Бұқара
Мәртөктегі велосапар
Жуырда «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының және аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Ауыл жастары» акциясы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл жастарының белсенділігін арттыру. Акцияға ауданның белсенді жастары қатысты.
Аудандық әкімдіктің алдына жиналған велошабандоздарды аудан әкімі Алтынбек Әмірғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Амантай Смағұлов және бір қатар мекеме басшылары салтанатты түрде шығарып салды. Велосипедке мінген бір топ жас Мәртөк – Қаратаусай – Коминтерн – Шевченко – Байторысай – Мәртөк бағытында сапарға аттанды. Топ құрамында аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Нұргүл Құрамысова, аудандық ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрмұхан Құлшанаев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейірхан Дүйсенов, мектеп мұғалімдері Юлия Камхен мен Салтанат Сибенова және аудандық аурухана дәрігері, терапевт Самат Жұмабаев болды.
Алдымен Қаратаусай ауылына келген велосипедшілер ауыл жастарымен кездесу ұйымдастырды. Жиында түрлі мәселелер сөз болды. Оның ішінде клубқа музыкалық аппарат қажет екені айтылды. Ауданның табиғаты туризм саласын дамытуға қолайлы екені де әңгіме өзегіне айналды. Бұдан соң жастар Коминтерн ауылына қарай бет алды. Бұл ауылда да акцияға қатысушылар жастармен кездесу өткізді. Бұнда «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жұмыс осы ауылда да қолға алынса деген ұсыныс айтылды. Өйткені аудандағы орман шаруашылығының айтарлықтай бөлігі осы өңірде орналасқан. Жиын соңында ауыл жастары концерт ұсынды.
Келесі күні топ Шевченко ауылына аттанды. Бұнда оларды ауыл әкімі Қалыбай Жұмабаев бір топ жастармен қарсы алып, кездесу ұйымдастырды.
Кездесуден соң акция мүшелері ауыл мектебінің жанындағы мұражайға барды. Жастардың ұсынысымен волейболдан жолдастық кездесу өткізілді. Шара барысында жастар табиғат аясына саяхат жасап, Қарасу көлінің маңайын күл-қоқыстардан тазартты.
Бұдан кейін қатысушылар Байторысай ауылына жол тартты. Бұл жерде де осындай кездесулер ұйымдастырылды. Сол күні түстен кейін олар Мәртөкке келді. Үш жүз шақырымнан астам жерді велосипедпен жүрген жастарды «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, Виктория Левченко, Гүлнұр Ізмұхамбетова, Дарья Бодло 31 шілдеде өтетін «Аудандық жастар слетіне» шақырту алды.
Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Нұргүл Құрамысова алдағы уақытта аталған акцияның жалғасын табатынын айтты.
Қаныш ЫСҚАҚОВ,
Мәртөк ауданы.
Кәсіп
Құс ұйқылы жігіт
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, ауылымызда кәсіптің әр түрімен айналысып жүрген азаматтар баршылық. Қай іске де халық сыншы, біреулері арзан еңбек күші арқылы пайдаға кенелуді көздесе, келесі бір азаматтар өзінің ақ адал еңбегімен табыс тауып, игілігін көріп жүр.
Ырғыздағы «Нұрдәулет – НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және «Дәулет» жеке кәсіпорнына басшылық жасайтын Нұркен Смағұл туралы ауылдастары «ол – құс ұйқылы жігіт» дейді. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені ол өзінің жеке техникаларымен Ақтөбе мен Ырғыз арасына уақытпен санаспай жиі қатынайды. Аудан орталығына Ақтөбеден азық-түлік, құрылыс материалдарын жеткізеді. Ал облыс орталығына тұрғындардың малдарын, жүктерін тиеп апарып, талайлардың алғысына бөленіп жүр.
Нұркен өткен жылы Ырғыздан «Дәулет» деп аталатын сауна, монша ашып, бұрын көпшілікке қардар болып келген осынау қызмет түрін жолға қойды. Бүгінде моншаның ішкі бөлігіне еурожөндеу жүргізуде.
