Электр энергиясын үнемдеу — басты шаруалардың бірі

Электр энергиясын үнемдеп пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» арнайы Заңның қабылдануының өзі осы бағыттың маңыздылығын көрсетсе керек.
Облыс әкімшілігінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен мәжілісте аталған заңның жүзеге асырылуы жайы қаралды.
Аймақ басшысы энергия тиімділігін көздейтін экономиканың көптеген ілгері қатардағы шет елдерде ұлттық саясаттың негізі және түпқазығы ретінде қалыптасқанын айта келіп, бұл мәселеге жан-жақты қарау қажеттігін алға тартты. Ақтөбе облысында да индустриалды-инновациялық саясат аясында осындай жүйе қалыптастырылуы тиіс. Осыған байланысты өңірде энергия тиімділігін көтерудің кешенді жоспары жасалып, бекітілді. Бұл ретте 2008 жылмен салыстырғанда 2015 жылы жалпы ішкі өнімге энергияның жұмсалуы 10 пайызға төмендеуі негізгі міндет болып табылады. Аталған бағыттың жүзеге асырылуы меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорын-мекемелерге қатысты.
Осы жайларды кіріспе сөзге тиек еткен Архимед Бегежанұлы барлық жерде де энергиялық аудит жүргізудің қажеттігін қадап тұрып айтты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мамырғали Аққағазов жасаған баяндамада күн тәртібіндегі мәселеге қатысты бүгінгі қалыптасқан ахуал жан-жақты талданды.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, 2013 жылы Ақтөбе облысында электр энергиясын тұтыну 3 968,2 млн. кВт-сағат құраған. Электр энергиясы балансына сәйкес жергілікті көздерден шығарылатын жиынтық өнім 2 702 млн. кВт-сағатқа жетті, бұл жалпы мөлшердің 68 пайызына тең.
Аталған заңды жүзеге асырудың облыстағы кешенді жоспарын жүзеге асырудың нәтижесінде 3,5 млн. кВт-сағат электр энергиясын, 14,4 Гкал жылу энергиясын және 1603,2 мың текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік туды. Әрине, оның барлығы нақты жұмыстар арқылы жүзеге асты. Мәселен, 31 автоматтандырылған жылу пунктін қондыру арқылы жылу энергиясын тұтыну 39 пайызға азайды. Жергілікті өндірістің құбырларын пайдаланудан жылу энергиясының жоғалуы едәуір мөлшерде кеміді. Жем қаласындағы, Шұбарқұдық селосындағы орталық қазандықтарды пайдалы әрекеті жоғары коэффициентке ие энергия тиімділігіндегі қазандықтарға алмастыру арқылы электр энергиясын үнемдеу 857,9 мың кВт-сағат, ал табиғи газды үнемдеу 729,9 мың текше метр құрады.
Осындай мысалдарды келтіре отырып, баяндамашы аталған салада атқарылар шаруалар әлі де көптігіне тоқталды. Оның бірқатары энергиялық аудит жүргізуге байланысты. Заң талабына сәйкес бұл шара барлық мекеме-ұйымдарда өткізілуі қажеттігіне қарамастан, кейбір жерлерде әлі де болса бұған салғырт қараушылық байқалуда.
Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров электр энергиясын пайдалануға қатысты облыс орталығындағы жұмыстарды баян етті. Қазіргі уақытта қала бойынша 46 нысанға аудит жұмыстары жүргізілген. Осындай шаралар нәтижесінде тұрғын үйлерде жылу энергиясын үнемдеуге жол ашылды. Қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Ақбұлақ» акционерлік қоғамында су сорғыларын жаңарту есебінен ілгері қадамдар жасалды. Бүгінгі күні барлық жерде есептеу қондырғыларын қондыру жаппай жүргізілуде. Жалпы үй бойынша есептегіштер қондыру да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қала басшысы кешенді жоспар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып өтті.
Жиында Ақтөбе қаласындағы «Экотон-Батыс» ЖШС-ның іс-тәжірибесі көпшілікке үлгі ретінде айтылды. Кәсіпорын директоры Ерболат Рахымбаев өзі басқаратын өндіріс орнында энергия ағынын оңтайландыру мақсатын көздеп жүргізілген аудиттің тиімділігі мол екенін айтты. Оның баяндауынша, мұнда өнім шығаруға электр энергиясының жұмсалуы қалыптасқан орташа нормадан төмен болып қалыптасқан. Аудит жұмыстарын жүргізуге 8 млн. теңге жұмсалғанымен, оның қайтарымы болатындығына өндіріс жетекшісі сенімді. 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын алдағы уақытта техника мен технологияны жаңғырту есебінен энергияны үнемдеу шараларын одан әрі жалғастыра бермекші.
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау ұйымының басшысы Нұрболат Әлмұханов аталған бағдарламаның орындалуын қадағалаушы ретінде жұмыс істеп жатқандықтарын баян етті.
Жиын қорытындысында облыс басшысы электр энергиясын үнемдеуге қатысты жұмыстарды жинақы жүргізу қажеттігіне баса тоқталды. Бұл ретте мемлекеттік мекемелерде энергия аудитін жүргізу үшін қаржы қарастырылмақшы. Облыстағы ірі кәсіпорындардың энергия пайдалануына қатысты мәселелерді жан-жақты қарау да маңызды екені айтылды.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



