Қала

Бедаға ескерткіш қойылды
Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер Ақтөбе қаласының маңындағы Қызылжар ауылында Беда атты итке ескерткіш орнатты. Бір айта кетерлігі, бұндай ескерткіш елімізде алғаш рет ашылып отыр.
Ескерткіш Қызылжар ауылының кіреберісіне қойылды. Биіктігі үш метрге жуық иттің мүсінін ақтөбелік мүсінші Төлеген Жақсыбаев жасапты. Ауған соғысының жауынгері, иттің иесі Мерғали Қалдығұлов төрт аяқты досының ұрыс алаңында талай мәрте жауынгерлерді аман алып қалғанын айтады.
— 1987-1989 жылдары Ауғанстанда әскери борышымды өтедім. Осы аймақта болған ұрыстарға қатыстым. Ауған жеріне келгеннен кейін кинолог-жауынгерлерге неміс овчаркасы берілді. Менің еншіме тиген жеті айлық күшік болды. Иттің атын Беда деп қойдым. Себебі күшік кезінде асханадағы тамақ қалдықтарын ұрлап жеп қоятын. Бәтеңкемнің бауын тістелеп ойнайтын. Осы қылықтарына қарап итті Беда деп атап кеттім. Беда соғыс кезінде жауынгерлерді талай мәрте ажал аузынан алып қалды. Сарбаздардың алдына түсіп алып, жарылғыш заттарды іздейді. Тауып алса, шоңқиып отыра қалады. Беданың іс-әрекетіне қарап сарбаздар қай жерге жарылғыш зат қойылғанын біледі. Осылайша, Беда менің ең жақын серігіме айналып кетті. 1989 жылы жарақат алып, госпитальға түстім. Сол уақытта Беда тамақ ішпей қойыпты. Екі апта бойы госпитальдың алдынан кетпей, мені күтіп жүріпті. Осыны көрген генерал Троицкий ит енді бұл жерде қалса, өліп қалатынын айтып, өзіммен бірге алып кетуімді өтінді. Госпитальдан шыққан соң Беданы алып елге қайттым. Ақтөбеге келгеннен кейін әскерилендірген күзет бөліміне жұмысқа орналастым. Бұл жерде де Беданың көп көмегі тиді. Көлік күзетті, ұрыны ұстауға көмектесті. Айта берсем, Беданың жұмыста сіңірген еңбегі көп. 1996 жылы Беда өліп қалды. Дегенмен, тұқымын алып үлгердім. Қазір олардың өзі біраз болды.
Беданың ерлігін білетін жауынгер жолдастарым ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтты. Ауған соғысы ардагерлер қоғамының мүшелері бір ауыздан қолдап, көмек көрсетті. Сөйтіп, биыл ескерткіш орнатылды, — дейді Мерғали Қалдығұлов.
Оның айтуынша, неміс овчаркасы қырағылығымен және иесіне берілгендігімен ерекшеленеді. Оның ішінде иесін дәл тапқан иттер Беда секілді адал қызмет етеді. Тіпті иесінен ажырап кетсе, қайғыдан көз жұматындар да кездеседі екен.
Мерғали Қалдығұлов қазір Қызылжар ауылынан арнайы питомник ашып, неміс, кавказ, орыс овчаркаларын өсірумен айналысады. Питомник Германияда арнайы тіркеуден өткен. Бұл жерде жиырмадан астам ит өсіріледі, оның ішінде Беданың да тұқымы бар. Мерғали Тәжікұлы өзі асыраған иттерді елімізде өткізілетін көрмелерге жиі апарады. Биыл Кинг атты иті күзет саласы бойынша чемпион атаныпты. Сондай-ақ, бұл жердегі арнайы жаттықтырылған иттерді үй және шекара күзеті үшін сатып алатындар бар. Бір күшік елу мың теңге тұрады. Сондай-ақ, питомникте жиырма мысық өсіріледі.
