Қайыршылар қайдан келеді?

Жыл сайын күн жылына басталысымен-ақ қаламызда көршілес елдерден келген «гастарбайтерлердің» қарасы көбейетініне көзіміз әбден үйренген. «Арзан жұмыс күші» атанған олардың біразы құрылыста еңбек етсе, енді бірі базарларда саудамен айналысады. Еңбек мигранттарының қатарына жататын тағы бір топ бар, олар — қайыршылар. Басқалар секілді жұмыс істемесе де, өздерін жұмыссыздардың қатарына жатқызбайтын олардың саны бүгінде баршылық.
Осы орайда біз садақа сұрайтындардың қайдан және қандай мақсатпен келетінін, сондай-ақ, оларға қатысты елімізде қабылданған жаңа заңның жай-жапсары турасында зерттеп көрген едік. Оқып көріңіз…
…Айыппұл салынады!
Осыдан біраз уақыт бұрын ел Президенті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы жаңа Кодекске қол қойып, әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қорғалғандығын арттыруға, заңға қарсы қол сұғулардан мемлекет мүддесін қорғауға ерекше басымдық берілетінін жария еткен болатын. Өз кезегінде өткен жылы халық қалаулылары да жұртшылықтың мазасын алып, соның ішінде қайыр сұрап, бал ашатындарды жазалау керектігі жөнінде мәселе көтерген-ді. Осы жағдайдан кейін сең қозғалды…
Депутаттар қабылдаған жаңа заңға сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика көлемінде қайыршылар мен жезөкшелер және балгерлер артық-ауыс әрекеті үшін жауап беретін болады. Олар енді адамдардың мазасын алатын болса, айыппұл төлеп, тіпті қамауға алынуы мүмкін. Бұл туралы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Қоғамдық орындарда жабысу» деп аталатын жаңа бабында тайға таңба басқандай етіп жазылған. Тарқатып айтсақ, жоғарыда аталған теріс қылықтарымен «көзге түскен» садақа сұраушыларға енді бірінші заңбұзушылығы үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынбақшы. Ал заңды қайта бұзғандар бірден қамауға алынады. Ешкімге зияны жоқ, дұрысы — өз жөнімен отырып, кедергісін келтірмейтіндерге бұл жаңашылдықтың қатысы жоқ. Билік басындағылар сол арқылы тұрғындардың берекетін қашыратындардың жолын кесеміз деп отыр. Әйтпесе, расында, соңғы уақытта «бір садақа бер» деп алақанын жайып, тиын-тебенін алмайынша жол бермейтіндер жетіп артылады.
Мамандардың мәлімдеуінше, жаңа талап Мәскеу тәжірибесін және Ресей астанасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексін негізге ала отырып жасалған.
Якуда және оның табысы
Тәжікстан елінен келген 26 жастағы Якуданың Орталық базар маңында қайыр сұрап жүргеніне бірнеше жылдан асқан. Жылма-жыл көктемде келіп, күздің ортасына таман отанына қайтуды әдетке айналдырған ол, алғашында бізбен әңгімелеспек түгілі, сұрақтарымызға «аузының ұшымен», аса салқынқандылықпен үн қатты. Газетте жұмыс істейтін журналист екенімізді айтқанымызда, тіпті ләм-мим демей, орнынан кетуге оқталғаны бар… Алайда, біз «мынау — сізге» деп қолына азын-аулақ ақша ұстатып, қасындағы кішкентай қыз балаға балмұздақ сатып әпергеннен кейін кейіпкеріміз «жібіді»…
— Балғын кезімнен бері осы «жұмыстамын». Бұл «кәсіппен» менің ата-анамды айтпағанда, олардың ата-тегі де айналысқан. Сондықтан қайыршы болудан арланбаймын. Әрі бұл — біздің маңдайымызға жазылған секілді…, — деп ағынан жарылған Якуда мұсылмандарға жұма сайын мешітке бару қалыпты құбылыс болса, бұларға қайыр сұрау да сондай екенін және қосты.
«Қонақтың» өзі бұдан әрі үш баланың анасы екенін, қасындағының ортаншы қызы екенін айта келіп, Ақтөбеге 2-3 жылдан бері келіп тұратынын тілге тиек етті. Біз болсақ, іле-шала күніне қанша табыс табатынын білгіміз келіп, сыр суыртпақтаған едік… «Әр кезде әрқалай. Демалыс күндері «қолымыз жақсы жүреді». «Субботада» 1-2 мың теңгеге дейін садақа жинаймыз. Ал жұмыс күндері орташа есепппен алғанда 500-600 теңге табамыз ғой», — дейді ол.
