Экономика

Еуроодақ — бизнеске жаңа мүмкіндік

Бұл бастама еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай,  интеграция кедендік кедергілерді жоюға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Еуразиялық экономикалық одақ бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады. Өйткені кедендік кедергілерді алып тастау арқылы еркін тауар айналымына жол ашылады. Соның нәтижесінде отандық өнімдердің Ресей, Беларусь нарығында үлес салмағы артады. Экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық үдеріс одан әрі тереңдей түседі. Кедендік одақтың техникалық ережесіне сәйкес, рұқсат құжаттарын алу тәртібі де біраз жеңілдеді. Бұл — бизнес саласындағылар үшін өте тиімді шара.

Жалпы айтқанда, сауда-саттық нарығын кеңейтпей, экономиканы өркендету мүмкін емес. Мұндай мүмкіндіктің арқасында елімізде, облысымызда болашақта бәсекеге қабілетті өндіріс орындарының көптеп ашылып, жұмыс жасайтынына күмән жоқ. Өйткені мамандардың болжамынша, келер жылы үш ел арасындағы тауар айналымы 30-40 пайызға артатын болады. Оның ішінде еліміздің үлесі 15 пайызға көбейеді деген жорамал бар.

Еуроодақ шеңберінде бизнес саласын қаржыландыру, қолдау күшейеді. Сондықтан шаруалар бүгіннен бастап тауар мөлшерін көбейтуге, кәсібін кеңейтуге күш салуы керек.

Бүгінде өңірде шағын және орта бизнес саласында 57,36 мың субъекті бар. Онда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы бес жылда аймақта шағын кәсіп 40 пайызға дамып, табыс 431,4 миллиард теңгені құрады. Нәтиже жаман емес. Мұның барлығы мемлекеттік қолдаудың жемісі деп білемін. 

Төлеміс ШОТАНОВ,

 облыстық кәсіпкерлер

 палатасының директоры.

Жарқын болашақтың бастауы

 

Дүниежүзінде болып жатқан саяси жаңалықтар әркімді де ойландырады. Әсіресе, өз халқының қамын ойлап отырған мемлекет басшыларының алдында үлкен міндеттер тұрғаны анық. Сондықтан да Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің Еуразиялық экономикалық одақ құруы дер кезінде жасалған қадам. Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық одақ құру идеясын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде алғаш көтергенін атап айтты. Осы жиырма жыл аралығында экономикалық интеграция бағытында орасан жұмыстар атқарылды. Интеграция дегеніміз — кеңейтілген экономикалық кеңістік құру. Әуелі тәуелсіз мемлекеттердің достастығы қалыптасты. ЕурАзЭҚ пайда болып, оның шеңберінде Кеден одағы құрылды, одан кейін Біртұтас экономикалық кеңістікке өту басталды. Осылар арқылы тәжірибелер жинақталып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы дұрыс екені айқындалып, Еуразиялық   экономикалық одақ құрылды. Одақ тек қана экономикалық сипатта болады. Елбасымыздың тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ «әуелі экономика, сосын саясат» деген тұжырымы іс жүзінде дәлелденді.

Еуразиялық экономикалық одақ жарқын болашақтың бастауы болатыны байқалуда. Соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларға жеткен. Экспорт 63 пайызға ұлғайған. Қырыққа жуық мемлекет Кеден одағы арқылы еркін сауда аймағына кіруге ниет білдірген. Мысалы, Түркия, Үндістан, Жаңа Зеландия, Вьетнам және басқа да елдер сол қатарда.

