Мәселе

Шалқар көлі өзімізге шағалалы көк теңіз…

Шалқарлықтар ауыл іргесіндегі көлді осылай әнге қосады. Көлдің жергілікті жұрттың мақтанышы екені рас. Алайда, оның табанына жиналған батпақты тазалау мәселесі қазір мемлекеттік деңгейдегі үлкен проблемаға айналып отыр. Соңы сиырқұйымшақтанып кеткен бұл мәселені қашан шешілер екен деп көл күте алмайды. Экологтар сол үшін дабыл қағады. Шалқардың жайын бүгін ойламасақ, ертең Аралдың тағдыры қайталануы мүмкін деседі табиғат жанашырлары.       

Көл қаланың оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан. Ол бастауын Мұғалжар тауларындағы бұлақтардан алатын Қауылжыр өзені суының есебінен толығып отырады. Көлдің бөгет арқылы тұйықталғанына бір ғасырға жуық уақыт болған, яғни гидротехникалық қондырғылар мен бөгеттер әбден ескіріп, тозығы жетіпті. Табанындағы батпақты тазартуға көлдің өзінің күші жетпейді. Табиғат адамның көмегін күтіп, дәрменсіз күйге түскен. Оған жергілікті биліктің де әлі келмей отыр.  Себебі қыруар қаражат қажет. Өкілетті министрліктер араласып, мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Сондықтан да болар, өткен жылы облысқа сол кездегі Үкімет басшысы Серік Ахметов келгенде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Шалқар көлінің жағдайына жеке тоқталған болатын.

— Шалқар көлінің жағдайы қиын. Қазір оның жағасында 27,7 мың халық тұрып жатыр. Арал экологиясының салдарынан осындай күйге түскен Шалқар көлінің табанын тазарту қажет. «Жасыл Даму» салалық бағдарламасының 2010-2014 жылға арналған шаралар жоспарына сәйкес Шалқар көлінің табанын тазарту жөнінде техникалық-экономикалық негіздеме жасалған болатын. Оның құны — 4,7 млрд. теңге. Өкінішке қарай, жоба үш рет кері қайтарылды. Осы жобаға қолдау көрсетуіңізді сұраймын, — деді А.Мұхамбетов.

Су ресурстары комитетінің өкілі Болат Бекниязов аталған жоба «Жасыл Даму» бағдарламасы бойынша бюджеттік комиссияға жіберілгенін, алайда, ол қолдау таппағанын тілге тиек етті. Экономика министрлігінің қолдауына ие болуы үшін аталған жоба инвестициялық жоба ретінде емес, ағымдағы бюджеттің қаражатынан ақша бөлінетін жоба ретінде жасалуы керек екен. Ал ондай жоба, су ресурстары комитетінің өкілінің айтуынша, тек трансшекаралық су объектілеріне қатысты жасалады екен.

Құжаттар өкілетті ведомстволар арасында әрлі-берлі жүргенде Шалқардың жайы уақыт озған сайын күрделеніп кетуі мүмкін. Ол отыз мыңға жуық халық тұратын үлкен ауданның микроклиматына  кері әсер етеді.

Соңғы жылдары Шалқар тұрғындары «көлге су мол келді» деп қуанып, кемеріне толған көлдің айналасын жинап, «Көл Шалқар, создым саған көмек қолын!» деген атпен тазалық акциясын да өткізді. Алайда, бұл акцияның тек көлдің сыртын, айналасын ғана тазартуға шамасы келді. Себебі ақ ниет ауыл тұрғындарының созған қолы көл табанына жетпейді ғой…

Шалқардың бүгінгі жайы жөнінде, күрмеуі көп күрделі жайттың түйінін шешу тұрғысында жасалып жатқан жұмыстар турасында мамандардың, өкілетті адамдардың пікірін білген едік.

 

Серік Қажымов,

облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

 

«Бір шешімі болады деп үміттеніп отырмыз…» 

  Шалқар көліндегі гидротехникалық қондырғылардың апаттық жағдай салдарынан көл табаны бір метрден астам батпаққа айналды. Айналасын қамыс басып кетті. Егер бұрын көлдегі су қоры 25 млн. текше метр болса, қазір оның көлемі 6-7 млн. текше метрден аспайды. Тереңдегі бұрын 13-15 метр болса, бүгінде — 5 метр.

