Басты жаңалықтар

ФЕРМЕР

Құрдас

Биылғы мамыр айының аяғында, Ақтөбеден Ырғызға қарай жолға шықтық. Көлігіміз жүйрік болғанмен, алдымызды кешке салып, оның үстіне артымызға қарайлай-қарайлай жүргесін, жетер жерімізге де кештеу аяқ арттық, түннің біруағы болды.

Біз тағы да бөгеліп тұрмыз. Себебі, кейінгі көлікте сол ауылға баратын және Қызылжар селолық округінің орталығында өтетін ертеңгі шараға бірге қатысатын, өзге ақпарат құралдарында істейтін әріптестеріміз бар еді. Біз бір көлікпен жүруге тиісті едік. Алайда мана қаладан шығар кезде, жастар өздері оңаша болғысы келді ме, әлде басқалай есебі бар ма екен, Ырғызға қарай бағыт алған жолшыбай көлікке отырып, «Соңдарыңнан қуып жетеміз» деп қалған-ды.

Енді біз жол айырығында соларды күтіп тұрмыз. Көлік ішінде отырудан бір мезет зерігіп, далаға шығып та қараймыз. Тұрған жеріміз қырдың басы,  жазықтық. Құмайтты, құба дала. Көктемгі мол түскен ылғалмен биік шыққан көк жусанның иісі мұрын жарады.  Жел де бар. Бірақ соған қарамастан, неге екенін, даланы маса буып тұр. Көліктің жарығында көшкен бұлттай көрінеді.

Күткен адамдарымыз кідірді. Қалың маса бізді көлікке қайта қуып тықты.  Уақыт болса өтіп жатыр, тықырши бастадық. Бізге алдын ала айтылған хабар бойынша, бүгін алдымыздағы шамдары көрінген Қарақұдыққа — «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Хамит Өтеуұлының ауылына қонып, Құрылыстағы өтетін шараға осы жерден ертеңгілік өріп бара қоюымыз керек еді.

Белгілі фермер — дабысын естігеніммен, бұрын көрген, тілдескен адамым емес–ті. «Енді қалай болар екен?» деп қоямыз. «Осындайда біздің ағайындардың басы бірігіп жүре қоймайтын әдеті-ау»  деп, ренжіп те аламыз арасында. Содан қойшы,  ақыры өздері келе жатар, не болғанда да ауылға кірелік, хабарымызды білдірелік деген тоқтамға келдік.

Қазір қалада тұрғанымен, жүргізуші осы өңірде туып-өскен, Қарақұдықта күні кешеге дейін жұмыс істеген  жігіт екен,  ауылды жақсы білетінін көрсетті. Кіреберіс шеттегі, аула  шамдары бар, қаптаған терезелері самаладай жарқыраған ұзын ғимаратқа таяп келіп тоқтады. Көліктен түсіп үлгергенімізше, шарбақтан шығып, жанына баласын ерткен, көнетоздау жазғы жеңіл спорттық киім киген азамат көлікке жақындай берді. Аман-саулық сұрасқан соң, күнде көріп жүрген адамдарындай  ықылас білдіріп,  үйге қарай бастады. Биік бойлы, кеуделі, кесек денелі ауыл ағасын басшыға тән қозғалысына, сөйлеу мәнеріне  қарап, жұрт айтып жүретін белгілі  фермер осы болды-ау деп бірден-ақ топшыладым.

Фермер тұратын үйдің сәулеттік салтанаты да қызық көрінді. Ауылдың да, қаланың да көріністерінен хабар беретіндей. Кең ауланың бергі басында бір қабатты, бір қабатты болғанмен еңселі әрі ұзын, қазіргі заманғы  түсі ерекше ұнамды жамылғымен жауып, келістіріп салған үй.  Бұған қарсы бетті  ұзын-ұзын сарай үлгісіндегі құрылыстар – жазғы үйлер алып жатыр. Оның сыртында тағы үлкен шарбақ көрінді: біріне-бірі жалғасқан мал қоралар. Әрине, мыңдаған жылқысы, алалы қойы, әлденеше табын сиыры бар фермердің қыс қыстауы, жаз жайлауы өзге жерде екені анық қой. Ал мынаусы… «Бар адам  аласын да, құласын да мінеді» дегендей, алыстағы мыңғырған малдан, жақындағысы пайдалы деп, қолда аздаған сауын сиыр, тіпті шұбат, қымыз болу үшін түйе-жылқы ұстай ма екен? Бірақ бейсауыт мал байқалмайды. Не болғанда да, анау қаңқайған қоралар тектен-тек тұрмаған болар…