— Бала кезімнен итке жақын өстім. Ақтөбенің Мәскеу ауданында жер үйде тұрғандықтан ит асырауға қолайлы болды. Кішкентай кезімде Шарик атты итім болды. Бірінші сыныпта оқып жүргенімде Шарик менімен бірге мектепке еріп баратын. Анам егер Шарик үйге қайтып келсе, менің мектепке кіргенімді, ал келмесе, ойнап кеткенімді біліп отыратын. Бала кезден басталған итке деген қызығушылығым есейген соң да қалған жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ника-Ақтөбе» жануарларды қорғау қоғамын құрдым. Қоғамды Беданың тұқымы Никаның құрметіне осылай атадым. Сондай-ақ, қараша айында қаңғыбас иттерге арналған ветеринариялық қызмет бөлімін ашуды жоспарлап отырмын. Иттерден ауру тарап немесе олар адамдарға қауіп төндірмес үшін барлығын бір жерге жинаймыз. Менің бұл жоспарымды облыс әкімдігі де қолдап отыр. Осы мақсатта 18 сотық жер бөлініп берілді, — дейді Мерғали Қалдығұлов.
Сондай-ақ, Мерғали жылқы өсірумен де айналысады. Қазір қорасында үш аты бар. Қаладағы сал ауруына шалдыққан балалар осы аттарға мініп, серуендейді. Алдағы уақытта Мерғали пони тұқымды тапал жылқы сатып алуды жоспарлап жүр. Бұндай жылқы сал ауруына шалдыққан балаларға өте пайдалы көрінеді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Жұмыс және жәрмеңке
Кеше Ақтөбеде бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мақсат — мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру.
Шараны қалалық жұмыспен қамту орталығы мен «Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге 298 мүмкіндігі шектеулі азамат келді. Олардың 48-і — қоғамдық жұмысқа, 8-і — жастар тәжірибесіне, 24-і әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. 209 азамат 3 пайыз квотамен жұмысқа орналастырылды. Қалған адамдардың жұмысқа орналасуы жұмыспен қамту орталығының бақылауында тұр.
Жәрмеңкенің толық қорытындысы бір апта ішінде белгілі болады.
Мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан бері төрт рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі (42 мекеменің өкілдері қатысты) өтті.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Аруларды ардақта, азамат!
Ақтөбе қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында нәзік жандыларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жөніндегі мәселе қарастырылды.
Басқосуда алғаш боп Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция-майоры Мәдина Асқарова сөз алып, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша деректерді жария етті. Оның хабарлауынша, аталған мерзім ішінде қала аумағында 10 850 қылмыс тіркеліп, соның ішінде әйелдерге қатысты 3974 қылмыс жасалған. Бұл ретте, өткен жылмен салыстырғанда, жалпы қылмыстар 16,3 пайызға әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар 34 пайызға төмендегенін тәртіп сақшысының өз аузынан естідік.
— 8 айда тұрмыс жағдайындағы құқықбұзушылықтар үшін 313 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға артық.
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласында «Отбасында зорлық-зомбылықты тоқтат», «Менің отбасымның суреті» тақырыптары бойынша акциялар ұйымдастырылды. Мұндағы көздегеніміз — қоғам санасында әйелдерге қатысты жасалатын кез келген зорлық-зомбылықтарға төзбеушілік қарым-қатынасын ояту және құқық қорғау органдарын ақпараттандырудың қажеттігі болып табылады, — деді Мәдина Асқарова.
Комиссия мүшелері талқыланған мәселе бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар, шарада Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева «Мектепке жол» акциясының қорытындысы туралы баяндама жасап, артынша комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Арынғазиева белсенділік танытқан кәсіпкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
«Самұрық-қазынаның» қолдауы
Ақтөбеде 103 пәтер беріледі
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қазанның 12-сінен бастап тұрғындардан пәтер алуға өтінімдер қабылдап жатыр. Құжат қабылдау қазанның 27-сінде аяқталады. «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлер Ақтөбе қаласындағы «Юнис-сити» тұрғын үй кешенінде бой көтерген. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Пәтерлер «Авиатор» ауданындағы Бөкенбай батыр көшесі, 155-үйде орналасқан. 7, 8-қабаттардағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны — 143 987, 33 теңге. Пәтерлердің жалпы саны — 103.
Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, өтінімдер www.fnsk.kz. веб-сайты арқылы қабылданады. Аталған сайтта өтінімдерді тіркеу және беру жөніндегі нұсқаулықтар, бейнероликтер орналастырылған. Олардан бағдарламаның негізгі шарттары туралы нақтырақ білуге болады.
Пәтерлерді өткізу «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының ішкі ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сатып алынатын пәтерді екінші деңгейлі банктердің, соның ішінде «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ-ның шарты бойынша кепілге қою арқылы қарыз қаражат есебінен алу мүмкіндігі қарастырылған.
Сайтқа тіркелу үшін электрондық-сандық қол болу керек. Тіркелу жөніндегі нұсқаулықты www.fnsk.kz сайтынан оқуға болады.
Өтінімдерді қабылдаудың белгіленген мерзімінде барлық тіркелген пайдаланушылар үшін пәтер алуға өтінімдер жіберу мүмкіндігі бір мезгілде ашылады. Кезек электрондық өтінімнің қабылданған уақытына байланысты автоматты түрде жасалады. Өтінім иесі пәтердің шаршы метрін өзі таңдайды. Дегенмен, өтінімдер берілгеннен кейін таңдап алынған пәтердің шаршы метрін өзгертуге болмайды.
Әсияның әсем әлемі
Бұл күндері Ақтөбе қаласындағы өнер музейінде «Тұмар» шығармашылық орталығының жетекшісі Әсия Ойнарованың «Ақтөбедегі алтын күз» көрмесі өтіп жатыр.
Балық сүйектерінен түрлі бұйымдар әзірлейтін Әсияның бұл алғашқы көрмесі емес. Бұған дейін бірнеше мәрте өзінің өнер мерекесін ұйымдастырған шебер бұл жолы талғамы биік көрерменге 22 жұмысын ұсынуды жөн көріпті. Суда жүзіп жүрген тасбақа, дельфин, басқа да су жануарларының сұлбасы алыстан көз тартады. Бұдан басқа өнер иесінің көкте қалықтап ұшып жүрген көбелектердің бейнесін де көрмеге қойғанын келтіре кетейік. Бір байқағанымыз, туындылардың барлығы қозғалыс үстінде екен. Осы орайда Әсияның өзі сөз арасында «Қозғалыс дегеніміз өмір емес пе? Мен мына фәниге ғашық жанмын! Сондықтан жан-жануарларды осындай кейіпте жасауды дұрыс деп ұйғардым» дейді.
— Әр жұмысқа әрқалай уақыт кетеді. «Нақты осынша сағатта жасап бітіремін» деп айта алмаймын. Шығармашылық жұмыс күй талғайды ғой… Бір анығы, әр бұйымды жасап болғаннан тамаша күй кешемін. Кез келген өнер адамы бұл бақытты сөзбен жеткізе алмас деп ойлаймын, — дейді «Тұмар» шығармашылық орталығының жетекшісі.
«Тұмар» шығармашылық орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оған 20-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан мүше.
Сонымен, Әсияның әсем әлемін тамашалағыңыз келсе, көрмеге қарай асығыңыз!
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Әдемі кештің әсері
Таяуда Ақтөбе қалалық зағиптар қоғамы мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Сезім нұры» атты мерекелік бағдарлама өткізілді. Шараға зағиптар қоғамының оқу-өндірістік мекемесінің жұмысшылары мен еңбек ардагерлері қатысты.
Көру мүмкіншілігі шектеулі жандардың бос уақытын дұрыс пайдаланып, көңіл күйін көтеруді мақсат еткен концертте Г.Жалғасованың орындауындағы «Перзент парызы», С.Бақтыбаева мен Р.Наурызбаевтар шырқаған «Погода в доме» әндері ерекше әсерлі шықты. Кештен сергіп, бір жағынан, рухани азық алған көрермендер ұйымдастырушыларға алғысын айтып тарасты.
