Құқық

Негізсіз тексеруге тосқауыл

Кәсіпкерлік

Өткен аптада облыстық прокуратураның мәжіліс залында Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде брифинг өткізілді. Үстіміздегі жылдың үшінші шілдесінде күшіне енген Заңда жеке кәсіпкерлік субъектілерге қатысты мемлекеттік органдардың тексерулерін ретке келтіру мен оңтайландыру қарастырылған.

Осыған орай облыста алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде облыстық прокуратураның бірінші басқармасының прокуроры Есімғали Есмұханов БАҚ өкілдеріне мәлімет берді.

Өздеріңізге мәлім, жеке кәсіпкерлерді жан-жақтан бақылаушылар, заңдық тұрғыдан болмашы жайтқа айыппұл салатын мекемелер көбейіп кеткен. Осының негізінде мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге жүргізетін тексерулеріне қатысты заңға өзгерістер еніп отыр. Ондағы ең басты жаңалық –  кәсіпкерлерді бақылаушы орындардың тәуекелділік дәрежесін жүргізу критерийі негізінде тексеру түріне көшу. Әрбір бақылаушы орган бағалау критерийінде жеке кәсіпкерден нені талап ететіні, қай мезгілде тексеру жүргізетіні көрсетіліп тұрады. Заң қолданысқа енгеннен кейін 6 ай мерзімі ішінде мемлекеттік органдар тәуекелділік дәрежесін бағалау критерийін, міндетті ведомстволық статистикалық есептілік парақтарын әзірлеуге және бекітуге міндетті болып табылады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2009 жылғы 17 шілдедегі кеңейтілген алқа мәжілісінде кәсіпкерлердің құқықтарын бұзушылық жағдайларына дереу тосқауыл қою мақсатында облыс прокуратураларында прокурордың басшылығымен жұмылдыру топтарын құру, олардың іс-әрекеттеріне кәсіпкерлер ассоциациясы мен бұқаралық ақпарат құралдарын міндетті түрде қатыстыру міндеттелген. Жұмылдыру тобы заңсыз тексерулер мен мемлекеттік мекемелердің тексеруші қызметкерлерінің заңсыз істері туралы кәсіпкерлердің арыз-шағымдары бойынша жұмыс жүргізулері тиіс. Аталмыш топ негізсіз тексеру жүргізіп, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру фактілерін анықтаған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені жедел шешуге кірісуі керек, – деді ол.

Облыс прокурорының өкімімен құрамына прокуратура органдары мен құқықтық статистика қызметкерлерінен басқа «Ақтөбе қаласы кәсіпкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің, «Атамекен» Одағы» Қазақстан ҰЭП Ақтөбе филиалының, «Атамекен» «Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өңірлік Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері енген жұмылдыру тобы ендігі жерде кәсіпкерлердің мүддесін қорғамақ. Сонымен бірге құжаттары  сақадай сай, заңдық тұрғыдан еш қате жібермейтін кәсіпкерді тексеру мен бақылау түрі де азайтылады. Кез келген кәсіп иесі заңсыз тексерудің куәсі бола қалған жағдайда төмендегі сенім телефондарына хабарласуына болады.

40-41-98, 21-09-05, 21-35-08, 56-13-63, 55-12-76, 52- 37-51.

Лаура МҮЛКАМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button