«Біраздан бері осы жерді қоныстанып отырғанмын. Өткен жылы кеңейтіп қайта салдырып алдым. Ақтөбеде де үйім бар. Денсаулығым сыр беріп, былтырдан бері сондамын. Шаруаның ретіне, жағдайға қарай екі жақта да бірдей шауып жүреміз. Осында тұрып, шаруа ұйымдастырып отырған  балаларымыз бар», — деп, ойымызды оқығандай фермер де өз тұрмысынан хабар беріп жатыр. Расында да фермердің үйі Петербордың қысқы сарайындай кең қолтықты ғимарат екен. Ұзын дәліздің екі беті қарама-қарсы бөлмелер. Балалы-шағалы отбасы өздерінің де, көбірек келетін қонағының да жағдайын ойлап осылай көп бөлмелі  етіп салдырғандай. Еуропалық үлгіде жөнделіп, жасақталған үйдің ішкі күтімі де  назар аудартады. Бір қарағанда, мұндағы салтанат алыс Ырғыздың шет  ауылының үйінде тұрмыз деген ойға сыймайтындай…

Екі адамды кең залға әкеліп кіргізіп, ұзын столға жайылған дастарқан мәзірін көргенде тіпті ыңғайсыздандық. Соңымыздан жетпек екі әріптесіміз болса, әлі кешігуде. Бағыланның еті піскенше атып кететін жаздың қысқа таңы да еске түсіп қояды. Оның үстіне ертеңгілік ерте тұрып үй иесі де бізбен бірге осы жерден жүз шақырым жердегі Құрылыс ауылында өтетін шараға үй ішімен қатысуы керек. Сондай жағдайда қашанғы күтуге болады?

Алдымызға үйме табақ жылқының еті келіп қалды. Бастапқыда бізден де басқа біреулер болатын шығар деп ойлағанбыз. Олай болмай, дастарқан жайылған ұзын столдың бір басына үш адам отырып, жүргізуші пышақты қолға алды. «Мынаның бәрін кім жейді. Бір бөлігін турасаң да болады ғой» деп қала жаздап, Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім» кітабындағы  бір кейіпкердің «Байдың малын байғұс қызғанады» деген, қазанға етті неге мол салмадың» деп жылқышыға ұрысатын оқиғасы есіме түсіп, тілімді тістей қойдым.

Бір табақ ет алдымызда,  семіз жылқының  шекесін ұстап отырып, фермермен жас сұрастық. Екеуміз де соғыстан кейін, бір жылда туған төл екенбіз. Жылымыздың доңыз екенін, құрдастығымызды білген соң, фермер қай айда туғанымды да анықтады.

— Менің сәлем берерлігім бар екен, — деп тоқтады сосын.

Қатар болғанмен, атақ, даңқы жайылған адамның пысы баса ма, болмаса тұлғасы әсер етіп отыр ма, білмеймін, әңгіме үстінде ылғи аға деп қала жаздап отырғанмын. Өзі  әлгіндей дегенде, ағымнан жарылып: «Одан да менің сәлем беретін болғаным дұрыс еді» деуге шақ қалып, өзімді тежедім. Себебі, құрдас деуге ауызы бармай тұрған жоқ қой, әліптің артын бағып сөйлейтін адам-ау, неғылса да деп ойладым.  Болмаса қазақ, бес-алты ай түгілі, үш жасқа дейінгіні де құрдас дей береді емес пе?..