Г.БҮГЕНБАЕВА,
«Қалалық Қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйі» ММ директоры.
Акционер бол, ақтөбелік!
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Халықтық ІРО» өткізудің қажеттілігі туралы «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде берген тапсырмасын іске асыру шеңберінде 13 қазаннан бастап жер-жерде түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Өз кезегінде белсенді топ бұл науқанның алғаш боп республика бойынша Ақтөбе қаласында қолға алынғанын айтады.
Президент әлемдік нарықтардағы ахуалдардан анағұрлым орнықты және тәуелділігі төмен, «Самрұқ-Қазына» АҚ компанияларының топтарына кіретін бірқатар ірі ұлттық өндірістік компанияларды қор нарығына дайындауға және шығаруға тапсырма берген болатын.
«Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша Үкіметтің бағдарламасына сәйкес халық арасында «ҚазТрансОйл» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Самрұқ Энерго» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ атаулы 5 компанияның акцияларын орналастыру жоспарланған.
Ұсынылған барлық компаниялар инфрақұрылымдық және дамуы бойынша ұзақ мерзімді жоспарлары мен өсудің үлкен перспективалары бар ұлттық экономиканың өте маңызды құрамдастары болып табылады, бұл міндетті түрде акциялардың құнына әсер етеді. Сонымен қатар, компанияларға мемлекет тарапынан әрқилы қолдаулар көрсетіледі, бұл оларды дағдарыс ахуалдарына өте сенімді және орнықты етеді.
Осы кезең ішінде республиканың 25 қаласында «Халықтық ІРО» бағдарламасын, қор нарығының негіздерін, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, Қазақстан азаматтарының жетекші ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу және сол арқылы олардың иелері болу мүмкіндіктері туралы түсіндіру мақсатында халықтың қалың жігіне арналған 70 дәріс пен 400 таныстырулар өткізіледі деп күтілуде. Оның бірқатары Ақтөбеде ұйымдастырылғалы отыр.
— Біле білгенге бұл бағдарламаның маңызы зор. Әсіресе, қарапайым тұрғындарға бұның берері мол. «Халықтық ІРО»-ны жан-жақты түсіндіру үшін сейсенбі күні «Мега Ақтөбе» сауда орталығында, Орталық базарда, т.б. көпшілік шоғырланатын жерлерде арнайы акциялар өтті. Оның барысында ақтөбеліктерге ақпараттық парақшалар таратылды. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай тектес жұмыстар еліміз бойынша бірінші болып бізде ұйымдастырылып жатыр, — дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Алиса Аманова.
Осы істің басы-қасында жүргендердің сөзіне қарағанда, 30 қарашаға дейін жалғасатын түсіндіру жұмыстарына ықылас танытып, қызығушылық білдіріп жатқан қалалықтардың қарасы қалың.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
«Ақтөбенің ажарын ашамыз!»
Бір топ белсенді жас «Нұр Отан» партиясы жастар қанатының «Жастар — Отанға!» жобасының аясында тазалық акциясын өткізіп, Ақтөбе су қоймасы маңынан бір «КамАЗ» машина толы күл-қоқысты шығарды.
Шараның мақсаты — қаланы тәртіпке келтіріп, қыс мезгіліне дайындау, сонымен қатар, тұрғындарды шаһарымыздың одан әрі көркейтуге өз үлестерін қосуға шақыру. Бұл күні аумақты жаппай тазалау бойынша жұмыстарды атқару һәм қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстарға орта және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан ұзын саны 150 қыз-жігіт қатысты. Акцияны ұйымдастырушылар — Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жас Отан» жастар қанаты.
