Экономика

Экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтады

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақ­стан бас­шы­сының Еуразиялық одақ құру туралы идея көтергені белгілі. Осы бағытты ұстана оты­рып біз экономикалық интег­ра­цияны терең­дету жолымен тоқ­таусыз алға басудамыз.

Бүгін Елбасының страте­гия­лық болжамы іс жүзінде өмірге ене бастады деп батыл айтуға болады. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті табысты құра отырып, біз енді Еуразиялық экономикалық одақ құрудың табалдырығында тұрмыз.

29 мамырда үш мемлекет бас­шыларының Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы Шартқа қол қоюы жоспарланып отыр.

Бұл оқиғаға дайындық жұ­мыс­тары әлдеқашан-ақ басталған болатын. Сонау 2011 жылдың қарашасында Қазақстан, Бело­руссия және Ресей президенттері 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін Кеден одағының және Ке­ден одағы мен Біртұтас эконо­­ми­ка­лық кеңістік туралы халықара­лық келісімшарттардың  коди­фи­ка­ция­сын аяқтау және соның негізінде Еуразиялық экономи­калық одақ құру міндетін белгі­леген еді.

Содан бері жан-жақты қам­тылған Шарт жобасын дайындау, жетілдіру және келісу бойын­ша өте ауқымды жұмыстар жүр­гізілді. Құжат қазіргі уақытта қол қоюға дайын.

Құрылғалы отырған  Еуразия­лық эконо­микалық одақ туралы төмендегі жәйт­терді атап көр­сет­кім келеді. Бүгінде қоғам­да Ресеймен және Белоруссиямен ин­тегра­циялануға байланысты мемлекеттік егемен­дікті сақтау жөнінен сауалдар орын алды. Сол сияқты әлдебір КСРО-ны қайта қалпына келтіру туралы да пікірлер айтылуда. Осыған орай, мынадай жәйттерді түсіне білген абзал.

Бірінші, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ саяси бірлестік болып табылмайды. Шарт тек эконо­микалық ықпалдастық мәсе­­ле­лерін ғана қамтиды. Келіс­сөздер бары­сында біз одақты саясиландыруға және оның мәселелері шеңберінде ұлт­тық өкілет­ті­ліктер мен мемле­кеттік егемендікті қозғай­тын мәселелерді талқылауға жол бермеу туралы ұстанымды қорғап қалдық. Біздің әріптестеріміздің ұсыныстарына қарамастан, біз денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, құқықтық көмек, шека­ра­ларды қорғау, ортақ парламент, жалпы көші-қон, қорғаныс, қауіпсіздік сияқты Тараптардың экономикалық емес салалар­дағы қызметтестік туралы нормаларын қарас­тырған жоқпыз. Олар шарт жобасында жоқ.

Екінші, Еуразиялық эконо­микалық одақ­ты құру КСРО-ға қайта оралу емес.

Тараптардың теңдік, тең құ­қылық және ұлттық мүдделерін ескеру қағидаттары барынша қамтамасыз етілген.

Шарт жобасында барлық дең­гейлерде стратегиялық маңызды шешімдер қабылдаған кездегі консенсус тетігі айқын көрсетілген, ол басқа да шаралармен бірге қан­дай да бір мемлекеттің үстемдік құру мүмкіндігіне жол бермейді.

Мәселен, іс жүзінде  ұлтүс­тілік орган болып табылатын Ко­миссия Алқасында ше­шім­дерді консенсуспен және білікті көпшілікпен қабылдау тетігі ескерілген. Неғұрлым сезім­тал мәселелер бойынша шешімдер консенсуспен қабылданады да, қалғандары бойын­ша үштен екі дауыспен білікті көпшілік тәсілімен қабылданады.

