«Ақтөбе»-90

«КЕДЕЙДЕН» «АҚТӨБЕГЕ» ДЕЙІН

1924-1934 жылдар

 Кеңес мемлекеті бой түзеп, бұғанасы қатайғаннан кейін үгіт-насихат жұмысын кең көлемде жүргізуге ден қойды. Осылайша,1924 жылы ұлттық республикалардың көптеген аймақтарында бірнеше жаңа газет жарық көре бастады. Солардың бірі — алғашқы нөмірі 1924 жылдың 7 маусымында Ақтөбеде жарық көрген «Кедей» газеті.

«Кедейдің» 7 маусымда жарық көрген алғашқы нөмірі Ақтөбенің сол кездегі Сталин және Фрунзе көшелерінің бұрышындағы 16-үйде орналасқан кеңседе әзірленді. Газеттің маңдайшасына «Ақтөбе губерниялық совет һәм партия комитеттерінің тілі» деп жазылды. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, «Кедей» алғашында аптасына бір рет, бар болғаны екі бет көлемде жарық көрген.

Алғашқы нөмірлерден бастап «Кедейдің» қандай мәселелерді көтергенін «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар» деген бөлімдері болғанынан аңғаруға болады. Кейінірек «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» деген бөлімдері де жұртшылықтың назарына ұсынылды. Сол кездегі үрдіспен газеттің басты тақырыбы — халық ағарту мәселесінің өзекті жайттары болғаны мәлім. Қалың көпшілікті білім алуға шақыру, оларды оқыту мәселесі, осы бағыттағы үгіт-түсінік жұмыстары кеңінен жазылды. Шаруашылық мәселелері де ұмыт қалған жоқ.

Өзінің органы болғаннан кейін губерниялық партия комитеті газеттің таралымын көбейтуге, сапасын арттыруға көп көңіл бөлді. Губком 1924 жылғы 14 қарашадағы қаулысында «Кедейдің» мазмұнын кеңейтіп, таралымын 1500-ге дейін жеткізуді міндеттеді. Аталмыш қаулыдан кейін «Партия тұрмысы», «Жастар арасында», «Халық ағарту», «Ауыл шаруашылығы», «Сауда», «Совет құрылысы», «Ауылдан» деген тың айдарлар пайда болды. Редакция жаңа кадрлармен толықтырылды.

1930 жылғы 19 тамыздан «Кедей» Темір ауданының басылымына айналып, оның орнына «Алға» газеті шықты.

Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1932 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен округтер облысқа айналдырылды. Жаңадан құрылған Ақтөбе облысында қазақ тілінде газет шығару жөнінде ұйғарым жасалды. Сөйтіп, 1932 жылдың 13 наурызында «Социалдық жол» газетінің алғашқы нөмірі шықты.

Өңірдің шаруашылық, әлеуметтік және мәдени тынысын көрсете білген «Социалдық жол» кейін «Социалистік жолға» айналды. «Кедейдегі» қалыптасқан игі дәстүр одан әрі жалғасын тапты.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1934-1944 жылдар

 

1934-1944 жылдар аралығы елімізде айтулы бесжылдықтар балғасы соғылып, қала мен далада социалистік құрылыс ұранға айналған кезең. Осының алдында ғана —1932 жылы облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің ұйғарымымен облыстық газет «Социалдық жол» деген атау алып, кейінірек

«Социалистік жолға» айналған еді.

Облыста алғаш ұйымдастырылған колхоздардың, соғыс алдында ірге көтерген өндіріс орындарының күнделікті тыныс-тіршілігі, қазақ ауылдарының әлеуметтік, мәдени жағдайы, білім, ілім мәселесі, бір сөзбен айтқанда, жұмысшылар мен

шаруалар арасында жүріп жатқан мәдени революция газеттің тұрақты тақырыбына айналды. Соғыстың алдында ғана осы өңірде орын тебе бастаған өндіріс алыптары — Алға химия комбинатының, Ақтөбе ферробалқыма заводының құрылысы, сырттан қоныс аударған артельдердің жұмысы жан-жақты жазылып, өндірістегі екпінділердің іс-қимылы қалың көпшілікке үлгі етіп таратылды. Даңқты тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің іс-тәжірибесі де осы кездері әйгіленіп, стахановтық қозғалыстың ерлері газет бетінде үзбей марапатталып жатты.

