Еңбек адамына — ерекше құрмет!
Осыдан бір жылдай уақыт бұрын, дәлірек айтсақ 2013 жылдың 22 қарашасында Елбасымыздың Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні болып белгіленді.
Сонымен, биыл еліміз бойынша тұңғыш рет Еңбек күні аталып өтіледі. Аталған күнді атап өтудің басты мақсаты — қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыру.
Бізде бұрыннан да түрлі мерекелерде, оның ішінде кәсіптік күндер бойынша түрлі марапаттау, мадақтау рәсімдері жасалатыны белгілі. Ал бұл жолғы атаулы күннің мәні олардан да гөрі маңызды. Мұнда нақтырақ айтатын болсақ, кәсібіне қарай бөлмейді. Ең басты өлшем — негізгі нысанада еңбек адамының тұруы!
Еңбек күнінде еліміздің барлық ұйымдары мен кәсіпорындарында мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Оның ауқымында шығармашылық және спорттық сайыстар да кеңінен қамтылмақшы.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов журналистермен өткізген брифингінде биылғы алғашқы аталып өтпекші мерекеде көптеген адамдарға «Еңбек ардагері» медалі салтанатты түрде тапсырылатынын айтты. Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет белгіленіп отырған медаль қандай салада еңбек еткеніне қарамастан, қырық жылдан кем емес еңбек өтілі бар, оның ішінде өзі еңбек етіп отырған салада 10 жыл еңбек еткен, сондай-ақ, еңбек қызметінде неғұрлым жоғары нәтижелерге жеткен адамдарға беріледі.
26 қыркүйекте Астанадағы Ұлттық музей залында өткізілетін форум мереке мерейін арттыра түспекші. Сол форумда тау-кен металлургия кешені, теміржол көлігі, көмір өнеркәсібі, мұнай-газ кешені, машина құрылысы, білім, денсаулық сақтау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, банк мекемелері салалары қызметкерлері марапатталмақшы. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлері де мұндай ілтипаттан қағыс қалмайды.
Тағы бір жағымды жаңалық — «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына «Еңбек» орденін тағайындау туралы қосымша енгізілуі қоғамымыздағы айрықша оқиға болды. Бұл орден азаматтардың елеулі еңбек үлесі, сондай-ақ, еңбек өнімділігін арттыруға және өнімнің сапасын жақсартуға ықпал ететін өндірістегі аса жоғары көрсеткіштері үшін беріледі.
Ақтөбе өңірінде де еңбектен бақытын тауып, сан түрлі салада оза шауып жүрген жүйріктер аз емес. Олар — нағыз еңбек адамдары.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Социалистік еңбек ері: ол заман басқа, бұл заман бөлек
Ойылда Социалистік Еңбек Ерлерінен бүгінде көзі тірі бір-ақ адам қалды. Ол — екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, өткен ғасырдың атақты шопаны, бүгінгі күні аудандағы қойшылар қауымының ең үлкені, еңбек ардагері Бекіш Ғалымов.
Ауданымыздың негізгі «өндірісі» — мал шаруашылығы. Кезінде әр кеңшардың өрісі төрт түлікке толы болды. Әрине, оны баққан «геройлар» да аз болған жоқ. Оның ішінде Көптоғай селосы малының көптігімен ерекшеленді. Қазір де солай. Бұл өңір мыңдатып қой өргізді. Осы ауылда Шопан атаның тұқымы туралы бірдеңе айтылса, Бекіш Ғалымов еске түседі. Өйткені бұрын сол ауылдың да атын шығарған осы кісі…
Бекіштің әкесі Ғалым ақсақал қой бағудың хас шебері болды. Одан кейін әке таяғын ұлы Бекіш ұстап, атакәсіпті жалғастырды. Арада көп уақыт өтпеді. Адал еңбектің есесі еш кетпей, төккен тердің әр тамшысы қозылы қойға айналды. Атағы бүкіл Одаққа тарады. Бұл туралы жазылды. Алдына кіруге қарапайым адам бата бермейтін талай басшылар ұлы шопанның еңбегіне бас иді.