Оның сыртында алқа қабылдаған кез келген мәселеге шешімдер тек консенсус­пен ғана қабылданатын Комиссия Алқа­сының тосқауыл қою мүмкіндігі бар. Тіпті, Комиссияның бұл шешімдерінің өзі, олар жекелеген мемлекеттің мүдделеріне сәйкеспеген жағдайда, мемлекет басшылары деңгейіндегі Үкі­метаралық және Жоғары кең­ес­терде қайта қаралуы ықтимал.

Және ең соңғы инстанция, кез келген дау­лы мәселе құрылатын Одақ Сотында қара­латын болады.

Осылайша шешімдер қа­былдау кезінде барлық қаты­сушы мемлекеттердің мүдделерін мін­детті түрде ескеру қағидаты қам­та­масыз етіледі.

Үшінші, Шартқа сәйкес, біздің үшінші бір мемлекеттермен және халықаралық ұйым­дармен келісімшарт жасасуымызға еш­теңенің де тыйым салмайтынын атап көрсетудің де маңызы зор.

Қазақстан жүргізіп отырған аса маңызды көпвекторлы сыртқы саясат қағидаты  сақта­лады және оны болашақта дербес жүргізу немесе өзгерту мүмкіндіктері талассыз күйде қа­лады.

Төртінші, Қазақстан Одақ органдарында тиісті деңгейде көрініс таппақ.

Одақта екі тұрақты жұмыс істейтін орган – Еуразиялық эко­но­микалық комиссия мен Сот болады, оларда да тараптар теңдігі қам­тамасыз етілмек.

Комиссия екі деңгейден – Кеңес пен Алқадан тұрады. Ке­ңесте премьер-минис­тр­лердің үш орынбасарлары болады. Алқаға «үштік» мемлекеттердің әрқайсысынан үш өкілден енеді.

Одақ Сотында да солай, оған мем­ле­кеттердің әрқайсысынан үш судьядан тағай­ындалады.

Егер Комиссияның, сондай-ақ Одақ Со­тының құрылымдық бөлімшелеріне келер болсақ, біздің ұсынысымыз бойынша,  Шартта олардың бірдей өкілеттілік қағидатын сақтауды ескере отырып, директор және директордың орынбасарлары лауазымдарын Тараптар өкілдері иеленетін болады. Қалған қызметкерлер Тараптардың осы органдарды қаржыландыруға  үлестік қатысуына тепе-тең жағдайда тағайындалмақшы.

Біздің еліміздің экономикасы үшін үл­кен мүмкіндіктер ашатын тең құқылы эко­но­микалық әріптестіктің қағидатты жаңа деңгейіне шығып отырғанымызды атап көр­сеткім келеді.

Еуразиялық экономикалық интеграция үдерісінің қазірдің өзінде Қазақстан эко­но­микасында оң сипатты алға басулар туын­датқанын сеніммен айтуға болады.

Осылайша, Кеден одағы құ­рыл­ған сәттен бері Қазақстан­ның өңдеу өнеркәсібіне құй­ыл­ған тікелей шетел инвести­цияларының көлемі екі есе дерлік өсіп, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға жетті. Бұл ретте тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28 миллиард долларды құрап, 34 пайызға өсті. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының айтар­лықтай артып отырғандығын көрсетеді.

Егер саудаға келер болсақ, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы тауар айналымы 24 миллиард доллардан асып түсті.

Бүтіндей алғанда, Кеден одағы жұмыс істеген бүкіл кезеңде, 2009 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Кеден одағы бойынша әріптес елдермен арадағы  тауар айналымы 88,3 пайызға ұлғайды.

2010 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңде тауар айналымы өсуінің орташа жылдық қарқыны 18,4 пайызды құрады.

Осы орайда біз сауда бә­се­кесінде ұты­лысқа шығып жатырмыз деген сияқты мәлім­деулерге сенудің қажеті жоқ. Бізде кондитер бұйымдары мен шоколад экспорты 3 есеге ұлғайса, трансформаторлар экспортының көлемі 11 есеге артты. Ал Ресей мен Беларусьқа біздің шағын тонналық жүк көліктерін жеткізіп беру көлемі 17 есеге ұлғайып отыр. Сол сияқты цемент экспор­ты да 16 есеге өскен. Бұл тек аз ғана мысалдар.