1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуы бүкіл елдегі сияқты облыс өміріне де үлкен өзгерістер әкеліп, дәстүрлі еңбек ырғағы, халықтың қалыпты тұрмысы басқаша арнаға бұрылып еді. Барлық ер-азаматтар сияқты газет қызметкерлері де түгелге жуық майданға аттанды. Солардың ішінде А.Ерназаров, А.Ескендіров, Қ.Ерғарин, Т.Омаров сияқты белгілі журналистер майданда ерлікпен қаза тапты.

Газет бетіндегі үйреншікті айдарлардың біразының орнын «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген сияқты айдарлар басты. Газеттің әрбір нөмірінің бірінші бетінде «Совинформбюроның» күн сайынғы хабарлары басылып, қызыл әскердің ұрыс даласындағы ерлігі баяндалып жатты. Алдында айтқандай, газетте тікелей қызметте жүрген журналистердің бірқатары майданға аттанумен байланысты газет уақытша шағындалып екі бет болып шыға бастады.

1941 жылы 24 маусымда облыстық партия комитеті мен облыстық совет атқару комитеті төтенше кеңес және облыстық совет сессиясын өткізіп, облыстың барлық жұмысшыларына, колхозшыларына, үй шаруасындағы әйелдерге үндеу қабылдады. Ол үндеу әуелі облыстық газет бетінде жарияланды.

Майданға көмек совет халқының патриоттық бастамаларының бірі болғаны белгілі. Газет осы қозғалыстың өз жеріміздегі барысын халыққа үзбей хабарлап отырды. Газет бетінде сол тұстарда тұрақты көтерілген мәселелердің бірі — облыс тұрғындарының майдан қоры үшін облигацияларға жазылуы еді.

1934-1944 жылдар аралығындағы аз ғана уақыт ішінде газет коллективтендіру, сауатсыздықты жою, Отан қорғау сияқты тарихта әрқайсысының орны бар кезеңдерді бастан кешті және солардың әрқайсысына үн қосты.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1944-1954 жылдар

 

1944-1954 жылдар арасында біртұтас Одақтың, тоқсан бірінші жылға дейін іргесі берік, мызғымастай болып көрінген, соғысты да соның арқасында жеңіп шыққан алып державаның тыныс-тіршілігін қияндағы ауылдарға жеткізіп тұрған мерзімді басылымдардың бірі — Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газеті еді.

Газетте көбіне-көп ресми материалдар жарияланды. Мәскеудің, яғни сол кездегі Отанның халық шаруашылығын түзеу мақсатындағы іс-шаралары газет бетінің едәуір бөлігін алып жатты. Сондай-ақ, мал шаруашылығы мен егіншілікке де қалам толғаған тұстар бар. Олар көбіне хабарлар түрінде берілді. Аракідік сын мақалалар да бар.

Газеттен партиялық стильдің есіп тұруы сол кезге тән құбылыс. Мысалы, «Сталин, Молотов, Калинин, Қанапин жолдастар — электротехника заводы коллективінің кандидаты» деген мақала «Облыс еңбекшілерінің бірінші кандидаты, халықтардың ұлы көсемі И.В.Сталин…» дей келе, аяғында «Ұлы Сталин жасасын!» деп түйіндейді.

1947-1950 жылдар аралығындағы газет тігінділерінде ресми материалдармен қатар ауыл шаруашылығын өркендету, мал өнімдерін өндіру, егіншілік, мәдени  хабарлар жиі жарияланатын болған.

1948 жылдан бастап газетте фотосуреттер сапалы басыла бастаған екен. Әрине, сапа дегенде қазіргі сандық үлгідегі фотосуреттермен салыстыруға келмейді. Бірақ сол кезеңнің өлшемімен алғанда клишелі бедерлері анық.

