Қазақстан журналистері ақтөбеге жиналды

Медиафорум
25-26 қыркүйекте Ақтөбе қаласында еліміздің барлық өңірлерінен БАҚ өкілдері бас қоспақ. Екі күнге созылатын «Өңірлік БАҚ жұмысын жаңғырту» форумы аясында ұшқыр қалам иелері мен телерадио және электронды БАҚ өкілдерінің Қазақстан мен Ресейдің белгілі тәлімгерлерінен көп нәрсе үйренері анық.
Медиафорум Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтеді.
Ақтөбеде өткізілгелі отырған бұл ауқымды шара туралы ұйымдастырушылар әңгімелеп берді.
Журналист шеберлігі — шынайылықта
Зәпен Жұмабаева, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
— Жалпы қарап отырсақ, Ақтөбеде соңғы он жыл ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты мұндай кең көлемді шара өткізілмеген екен. Содан облыстық ішкі саясат басқармасы «Журналистік қоғамның бірігуін ұйымдастыру жұмыстары, екі жақты қарым-қатынасты дамыту және БАҚ пен мемлекеттік ұйымдардың өзара байланысы, журналистердің құқығын қорғау» атты әлеуметтік жоба дайындады. Әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін «Ақтөбе облысының саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі таңдап алынды. Бұл бірлестіктің төрайымы Әлия Тұрниязова журналист, «Білезік» журналының редакторы болғандықтан ұйымдастыру жұмысында аса қиындық туа қоймайды деп ойлаймын.
Жер-жерден БАҚ өкілдерінің басын қосып, мұндай форум өткізудегі мақсатымыз — журналистердің кәсіби шеберлігін арттыру, шыңдау. Білікті маман қашан да қандай да бір оқиғаға, құбылысқа терең мән беріп, жан-жақты талдап, мәселені объективті және субъективті тұрғыдан бағалай алады. Сонда ғана халыққа шынайы ақпарат жететін болады.
Әлеуметтік жобаны іске асыруды жоспарлаған кезде алғаш облыс журналистерінің форумы ретінде ғана өткізейік деп ойладық. Сосын тек көршілес облыстардан ғана БАҚ өкілдерін шақырмақ болдық. Ақылдаса келе еліміздің барлық аймақтарынан шақырып көрейік, өткізгесін ауқымды болғаны жөн деп шештік. Алыс өңірлерден журналистер келе қояр ма екен деген күдігіміз де болғаны рас. Бірақ біздің шақыруымызды республикамыздағы БАҚ өкілдері қабыл алды. Тіпті бес-алты облыстан 3-4 журналистен келіп жатыр. Басқа өңірлерден барлығы 40-қа жуық БАҚ өкілдері және өзіміздің журналистер форумға қатысады деп күтілуде. Форум жұмысын жүргізу үшін тәлімгерлер де іріктелді. Мәселен, Мәскеуден газет дизайнының шебері, «Мой район» газетінің арт-директоры әйгілі Алексей Коньков, режиссер, сценарист, продюсер Евгения Головня өздерінің іс-тәжірибелерін үйретпек. Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Эра» телекомпаниясы кеңесінің төрайымы, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев, «Абай.КЗ» порталының бас редакторы Дәурен Қуат, профессор, режиссер Гүлбану Үкітайқызы журналистиканың қыр-сыры туралы сабақтар жүргізетін болады.
Кейбір ақпарат құралдары қазақ басылымдарының деңгейі төмен дегенді айтып қалып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Мүмкін, БАҚ-тың кейбір техникалық тұстары жағынан кемшін соғып қалатын шығар. Бірақ таза кәсіби тұрғыдан келгенде қазақ басылымдары ешкімнен кем түспейді. Мұны газеттердің таралымына қарап-ақ білуге болады. Мәселен, біздің облыстың өзінде қазақ басылымдарының тиражы жыл сайын өсіп келеді. Демек, қазақ тілді газет-журналдар сұранысқа ие.
Форумға келген қонақтар Ақтөбенің қандай өңір екенін кеңінен білгені дұрыс қой. Сондықтан облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін кеңінен таныстыруды да жөн көріп отырмыз. Қонақтарды «Weiler» фирмасының технологиясы бойынша плита шығаратын «Стройдеталь» ЖШС, «Ақтөбе рельс зауыты» ЖШС секілді өндірістік орындармен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі, бассейн, «Дару» емханасы, «Ақбөбек» балалар орталығы, мүгедектер үйі, «Нұр Ғасыр» мешіті, «Әулие Никольский» православ соборы, сулы-жасыл бульвар секілді әлеуметтік нысандарға апарамыз. Сондай-ақ, олар «Қазақстан-Ақтөбе» және «Рика-ТВ» телеарналарында болып, жергілікті тележурналистердің жұмыстарымен танысады.
Маман кәсіби біліктілігі жағынан жоғары болса, ол қандай да бір жаңалықты немесе оқиғаны оқырмандарға шынайы жеткізе алады. Журналист мәселенің байыбына жетіп, түбегейлі зерттеп, жігін айырып, оқырманның айызын қандырып жазатын болса немесе қысқа болса да нұсқа хабар бере алатын болса, бұл оның білікті маман екенін көрсетеді. Мұндай журналистер өз ісінің жауапкершілігін түсініп, заң шеңберінде жұмыс істей алады.