Жасыратын несі бар, басқасын былай қойғанда, өзімізге де көшеде қайыршылардың қаптап отыратыны онша ұнамайды. Сырттан келетін меймандардың алдында да бұның Ақтөбенің имиджіне нұқсан келтіріп, олардың арасында «тұрмысы төмен адамдар көп екен…» деген пікірді қалыптастыратыны рас. Әрі-беріден соң осының барлығы әсер етті ме, әңгімелесушімізге төмендегідей сауалды төтесінен қойғанбыз: «өз елдеріңізде неге қайыр сұрамайсыздар?», Якуда да жауабын ұзатқан жоқ, лезде былай деді:
— Жылдың қай мезгілінде болсын, Тәжікстаннан шықпай, қайыр сұрасаң, аштан өлесің. Айтайын дегенім, он жерден жағдайың мүшкіл болса да, саған ол жерде ешкім көмектеспейді. Сол себепті, күн жылынып, көктем келгенде Қазақстанды жағалайтынымыз бар. Кейін қаражаттың бәрін жинап, елімізге қарай тартып тұрамыз дегендей…
Шыны керек, бір көзімнің жеткені, қазақтар — қайырымды халық. Өзім секілділердің осында жиі келуінің сыры сонда жатыр деп ойлаймын. Бәрімізге (қайыршыларды айтады — А.С.) де садақа жетеді ғой…
Сөзге тартқан қайыршымыз бұдан басқа ештеңені жарытып айта қоймады. Уақытша мекені қайда екенін сұрағанымызда, бұл туралы жақ ашудан үзілді-кесілді бас тартты. Сірә, байдың ғана емес, олардың да асын қызғанатындары болса керек…
«Күлімдеудің өзі — садақа!»
Хадисте «күлімдеудің өзі — садақа!» деген жолдар бар. Алла Тағала кез келген адамға айтылған жылы сөздің иесіне де сауаптан жазады деседі… Дегенмен, мұқтаж жанға материалдық көмек те қажет-ақ. Бұл ретте біз бірнеше қала тұрғынына «қайыршыларға садақа бересіз бе?» деп қысқа сауал қойған болатынбыз. Олардың жауаптары төмендегідей:
Бауыржан Мауин, ұстаз:
— Жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы онсыз да аз… Оның үстіне, мен тек Рамазан айында ғана садақамды беремін. Және оны мешітке орналастырылған жәшікке апарып саламын. Дін қызметкерлері қаражат жағынан қиналғандарға өздері табыстар…
Әсел Қарасаева, қаржыгер:
— Үнемі беремін деп айта алмаймын. Бірақ кейде ақшам ауысқанда сыртынан қарағанда-ақ жоқ-жітік, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар екені көрініп тұрғандарға ақша ұстатамын. Онда да «қара бақыр», елу, жүз теңгелік монеталар ғой. Менің ойымша, оларға көмектесетіндер баршылық. Әйтпесе, көшеде топ-тобымен жүрмес еді!
Артур Медетов, студент:
— Қолын жайып тұрған қарттарға ғана қайырымдылық жасаймын. Әсіресе, қазақтың кемпір-шалдарына садақа бергенді жөн көремін. Өзіміздің қаракөздер ғой деп… Жалпы, ешкім жетіскеннен ақша сұрамайды деп ойлаймын. Жағдайың жетіп тұрса, садақа берген дұрыс.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Суретті түсірген автор.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!
Ресми деректерге сүйенсек, еңбек мигранттары жыл сайын Қазақстаннан 20-25 млрд. теңгенi өз елдеріне алып шығады екен. Ал олардың нақты санын ресми органдардың өзі келтіре алмайды. Өйткені заңсыз шекара асатындардың қарасы азаймай тұр. Бір анығы, олар көршілес Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерден келеді.
!
«Гастарбайтер» — немiстің gast+arbeiter деген сөзінен шыққан. Қазақ тіліне аударғанда қонақ+жұмысшы деген мағынаны бiлдiредi.
СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
— Қайыршылар, әсіресе, Еуропа елдерінде көп. Тіпті, қоғамдық орындарда қайыр сұрау арқылы бүтіндей бір әулетті асырап отырғандар бар деседі… Сосын мұнда жетім балаларға қайыр сұратуды бизнес көзіне айналдырған пайдакештердің қарасы қалың көрінеді.
— Ал Түркия елінде қайыршылар атымен жоқ. Аталған мемлекетте жағдайы нашар адамдар бір рет қана қолдануға болатын қағаздарды (салфетка) сатып, «пайда» табады. Қызығы сол, олардың бұйымдарын ешкім сатып алмайды екен. Түріктер әлгі заттарды саудалап тұрғандардың жанына барып, қалтасы көтергенше қаражат тастап кетуді әдетке айналдырған…
— Табысының бір бөлігін, болмаса ойда жоқта кенелген олжасын қайыршыларға табыстау — Нигерияда қалыпты құбылыс. Мәселен, жоғарыда аталған елдің Лагос қаласының тұрғыны Розмари Обиакор лотереядан ұтқан 3 млн.найрдың (22 мың доллар) барлығын қайыршы әйелге ұстата салған. Және Розмари бұл шектен тыс жомарттығына бір сәтке де өкінбейтінін БАҚ өкілдеріне әлі күнге айтып жүр.