«Социалистік жол» жастар тәрбиесіне де мән берерлік мақалалар беріп отырды. Жастарға патриоттық тәрбие үйретуде «Осовиахим» және ФЗО мектептеріне шақыру жөніндегі басылым материалдары қызықты оқылады. Маман жұмысшы кадрларын даярлау мақсатында ФЗО-ға жастарды тарту үшін үгіт жұмыстары жүргізілген. Мәселен, осы оқу орнын бітіргендер жұмысқа орналастырылады және 2000 сом көлемінде оларға қарыз ақша берілетін болған.

1944-1954 жылдары «Социалистік жол» ірі-ірі оқиғалардың куәсі болды. Заман жаңару, қалыптасу үстінде еді. Газет болса сол қалт еткен жақсылықтарды лезде ел құлағына жеткізуші бола білді. Оның нөмірлері «Совинформның» хабарынан құтылып, енді елдің халық шаруашылығындағы жетістіктеріне назарын аудартқан. Елеулі оқиғалардың бірі — тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі де осы жылдардың еншісінде. 1954 жылы газет тыңға келушілер туралы үзбей материалдар жариялап тұрды. Дала төсін дүбірлі еңбекке бөлегендер туралы суреттемелер, очерктер жарияланды.

Сөйтіп, газет өз шеңберінде он жыл көлемінде бұрынғыдан да гөрі төселді, шыңдалды. Оның журналистері алмаса бастады, білімді, білікті мамандар даярлауға бағыт ұсталды. Осы он жылда газеттің мазмұны, материалдарының сапасы жақсарды.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1954-1964 жылдар

 

Облыстық деп аталғанмен, бұл жылдары газеттің кімге, қайда қызмет ететінін жазбай тануға болар еді. Газет негізінен Одақтық, қалды республикалық, оның ішінде КПСС-тің, Қазақстан Коммунистік партиясының материалдарына толы. Төрт бет түгел Хрущевтің сөзі болып кететін де жағдайлар жиі кездеседі. КПСС Пленумдарының, партия активтерінің хабарларынан, Сталиннің жеке басына табынушылықты, АҚШ-тың, Англияның, Франция мен Израильдің агрессорлық әрекеттерін айыптаған мақалалардан газет аузы-мұрнынан шығып тұр. Мәселен, «Эйзенхауэрдің доктринасы» деп аталған ТАСС-тың мәлімдемесі бірнеше беттерді алған.

Бір назар аударарлық жағдай — Хрущевтің суреті 60-жылдарға дейін ұшыраспайды да, одан кейінгі жылдарда газеттің барлық бетін жайлап

алады. Мемлекет басшысының қимылдағаны түгел облыстық газеттің бетіне түсіп отырған. Керісінше, облыстық, тіпті республикалық басшыларға мүлде орын жоқ. Олардың есімдерінің өзі сирек ұшырасады. Жергілікті жерлерден, облыс өмірінен жазылған мақалаларға ресми материалдар орын босатпайтын болса керек.

Дегенмен, газет бетін ұзақ парақтаған адам одан да хабардар бола алатын сияқты. Материалдардың көпшілігі үндеу, нұсқау, озат тәжірибе түрінде берілген. Мысалы, газеттің 1957 жылғы 3 наурыздағы нөмірінде «Қамыстан үйді көп салыңдар! Қамыс үй арзанға да түседі, тұруға да ыңғайлы» деп аталған мақала облыстық газеттің тұтас бір бетін алып жатыр.

Газеттің өзінде қызмет істейтін журналистердің, қазақ авторларының мақалалары оқта-текте көрініп қалады. Көпшілік материалдардың авторлары өзге ұлттың өкілдері. Бұдан материалдардың редакцияға орыс тілінде түсіп тұрғанын аңғару қиын емес. Бірақ олардың қазақ тілінде жазылғандай шебер аударылғаны және сүйсінтеді. Ең аяғы, «Большевик», АЗФ зауыттары, Дөң кен байыту комбинаты сияқты өндірістерден жазылған материалдардың да тілі жатық, қазақы.

