Құқық

Абайлап жүргіз, айыппұл өсті!

Биыл 30 сәуірден бастап жол жүру ережесін бұзғандарға тағайындалған айыппұлдың жаңа шарттары күшіне енгенін білеміз. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілген   өзгертулер мен толықтырулар заңды  күшіне енгеннен бері облыс аумағында 2000-нан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркеліпті. Құқық қорғау органы мамандарының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері аймақта 877 адам жүргізуші куәлігінен уақытша айырылса, 160 адам әкімшілік қамауға алынған.

 

…Қамаласың, куәліктен айырыласың

 

Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Қанат Әлиевтің айтуынша, 30 сәуірден бастап жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері екі есеге ұлғайды.

Жол жүру ережесі туралы заңнамалық актілердегі өзгерістерге сәйкес, енді көлікті мас күйінде жүргізген жүргізушілер үш жылға дейін рөлден шеттетілмек. Егер көлік жүргізушісі өрескел заң бұзушылықты екінші рет қайталаса, жүргізуші куәлігінен 6 жылға айырылады және 15 тәулікке қамалатын болады. Ал егер үшінші рет мас күйінде рөлге отырып, полицейлердің құрығына түссе, онда көлік жүргізу куәлігінен 10 жылға айырылып, 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Заң күшіне енгеннен бері облыста қырықтан астам көлік иесі жүргізуші куәлігінен уақытша айырылса,

8 адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алыныпты. Әкімшілік қамауға алынғандар — бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылған жандар. Бұрын мұндай жазаның түрі 10 тәулікке созылатын. Бір айта кетерлік жайт, бұлардың екеуі жақында ғана жүргізуші куәлігін қолдарына алып, бұрынғы Заң талабы бойынша әкімшілік жазасын өтеген екен. Біздің қызметкерлер оларды екінші қайтара мас күйінде көлікке отырған жерінен ұстады. Жыл басынан бері аймақта 877 адам жүргізуші куәлігінен уақытша айырылса, 160 адам әкімшілік қамауға алынды, — дейді Қанат Советұлы.   

Қазір облыста жол  ережесіне қатысты  2300-ден астам  әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып отыр. 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізушілерге  1788 іске қатысты 16 миллион 658 мың теңге көлемінде  айыппұл тағылды. 126 жүргізуші 1 миллион 128 мың теңге көлеміндегі айыппұлды оқиға ізін суытпай төлепті.  

 

Жылдамдық пен жауапкершілік

 

Қазір  облыста 186 мың көлік бар. Оның 116 мыңы Ақтөбе қаласында тіркелген. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің айтуынша, ірі жол көлік оқиғалары негізінен қалада және республикалық маңызы бар тасжолдардың бойында орын алады.  Соңғы жылдары аудандарда адам өліміне әкеліп соқтыратындай жол-көлік оқиғасы тіркелмепті.

Жылдамдық үшін де жауапкершілік күшейді. Мәселен, енді жүргізушілер белгіленген жылдамдықты сағатына он шақырымнан жиырма шақырымға асырса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал сағатына жиырма шақырымға асырса, онда 15 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Белгіленген мөлшерден қырық шақырымнан асырғандарға 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл белгіленіп отыр. Сондай-ақ, жолдың қарсы бетіне шыққандарға да әкімшілік жазаның түрі күшейтілді, — дейді Қ.Әлиев.  

(Бір айлық есептік көрсеткіш — 1852 теңге)

Полицейлердің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының 80 пайызы жүргізушілердің жолдың қарсы бетіне шығуынан орын алады. Енді мұндай әрекетке барғандарға  20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде тағы қайталанса, жасаған іс-әрекеті үшін жүргізуші бір жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады. 

 

Телефонмен сөйлессең, төлейтінің көп болады

 

Полицейлердің айтуынша, биыл облыста жол-көлік оқиғасы азайған. 

Жыл басынан бері облыста 173 жол-көлік оқиғасы орын алды. Соның салдарынан 17 адам көз жұмып,  220 адам түрлі дене жарақатын алды. Балалардың қатысуымен орын алған жиырма үш жағдай тіркелді. Десек те, бала өлімі жоқ, — дейді Қанат Советұлы.

Қанат Әлиевтің айтуынша, көліктегі мемлекеттiк тiркелген номер белгіcі оқылмайтын немесе стандарт талаптары бұзыла отырып орнатылған болса, жүргізушіге бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Мемлекеттiк техникалық байқаудан өтпеген көліктер үшін де айыппұлдың мөлшері өсіп отыр. Сондай-ақ, тежегiш жүйесiнiң, басқару рөлiнiң ақауы бар көліктерді басқарғаны үшін жүргізушілерге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 

Көпшілік жүргізушілер көлік басқара отырып, ұялы байланыс  арқылы сөйлесе беретін. Заңның жаңа талабы бойынша жүргізушіге телефонды немесе радиостанцияны пайдаланғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағылады. Егер бұл жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, айыппұл көлемі де өседі. Жүргізушілер бағдаршамға да мұқият қарағандары абзал. Егер көлік иесі рұқсат етілмеген бағдаршамға немесе басқарушының қимылына мән бермесе, кодекстің 463-бабының 1-тармағындағы әкімшілік жазадан бөлек, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді Қ.Әлиев.

Заңның жаңа талабы бойынша, жол-көлік оқиғасы болған жерден ізін суытқан жүргізушіні жол қауіпсіздігі басқармасы бір жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырады. Көлікті жаяу жүргіншілер жолымен немесе жол жиегіне тым тақалып жүргізсе де жүргізушілерге қатаң әкімшілік жаза тағайындалыпты.

 

Арнайы тұрақ және 92 600 теңге

 

Қазір Ақтөбе қаласының «Мега Ақтөбе» сауда және ойын-сауық орталығы мен темір жол вокзалы маңындағы алаңда мүгедектерге арналған арнайы орын бар.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес, енді мүгедектерге арналған орындарға көлікті тоқтату немесе оны қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни жүргізушіге бұл орайда 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл — 92 600 теңге. Егер бұл жағдай тағы да қайталанатын болса, айыппұл мөлшері 70 АЕК-ке дейін өседі.

Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жеке құрамдағыларға толықтай түсіндіріліп, оқу сабақтары жүргізілді. Бұрын ішкі істер қызметкеріне көлікті тоқтату талабын орындамағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, жаңа редакцияда бір жылға дейін көлік құралын жүргізу құқығынан айыру көзделген. Ал мұндай құқығы жоқ немесе көлік басқару  құқығынан айырылған тұлғаларға қатысты 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болады. Бір айта кетерлік жайт, полиция қызметкері көлікті тоқтатқан кезде жүргізуші мен салондағы жолаушыларға оның рұқсатынсыз сыртқа шығуға  болмайды. Егер бұл талапты орындамаса, көлік иесі мен салондағы жүргізушіге  5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді полиция подполковнигі.

P.S. Полицейлердің айтуынша, Финляндия мен Швейцария елдерінде жол ережесін бұзғандар үшін айыппұл мөлшері өте жоғары. Бұл елдерде жылдамдықты арттырғаны үшін жүргізушіге  1500 еуро (379 мың теңге), белдік тағынбаса 135 еуро (34 мың теңге), бағдаршамға мән бермесе 90 еуро (22 770 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады екен.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button