Шалқар көлін тазартуға қатысты мынадай жұмыстар жүргізіліп жатыр: облыстық бюджет есебінен 2006 жылы Шалқар көлінің табанын тазарту және гидротехникалық қондырғыларды реконструкциялауға бағытталған екі техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, 2008-2010 жылдарға арналған республикалық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламаға енгізілген болатын. Алайда, бұл бағдарлама толық қаржыландырылмаған соң, Шалқар көліне қатысты жоба да қаржысыз қалды. Соған байланысты облыстық әкімдік бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу қажет деп тапты. 2010-2013 жылдары көлдегі гидротехникалық қондырғылар реконструкциядан өткізілді, 204,3 миллион теңге қаражат игерілді. Одан соң Үкіметтің қаулысы бойынша «Жасыл Даму» салалық бағдарламасының шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті әкімдікке Шалқар көлінің табанын тазарту туралы Үкіметке ұсыныс әзірлеу тапсырылды. 2006 жылғы Шалқар көлінің табанын тазарту жөніндегі жобаға қайта өзгерістер енгізіліп,ол мемлекеттік сараптамадан өткізілген болатын. Жоба құны 4179,4 миллион теңге, ал орындалу мерзімі 18 ай болып белгіленді. 2012 жылдың ақпан айында құжат толықтай республикалық бюджеттік комиссияға жөнелтілуі үшін Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жолданды. Заңға сәйкес, аталған министрлік оны Экономикалық даму және сауда министрлігіне,  ал ол бұл министрлік құжаттарды экономикалық сараптамадан өткізуі үшін Қазақстанның мемлекеттік-жеке серіктестік орталығына жіберді. Алайда, 2012 жылы аталған орталық жобаны қарамай, Экономикалық даму және сауда министрлігіне кері қайтарды.  Уәжі — жобаны инвестициялық жоба емес, ағымдағы бюджет шеңберінде жүзеге асырылатын табиғатты қорғау шарасы ретінде жүзеге асыру керек!.. 

2012 жылы Ақтөбеге сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Қырымбек Көшербаев келгенде осы мәселе көтерілді. Биыл қаңтар айында сол уақыттағы Үкімет басшысы Серік Ахметов келгенде де Шалқар көлі жағдайы тағы айтылды. Нәтижесінде, көл табанын тазалаудың техникалық-экономикалық негіздемесі қайта қаралып, тағы да жоғарыға ұсынылды. Сол қаралып, бір шешімі болады деп үміттеніп отырмыз.  

Біз дайындаған техникалық-экономикалық негіздемеде көлді ластанудан қорғаудың үш әдісі қаралған — механикалық, биологиялық және химиялық.  Қай әдісті қолдансақ та, Шалқар көлін сақтап қалуымыз керек. Тезірек жұмысты бірыңғайламасақ, Шалқар көлін жоғалтып алуымыз мүмкін. Ал көл жоғалса, оны тіршілік көзі ретінде тұтынып отырған халықтың жағдайы қиындайтыны сөзсіз. 

 

Ізімғали Көбенов,

«Невада-Семей» қозғалысының Батыс аймақтық филиалының төрағасы: 

 

«Аралдың тағдырын қайталамасын десек…»

— 2012 жылы «Невада-Семей» қозғалысының Батыс аймақтық филиалының «Сарапшылар кеңесі» мүшелері Шалқар көлінің жағдайын жете зерттеп, мынадай қорытынды жасады:

Көлге соңғы жылдары су қорының аз келуінің бірнеше себебі бар: біріншіден, ол Шалқар көлі табанының ластанып, бір метрден астам батпақтың пайда болуынан. Екіншіден, бұған Мұғалжардағы қиыршық тас өндірісі кері әсер етіп отыр. Қиыршық тас Қауылжыр өзені бастау алатын бұлақтардың көзін жауып тастап жатыр, ал ескі шлюздер 1947 жылдан бастап жаңартылған жоқ! Осының барлығы Шалқардың ластануына, тартылуына әкеліп соғып отыр.

Шалқар ауданының аумағы 1992 жылдан бастап «Экологиялық апат аймағына» кіреді. Кезінде ауданның Байғанин ауданымен шектесетін жерінде, яғни солтүстік батыс бөлігіндегі 448 526 гектар аумақты алып жатқан жер зымырандық сынақтар ретінде пайдаланылғаны да  белгілі («Сарышаған» және «Ембі-5» сынақ полигондары).  Ресми деректерге қарағанда, Ембі-5 полигоны салдарынан (Шалқар, Ембі, Байғанин) бұл жерге 40 жылда  5 млрд. 568 млн, залал келтірілген.

Ауасы құрғақ, құбылмалы өңір үшін Шалқар көлі тіршіліктің көзіндей. Көл суын тұрғындар бау-бақша суғаруға пайдаланады. Орта есеппен тәулігіне 3000 шаршы метр су пайдаланылады екен. Соның нәтижесінде жерасты ауызсуы айтарлықтай үнемделіп отыр.

Бір қынжылтатын мәселе — халық денсаулығының нашарлығы. Балалар арасында темір жетіспеушілігі, эндокринологиялық және жүйке аурулары, ішек инфекциялары, вирусты гепатит аурулары көп, ал ересектер арасында эндокринологиялық аурулар, қан айналым жүйесі мен несеп жолдары аурулары басым. Яғни маман ретінде Шалқар көлінің ластануы халық денсаулығының нашарлауына әкеліп отыр деп нақты айтуға болады.

Шалқар көлін сақтап қалу тұрғысында облыс, аудан басшылары түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Гидротехникалық қондырғылар салыну үстінде. Көл суының деңгейі үнемі бақылауда. Көлге тұрақты түрде балықтар жіберіліп отырады.