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы оған мүше елдердің егемендігін толық сақтай отырып, интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығады. Еуразиялық экономикалық одақтың келісімшартында саясаттан басқа мәселелер терең көрініс тапты. Барлық мүдде Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Интеграция арқылы адамдар бір-біріне жақындай түседі. Ең бастысы, бабаларымыз айтып кеткендей, «Береке басы — татулық» қалыптасады. 170 миллионнан астам халықты біріктіретін ірі өңірлік рынок құрылайын деп отыр. Үш ел Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхиты аумағының орталығында орналасқан. Ресейдің Тынық мұхиты өңіріндегі елдермен жақсы жұмыс істеп келе жатқаны да ең арзан су жолын пайдалануға жол ашады. Ғылым мен технология дамиды. Тауарлар, қызметтер, жұмыс күші еркін қозғалады. Кәсіпкерлердің дамуына кең жол ашылайын деп тұр. Қазақ елімен шекаралас аумақтың өзінде 27 млн. халық тұрады екен. Қазірдің өзінде еліміздің өнімін сатып алушылар қатарында Италия, Қытай, Франция, Швейцария мемлекеттері бар. Үш ел аумағында кәсіпорындар ашылады, бәсекелестік артып, өнімді экспорттау көбейеді. Сондықтан да Елбасы жаңа экономикалық одақ арқылы Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасында «экономикалық көпір» қалыптасатынын айтты. Бұдан Астана Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі болатыны көрініп тұр. Жоғары оқу орны түлектері Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде жұмыс жасайтын болуы үшін аталған елдердің жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарын өзара тану келісімі жасалды.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа үш ел басшыларының еліміздің Ақордасы Астанада қол қоюы Елбасымыз Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының беделін, болашақты терең болжайтынын, талантты саясаткер екенін көрсетеді.

Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты кейбір түсініспестіктер болуы әрине мүмкін, бірақ біз болашақты ойлауымыз керек. Еуропа елдерін біріктіретін Еуроодақ құрыларда да күдік болғаны мәлім, алайда, одақ миллиондаған адамға байлық әкелгені тарихтан белгілі. Түсіне білсек, Елбасы Қазақстанның болашақтағы дамуын ойлап, келешек ұрпақтың қалай жұмыс жасап, қалай өмір сүруін осы бастан қамдап отыр. Елімізде тәуелсіздігімізді ешкімге бермейтін ұрпақ өскенін, өсіп келе жатқанын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан да Елбасының айналасына топтасып, ауызбіршілікті сақтап, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет.

 

Төлбай САДЫҚОВ,

саясаттанушы.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер…

 

Сәбит Мұқанов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бөлім жетекшісінің міндетін атқарушы:

— 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап толыққанды жұмыс істей бастайтын Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы тарихи маңызы зор оқиға екені сөзсіз. Бұл — Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастама болатын. Одаққа мүше үш елде дамыған өнеркәсіп, индустриялық база ғана емес, сонымен қатар, қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәдени әлеует бар. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция, әсіресе, біздің жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Елбасымыз атап көрсеткендей, бұл жастарға қатысушы елдердің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді.

Посткеңестік елдердің экономикалық интеграциясына қатысты түрлі пікірлер айтылады. Айтылып жүрген жағымсыз пікірлер, қазіргі күн тұрғысынан келгенде, тіпті де негізсіз деп білемін. Ынтымақтастықтың жаңа деңгейі қатысушы елдердің мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын құрметтей отырып, өзара тиімді экономикалық қатынастар орнықтыруды көздейді.  Бұл, әрине, ең алдымен — қазақстандық тауар өндірушілер мен орта және шағын бизнес өкілдері үшін аса  зор мүмкіндік, оларға 9 есе үлкен, 170 миллион адамды құрайтын нарыққа жол ашылып отыр. Сонымен қатар, қатысушы мемлекеттер экономиканың басты салалары — энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларын дамытуды бірлесіп жүзеге асыруды көздейді.

Мен ақтөбелік жастарды, географиялық жағдайымызды ескере отырып, үлкен істерге батыл түрде кірісуге шақырамын. Жаңа мүмкіндіктер көзі ашылып отырған қазіргі тұста табыстың басты кепілі еңбек екенін ерекше сезінуге тиіспіз.