 

Ескерткіш

 

Алайда Хамаң ондай сақтық,  қулық ойлайтын адам сияқты емес. Үні жұмсақ, бұрыннан таныс, біліс адамдарындай-ақ әңгімесін ірікпей, екшемей айтып отыр. Тамақтан соң, ысырылып жасаулы шай дастарқанына отырғанымызда:

— Бір атамыздың  Байғанин ауданының Доңызтау жағында сүйегі қалғанын естуші едім. Бір жиында Ақтөбеде тұратын ардагер ағамыз сол атамыз жатқан қорымды білемін деп қалды. «Олай болса, мен ұрпақтарының атынан басына қоятын граниттен ескерткіш тас белгі дайындатайын. Бірге барып көрсетсеңіз болды. Қашық жер ғой, жасыңыз келген адамсыз, еңбегіңізге бір жылқы берейін» дегенмін. Содан жарты тонна граниттен қашалған ескерткіш тасты жүк көлігіне тиеп, бірнеше машинамен Доңызтауға сапар шектік. Ыссының күні еді. Ол жақта қазір ел де, жол да жоқ екен. Шарламаған жеріміз қалмады. Айтуын-айтқанмен, ағамыз ертеректе бір көрген жерін, жеме-жемде таба алмады. Әбден шаршадық. Апарған сусынымыз таусылды. Шөлден қататындай қауіп туды. Үміт үзілді. Болмайтынына көзіміз жеткесін, «Есің барда, елің тап» деген ауылға қайттық, — деп әңгіме бастады.

— Тасты қайтып әкелдіңіздер ме? — деймін.

— Шөлден қатып жүріп, сонша жерден қара тасты мұнда қайдан сүйреп жүреміз. Сонда бір төбенің басына қалдырдық…

— Сол жолы үш күн жүріп, ауылға өлейін деп келді. Келгесін бірнеше күн ажары кірмей, ауырды, — деп, шай құйып отырған бәйбішесі әңгімеге араласты. Бұл — Айсұлу десе дегендей, көркем, ерінің қас-қабағын бағып сөйлейтін көргенді жан екен. Үйдің берекесін кіргізіп отырған отанасы екенін кейін білдік… Ауылдың, шаруаның тізгіні  Хамаңның қолында тұрса, фермерліктің,  ауылдардағы дүкендердің көп есебі де осы Айсұлудың алдына келіп тоғысатынға ұқсайды. Бүгінде өздері де бір-бір үй, әке шаруасына қолғанат болып отырған алты баланың анасы, «Күміс алқа» игері.

Біз қазіргі көп байлардың үйінде дәстүрге айналған үй күтушісін де, шай құюшысын да мұннан көре алмадық, бәйбіше сар самаурынның тұтқасын өзі ұстап, күрең қызыл шайды баптап құйып беріп отырды.

— 1965 жылы Оралдың  ауыл шаруашылығы институтына түсіп, 1970 жылы бітірдім. Сол жылы  бас қостық, — деп отағасы жұбайының Ақжайықтың қызы екенін айтты.

Мен де осы жылы үйленген едім. Бір қызығы, өзім білетін құрдастарым да түгел осы  жылы отбасын құрған. Енді, міне … «Мұнда қандай сәйкестік бар, 1947 жылы туғандарға сол жылы үйленуге ғарыштан бұйрық келген жоқ па екен?» деген ой келеді бүйірден. Алайда ол ойыңды енді танысып жатқан адамға айта алмайсың ғой…

Хамаң бір шаруаны қолға алса тындырмай қоймайтын, алған бетінен қайтпайтын азамат екен.  Биылғы көктемде манағы қорымды анық білетін адам тауып, Ақтөбеде  екінші рет қашалған жарты тонна ескерткіш гранит тасты Доңызтаудағы атасының басына орнатып, ас беріп қайтыпты. Сөйтіп, бір шаруаны бітіріп, көңілін бірлеп отырған шағына келген екенбіз біз.

— Алдындағы ақсақал не болды? — деймін негізгі сауалымды ішке бүгіп.

— Айтпақшы, ол ағамыз сырқаттанып қайтыс болды. Сонша жерге барды, есіне түспесе, үлкендігі болар. Арада көп уақыт өтті. Ұмытылады ғой. Үйіне хабар беріп, шаруасына жаратсын деп өзім атаған жылқыны жеткіздіріп бердім, — деді.