Қорыта келгенде, бұл медиафорум БАҚ өкілдері үшін өте пайдалы болады деп сенемін.
Форумға үлкен әзірлікпен келдік
Әлия Тұрниязова, «Ақтөбе облысының саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
—Бұл медиафорумға ақтөбелік журналистер үлкен дайындықпен келді. Биылғы жылы жаз бойы облыстық деңгейде 5 семинар өткізілді. Оған қаладағы БАҚ өкілдерімен қатар, аудандық газеттердің де журналистері, мекемелердің, кәсіпорындардың баспасөз хатшылары қатысып, өздерінің ризашылықтарын білдірді. «Ырғыз» газетінің редакторы Марат Мырзалы, Алға аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы Рамиля Ибрагимова, облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлзия Мақсатқызы секілді көптеген журналистер белсенділік танытты. Семинарлардың жұмысына сарапшылар жақсы баға берді.
Міне, осындай әзірліктерден кейін облыстық ішкі саясат басқармасынан әлеуметтік жобаға ұсыныс түсіп, «Өңірлік БАҚ жұмысын жандандыру» тақырыбында медиафорум өткізгелі жатырмыз. Форум өткізу үшін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының бір залы және 9 бөлмесі аудитория үшін әзірленді. Аудиториялар компьютер, интернет, бейнекамералар секілді барлық қажетті ұйымдастыру техникаларымен жабдықталды.
Медиафорум 25 қыркүйекте сағат 10.00-де пленарлық мәжіліспен басталып, әрі қарай шеберлік кластары өтеді. Шеберлік кластары бойынша белгілі мамандар тәлімгерлік етеді. Мәселен, мәскеулік тәлімгер, белгілі дизайнер, «Мой район» газетінің арт-директоры Алексей Коньков «Шығармашылықпен ойлау: газет дизайны» тақырыбында шеберлік класын өткізеді. Газеттің әдемі болып көрінуі оның безендірілуіне көп байланысты. Сондықтан Алексей Коньковтың бұл шеберлік класы қазақстандық газетшілер үшін қызықты болатыны анық. Тағы бір мәскеулік тәлімгер, режиссер, сценарийші, деректі фильм түсірудің шебері Евгения Головня да біздің шақыруымызды құп алған болатын. Ол «Кино мен телевизиядағы деректілік» тақырыбында дәріс береді. Евгения бұрындары да Қазақстанда болыпты. Оның Әсия Байғожина, Владимир Тюлькин секілді курстастары да бар екен.
Шеберлік сабақтары барысында форумға қатысушылардың БАҚ-тардың жұмысын жаңғырту, жергілікті БАҚ-тың қызметі, жаңалықтарды жеткізу үлгісі, ғаламторды тиімді пайдалану тәсілдері, тележүргізушінің сөйлеу шеберлігі, әлеуметтік роликтер режиссурасы, оператор жұмысының қыр-сырына үңілу сияқты шеберліктер бойынша тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйренулеріне мүмкіндік туады.
Форум аясында Ақтөбе қаласы, облыстың әлеуеті, көркем ғимараттары мен әсем жерлері туралы мәліметтік материалдар мен буклеттер, дискілер шығарылды. Жергілікті газеттер мен телеарналар да материалдар даярлап, көрме ұйымдастыратын болады.
Жан-жақтан БАҚ өкілдері мен тәлімгерлерді шақырып, мұндай үлкен медиафорум өткізуге тапсырыс беріп отырған облыстық ішкі саясат басқармасының бұл қадамын жергілікті журналистерге жасалып отырған қамқорлықтың бір белгісі деп түсінемін. Форумға әзірлік барысында облыстық әкімдіктен жақсы қолдау жасалып отыр. Сондай-ақ, бастаманы құп алып, көмек қолын созған жергілікті БАҚ басшыларына да алғысым зор.
Бұл медиафорумнан көп нәрсе күтемін. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген журналистердің шеберліктері шыңдалып, шабыттарына шабыт қосылады деп ойлаймын. Әріптестер бір-бірімен танысып, жақын білісіп, БАҚ арасындағы ынтымақтастық, бірлік артады. Келген қонақтар арайлы Ақтөбенің ақ пейілді жандарының жарқын құшағын көріп, жүрек жылуын алып кетсін деп тілеймін.
Форум алдындағы лебіз
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:
— Медиафорумның облыста ұйымдастырылуы мені қуантып отыр. Өйткені журналистика саласында барлық үлкен жұмыс өңірлерде өтеді. Сондықтан халыққа кім жақын — жергілікті БАҚ жақын.
Қазіргі кезде журналистиканы дамытудың небір технологиясы бар. Соған орай газеттерді жабу керек деген де сөз шығып жатыр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Әрбір ауданның, әрбір облыстың өзінің аудандық, облыстық газеттері болуы тиіс. Жергілікті билік сол аудандық немесе облыстық газеттерге көңіл бөліп, көмектесулері керек. Өйткені БАҚ — халық пен қоғам арасындағы көпір.