Кеңестік дәуірге тән, көпшілік мақалаларда социалистік жарыс жеңімпаздарын, еңбек адамдарын мадақтау басым. Мерекелік атаулы күндерде газет сондай адамдарды асқақтататын достық әзілдерге жиі оралады. Дегенмен, сиректеу болса да, бізге есімдері бұрыннан таныс, қазақ баспасөзінің қарт тарландары Т.Шойғарин, С.Жұмағалиев, Ә.Мәліков, Ш.Құрманғалиев, Ж.Назарбаев, тағы басқаларының материалдары көзге оттай басылып отырды.

Облыстық газеттің бұл кезеңінің соңы Ақтөбенің Батыс Қазақстан өлкесінің орталығына айналатын тарихи оқиғаларға ұласады. Сондықтан бұл кезеңдегі газет тігіндісінде қайнаған өмір тұр. Аласапыран дәуірдің тыныс-тіршілігі келеді көз алдыңа.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1964-1974 жылдар

 

Мәскеудегі Хрущев пен Алматыдағы Юсуповтың басқаруымен басталған жылдың соңы басқаша аяқталатынын әлі біле қоймаған «Батыс Қазақстан» газеті «коллективтік насихатшы, коллективтік үгітші ғана емес, сонымен бірге коллективтік ұйымдастырушы» да міндетін адал атқарып жатты.

Қыздардың тракторшы мамандығын шын жүректен игеріп кетуі немесе атаның «шопандық ақ таяғын» қолға ұстауы сол жылдары көрініс бере бастапты. Бұл бастамалардың бірі кейін Семей облысындағы шұбартаулықтардың үндеуіне ұласып, қаптаған «Жас жігер», «Жас қанат» атты жас шопандар бригадалары ашылғаны мәлім.

Бас мақалалар мығым, ұғынықты: «Құрылыс техникасы тиімді пайдаланылсын», «Кітапхана — көпшілікке», «Коммунист — партияның белсенді жауынгері», «Көктемнің әр күні — жылға азық»…

Газет шаруа иелерінің өздеріне тұрақты сөз бере бастапты. Шалқардың, Қарабұтақтың, Ойылдың… шопандары «Мал қамын малшы ойлайды, малшы қамын кім ойлайды?» деген айдармен өздерін қынжылтып жүрген жайлар туралы ашық сыр толғап отырыпты. Газеттің ұтқаны, сондай пікір айта алатын адамдарға аудан, облыс басшыларына өз мүдделері туралы ашық әңгіме айтуға мүмкіндік бергені. Әңгіме мал басын көбейту, одан алынатын өнімдер көлемін ұлғайту туралы емес, соны жүзеге асырып жатқан адамдарға қамқорлық, оң көзқарас керектігі туралы.

Әрине, газет осы күнгі сияқты ол кезде де оқырман хаттарының барлығын үздіксіз жариялаған жоқ. Шара алу немесе тексеру үшін тиісті билік органдарына жолдап отырды. Және келген жауаптарды топтап газет бетінде жариялады. 1965 жылдың 17 маусым күнгі нөмірінде «Бұқара бастауы» атты топтамада осындай хаттарға келген төрт жауап басылыпты.

Бұл кезгі газет беттерінде еңбеккерлер туралы суреттемелер мен очерктер мол кездеседі. «Облыстың озат шопаны», «Облыстың озат механизаторы» деген тәрізді сала-құлаш тізімдерден таныс фамилияларды аға буын қазір оңай тауып ала қояр еді. «КПСС съезінің шешімдерін жүзеге асырайық», «Тоғызыншы бесжылдықты мерзімінен бұрын орындайық», «Жарыс туы берік қолда», «Міндеттеменің орындалуын тексереміз», «Жарыс күнделігі», «Жоспар және міндет», шамамен, осылай болып келетін рубрикалар арқылы газет сол кезеңнің шежіресін шертті, халықтың жігерін жанып отырды. Газеттің 400-ге жуық тұрақты авторлары, 700-ден астам ауыл-село тілшілері, 18 постысы болды.