Бүгінде Бекіш Ғалымов — «Ойыл ауданының құрметті азаматы». Жақында қарт шопанмен сөйлесудің сәті түсті. Біз барғанда Бекіш атай үйінде екен. Бұрын тиіп-қашып әр жерден көргеніммен, тап қасына барып, бетпе-бет кездесіп тұрғаным осы. Менің не мақсатпен келгенімді білген ол, көп бөгелмей сөйлеп кетті. Оның өмірбаянын, жеткен жетістіктерін сұрай қойғаным жоқ. Ол жайында жазылып, айтылды. Суреті ауданның Алтын тақтасында ілулі тұр. Соңғы рет бұдан бес жыл бұрын облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Аманқос Орынғалиұлының шопан отбасының тарихын кеңінен қамтыған көлемді материалы жарияланған-ды. Менің көздегенім — еңбек адамының бүгінгі күнге көзқарасы, қазіргі қоғамға деген ой-пікірін білу. Сол себепті алғашқы сұрақтарым да төтесінен түсті.
— Ата, сізден қойшы ретінде сұрайын, қазір жекенің қойы болсын, кеңшардікі болсын, малшылардың мал бағудағы көзқарастарына көңіліңіз тола ма?
— Әкем көзі тірісінде: «Балам, мал бағу оңай емес, міндетіңе алғасын оны шын ниетіңмен бағу керек», — деген еді. Қой бағу қанға сіңген атакәсіп қой. Дүниеде қой бағудың жайын қазақтан артық білетін ешкім жоқ. Ол кезде ауылда мал бағып, еңбек етуден басқаны ойламаппыз да. Кеңес Одағының елімізде қой санын пәленбай межеге жеткіземіз деген жоспары бар. Біздің кеңшарда 50 мыңдай қой болды. Қазір ойлап отырсам, біздің сол еңбектеріміз ертегі сияқты. Олай дейтінім, қазір ауылда 5-10 күнде бір келетін кезектің өзін дұрыс баға алмайды. Әйтеуір қуалап әкетеді, сосын аулаға қамағанша асығады. Соған қарап, өзім кейде «апыр-ай, айдалада күнде мал соңында біз қалай жүргенбіз» деп те ойлаймын.
— Ал малға қырын қарап кеткеніміздің себебі не деп ойлайсыз?
— Енді ше, Кеңес үкіметі ыдырап, кеңшарлар құлады. Содан бастап малдан береке кете бастады. Ол кезде біраз мықты шопандар болды. Бірақ барлығы керексіз болып қалды. Одан кейін тоқырау, нарық, әйтеуір халық 20 жылда жалқаулыққа үйреніп кетті ғой. Қазіргі балалар мал баға ма? Үйдегі компьютердің бетіне үңіліп, ішін ақтарудан басқаға мойын бұрмайды. Сосын ересектердің бастары қосылса болды, үкіметті жамандап шыға келеді. Оу, еңбек етем деген адамға қазір рақат емес пе, жұмыс толып жатыр. Кейде бұзауы жамырап жатқан сиырларды көре тұра ауылдың келіндері қозғалмайды. Басында осылар бүгін сүт-майсыз қалады-ау деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олардың қиналмауы да дұрыс екен ғой. Бар да дүкеннен алып кел. Толып тұр. Міне, қазір бейнеттенуден гөрі дайын нәрселерге жүгіреміз. Әйтеуір бәрі оңай пайда іздейді. Бүгін бір кәсіп бастады ма, ертең-ақ байып шыға келулері керек. Адам санасын еңбек емес, ақша улап кеткен ғой.
— Сөзіңіз аузыңызда, ата, қазір бәрі бар, рақат дейсіз. Бірақ жетеді деп жүрген бір адамды көрген жоқпын. Қайта барлығы қайта банкке бережақ. Керісінше, көп ағаларымыз бұрынғы заманды көксейді. Ол кезде кеңшілік қой деп тамсанады, сонда қалай?
— Ол уақытта жастарды ауылшаруашылық саласына тартуға үгіт жұмыстары жақсы жүргізілді. Ол кезде жұмыссыз қалу деген жоқ қой. Барлығын тек еңбекке үйретті, еңбек бәсекесі болды. Үмітті ақтағандарды мейлінше бағалады, көтерді. Көмек те берді. Сондықтан көбі кеңшарға арқа сүйеді. Соны айтатын шығар. Ол заман басқа, бұл заман бөлек қой.