 

 

Іскерлік байланыс нығаяды

 

Еуразиялық экономикалық одақ туралы тереңнен қарайтын болсақ, бұл шешімнің біздің еліміз үшін маңызы зор болмақ. Себебі бір аймақта орналасқан мемлекеттер өзара одақ құрып, өз экономикалары мен әлеуметтік жағдайларына ешқандай нұсқан келтірмей, керісінше бірін-бірі қолдап, дамытуға және ықпалды қоғамдастықта өмір сүруге ұмтылады. Ал бұның тиімділігі өте көп. Біріншіден, дамыған елдер және көрші мемлекеттермен арада тауар айналымы артады. Әр түрлі іскерлік байланыстар орнайды. Отандық өнімнің кең қанат жаюына ықпал етеді. Көрші елдермен саяси, экономикалық жағынан әріптестік байланыс орнап, ынтымақтастыққа жол ашылады. Екіншіден, еліміздегі кәсіби мамандар өзге елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, біліктілігін көтереді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша да қарым-қатынас нығаяды. Қазірдің өзінде көрші елдің білікті дәрігерлері мен біздің медицина қызметкерлері жиі тәжірибе алмасып тұрады. Мәселен, біздің облыстық аурухана мен Ресейдің Орынбор, Свердловск қалаларындағы ірі емдеу мекемелері арасында тығыз байланыс орнатылған. Ресейдің білікті мамандары біздің облысқа келіп өз тәжірибелерімен бөліседі. Біздің мамандар жаңа технология арқылы емдеу әдістерін үйренеді. Биылдың өзінде аурухананың қан-тамыр хирургиясы бөлімінің білікті хирургі Бернат Жаңабаев Ресейде білім толықтырып келсе, эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Иван Арсенев Мәскеуде біліктілігін жетілдірді. Бұдан бөлек қазір облысқа Ресейде шығарылған санитарлық көліктер келіп жатыр. Жол талғамайтын техника біздің аймақ үшін өте тиімді болып тұр.  Ал Ресейдің бірқатар облыстарындағы емдеу мекемелері  «Ақтөбе рентген» зауытының өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұл қарым-қатынастар арта  түспесе, кемімейді.

Самат ДАНИЯРОВ, 

облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері.

 

 

 

Жас жеткіншектердің  болашағы

 

Өзінің халық, мемлекет болып құрылу тарихында еліміз талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешірген. Қай заманда да қандай қуатты ел болмасын жеке дара, жалғыз өмір сүре алмаған. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізген біздің еліміз де өзге елдермен ынтымақтаспай, экономикалық байланыс жасамай отыра алмайды. Сондықтан мен Елбасымыздың тікелей ұсынысы бойынша Евразиялық экономикалық одақтың құрылуын басынан-ақ берік қолдадым. Меніңше, мұнан ұлтқа, мемлекетіміздің  тәуелсіздігіне келетін еш қауіп жоқ, әңгіме саяси одақ емес, экономикалық ынтымақ туралы болып отыр. Рас, әзірге үш ел: Ресей, Беларусь, Қазақстан. Бірақ бұлайша құрылған одақтың ертең-ақ ұлғаятынына еш күмән жоқ. Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің өздерінің пайдасы — экономикалық тиімділік үшін бұған кіруге ұмтылатынына қазірдің өзінде сенімім мол.

Мен Ақтөбе экономикалық-құқық колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімімін. Біздің жұмысымызда жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу, қоғамның күрескер, адал азаматы етіп қалыптастыру жетекші орын алады. Бүгінгі жас ұрпақ — ертеңгі азамат өздері оқитын оқу орындарынан елдік мүддені ойлайтын, соған санасы жететін тұрғыда тәрбие алып шығулары керек. Олардың басқа елдермен экономикалық байланыс жағдайында есе жібермейтін мықты білімі болуға тиіс. Елбасымыз жиі айтып жүргеніндей, біздің елімізде шығарылған өнімдердің, тауарлардың  экономикалық одақ ішінде бәсекелестікке төтеп беруі бәрінен де маңызды. Біздің еліміз бүгінгі экономикалық одаққа мүше және оны алда толықтыратын елдердің ешқайсысынан да артық болмаса, кем емес, кең байтақ жеріміз, мол ресурсымыз, еңбек сүйгіш халқымыз бар. Ондай ел одаққа кіргеннен ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймын.