Газеттің Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің І,ІІ дәрежелі дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғаны — осы кезең.

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1974-1984 жылдар

 

Газеттің бұл кезеңдегі нөмірлерін парақтаған адам тарихқа енген тоғызыншы, оныншы, он бірінші бесжылдықтардағы Кеңес Одағының, республиканың, облыстың тыныс-тіршілігінен біршама мағлұмат алады. Компартия үстемдік құрған дәуірде әр жылға атау берілгені мәлім. 1975 жылғы бірінші нөмір «Қош келдіңіз, қорытындылаушы жыл!» деген аншлагпен екі бояумен шығарылған. «Айқындаушы төртіншіден — қорытындылаушы бесінші жылға» айдары астына облыстың еңбек ұжымдарынан материалдар топтастырылыпты.

Жалпы, сол тұстарда өндірістік жоспарлардың, социалистік міндеттемелердің орындалуы ұдайы назарға алынып, оны ұйымдастырудың әртүрлі үлгілері өмірге келген. Газет бетінде еңбек озаттарының құрметіне «Еңбек даңқы жұлдызын» жағу үрдісі пайда болды. Облыстық «Коммунизм жолы» және «Путь к коммунизму» газеттерінің журналистері атынан «Есімі жазылған портрет» деген тақырыппен еңбек озаттарын құттықтау жақсы салтқа айналды.

«Коммунизм жолының» беттерінде «Хаттар», «Күміс қоңырау», «Адам. Қоғам. Заң», «Әдебиет пен өнер», «Халықтық бақылау», «Армандастар» беттері тұрақты түрде ұйымдастырылған. Осындағы «Армандастар» беті сол кездің өзіндік бейнесі болған, көптеген қыздар мен жігіттер үшін тәрбие мектебі — қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларының тыныс-тіршілігіне арналды. Облыста осындай 75 бригадада 212 мыңнан астам қой бағылған екен.

Кеңестік дәуірде баспасөздің беделін көтерген және бір жайт — жарияланған сын материалдар бойынша шара алынып, газетте оның нәтижесі хабарланатын. Мысалы, облыстық партия комитеті одақтық бас газет «Правданың» 1975 жылғы 3 наурыздағы нөміріндегі «Малшылардың еңбек вахтасы» деген басмақала туралы арнайы мәселе қарап, бұл жөнінде «Коммунизм жолының» оқырмандарын хабардар етеді.

Уақыттың заңдылығы — облыстық газеттің жекелеген нөмірлерінде түгелдей КОКП және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттері Пленумдарынан, КСРО және республикамыздың Жоғарғы Кеңестері сессияларынан материалдар жарияланған. Оның үстіне облыстың, аудандардың және Ақтөбе қаласының социалистік міндеттемелерін беру үрдіске айналды.

Бұл жылдардағы газет көтерген жүктің салмағы шамамен осындай болды.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1984-1994 жылдар

 

Елде қайта құруды тереңдету, жеделдету процесін жүйелі жүргізу демократияны қалыптастырудың арнасын кеңейтуге жол ашты. Газетте осы тақырыптарға арнайы айдар ашылып, кәсіпорындардағы, фабрика-зауыттардағы еңбек озаттары сөз алып, өз салаларындағы қайта құруларға не кедергі болып отырғанын жан-жақты талдап ашып көрсетті, өзіндік ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Мұндай өзекті проблемаларды арқау еткен қарапайым еңбек адамдарының сөздерін газеттің 1985-1989 жылдардағы сандарынан жиі көруге болады. Ақтөбе химия қосындылары, ферроқорытпа зауыттарының, көлік кәсіпорындарының, жүнді алғаш өңдеу, трикотаж фабрикаларының озат жұмысшылары осы бағыттағы сөздерін өндірістік мәселелермен өрбітіп, кемшіліктерді батыл сынға алғанын газеттің сол жылдардағы сандарын парақтаған адам жаңылмай табады. Және де мұндай авторлардың сөздері суретімен бірінші бетке көрнекті етіп беріліп келген. Мұның өзі сол кездегі қоғамдық-саяси өмірдегі, саяси басшылықтағы өзгерістің лебін аңғартса керек.