— Ата, шүкір, мүмкіндігіңіз барда қалада неге тұрмайсыз? Қазір көбі солай жасайды ғой…
— Ой, бала, қалада тұрған, әрине, жақсы. Далаға шықпайсың, барлығы да ішінде. Бірақ ес білгелі еркін жайлап қалған маған төрт қабырғадан басқа ештеңе көрмейтін қаланың үйі мекен болмас. Әрине, біреулерге жақсы шығар, әсіресе, жастарға. Ол жақта көп ешкіммен араласа алмайсың. Шақырғанда болмаса, ешкім бас сұқпайды. Ішіңдегіні бөлісіп, әңгіме айтпағасын адам құса болады ғой. Анабір жылы, озат шопан кезімде, іссапармен Алматыға барғанымда бір-бірімізді танымасақ та сырттай естіп, ауылдасым деп іш тартып, жетістігіммен құттықтаған Ишанбай Қарақұлов болды. Сонда сол кісі: «Адамға емнің керегі жоқ, бір-біріне көңіл күй сыйлап қуанышты жүрсе, сол өмірдің қызығы» деп айтқан-ды.
Қазір ауылда 10 шақты шалдар бар. Той-томалақтан бөлек, арасында бір-бірімізді шақырып, әңгіме-дүкен құрып, сыйласып жүріп жатқан жайымыз бар.
Менің бас жағында жатқан газет-журналдар мен кітаптарға қайта-қайта қарағыштай бергенімді байқады ма: «Теледидарды қоссаң кілең қылмыс, кісі өлтіру, тонау, жеп кету, қазір қарамаймын. Ауылдағы кітапханадан жаздырып алып оқимын. Бар ермегім — осы», — дейді қарт шопан.
…Бекіш қартпен бірге өмірдің бейнетін де, зейнетін де көріп келе жатқан Айсұлу әжеміз әлі тың. Ақ дәмін ұсынып жатыр. Ал қартайған шағында кейбір шалдарымыз секілді картаны емес, кітапты серік еткен Бекіш атайға көзінің нұры таймай, әжеміз екеуінің денсаулығына қуат берсін деп тілейміз!
Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл ауданы.
Бір тұғыры —құрмет тақтасы
Қазір ERG–дің (Eurasian Resources Group) тобына кіретін «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кеңсесіндегі Құрмет тақтада еңбек жолын осыдан жиырма бес жыл бұрын осы кәсіпорында қарапайым қожшы болудан бастаған Әлібек Қанымқұловтың суреті ілулі тұр. Мәртебелі мамандық иесін біз қайнаған жұмыс үстінде жолықтырдық.
Зауыттағы №14 пештің бригадирі, аға балқытушы Әлібек Қанымқұлов өмірін өндіріспен байланыстырғанына еш өкінбейді.
— Мен зауытты өзімнің екінші үйім санаймын. Өйткені өзім басшылық жасайтын цехта бірлігі жарасқан, білікті мамандар жұмыс жасайды. Жұмысшылар күн сайын үздіксіз от-жалынмен айқасады. Балқытушылар ісінде шойын тасқынын қақпалап, бір арнаға жіберу арнайы білімнің болуын аздық етеді. Бұл іске бойында төзімі мықты жандар ғана бара алады. Тер төгіп, табанды еңбек еткенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз, — дейді Әлібек.
Қара металлургияның алғашқы қарлығашы саналатын алып зауытта күндіз-түні қайнаған пештің қасында, балқыған темірдің жанында жүрген Әлібектің көп жылғы еңбегі ескерусіз қалған емес. Қарапайым балқытушының өндірістегі еселі еңбегі әрдайым зауыт басшылығының назарында жүреді. Ол талай рет басшылық тарапынан Құрмет грамотасымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Биыл металлургтердің төл мерекесінде оның суреті зауыт кеңсесінің Құрмет тақтасына ілінді. Озат еңбеккерлердің қатарынан орын алған аға балқытушы енді бір жыл бойы негізгі жалақысына 20 пайыз үстемеақы алу мүмкіндігіне ие болды.
Жас балқытушыларға металлург болуды жүрекпен ұғынып, қиындықты сабырлылықпен жеңіп, табысты еңбек етуді үйретіп жүрген Әлібек Қанымқұловты әріптестері әрдайым мақтан тұтады. Ол зауыт басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа дән риза.