— Мұндай шаралар бізде ұдайы өткізіліп тұрады. Қыс мезгіліне таман тазалық акцияларын одан сайын жиі ұйымдастыруды қолға аламыз. Өйткені әлі де болса қалада күл-қоқысы бар аумақтар кездеседі. Бүгінгі акция аясында бірталай қоқысты қала сыртына апарып шығардық. Бір қуантарлығы, күн өткен сайын Ақтөбенің ажарын ашуға ниетті жастардың саны өсіп келеді, — дейді «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ербол Шыма.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты:
19 үй жаңарады. 10 үйдің лифтісі ауысады
Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 469 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, аталған бағдарлама бойынша 2011-2012 жылдары үйлеріне терможаңарту жұмыстарын жүргізген тұрғындардан қайтарылған 130 миллион теңге де үйлерді жаңарту мақсатында жұмсалады. Бұл қаржыға облыс орталығындағы 29 үйге жөндеу жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, 19 үйге құрылыс-монтаж жұмыстары жасалып, 10 үйдің лифтісі ауыстырылады.
Тұрғын үй қоры сақталады
— Тұрғын үй қорын сақтау мақсатындағы бағдарламаны біздің қаланың тұрғындары жақсы түсінді деуге болады. Себебі үйлерін жаңартуды қалайтын тұрғын көп. Соның дәлелі, биыл 19 үй жаңаша түрге енеді. Яғни үйлердің шатырлары бүтінделіп, жертөлелері жаңартылады. Подъездердің есік, терезелері салынады. Инженерлік жүйе: салқын су, ыстық су, жылу, кәріз құбырлары алмастырылады. Электр қуаты да қайта жарақталады, — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бисембин. Оның айтуынша, 10 үйдің лифтісі ауыстырылады. Қалада 150-ден астам үйдің лифтісі ескірген.
— Мемлекеттік бағдарлама аясында жасалатын тағы бір үлкен шаруа — жылу энергиясын үнемдеу мақсатындағы жоба. Жылу құбырларын жөндеудің арқасында енді жылу далаға кетпейді. Бұл — бір. Екіншіден, кейбір үйлерге автоматтандырылған жылыту бекеті орнатылып жатыр, — дейді Жұлдызбек Темірбекұлы. — Бұл аппараттың ерекшелігі, жылу беруді ретке келтіреді екен. Автоматтандырылған жылу бекетінің арқасында жылу үшін аз ақша төленеді. Яғни ақша біраз үнемделеді.
— Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғарту бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласы үшін 600 миллион теңгеге жуық ақша бөлініп отыр. Нақтырақ айтқанда, республикалық бюджеттен 469 миллион теңге бөлінді. Аталған бағдарлама бойынша 2011-2012 жылдары үйлеріне терможаңарту жұмыстарын жүргізген тұрғындардан 130 миллион теңге қайтарылған болатын. Бұл қаржы үйлерді жаңарту мақсатында жұмсалып жатыр, — дейді Жұлдызбек Бисембин.
Айта кету керек, терможаңарту жұмыстары үшін төленетін ақшаны мемлекетке қайтарғанда өсімақы мүлде болмайды. Кепілдің қажеті жоқ. Төлем инфляцияға тәуелді емес.
Сапалы жұмыс — басты міндет
Біз бағдарлама аясында үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Тургенев көшесіндегі 74 «а» үйге барған едік. Мердігер мекеме өкілі жұмыстың сапалы жасалып жатқанына сендірді. Тұрғындар үйлері жаңарып қалғанына риза.
Гена ЧЕГЛАКОВ, «Универсалтехснаб» мекемесінің шебері:
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына байланысты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі 2010-2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғарту бағдарламасын әзірлегені белгілі. Бағдарламаның бір парасы — тұрғын үй қорын сақтауға бағытталған жоба. Біздің мекеме бұл бағдарлама бойынша Ақтөбе қаласындағы үш тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл үйлер: Ливенцов көшесіндегі 14-үй, Прохоров көшесіндегі 12-үй және осы Тургенев көшесіндегі 74 «а» үй. Қазір бастапқы аталған екі үйдің жұмысы аяқталды.