1998 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Нұркеннің бүгінде көтерме сауда орталығы, дүкені бар. Өткен жылы жаңа «КамАЗ» көлігін тіркемесімен сатып алса, бұдан өзге «Джип», «ГАЗель» автокөліктері, сондай-ақ су тартатын көлігі бар. Қазірде Нұркеннің қарамағында он адам жұмыс жасайды.
– Біздің қазақ тойға үлкен мән беретіні белгілі. Сондықтан биыл Ырғыздан тойхана салу ісін қолға алмақшымын. Құрылыс материалдарын дайындап жатырмын. Тойхана қызметі тұрғындардың қалтасы көтеретіндей деңгейде болуына көңіл бөлемін, – дейді кәсіпкер.
Осылайша ауыл азаматы кәсібін дөңгелентіп, еңбегімен ауылдастарына өнеге болып жүр.
Марат МЫРЗАЛЫ,
Ырғыз ауданы.
Тілек
Ветеринарлық талаптар неге орындалмайды?
Соңғы жылдары мал ауруларына қатысты әңгімелер көп айтылады. «Бұрынғы кездері әрбір ауылда, қалада мал дәрігерлері болатын еді, қазір жоқ» деген сияқты наразылықтар, көңіл толмастықтар адамдардың аузында жүр.
Әрине, барлық жерде осындай жағдай қалыптасқан деуден аулақпын. Бірақ ауылдық жерлерде мал ауруларының алдын алу, ветеринарлық шараларды ұйымдастыру деңгейі түсіп кеткені рас. Тиісті шаралар алынбағандықтан, бір үйдің малы ауырса, бүкіл ауылды жайлап кету оқиғалары кездесуде. Өйткені көптеген ауылда мал дәрігерлері жоқ. Барлары қызметін дұрыс атқармайды. Қазіргі кезде бірнеше ауылға бір мал дәрігері бекітілгені де өтірік емес.
Өзім көріп жүрген жайттарды айтайын. Қазіргі мал дәрігерлері санитарлық талаптарды сақтамайды. Тексеру үшін малдың қанын алғанда ине стерильденбейді. Бұрынғы кезде мал дәрігерлері арнайы медициналық жабдықта инелерді қайнатып жататын еді. Қазір мұны да істемейді. Алмастыратын ине жетіспейді. Бір инемен бүкіл мал егіледі. Ине жетіспейтінін мал дәрігерлерінің өздері де мойындайды. Мұны ауылдық жерлердегі адамдардың бәрі біледі. Ветеринарлық, санитарлық талаптар орындалмағаннан кейін аурудың шығуы қолдан жасалады. Сондықтан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осы мәселені қатаң қадағаласа деген тілегіміз бар.
Болат САРТАЕВ,
Ембі қаласы,
Мұғалжар ауданы.
Өнеге
Менің көршім
Қазір аудан халқының жағдайы жақсы. Екі үйдің бірінде телефон, жарық та самаладай жанып тұр. Іргеге тиіп тұрған ауыз суды ішіп отырмыз. Көшелерді жарықтандыру жұмысы да жылдан-жылға жақсарып келеді. Жыл сайын бір-екі көше асфальтталса, енді бірі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ақтөбе мен Мәртөктің арасына сағат сайын автобус пен «ГАЗель» жүреді. Аудан орталығында отызға жуық жеке таксист бар. Олар да күні-түні жолаушы тасиды. Бұл да күнкөрістің бір түрі. Еңбектенген адамға жұмыс табылады.
Менің Мұратхан деген көршім бар. Осыдан үш жыл бұрын Мәртөктің қасындағы шағын ауылдан көшіп келді. Тынымсыз еңбектенудің арқасында қазір тәп-тәуір тірлік қылып отыр. Атырау, Ақтау сынды мұнайлы өңірлерге барып жұмыс істейді. Оның жұмыссыз отырған күні жоқ. Екі баласы мен әйелін тарықтырмаудың қамымен жүгіріп жүргені. Анасы жақын ауылда тұрады. Жиырма шақты қой, 4-5 сиыр, 50-60 қаз-үйрегі бар. Апта сайын балаларына май-қаймағын жіберіп отырады. Ұядай отбасының тірлігіне қызыға қарайсың.