Анарбек ЖҰМАБЕКОВ,

Ақтөбе экономикалық-құқық колледжінің

алғашқы әскери дайындық

 пәнінің мұғалімі, запастағы аға лейтенант.

 

 

Өрісі бір өнер

 

Қазақстан мен Ресей, Беларусь елдері бір-біріне тату көрші, оны алуан түрлі салалардағы қарым-қатынасымыз, сеніміміз бен сыйластығымыз дәлелдеп отыр.

Үш мемлекеттің халықтарының арасындағы қалыптасқан байланыстардың сақталуы, экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықтың нығайтылуы мен дамуы одан әрі Кедендік одақпен бекітілгені мәлім.

Енді, міне, Еуразиялық экономикалық кеңістіктің іргесі қаланды.

Мұның барлығы үш жақты қатынастардың тұрақты түрде жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, достық, тату көршілік, стратегиялық және мәдени әріптестіктің сақталып отырғандығын көрсетеді.

Әсіресе, үш ел арасындағы мәдени байланыс жүйелі түрде дамып келеді.

Сонау 1990 жылдан бері Ресей Федерациясының Орынбор  облысымен мәдени байланыс келісімшарты жасалып, нәтижесінде жыл сайын облыстық халық шығармашылығы үйінің әншілері мен көршілес жатқан Мәртөк, Қарғалы, Әйтеке би аудандарының да өнерпаздары Орскі, Ақбұлақ, Соль-Илецк  аудандарына барып, түрлі мерекелерге қатысу арқылы еліміздің өнерін насихаттау үрдіске айналған.

Жыл сайын күйші, жыршы, термеші, әншілер Қоянбай Тобағабылов, Жетес Жәмеков, Амангүл Ешпанова, Нұргүл Жұмағұлова, Құралай Әленова, Қуанышкүл Серікбаева және т.б. Мәскеу, Орынбор жеріндегі қандас бауырларды қазақ өнерімен сусындатып келеді.

Халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан өнерін кейінгі ұрпаққа тек өз елімізде насихаттап қана қоймай,  қазақ жерінен жырақтағы алыс-жақын шетелдегі қазақ бауырларға да кеңінен дәріптеу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Осы орайда облыс бойынша түрлі халықаралық байқаулар мен фестивальдер, концерттер өтіп келеді. Өз кезегінде облыс өнерпаздары да Ресей мен Беларусь және басқа да мемлекеттерде өтетін байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Атап айтсақ, жыл сайын қобызшы-жыршы Жетес Жәмеков Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға атсалысып, Мәскеу қаласындағы Қазақ  диаспорасының мәдени іс-шараларына белсенді қатысып жүр. Ол жоғарыда аталған федерацияның «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері А.Турсунбаевтың Алғыс хатымен марапатталса, ал Хромтау ауданының «Алтын дән» халықтық би ансамблі халықаралық  байқауларға — «Морозко» (Қазан), «Каменный цветок» (Екатеринбор) қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Қарғалы ауданының «Созвездие» би тобы (жетекшісі Марина Мамкиева) «Рыжий кот» (Башқұртстан) байқауында бақ сынап, одан олжалы оралды.

Өз басым 50 жылдан астам тарихы бар өнер ордасы бүгінде еліміздің қол жеткізген жетістіктерін одан әрі жүзеге асырып, үш жақты ынтымақтастықтың деңгейін қазақ елінің өнері арқылы көтеруге үлес қосатындығына нық сенімдімін.

 

Орынбасар ТЕРЕКОВ,

облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button