Бүтіндей алғанда, Кеден ода­ғы құрыл­ғаннан бергі кезеңде әріптес елдерге экспорт көлемі 62,7 пайызға ұлғайды. Кеден одағы елдеріне шығарылған экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлар үлесі 44 пайыздан 54 пайызға дейін өсіп шықты. Бұл өте тамаша тенденция және біз оны болашақта да сақтай бермек ниеттеміз.

Өндірістік көлік құралдарын, қара металдан жасалған дайын бұйымдарды, пластмассаны, резинаны, қағазды, тұрмыстық техниканы өндіруде де оң тенденциялар байқала түсуде.

Ресей мен Белоруссия кәсіп­орын­дарының қысымына және олардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттеріне  отандық өндіріс­шілер қарсы тұра алмай, рыноктан ысырылып қалады деген қорқыныш та жоқ емес.

Дегенмен, Еуразиялық эко­­­но­­­микалық одақтың ­шарт­­­­­тық-құқықтық база­сы­ның эко­но­­ми­калық қызмет үшін бір­дей бә­­секеге қабілетті жағ­дай­ларды қамтамасыз ете­тінін атап көр­сет­кім келеді. Бұл қазақ­­стан­дық кәсіпкерлердің мүд­делеріне заң­сыз қысым жасау мүм­кін­діктері жоққа шыға­рылады де­генді білдіреді.

Баршаға белгілі, ішкі индус­триялық бағдарламаны жүзеге асыруды қамтамасыз ету Қазақстан үшін басымдыққа ие. Осыған байланысты Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі бұрынғы бар уағдаластықтарды қайта қарадық және Комиссиямен алдын-ала келіспей-ақ ерекше өнеркәсіптік субсидиялар (жекелеген кәсіпорындарға немесе кәсіпорындар тобына қолдау көрсету) қолдану құқына қол жеткіздік.

Сонымен бірге, біз эконо­микалық одақ шеңберінде өнер­кә­сіптік кооперацияларды да дамыта беретін боламыз. Бұл Қазақстанның ірі бірлес­кен өндірістер құруына және өн­дірістік-кооперациялық тіз­бекті дамытуына жағдай жасайды. Болашақта ол біздің ірі кәсіпорындарымызға халық­аралық рыноктарда әлемдік өнді­ріс­шілермен бәсекеге түсуге мүмкін­діктер береді.

Сондай-ақ, Қазақстанның 2016 жылға қарай халықаралық қағидаттарға негізделген ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету есебінің жаңа әдіс­темесін әзірлеу туралы уағда­ластыққа қол жеткізгенін де атап өтпекпін.

Қазақстан негізгі өткізу рыноктарынан шалғай жатқан және теңіз порттарына тікелей шыға алмайтын ел болып табы­лады. Осыған орай қазақстандық экспорт­тау­шылардың әріптес елдердің көлік инфра­құрылым­дарына қолжетімділігіне жол ашу біз үшін өте маңызды. Мұндай мүмкіндік көліктік шығындарды қысқартуға, соған сәйкес қазақ­стандық өнімдердің үшінші елдер ры­ноктарындағы бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруға жағдай жасайды.

Автомобильмен жүк тасу­шыларға мүше-мемлекеттердің әрқайсысының ішкі рыноктарына қолжетімділік туғызу сатылап жүзеге асырылатын болады. Бұл мәселе 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін әзірленіп, дайын болатын Тасымалдарды бейтараптандыру бағдарламасында көрініс таппақ. Осы бағдарлама шеңберінде бейтараптандыру жұмыстары 2016 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта жүзеге асырылатын болады. Қазақстан 2025 жылы қолжетімділікке ие болмақ.