— Зауыттағы балқыту пештері сөнбейді. Мұнда жұмысшылар ауысымдық кесте бойынша жұмыс жасайды. Жұмыс ұзақтығы — 8 сағат. Қазір зауытта жұмысшыларға барлық мүмкіндік жасалған. Бір мезгіл тегін тамақ беріледі. Арнайы медициналық мекемеде ем алуға да жағдай жасалған. Ол үшін жыл бойына ем-дом алу үшін әр адамға тиісті мөлшерде қаржы аударылады. Еңбек демалысына да ешбір кедергісіз шығамыз. Зауыт жұмысшыларының балаларына жазда лагерьде демалуға тегін жолдама бөлінеді, — дейді Әлібек.
Еңбек жолын осы зауыттың №2 балқыту цехында қарапайым қожшы болудан бастаған Әлібек кәсіпорынның бүгінгідей жетістіктерге жетуіне бір кісідей атсалысқан жандардың бірі.
— Жұмыстың ауырлығына қарамастан зауыт жұмысшылары кәсіпорын көлемінде өтетін түрлі өнер байқаулары мен спорттық жарыстарға белсене қатысады, салауатты өмір салтын ұстанады. Осындай ынтымағы жарасқан ұжымда еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Кәсіпорынның Құрмет тақтасынан орын алғаным — әріптестерім үшін үлкен абырой. Бұл ілтипат көп жылғы еңбегімнің жемісі, ұжымға көрсетілген құрмет деп есептеймін. Кәсіпорында жастарға үлгі болып, тәжірибе бөлісу үрдісі жақсы жолға қойылған. Кәсіби жұмысшы мамандар білген-түйгендерін жастарға үйретуден жалықпайды. Жұмыс барысында әрбір жұмыскер өндірістік апатқа, қауіп-қатерге жол бермеуі тиіс. Сондықтан техникалық қауіпсіздік ережелері өндірісте қатаң сақталады, — дейді металлург.
Абыройлы да мәртебелі мамандықтың тізгінін ұстаған Әлібек өндірісте жүріп, өзінің өмірлік серігін жолықтырды. Әріптестері «металлургтер әулеті» деп мақтан тұтатын Әлібек пен Гүлнар саналы ғұмырларын Ақтөбе ферроқорытпа зауытымен тығыз байланыстырып, бүгінде табысты еңбек етіп жүр. Гүлнар — зауытта кран машинисі. Талай биіктерді бағындырып жүрген Гүлнардың бұл істе тәжірибесі мол.
Әлібек пен Гүлнардың шаңырағында дүниеге келген Ербол мен Мөлдір бүгінде өмірден өз жолдарын тауып, ата-анасын жақсылықтарымен қуантып жүр.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Қазандық жөндеген қаратай
Бадамша ауылының тұрғыны Қаратай Төлебаев «Бадамша-Сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында он төрт жылдан бері слесарь болып еңбек етеді. Аудан орталығындағы тұрғын үйлерге жылудың уақытында берілуі үшін тынбай еңбек етіп жүрген азаматты жұртшылық жақсы таниды.
Қаратай Пангерейұлы алғашқы еңбек жолын Хромтау ауданы Көктөбе ұжымшарында механизатор-тракторшы болып бастаған. Ұжымшарға қарасты малшыларға жем-шөп тасу, шөп шабу жұмыстарын атқарды.
— Ол уақытта ұжымшарда мал көп болатын. Отар-отар қой мен табын-табын сиырға жем-шөп шақ келмейтін. Хромтау ауданының Болат, Бөгет, Көктау ауылдарының аумағындағы шабындық жерлердің шөбін шаптық. Таңғы сағат бесте трактордың рөлін ұстаймыз, содан күн ұясына қонғанша далада шөп шабамыз. Трактор бұзылса, ұжымшарға қарасты қоймадан құрал әкеліп саламыз. Жанар-жағармай да тегін болатын. 1994 жылға дейін осы ұжымшарда жұмыс істедім. Себебі тоқсаныншы жылдары ауыл шаруашылығында да өзгерістер орын алды. Ұжымшар тарап, барлығы жекеге айналды. Осы уақытта жұмыс табу өте қиын еді. Өзім қатарлы азаматтардың барлығы жұмыс іздеп жан-жаққа кетті. Мен де отбасын асырау үшін Қарғалы ауданының орталығына қоныс аудардым. Бұл жерге келген соң да бірден жұмыс табыла қойған жоқ. Төрт-бес ай жұмыссыз жүрдім. Кейін орталыққа жақын Кемпірсай ауылындағы шаруашылыққа тракторшы болып жұмысқа кірдім. Ол жерде 2000 жылға дейін еңбек еттім, — дейді Қаратай Төлебаев.