Газетте сол жылдары «Аралдан Оралға дейін» айдарымен әртүрлі тақырыптағы жаңалықтар, оқиғалар туралы хабарлар беру дәстүрге айналған.

Газет көтеретін тақырыптар алуан қырлы болып келеді. Осы кезеңде ресми материалдарға көбірек орын берілгенімен, облыстық басылым тақырып аясын да кеңейте білген. Ай сайын «Халықтық бақылау» беті көрініп, онда өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы, басқа әлеуметтік мәдени салалардағы анықталған кемшіліктер сынға алынып, олар бақылауда ұсталған. Жалпы, еңбекші хаттарына, талап-тілектеріне сергек қараған газет осы тақырыптарда көтерілген өткір мәселелердің оң шешілуін қадағалап отыруды дағдыға айналдырған. Сынға жауап беру, еңбекші хаттарындағы айтылған кемшіліктерді тексеріп, анық-қанығына жету үрдісі де газет беделін көтеретіні белгілі. Осы бағытта тиісті ресми орындардың газет көтерген мәселелерге дер кезінде берілген жауаптарды жариялауы да сынның пәрменділілігін арттырғаны көрініп тұр. Бұған газетте беріліп тұрған «Көреген» сын-сықақ бұрышының да үлкен ықпалы болғаны сөзсіз.

Газет көтерген мәселенің бірі дінге қатысты. Дінге деген көзқарас, дүмше молдалық проблемалары сол кездің саяси бағытына сәйкес көтеріліп, уақыттың биігінен баға берілген. Қызыл империяның қуаты қайта қоймаған, атеистік тәрбие екі өкпеден қысып тұрғанның өзінде газет бұл мәселеге байыптылықпен келуге тырысады.

Осы жылдары арендалық әдіспен жұмыс істеу, шаруашылық есепке көшу кең насихатталды. Бұл экономиканы, соның ішінде ауыл шаруашылығын дамытудың рецепті ретінде ұсынылғаны да шындық.

Уақыттың ағымына қарай «Коммунизм жолы» газеті «Ақтөбе» болып та осы жылдары өзгертілді.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

1994-2004 жылдар

 

Бұл он жылда «Ақтөбе» газеті өз басынан талай өзгерістерді өткізді. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай газет бір жыл бойы сан алуан мақалалар жариялады. Абайдың — 150, Қазанғаптың — 140, Құдайберген Жұбановтың 95 жылдық мерейтойларына орай біраз дүниелер басылды. 1996-2000 жылдарда газеттің безендірілуі, материалдардың мазмұндық жағынан байығандығы, көптеген жаңа айдарлардың пайда болғаны байқалады. Газеттің әр нөмірінде ақын-жыраулардың, ойшылдардың елдікке шақыратын көсемсөздері беріліп отырған. «Бірінші бетке тақырып» айдармен аузы дуалы деген адамдардың аузынан шыққан есті сөздер берілген. Мемлекеттік тіл туралы Герольд Бельгердің, ауыл тағдыры туралы Әбіш Кекілбаевтың, т.б. тұлғалардың халық көкейіндегісін тап басатын сөздері жарияланып отырған.

Тарихи тақырыптағы, өзекті проблемалар туралы мақалалар жиі жарияланған. Ұлы даланың тарихшысы Мұрат Аджидің «Дешті қыпшақ даласының жусаны», тарихшы, профессор Зәкіратдин Байдосовтың саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы

«Зұлмат пен үрей» атты дүниелері газеттің бірнеше сандарында берілген.