Біздің көкейімізде тұрған да осы жауап еді. Халқымыз «Бермесе де бай жақсы» деп, жұмсартқанмен, бар адамның қайырымды болғанына, жоққа жәрдемдесіп, қысылғанды демей алғанына не жетсін. Мұны өмір көрген, басынан сол қиыншылықтарды өткерген адам ғана жасайды. Айтып отырса, Хамаң да барлық уақытта шылқыған май жемеген.

 

Әке жолы

 

«Әкең жақсы адам еді жамбас жеген» дегендей, балалық шағы есімі елуінші жылдары иісі қазаққа тараған азаматтың бауырында уайым-қайғысыз басталып еді. Әкесі Өтеу Құдайбергенов осы өңірде ұзақ жыл ұжымшар басқарып, 1948 жылы ауыл шаруашылығын өркендетудегі ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сөйтіп жүргенде 1956 жылы 55 жасында ауыр науқастан қайтыс болған. Дегенмен, тоғыз жасында әкеден айрылған баланың жадында көп нәрсе жазылып қалған.

— Мәскеуге алдырылып, Кремльдің жанындағы ауруханада емделді. Ырғыз аудандық партия комиетінің бірінші  хатшысы болатын Нұрқасым Бердіқұловтың әкемнің қазасына келгені есімде. Әкеден қалған 3 қыз, 3 ұлды анам Әштай өзінің қажыр-қайратының арқасында оқытып, адам қылды. Анам 1998 жылы 81 жасында дүние салды, — дейді сол күндерді  ой елегінен өткізіп.

Сосын өткен өмірінің белестерін зердесінен тағы да ақтарып:

— Алғашқы ұстазым Жылқаманова Тойған апай еді. Қазір Австралияда баласының қолында тұрады.  Әкемнің жұмыс бабына байланысты бастауыш сыныптастарды Қарасай, Жабасақ ауылдарында оқып, 11 жылдықты Темірастау орта мектебінен бітірдім. Биыл мектеп бітіргенімізге 50 жыл толды. Ертең Құрылыс ауылында көзі тірі түлектері болып соны атап өтпекпіз. Бала-келін тойға керекті азық-түліктерін, қазан-ошақтарын арқалап сонда кеткен, — деді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Әке көрген оқ жонар» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Басшылық қызметте болған әке жанында қаршадайынан ел басқаруды, адаммен сөйлесуді зердесіне тоқыған Хамаң, Ырғыз ауданының Калинин атындағы кеңшарында жас маман болып жұмыс бастағанда шаруаның жайын Қияс Сәрсенбаевтан үйренеді. Осы шаруашылықты жиырма жылға таяу басқарған азаматтың берер өнегесі көп еді. Одан кеңестік шаруашылықты ұйымдастырудың тағы бір сұңғыласы Үбніғажып Жұмағалиевпен істес болады. Сөйтіп жүргенде 1985 жылы қаңтарда өзі де жаңадан ашылған «Құмтоғай» кеңшарына директор болып тағайындалады.

— Кеңшар мен дүниеге келген «Бас ауылдың» аумағында құрылды. Орталығы тың жерден «Құмтоғай» қыстағының маңынан салынды. Маңайында бұрын салынып қалған дайын үйлер болмағандықтан, жұмысты көшпелі вагондарда тұрып бастауға тура келді. Жұмысшылар тұратын үйлер мен әлеуметтік мекемелер орналасатын ғимараттар қатар салынды. Қазір Құмтоғай ауылында мектеп, мектеп жанында интернат, балабақша, спорт алаңы, дәмхана, дүкендер халық игілігіне жұмыс істеп тұр, — дейді бұрынғы директор.

Сол тұстағы тәртіп бойынша жаңа кеңшардың кемінде екі фермасы болу керек еді. Мұнда бұрынғы ферманың ізіндегі жалғыз «Қарасай» бөлімшесі ғана бар болатын. Екінші ферманы тың жерден, шаруашылықтың ыңғайына қарай жайылымдық жерден ұйымдастыруға тура келеді. Қазіргі қонысы, «Қарақұдық» ауылы солай орнаған-ды.