Журналистермен кездесулер кезінде әріптестеріме еркін сөйлеңдер, халыққа жақын болыңдар деп үнемі айтып жүремін. Менің бұл сөзімді дұрыс түсінбейтін кейбір билік өкілдері ренжіп жатады. Еркін сөйлеу оппозиция емес. Бізде сөз бостандығы жоқ емес, бар. Бірақ БАҚ-та ішкі цензура деген бар. Бұл енді қаржы бөліп отырған құрылтайшының көзқарасына байланысты.
Бізде бұқаралық ақпарат құралдарын таңдау мүмкіндігі жоғары. Бір газет ұнамаса, екіншісін оқисың. Ал көптеген мемлекетте мұндай таңдау мүмкіндігі жоқ. Мысалы, мына көршіміз Өзбекстанда таңдау жоқ.
Өз басым елді, халықты, бірлікті ойлайтын қазақ тілді БАҚ деп білемін. Қазақ тілді БАҚ қауіпсіздік шекарасын нығайтып отыр. Біреулер тарихты көп жазады, батырлар мен билерге көп орын береді деп сынамақ болады. Осы тақырыптар арқылы қазақ тілді басылымдар мен телеарналар елдің мүддесін қорғап отыр. Ал орыс тілді БАҚ қылмыстық оқиғалар, эротика секілді тәрбиелік мәні жоқ, жеңіл ақпараттарға әуес. Осылайша өздерінің оқырмандары мен көрермендерін көбейткісі келеді. Бірақ көзі қарақты халық ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алады.
Қазақстанда журналистердің 10 ұйымы бар. Соның ішінде сұрауы бар біздің одақ. 10 мыңдай мүшеміз бар. Билікпен де қатынасымыз жақсы, солай болу керек те.
Шамшиддин Паттеев, «Түркістан» газетінің бас редакторы:
— Еліміздің өңірлерінің журналистері үшін мұндай медиафорумның өткізілуі қажетті қадам деп есептеймін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, болашақта атқаратын міндеттерін белгілеуге мүмкіндік алады. БАҚ-та көтеретін мәселе аз емес. Мәселен, жергілікті жерлердегі немесе орталықтардағы ақпарат құралдарының құрылтайшылармен қарым-қатынас орнатуының өзі бір тақырып.
Қазір әлеуметтік желілер өмірімізден үлкен орын алды. Салиқалы ой айтатын, тұшымды пікір қосатын кәсіби желілермен қатар, жеке адамдар да сайттар ашып отыр. Осы әлеуметтік желіні журналистиканың бір саласына жатқызуға бола ма, әлде болмай ма деген пікір-таластар айтылып жатыр. Бұл да форумда көтеруге болатын мәселе.
Ақтөбеліктердің медиафорумды ұйымдастыруының өзі бұл өңірде журналистиканың жақсы дамып отырғанын көрсетеді. Бірнеше жылдар бойы Ақтөбеде шыққан «Алтын Орда» газеті қазақ журналистикасының, Қазақстан журналистикасының жүгін көтеріп, өз өрнегін, өзінің қолтаңбасын қалдырды. Ақтөбелік журналистер бұл форумда өзгелерден үйренумен қатар, өзгелерді үйрете де алады.
Айта келгенде Ақтөбеде медиафорумның өтуін құптарлық деп ойлаймын.
Дәурен Қуат, «Абай.КЗ» порталының бас редакторы:
— Форум жан-жақтан жиналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тәжірибе алмасуына, бірінде бар жақсы тәжірибесін екіншісімен бөлісуіне мүмкіндік береді. Журналистер жиынында айтылатын мәселе көп болады деп ойлаймын. Мысалы, Жетісу өңірінде медиахолдинг құрылды. Қазіргі кезде осы холдинг керек пе, әлде әрбір редакцияны дербес бөліп жіберген дұрыс па деген мәселе қозғалып жатыр. Ал Ақтөбеде «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Осы жағы да форум кезінде айтылып қалар.
Жалпы, Ақтөбе өңірінде 2000 жылдардан бастап журналистика кең өріс алып, қанатын жайды. Журналистикасы дамыған өңірге айналды. Сол жылдары қазақ баспасөзінде өзіндік орнын белгілеген «Алтын Орда» газеті шықты.
Жалпы, Ақтөбеде қаламы қарымды журналистердің шоғыры пайда болып, кейін жалғасын тапты. Мәселен, қазіргі кезде ақтөбеліктер тек осы өңірде ғана емес, республикалық басылымдарда, телеарналарда қызмет етуде.
Сондай-ақ, журналистер әр өңірде өзімен өзі бөлек күй кешпей, бір-бірімен хабарласып, ақпарат алмасып, жақсы дүниелері болса бөлісіп тұрғаны жөн. Бұл жағынан Өскемендегі «Шығыс Ақпарат» жақсы жұмыс істеуде деп айта аламын. Қазір интернеттің заманы, ақпарат алмасу қиын емес. Сондықтан бүгінгі жиын журналистердің басын біріктіруге қызмет етеді деп ойлаймын.
Бердібай КЕМАЛ.