Мұратханның еңбекте үлгі алатын Әділ атты жездесі бар. Әділ алғашқы шаруашылығын екі доңғалақты мотоциклмен мата тасып, оны сатудан бастаған. Кейін шаруасы дөңгеленіп жүре берді. Он жылда жаңа үй, шетел көлігін сатып алды. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Бірнеше дүкені мен шағын кафесі бар. Мұратхан да осы жездесі секілді ерінбей еңбек етуде.
Көршіме қарап, ауылда жұмыссыздықты сылтау етіп жүрген жалқау жандарға жаным ашиды. Ерінбей еңбектенсең, тұрмысыңның түзелетіні рас. Сондықтан ауылда Мұратхан сияқты еңбекқор жігіттер көп болса екен дейміз.
Ғабділмәлік АХМЕТОВ,
Мәртөк ауданы.
Құрмет
Бір көшенің тұрғындары
Ынтымағы жарасқан Ырғыз жұртшылығының бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүрі бар. Қандай мереке болмасын бір көшенің бойында орналасқан ағайындар мерекені ерекше атап өтеді. Жыл басы Наурызда бірігіп қазан көтереді. Осындай көріністерге өзіміз талай рет куә болып жүрміз. Бір атаның балаларындай арқа-жарқа болып жатады…
Өткен аптада Бақберген Ақдәулетұлы атындағы көше тұрғындары ауызбіршілік танытып, тағы бір игілікті іс тындырды. Олар өздері қаражат жинап, Б.Ақдәулетұлына ескерткіш орнатты. Бақберген Ақдәулетұлы – 1892 жылы дүниеге келіп, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін өмір сүрген сынықшы, емші. Талай пенденің жанына шипа болған Бақберген ата Ырғыз жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленген. Аудан тұрғындары ол кісіні күні бүгінге дейін пір тұтады.
Арғы аталары Айқын, Жарқын деген кісілер Шөмекей руының Көнек деген тайпасы, Болсай аталығы ішіндегі ел арасында беделі бар, тұрмыс қаракеті сәнді де мәнді жандар болған деседі. Ал Бақберген ата жастайынан сабырлы, не істесе де орнықты, нәтижелі атқарып, ел-жұртына сыйлы болған екен. Ол әуелі мал сынығын салу, емдеу ісімен айналысып, біраз тәжірибе жинақтаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында адамдарды емдей бастаған. Ол кісі сүйегі сынған немесе мүшесі шыққан адамдардың сынығын ешқандай қиналыссыз салып беріп отырған. Оның сынықшылық іс-әрекеті соғыстан кейінгі кезде елге жете танымал болады. Бақберген атаның қасиетін дәрігерлер қауымы да мойындаған.
2003 жылдың 18 шілдесінде аудандық ақсақалдар кеңесінің ұйғарымымен село орталығынан бір көшеге сынықшының аты берілді. Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында аудан әкімі Мирхан Дуанбеков Бақберген атаның өмірбаянына тоқталып, осынау игілікті шараны қолға алған көше тұрғындарына алғыс айтты. Емшінің жиені, ауыл азаматы Жолжан Дербісов бастаманың өзгелерге үлгі боларлықтай екенін айтып, тұрғындарға алғысын жаудырды. Бұдан соң жиналған көпшілік Бақберген ата рухына арнаған астан ауыз тиіп, ауыл аналары ақ батасын берді. Мешіт имамы Әділбек Тұяқбаев Құран бағыштады.