— Кеңшардың орталығын және бір ферманы тың жерден тұрғызу оңай болған жоқ.  Жүрегіме де салмақ сол жылдарда түсті-ау деп ойлаймын. Жан қиналысы ізсіз кетпейді екен. Мазалау күшейіп, өткен жылы Ақтөбедегі кардиоорталыққа баруға тура келді. Ұзақ тексеруден кейін, дәрігер: «Жүрегіңізге ота жасау керек» деді. «Отадан басқа, ем жоқ па?» деп едім. «Жалғыз жол – сол» деді. Төбемнен ұрғандай, бір сәт есімнен тандым, ауырып көрмеген адам едім. Содан қарманып сүйенетін азамат іздедім. Көмекшісі арқылы Мәжіліс депутаты Елеусін Сағындықовқа шықтым, облыста әкім болып тұрғанда ауылымызға іссапармен  келген еді. Кеуілімді қайтармай, көмек қолын созды. 2013 жылдың қазанында Астанада әйгілі хирург Юрий Пя жүрегіме ота жасады, — деп, қайрымды жандардың еңбегін ерекше ризалықпен айтып отырды.

Солай денсаулығын беріп,  маңдай терін төгіп  құрған кеңшар таратылып, жекешелендіру басталғанда, сол аумақтан 22 шаруа қожалығы ұйымдасып шығады. Соның бірі  болып Хамаң да «Қарақұдық» жерінен жеке кәсіпорын құрып, егіз қызы Алтыншаш пен Әселдің құрметіне  «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп атайды. Содан бері бұл шаруашылық асыл тұқымды, қазақтың жартылай қылшық жүнді құйрықты қойын өсіріп, облыс шаруашылықтарына жылма-жыл 1000-1200 саулық пен 200-300 қошқар сатып келеді. Қазір серіктестіктің қарамағанда 7000-ның үстінде қой, оның 4000-нан артығы саулық, 300-дей ірі қара, 1200 жылқы бар. Серіктестік — облыстың мал өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтарының бірі.

Фермер Хамаң тек өз шаруасын ойлап қоймайды, өзі қоныстанып отырған ауылдың тіршілігін де әркез қамдап отырады. Осы жерден малшы балалары үшін мектеп, мектеп жанындағы интернат салды. Оларды он жыл бойы шаруашылық есебінен ұстады. Стадион салып беріп, ауыл жастарының аудандық спартакиадасын өткізуге жағдай жасады. Осы өңірден шыққан 6 Социалистік Еңбек Еріне арнап «Еңбек даңқы» аллеясын және Ұлы Отан соғысына қатысқан, соғыстан оралмаған жерлестеріне арнап монумент-ескерткіш орнатты.

Ел игілігіне жұмсалған қажыр-қайрат алғыс болып оралатыны белгілі. Хамаңның да әр жылдары алған абыройы, марапаты жетерлік. Кеңшардың директоры болып тұрған тұста жаңа мектептің құрылысына және мектеп жанындағы интернатқа қамқорлық жасағаны үшін 1989 жылы «Қазақ ССР-і білім беру ісінің үздігі» атағы беріледі. Бірнеше дүркін облыстың, ауданның халық қалаулысы болып сайланады. Облыстың жыл адамы, Ырғыз ауданының құрметті азаматы атақтарын алады. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және төрт медальдің иегері. Қазақстан Республикасы Президентінің «Парыз», Ұлттық қоғамның «Алтын жүрек» сыйлықтарын жеңіп алғаны және бар.

…Ырғыздан оралып келе жатқан жолда  жолсерік ініме: «Хамаң қарапайым әрі алды кең басшы сынды көрінді» деп, пенделік пікірімді айтып қалдым. «Қарапайым дегеніңіз дұрыс болар. Бірақ үнемі жұмсақ емес, іске келгенде талабы қатты, мінездің де адамы», — деді. «Солай болса, солай шығар, тегін адам бір көрген қонағына ішін алдырта ма?» деп ойладым.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button