Сондай-ақ, біз мұнай мен мұнай өнім­дерінің ортақ рыногын қалыптастыру 2025 жылға дейін сатылап жүзеге асырылатын болады деген ұйғарымға келдік. Оның нәти­жесінде өзара саудада экспорттық кедендік баж салықтары мен шектеулер қолда­ныл­майтын болады. Оның сыртында газ тасы­малдау инфра­құрылымдарына жол ашылмақ.

Бүтіндей алғанда, мұнай мен мұнай өнім­дерінің ортақ рыногын сатылап құру және газ тасымалдау инфрақұрылымдарына қолже­тімділік туғызу тұжы­рым­дамаларды, бағдар­ламаларды және тиісті келісімдерді біріз­ді­лікпен талдап, әзірлеу негізінде жүзеге асырылатын болады.

Ортақ электр энергиясы рыногын Бело­руссия, Қазақстан және Ресей электр энер­гия­ларының ұлттық рыноктарын интеграция­лау жолымен 2019 жылға қарай құру жоспарланып отыр. Ортақ электр энергиясы рыногын сатылап құру шеңберінде ортақ электр энергиясын құру тұжырымдамасы мен бағдарламасы әзірленіп, оларды мемлекет басшылары деңгейінде Жоғары эконо­ми­калық кеңес бекітетін болады. Тұжырымдамалар мен бағдар­ламалар бекітілгеннен кейін мүше-мем­лекеттер ортақ электр энергиясы ры­но­гын құру туралы (2019 жылдың 1 шілде­сі­не дейін) халықаралық келісімшартқа қол қояды.

Біз дәрілік құралдардың ортақ рыногы 2016 жылдан бастап жұмыс істейді деп ойлас­тырып отырмыз. Бұл орайда қазақ­стандық тарап бұл рынокты тиісті фармацевтикалық тәжірибелер негізінде құру қажеттігін қорғап қалды. Тиісті келісімдерге 2015 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмей қол қойылуы тиіс.

Қазақстандық бизнес үшін жұмыстың тағы бір мейлінше жаңа бағыты – ол отандық рыноктан 26 есе асып түсетін Ресей мен Беларусьтің мемлекеттік сатып алулар рыногы екенін де естен шығаруға болмайды. Бұл ретте әңгіме жыл сайынғы 198 миллиард доллар туралы болып отыр. Бұл отандық тауар өндірушілерді дамыту үшін көзге ұрып тұрған әлеует.

Еуразиялық экономикалық одақ шең­берінде қызмет көрсе­тулер рыногын да сатылап құру қарастырылған.

Бейтараптандыруды мемлекет басшылары деңгейіндегі шешімдерге сәйкес «Жол картасы» негізінде жүзеге асыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ, осы келісімшартта бейта­рап­тандыруға жатпайтын қызмет көрсетулер секторы тізімін тіке­лей қамту жөнінде де өзара келі­сімге келгенімізді айта кетпекпін.

Осылайша Еуразиялық эко­номикалық одақ Қазақстан эконо­микасы үшін өте үлкен эконо­микалық мүдделер ұсынады.

Біз  елдің одан әрі дами түсуі үшін өткізу рыноктарын кеңейте түсу қажеттігін түсінуіміз керек. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл өте тамаша әрі мінсіз нұсқа.

Шарт жобасымен жұмыс істеген бар­лық уақыттар бойында біз 800 мыңнан астам кәсіп­керлерді біріктіретін Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы тұрғы­сындағы бизнес қауым­дас­тықпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істедік және барлық ережелерді бірлесе отырып қарадық.

Еуразиялық интеграцияның Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанды 30 әлемдік көшбас­шылар қатарына шығару жөнін­дегі стратегиялық міндетті жүзеге асыруға көмек­тесетінін атап көрсеткім келеді.

Ойымды түйіндей келіп, Мем­лекет бас­шы­сының эко­но­микалық интеграция ұлттық мемле­кет­ті­лікті нығайтуға, экономиканы да­мыту арқылы Қазақстанды бұ­рынғыдан да гөрі тұрақты етуге жағдай жасайды деген сөзін еске сала кетпекпін.

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ,

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button