Жалпы, осы үйді жөндеу жұмысы тамыздың 11 күні басталды. Содан бері үйдің шатыры бүтінделіп, жертөлесі жаңартылды. Инженерлік желісі де толықтай жаңарды. Подъездерге сылақ жүргізіліп, әктелді. Үйдің қасбеті де әрленді. Қазір үйдің сырты қапталып жатыр.
Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуде. Мұнда 20 маман жұмыс істеп жатыр.
Күзде жауын-шашын көп болады ғой. Соның салдарынан бұдан бірнеше күн бұрын жұмыс тоқтап қалды. Ауа райы қолайлы болса, қазан айының соңына дейін жұмыс аяқталатын болады.
Тұрғындар: алғысымыз шексіз
Нәдірғали ЖҰБАНАЗАРОВ:
— «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша үйді жөндеу — тұрғындардың міндеті. Біз мұны жақсы білеміз. Сол себепті, мемлекет ұсынған зор мүмкіндікті пайдалану үшін бірауыздан келістік. Дегенмен, көпшілік болған соң, бәрінің түсініктері бірдей болмайтыны анық. Кейбір тұрғындар жөндеуге келіскенімен, арзан материал алу керек деп бұра тартты. Материал арзанға бағаланғанымен, жұмыс сапалы болмайды. Күні ертең-ақ жөндеу жұмыстарынан ақау табылады. Ал ақшаны 20 жыл бойы төлейміз. Сондықтан жұмыс сапалы болу керек. Мұны тұрғындарға түсіндірдік. Нәтижесінде, үйіміз жаңарып қалды. Шатыры бүтінделді. Жертөлесі тап-таза. Бұрын төбеден су ағып, 5-қабаттағы пәтерлерді бүлдіретін. Жертөледегі қолаңса иіс қолқаны қабатын. Әсіресе, 1-қабатта тұратындарға қиын еді. Енді бәрі жаңарды. Подъездерге де сылақ жүргізілді. Бұрын кейбір тұрғындар қоқысты подъезге тастап кететін. Енді олар үйдің ортақ меншікке жататын бөлігін күтіп ұстайтын болар деген үміттеміз.
Менің пәтерімнің көлемі — 67 шаршы метр. Ай сайын 3600 теңге төлеймін. Мұндай әсем, сән-салтанатты үй үшін 3600 теңге төлеу түк емес. Өйткені мемлекет пайызсыз несие беріп отыр. Үстемеақы қосылмайды. Баға инфляцияға тәуелді емес. Осындай әсем үйді күтіп ұстау бізге сын.
Зәру:
— Бұл үй 1986 жылы пайдалануға берілді. Содан бері осында тұрамын. 30 жылға жуық уақыттан бері бұл үйге күрделі жөндеу жүргізілмеп еді. Міне, қазір үйіміз жаңарып қалды. Жаңа үйден айырмасы аз.
Қазақ — қонақжай халық қой. Қонақ келген сайын үйімізден ұялатын едік. Әсіресе, құда келгенде подъезді тазалаған болып, әлекке түсетінбіз. Енді мұның бәрі артта қалды.
Жыл сайын елімізде тұрғын үй қорының жағдайы нашарлап барады. Көпшілік үйлердің тозығы жеткен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы — үйлерді сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаруа. Мұны үйлері ескірген әр тұрғынның білгені жөн. «Ақша төлейміз» деп қорықпауы керек. Мемлекетке қайтаратын ақша мардымсыз. Менің пәтерім 3 бөлмелі. Сол үшін 3800 теңге төлеймін. Күрделі жұмыс үшін бұл көп ақша емес. Үйді жаңартқанның пайдасы көп. Сатқанда да қымбатқа бағалауға болады. Ең бастысы, тұрғындардан құралған комиссия мүшелерінің жауапкершілігі мол болса, бар мәселе шешіледі. Біз үйімізді жаңартуға бар ықыласымен жұмыс істеген Нәдірғали Жұбаназаровқа ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар, өтінішімізді ескеріп, бізге қолдау білдіргені үшін қалалық тұрғын үй инспекциясының басшылығына алғыс айтамыз.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