Алайда, бұл жұмыстар жеткіліксіз. Шалқар кенезесі кепкен Аралдың күйіне түспеуі үшін бұдан да көп жұмыс жасалуы тиіс.

Сарапшылар комиссиясы үнемі Шалқар көлінің жағдайын қадағалап отырады. Біз Шалқар көлінің мәселесін «Мемлекеттік масштабтағы мәселе» деп білеміз. Оны ешбір себеппен кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан уақыт оздырмай мынадай жұмыстарды атқару керек:  Біріншіден, бөгетті, әсіресе, ұзындығы 4-6 шақырым болатын «Мәскеу-Ташкент» темір жолының жиегіндегі бөгетті күшейту керек. Екіншіден, көл табанын тазартып, қалыпты жағдайға келтіру керек (Бұл —жұмыстың 75 пайызы). Үшіншіден, жоспарлы түрде балық санын және түрлерін арттыруды есепке ала отырып, балықтарды қорғайтын торлар жасау керек, яғни көктемгі су тасқыны кезінде балықтарды қорғау қажет. Төртіншіден, үш стационарлық сорғыны жөндеу керек. Бесіншіден, Қауылжыр көлінің қайнар көздерін зерттеу керек. Алтыншыдан, Мұғалжардағы қиыршық тас өндірісіне қатал бақылау орнату керек. Жетіншіден, аудан халқына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру керек.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Сұлтан Жұманов,

Шалқар қаласының әкімі:

 

«Көл айналасын таза ұстауға тырысамыз»

 

— Шалқар көлі  — шалқарлықтарға Тәңір сыйлаған баға жетпес табиғи байлық. Жергілікті билік шама-шарқынша Шалқар көлінің жағалауының тазалығын қатаң қадағалап отырады. Қазіргі таңда көл жағалауының тазалығын апта сайын бақылайтын қоғамдық жұмысқа бөлінген 20 адам жұмыс істейді. Олар аптасына екі рет осы жағалауды тазалайды. Жазғы мезгілде қала тұрғындарының демалыс орны осы жер болғандықтан жиі шашылатыны рас. Сондықтан мекемелердің қатысуымен өтетін сенбіліктер де   жағалауда ұйымдастырылады. Демалушылар автокөлікпен суға жақындап, айналаны бүлдірмес үшін көлді айналдыра жерді жыртып тастадық. Соңғы жылдары ауданның белсенді жастарының бастамасымен өтіп жүрген «Көл Шалқар, создым саған, көмек қолын!» атты тазалық акциясы да Шалқар көлі жағалауының тазалығының бірқалыпты болуына өз септігін тигізуде.

 Шалқар көлінің маңынан жергілікті кәсіпкерлердің бірі жер алып, демалыс орнын салуды мақсат етіп отыр.

Биыл көлдегі шлюзге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ең өзекті мәселе көл табанын тазарту  әлі де болашақтың еншісіне қалып келеді. Бұл да жақын уақыттарда өз шешімін табады деп сенеміз.

 

Равиль Туюшев,

Шалқар қаласының тұрғыны, еңбек ардагері:

 

«…Көл табаны тазарса, балық шаруашылығын дамытуға болар еді»

    Шалқар көлінің суы тұщы. Сондықтан мұнда түрлі балықтарды өсіруге болады. Көлдің тарихында күні бүгінге дейін балықтың түр-түрі болған. Кейбір жылдары судың аз келуіне байланысты олардың қатары да азайып отырды. 2009 жылы сол кездегі аудан әкімі Рахат Сыдықовтың бастамасымен Қызылорда облысының Қамыстыбас балық питомнигінен уылдырықтан жаңа шыққан балықтар әкеліп, Шалқар көліне жібердік. Мұндай сапарлар 3 жыл қатарынан 2009, 2010, 2011 жылдары жалғасты. Әр барған сайын Шалқар көліне 60 мың ұсақ шабақтар жіберілді. Сол шабақтардың қатарында дөңмаңдай, тұқы, ақ амур балықтары бар.

2012 жылы  көршілес Ырғыз ауданындағы өзеннен сазан, сазан тұқымдас кішкене балық, табан балық, шортан сынды балықтың үлкен түрлері әкелініп жіберілді. Осы балықтардың барлығы қазіргі таңда Шалқар көлінде өсіп жатыр. Осындай сапарлардың барлығы қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен жасалды. Жыл сайын су көлге өз деңгейінде келіп, келешекте табаны тазарса, балық шаруашылығын бізде дамытуға болады.

 

Сұхбаттасқан Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

 

P.S. Шалқар ауданында халық саны артып келеді. Бейнеу-Шалқар темір жолының салынуы да тұрғындар санының көбеюіне ықпал етеді. Суды тұтынушылар саны артқан сайын Шалқар көлін тазартудың қажеттілігі байқалып отыр.Яғни тіршілік көзіндей болған Шалқардың адам аярлық халін бүгін дұрыстамасақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін…

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button