Әлеумет

Қызыл Ай көмектеседі

Қызыл Ай қоғамының мақсаты – адамның азап шегуінің алдын алу, жеңілдету және ұлты, нәсілі, жынысы, діни нанымы, тілі, таптық тегі мен саяси нанымы бойынша кемсітусіз адамның абыройын сыйлау атмосферасын жасау. Сонымен қатар қарулы қақтығыстар туындаған жағдайда әрекет ету және бейбіт уақытта осыған дайындалу, соғыс және төтенше оқиғалар құрбандарына шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастыру. Сондай-ақ, қарулы қақтығыс, табиғи және басқа да төтенше жағдайлар салдарынан бір-бірінен қол үзіп қалған жақын туыстардың арасындағы байланысты қалпына келтіру де қоғам жұмысының бір бөлігі.

Біздің облыста Қызыл Ай қоғамы 1937 жылы құрылды. 2003 жылы Ақтөбе облыстық Қызыл Ай комитеті-филиалы болып аталды.

Облыстық Қызыл Ай қоғамы Батыс Қазақстан (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе) өңіріндегі төтенше жағдайларда тез, жедел іс-әрекет жасаудағы аймақтық орталық болып саналады.

1992-2009 жылдары облыстық Қызыл Ай қоғамы Швеция, Швейцария, Германия, Жапония, Нидерланды, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі елдерінен гуманитарлық көмек алды. Облыстың емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмек, медициналық жабдық, балаларға сүт алынды. Сонымен қатар 800 мың долларға жағдайлары нашар, аз қамтылған тұрғындарға азық-түлік, көрпе, матрас, төсек, сабын, киім, аяқ киім, құрғақ тағамдар (сухой паек), қайырымдылық астары берілді.

2003 жылдың мамыр айында Жамбыл облысында жер сілкінісі болғаны белгілі. Сол кезде біздің қоғам теледидар, баспасөз арқылы бірінші болып  халыққа үндеу  тастады. Облыстық Қызыл Ай қоғамының бастамасымен зардап шеккендерге 239 745 теңге ақшалай, 300 кг киім, аяқ киім, төсек берілді.

2005 жылдың қыркүйек айында Атырау облысы Доссор, Мақат поселкелерінде құйын жаңбыр болды. Сол кезде де біздің қоғам алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмектесті. Оларға «КамАЗ» көлігімен киім, азық-түлік жіберілді.

1998 жылдан 2000 жылға дейін біздің қоғам облыста бірінші болып аз қамтылған, жағдайлары нашар 1500 тұрғынға 30 777 50 теңгеге қайырымдылық астарын ұйымдастырды.

Араб мемлекетінің  Қызыл Ай қоғамының қолдауымен Ақтөбе қаласында және облыста тұратын асыраушысынан айырылған 139 отбасы 2006 жылдан бастап

1 балаға ай сайын 50 доллар көлемінде көмек алып келеді.

2008 жылғы 15 шілде күні Бұлақ елді мекенінде Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте қайырымдылық акциясы өтті. Жалпы, 130 мың теңгеге көмек көрсетілді. 2009 жылы аудандық білім бөлімінің сұранысы бойынша Темір ауданының оқушыларына 200 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

1992 жылдан 2009 жылға дейін облыстық Қызыл Ай қоғамы қала және облыс тұрғындарына 850 мың АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетті.

ҚР Қызыл Ай қоғамының 15 554 мүшесі, 300 волонтері бар (оның 90-ы белсенді).

2009 жылдың сәуір айында Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Ай қоғамы күніне орай Жайсаң балалар үйіне жылы киімдер, аяқ киім, гигиена құралдарын, Жайсаң мектеп-интернатына палас, кілем, көпшік, спутниктік антенна, сүлгі (құны –  103 294 теңге) алып берді.

Қасиетті Құрбан айт күніне орайластырып мал шалынып, №28, №18, №14, №51, №5 мектептердегі жетім балаларға, Ақтөбе экономика және статистика институтының жетім студенттеріне, балалар үйінің 20 түлегіне ет таратылды.

М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы Айым Күмісқалидың бір жылғы тамақтану ақысы төленді.

Қыркүйек айында №6655, № 30238, №3020 әскери бөлімдерінде халықаралық гуманитарлық құқық туралы жарыс өткізу жоспарланып отыр.

Н.ҮДЕРБАЙ,

Облыстық Қызыл Ай қоғамының

төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button