Жиырма бес жыл тракторшы болған азамат жас ұлғайған сайын ауыр техниканы жүргізу оңай емес екенін айтады. Ал жекенің мүлкін күтіп ұстау, тіпті қиын. Трактор істен шықса, қажетті құрал-жабдықтар қыруар қаржы тұрады, әрі қаражат шаруашылық басшысының қалтасынан шығатын болғандықтан тракторшы әр жүрісін аңдап басуы тиіс. Бірақ кейде бәрі ойдағыдай бола бермейді, көлік бұзылып қалады. Осы кезде басшылықпен келіспеушіліктер орын алады. Ал бұндай жағдай үлкен адамға оңай тимесі анық.
Трактор жүргізуді тоқтатқан соң «Бадамша-Сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына слесарь болып жұмысқа орналасты. Ұзақ жыл трактор жүргізген адамға бірден слесарь болып жұмыс істеу оңай тиген жоқ. Алғашында қиындықтар кездескенмен, кейін жұмыстың қыр-сырын үйреніп алды.
Кәсіпорын аудан орталығындағы тұрғын үйлерге ыстық, салқын су таратады. 2007 жылы орталық жылу қазандығы іске қосылыпты. Қаратай осы мекемеге қарасты қазандық пен құбырлардың қауіпсіздігін қадағалайды. Жарылған құбырды жамап, тесілген жерді бітейді. Алғашқы кезде қасындағы жолдастары көмектессе, қазір өзі жастарға жөн сілтейді. Жеке пәтерінің құбыры жарылса да Қаратайдың көмегіне жүгінетіндер бар.
— Кәсіпорын көше бойындағы және тұрғын үйлерге дейінгі, яғни сырттағы құбырлардың қауіпсіздігіне жауап береді. Ал үй ішіндегі жылу құбырлары пәтер иелері кооперативіне қарасты. Бірақ көп жағдайда тұрғындар маған хабарласып, көмек сұрайды. Бұндай кезде өзің білетін іс болғандықтан көмектесуге тырысасың. Жалпы слесарлық оңай жұмыс емес. Мәселен, салқын су жүретін құбырлар екі метрге жуық тереңдікте жатыр. Қысты күні құбыр жарылса, оны бітеу үшін жерді қазып, аршимыз. Бұндай жұмыс кезінде үсті-басың су болады, салқын тиеді. Соған қарамастан құбырды жөнге келтіреміз. Ал қазіргі жастар бұндай жұмысты істегілері келмейді, тіпті күрек ұстай білмейтіндер бар. Жұмысқа келген жастар бір-екі құбыр жарылысынан кейін өз еркімен жұмыстан кетеді. Оларға жеңіл әрі еңбекақысы көп жұмыс қажет. Ал кез келген кәсіптің өз қиындығы болатыны белгілі, — дейді Қаратай Пангерейұлы.
Қаратайдың еңбегі кәсіпорын басшылығы тарапынан ескерусіз қалған емес. Өткен жылы аудан басшылығының арнайы Алғыс хатына ие болса, түрлі мереке қарсаңында кәсіпорын тарапынан марапатталып жатады.
Жақында Қаратайдың ұлы Нұрболат мекемеге жұмысқа орналасыпты. Қазір ол өзінің ісін ұлына үйретіп жүр.
Санаулы күндерден кейін тұрғын үйлерге жылу беріледі. Мекемеге қарасты төрт қазандық дайын тұр. Жылу құбырларының барлығы тексеруден өткен. Қазір салқын су құбырлары жаңартылып жатыр.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Тың кәсіптің тынысы
Кеңқияқ өңірінде өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Бұл өз кезегінде құрылыс материалына деген сұранысты арттыруда. Сұраныс бар жерде ұсыныстың болуы да заңды. Осыны ескерген жеке кәсіпкер Марат Жөндібаев Кеңқияқ аулының Сазды шағын ауданынан қаңылтыр жабындыларын шығаратын цех ашып, сапалы да өтімді өнімдерін шығара бастады.
