Ұзын дәнді күрішті — Азия елдері мен Оңтүстік және Солтүстік Америкада, сондай-ақ, Австралияда өсіреді. Мұндай күріш пісірген кезде бір-біріне жабыспайды. Сол себепті, еуропалық және азиялық тағамдарды дайындағанда көп қолданылады.
Орта дәнді күріш — АҚШ, Бирма, Испания, Италия және Австралияда өсіріледі. Тамақ дайындаған кезде күріштің бұл түрі аздап жабысып қалуы мүмкін. Алайда, ол басқа азық-түліктердің хош иісін өзіне жақсы сіңіреді.
Дөңгелек дәнді күріш — бұл күрішті көп жағдайда отандық деп айтуға болады. Бірақ, Италия, Украина, Қытай және Жапониядан да әкелінуі мүмкін. Тағам дайындаған кезде ол өте жұмсақ болады, көп сұйықтықты сіңіретіндіктен, жиі жабысып қалады.
Ағзаны тазартуға арналған күріш диетасына жоғарыда айтылған сұрыптардың кез келгенін қолдануға болады.
Біле жүріңіз
Үздік үштік
Әлемге танымал диетологтар ең пайдалы, денсаулықты жақсартатын тағамдары көп асханаларды анықтады. Үштікке шығыс елдері еніп отыр. Олар: Жапония, Сингапур және Қытай.
Бірінші орын Жапония асханасының еншісінде. Күншығыс елінде халықтың бар болғаны 1,5 пайызы ғана май басудан зардап шегеді. Бұл ел — халқының ұзақ өмір сүретіндігімен көшбасшы. Ондағы адамдардың орташа өмір сүру жасы — 82 жас.
Қатерлі ісік, жүрек-қан тамыры аурулары, остеопороз сынды қатерлі аурулармен қартайған шағында ауыратындардың өзі сирек кездеседі.
Жапондықтардың ас мәзірі. Әлемдегі бірде-бір елдің асханасы дәл осы жапон халқының керемет өнімдері бар бай асханасы сияқты мақтана алмайды. Жапондықтардың тамақтанатын ең негізгі азық-түліктері: көкөніс, балық, теңіз балдыры, соя (бұршақ тұқымдас өсімдік), қарақұмықтан жасалған кеспе. Соя, көк шай, шиитаке саңырауқұлағы жасушаны қартайтып, мутацияға ұшырататын қышқылдандыратын күйзелісті болдырмайды. Ал күріш ағзадағы токсиндер мен ауыр металлдарды сыртқа шығарады. Орташа есеппен әрбір жапондық күндік есеппен тұзды көп мөлшерде пайдаланады: яғни күніне 35-40 грамм — бұл 5 шай қасығынан асатын мөлшер. Соның әсерінен болар, бұл елде гипертонияға ұшырағандар көп кездеседі. Бірақ атеросклероз бен стенокардия сияқты аурулар атымен жоқ деуге болады. Өйткені жапондықтар құнарлы теңіз балығын жейді. Оның құрамы жартылай қанықпаған омега-3 майлы қышқылына бай. Бұл заттар, қан тамырларын тазартады.
Жапон асханасының негізін құрайтын балдырлардың арқасында жергілікті тұрғындардың арасында йод пен селен жетіспеушілігі жоқ десе де болады. Йод пен селен жүздеген зат алмасу процесін қалыпқа келтіреді. Мысалы, гормон жүйесінің қызметін реттейді.
Белгілі өнімдері мен тамақтары: суши, тофу, соя соусы, мисо, көк шай, васаби, шиитаке саңырауқұлағы.
Айта кету керек, жапон асханасында азық-түлік өңдеу дәрежесі тыңғылықты жүргізіледі. Нәтижесінде, тағамның құрамындағы дәрумендер жақсы сақталады. Жапондар тағамды аз жейді және қантсыз көк шайді көп ішеді.
Екінші тізімде Сингапур тұр. Орташа өмір сүру жасы да Жапониядан қалыспайды. Олардың да көрсеткіші — 82 жас. Алайда артық салмақ мәселесімен халықтың 1,8 пайызы күресіп жатыр. Сингапурлықтардың басты тағамдары: күріш, көкөніс, жеміс және балық. Мұнда ет өте аз желінеді. Сол себепті зиянды холестерин жоқ десе де болады.
Қытай асханасы үштікті түйіндейді. Сингапур секілді Қытайда да халықтың 1,8 пайызы артық салмақтан арыла алмай отыр. Қытайлықтардың орташа өмір сүру көрсеткіші — 73 жас. Қытайлар тағамдарына ағзадағы зат алмасу үдерісін күшейтетін зімбірді көп қосады. Мұнан басқа сарымсақ, тамыр сабақ секілді түрлі шөптерді қосуды әдетке айналдырған.
Интернет материалдары бойынша әзірленді.