Осы тұстарда газет бетінде «Ақпарат айнасы», «Бір сөйлеммен», имандылық мәселелері туралы «Мейірім, рақым», «Отбасы», «Денсаулық», т.б. айдарлар әдемі безендіріліп беріліп отырған.

1996-97 жылдары ел ішінде мал басы күрт кеміп, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, облыс ішіндегі көші-қонның көбеюі сияқты қиыншылықтардың болғаны мәлім, газет бетінде де оған қатысты материалдар шығатын.

Газет өзіндік дәстүрінен айнымай, облыс өмірінің жылнамашысы міндетін абыроймен атқара берді.

 

 

«Кедейден» «Ақтөбеге» дейін

 

2004-2014 жылдар

 

2000-жылдардың орта тұсындағы «Ақтөбе» газетінің тігінділерін ақтарып отырмыз: «Шаруамыз түзелді», «Кәсіпкерлікке — кең өріс», «Нәтиже көріне бастады», «Шырғалаңнан шыққан шалқарлықтар» сынды жұртқа жақсы жаңалық жеткізіп, жар сап тұрған тақырыптар нөмірден нөмірге көбейе беріпті. Бұл — өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан басталған жалақы мен зейнетақы айлап кешігетін, жұмыс орындары бірінен соң бірі жабылып, коммуникациялық жүйелер істен шығып, қалың бұқара кімге шағынарын білмей сенделген шақтардың шеті көріне бастағанының айғағы.

Өмір түлеп, шаруа түзелгеннен кейін, бұрынғы күнделікті тірлікке қатысты арыз-шағымдар азайған. Ендігі әңгімеде руханият жайы көбірек. 2004-2014 жылдардағы «Ақтөбе» газетінің тігінділері — киелі өңірдің аталған он жыл мерзім ғана емес, ғасырлар бойғы рухани өмірінің шежіресі іспетті: аласапыран тұстағы ел тағдыры талқыға түскен жиындарда ой толғаған Әйтеке бидің ақылгөй үні; данышпан Мөңкенің өсиеті; зар заманның құрбаны болған Сары Батақұлының өкініші; Сарышолақтың шешендігі; Нұрпейістің жырлары; Жиенғали мен Бернияз ту еткен армандар; Қуандық пен Тахауидің асқақ достығы; Сағидың сағынышы; Бәкірдің ақ бұлақ сезімдері; Тобықтың әңгімелері, кейінгі қаламгерлердің шығармалары — бәрі-бәрі сайрап жатыр. Жиренқопада жерленген қарақыпшақ Қобыландыдан бастап, даңқты екі Есет, қол бастаған Бөкенбай, Асау мен Барақ, Сәңкібай мен Қайдауыл сынды аруақты ерлерге қатысты зерттеулер де — осында. Алашорданың үлкен бір орталығы болған өңірден шыққан Телжан Шонанұлы, Ұзақбай Құлымбетов, Тел Жаманмұрынов, т.б. қайраткерлер туралы еңбектер; Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардан бастап, қазақтың ғылымына, мәдениетіне үлес қосқан тұлғалар жайлы естеліктер де — осында.

Ақтөбе өңірі өз топырағынан шыққан ұлылар — Ахмет Жұбановтың — 100 жылдық; Әлия Молдағұлованың — 80 жылдық; Шығанақ Берсиевтің — 125 жылдық мерейтойларын лайықты атап өтті.

Елбасы Жолдауын, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданған Үкімет бағдарламаларын, оларды жүзеге асыру мақсатында жергілікті жерде істеліп жатқан шаруаларды насихаттау, Парламентте қаралып жатқан заңдар жобасы төңірегіндегі әңгімелерді, жалпы, елдік мәселелерді ел назарына ұсыну — журналистің күнделікті жұмысы. Бұл орайдағы әр нөмір сайынғы жарияланымдарда оқырманға ой тастайтын пікірлер көп кезігеді.

Газеттің бұл жылдардағы тақырыптары шамамен осылай жалғасып жатты.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button