Жоба толықтай кәсіпкердің өз қаржысына жүзеге асырылған. Профлист жасап дайындайтын құрылғыларды Қытайдан 2 млн. 500 мың теңгеге әкелсе, қаңылтырды иетін құрылғыларды Ресейден 320 мың теңгеге жеткізді. Сұраныстың арта түсуіне байланысты ауданда жалғыз қаңылтыр жабындыларын шығаратын цех Кеңқияқта ашылды. Бұл цех жақында іске қосылды. Кәсіпкердің айтуына қарағанда цехтың ашылғанына көп бола қоймаса да сұраныс арта түскен.
— Қазіргі уақытта жабындылар мен жалпақ қаңылтырларға сұраныс көп түсуде. Көрші Мұғалжар ауданының Сағашилі ауылдарынан да келіп тапсырыс беруде. Барлық құрылғылар автоматтандырылып, компьютермен жабдықталған, көп адамның да қажеті жоқ, бір-екі адам-ақ басқара алады. Осының тілін білетін қажетті мамандарды оқытып жатырмын. Цех толық қуатында жұмыс істегенде жылына 1000 шаршы метр қаңылтыр жабындылар шығарылатын болады. Қаңылтыр жабындыларын ауданға ғана өткізіп қоймай, өнімді арттырғаннан кейін көрші Атырау, Орал, Ақтау облыстарына да жеткізуді ойластырып отырмыз. Біз жабындыларға пайдаланылатын металл материалды Кентаудағы отандық ірі металл өндірушілерден немесе Қытайдан аламыз. Тұтынушылардың қалауы бойынша қабылдап, оларды түрлі үлгіде жасап дайындаймыз. Қаладан әкелініп жатқан профлистер тек 6 метрліктер болады, ал біздің цехта бір метр бола ма немесе үш метр бола ма, керегін қиып береміз. Осындай тиімді жақтары бар. Бағасы қаланың бағасымен бірдей. Қара түсті профлисттің метрі 983 теңге тұрса, түрлі-түсті профлисттің метрі 1150 теңгеден. Бұл материалдарды дуалдарды қоршауға да пайдалануға болады.
Мараттың құрылыс саласында жұмыс істеп келе жатқанына отыз жылдай болды. Соңғы жылдары Кеңқияқ өңірінде жаңа үйлер бой түзеп, ғимараттар салынып, құрылыс қарқынды жүруде. Осыны ескерген ол қаңылтыр жабындыларын шығаратын цех ашты. Алдағы уақытта үйдің төбесін жабатын барлық материалды осы жерден дайындап, кәсібін кеңейте түскісі келеді. Бұл, бір жағынан, тұрғындарға да тиімді болмақшы. Өйткені олар қаладан тасып әуреге түспейді, керегін осы жерден алады.
Осында шығарылатын қаңылтыр жабындыларға деген сұраныс аудан тұрғындары арасында да жоғары. Оның басты себебі, жабындылардың дизайны мен сапасының жоғарылығынан болса керек. Қаңылтырдан түрлі үлгідегі жабындылар жасайтын бес құрылғы орнатылып, жұмыс істеуде. Жаңа технологиялар мен осы заманғы құрылғылар сапалы жабындылар шығаруға алғышарт жасап отыр. Теп-тегіс, жалпақ қалың қаңылтырлар тұтынушы берген тапсырыс бойынша түрленіп, қиылып, әп-әсем жабынды болып шығып жатыр.
Еңбек түбі — береке. Жұлқынып істеймін дегенге жұмыс бар. Тек масылдыққа малданбай, мемлекетке қайта-қайта қол жайғаннан, қайырлысы — еңбек қоғамына қарай қадам басқаның. Қалған қамың қолда қуат болса, қара күш, қарекетпен де табылады. Қалай десек те, заман көшінен қалмай, екі қолға бір күрек алып, ниет еткен адамға іс табылары сөзсіз. Сондықтан Мараттың бұл кәсібі өзінің замандастарына үлгі болары анық.
Мәди КЕМЕШОВ,
Темір ауданы.



