Жеміс-жидек бағасы неге қымбат?

Жаз ортасынан ауып, күз мезгілі жақындап келеді. Бұл уақыт— жеміс-жидек пен көкөністің нағыз піскен шағы. Бірақ осыған қарамастан қала халқы арзан жеміс-жидекке әлі қол жеткізе алмай отыр.
Шілде айының аяғы болса да, қаламыздағы сауда орындарында жеміс-жидек бағасы қымбат. Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы жылы жеміс-жидектің де, көкөністің де бағасы едәуір көтерілген. Жаз мезгілі жеміс-жидектің науқаны болғандықтан, біз тек осылардың бағасына ғана зер салуды жөн көріп, қаламыздағы Орталық базарда орналасқан «Апельсин» павильонын аралап шыққан едік. Мұнда өрік — 300-400, алма — 250-400, алмұрт — 450-550, жүзім — 900-1000, шабдалы — 450-550, шие —1000-1100, алхоры — 300-400, қауын — 200, қарбыз — 65 теңге тұрады.
Сатушылардың айтуынша, биылғы жылы баға арзандамай тұр, себебі, біріншіден, тауардың өзі қымбат болып келеді, екіншіден, біздің өңірімізге келіп жатқан жеміс-жидектің кейбір түрлерінің қоры аз.
— Біздер барлық тауарды қала сыртындағы 41-разъездегі көтерме базардан алып келеміз. Көп болса, сатып отырған жеміс-жидегімізге 20-30 теңгеден қосамыз. Биыл жеміс-жидек көтерме базарға да қымбат келіп жатыр. Жаздай еліміздің оңтүстік аймақтарында күн салқын болды, сондықтан кейбір жеміс-жидек, көкөніс түрлері аз өнім берді. Екінші жағынан, Өзбекстаннан келетін жеміс-жидек өте қымбатқа шығады, себебі қазір Ташкенттен келетін жемістердің өзін Бішкек арқылы әкеледі. Содан олар кедендік бақылауда бірнеше күн тұрып қалса, шіри бастайды, бұзылады. Оның үстіне кедендік төлем де қымбат. Сондықтан көбіне жеміс-жидек әкеліп көтерме бағамен сатушылар өз шығындарының орнын толтыру үшін қымбатқа сатады, — дейді сатушы Жұмагүл Аманғосова.
Жұмагүлдің айтуынша, жеміс-жидек бағасына келіспей, наразылығын айтып кететін адамдар аз емес екен. Әсіресе зейнеткерлер мен көп балалы, жағдайы төмен отбасыларының әйелдері бағаны арзандатуларын сұрайды. Алайда, қарапайым халықтың «қалтасына» қарауға мүмкіндік те жоқ. Себебі, сауда иесі өз шығындарын өтеп, салығын төлеп, оның үстіне мейлінше пайда көруі қажет.
Қала тұрғыны Бәтшай Әбиева базар бағасына көңілі толмайтындығын жеткізді.
— Әдетте, шілде айының ортасынан бастап жеміс-жидек бағасы арзандайтын еді. Биыл қымбатшылық болып тұр. Жыл сайын жазда балаларым жесін деп, үнемі жеміс-жидек түрлерін тартынбай алушы едім. Биыл жалпы азық-түліктің бағасы едәуір өсті, оның үстіне өзіңіз көргендей, жеміс-жидек, көкөніс бағасы да түспей тұр. Сондықтан аз ғана жалақыға қалағаныңның бәрін алып жеу қиын. Міне, Орталық базар бағасын бақылап қарасам, бәрі қымбат. Ал қала әкімдігі тарапынан бақылау, қадағалау болса, баға тұрақтанар еді, — дейді ол.
Біз Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөліміне бас сұқтық. Аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Арман Алдабергеновтің айтуынша, жеміс-жидек бағасын облыстық не қалалық кәсіпкерлік бөлімі қадағаламайды екен.
— Қаламыздағы сауда орындарындағы жеміс-жидек бағасын біздер бақылап, қадағаламаймыз. Себебі, біріншіден, жеміс-жидек түрлері Үкіметтің қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобына кірмейді. Екіншіден, олар тек жаз айларында ғана науқандық түрде сатылады, — дейді сектор меңгерушісі. — Ал көкөніс өнімдері бағасына апта сайын, ай сайын мониторинг жүргізіледі. Осы айдың қорытындысы бойынша қала сыртындағы, 41-разъездегі көтерме базардағы көкөніс бағасы 20 пайызға дейін арзандады. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін біздер үнемі назарымызда ұстаймыз.
Арман Алдабергеновтің айтуынша, тамыз айында қала орталығындағы Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан «Дина» гипермаркетінің алдында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде жергілікті жерде өсірілген картоп, пияз, қияр, қызанақ, қауын, қарбыз сияқты көкөніс өнімдері сатылады.
Осы тұста айта кетер тағы бір жайт, сауда орындарында сатушылардың арасында өздері «жергілікті» деп таныстыратын көкөніс, жеміс-жидектің бағасына қатысты. Өз жерімізде өсірілсе де бұл өнімдер неге қымбат? Сатушылардың айтуынша, жергілікті жылыжайлар өз өнімдерін өзгелердің бағаларымен бірдей бағада 41-разъездегі көтерме базарға апарып өткізеді. Ал көтерме базардан алып, сауда орындарына түсірілген кезде олардың бағалары тіпті қымбаттайды. Осы орайда қолдан-қолға өтіп, кеден арқылы келетін жеміс-жидек өзіміздің жергілікті өнімнің де бағасын көтеріп тұрғанын анық байқадық.
…Дәрігерлер әрбір адам күніне 400 грамм жеміс-жидек жеуі керектігін айтады. Ал бүгінгі күні жеміс-жидектің бағасы әлі де болса арзандамай отыр. Арзандай ма?..
Данагүл ҚАЗИХАН.