– Қырыққа жуық үйі бар Бақберген Ақдәулетұлы атындағы көшеде тұратын жамағат өз қалтамыздан қаржы шығарып, атамыздың ескерткішін жасауды бұдан біраз уақыт бұрын ұйғарған едік. Міне, сол іс сәтімен бітіп жатыр. Ескерткішті Ақтөбе қаласында тапсырыспен жасаттық. Қолдан келер көмектерін аямаған көше бойында орналасқан аудандық электрмен жабдықтау учаскесінің және электр желілерін тарату мекемесінің басшыларына, сонымен қатар Еспенов, Тұрабаев, Байжанов, Қуандықов, Ақшабаев, Жүрсінбаев, Елеусізов, Бекпенбетовтердің отбасыларына айтар алғысымыз шексіз. Барлығының да еңбектері өлшеусіз. Тіпті, аудандық пошта байланыс торабының қызметкерлері Марал Төлемісов, Пірімбет Қошабаев секілді азаматтардың демеушілік танытқандығын айта кетуіміз керек,- деді шараның басы-қасында жүрген көше тұрғыны Руслан Ұзақбаев.
Тарихын түгелдеп, бабаларын ұлықтаған елдің келешегі қашан да кемел болмақ. Ендеше, Бақберген Ақдәулетұлы атындағы көше тұрғындарының осы бір бастамасы өзгелерге жұғысты болса дейміз.
Дархан МЕКТЕПБАЙ,
Ырғыз ауданы.
Көмек
Берекелі бірлік
Жасым жетпіске жақындаған зейнеткермін. Он бала тәрбиелеп өсірген ардақты анамын. Шұбарқұдық кентінің Құрылысшылар көшесінде 1988 жылдан беріп тұрамын. Жиырма жылдан астам уақыт ауыз су тапшылығын көріп келеміз.
Үш жылдан бері халық суды өз күштерімен үйлеріне кіргізіп жатыр. Әрине, бұндай шаруаларды жүргізу үшін де бір бейнетқор адам керек. Мен бұрын бұндай жұмыстарға араласа бермейтінмін. Осыдан он жыл бұрын көгілдір отын кіргізгенде оның басы-қасында отағасым жүрді. Қазір отағасымның денсаулығы жиі сыр береді. Әрі бұндай істі қолға алған күнде де мінезге бай, сабырлы азаматтар керек қой.
Мен біздің көшенің азаматтары, оның ішінде бірі қайным, бірі балам болып кеткен Құдайберген Қазиев, Келісбек Өксікбаев, Нұрлан Қожақовтардың ісіне дән ризалығымды айтқым келеді. 16 үйге жететіндей 300 метр жер қазып, су тартатын құбырларды алыс жерден алдырып, басы-қасында күні-түні жүрді. Арасында әр үйдің адамдарының реніштері болды. Әрине, ақша жүрген жерде реніш те, әр түрлі әңгіме де болатыны белгілі. Солардың бәрін артқа ысырып, азаматтық жасаған олар аз күнде суды үйге кіргізіп берді. Үйімізге су кіргенде, қуанышымызда шек болмады.
Қазіргідей бәрін ақшамен есептеген заманда бас біріктіріп, біреуге көмек қолын созатын жандар аз. Ал әлгі азаматтардың ұйымшылдығы мен адамгершілігі ерекше қуантты. Бұндай азаматтар көпке үлгі болары сөзсіз.
Жаңылша ӘДІЛГЕРЕЕВА,
Шұбарқұдық кенті,
Темір ауданы.
Әдеп
Автобустардағы акциялар азаймаса…
Қоғамдық көлікке жиі мінемін. Троллейбус немесе автобустарда жастардың әдепсіздігін жиі байқаймын.
Жуырда зайыбым екеуіміз №18 бағыттағы автобусқа отырдық. Пожарский аялдамасынан көп адам мінді. Автобус салонында бос орын жоқ. Орта жастан асқан қазақ әйелі түрегеліп тұрды. Алдымызда тұрған қазақ жігіт отырған жас жігітке үлкен адамға орын беруін сұрады. Жас шамасы 22-25 жастағы әлгі жігіт орысша жаман сөз айтып, орнынан тұрып кетті. Көлік ішіндегілер жап-жас азаматтың қылығына қынжылып қалды.
Жалпы, қоғамдық орындарда жастардың бұндай әдепсіздігін жиі көруге болады. Осындайда менің есіме қоғамдық көліктерде өткізілетін акциялар түседі. Дәл атауы, қай ұйым ұйымдастырғаны есімде қалмапты. Бірақ «Үлкендерге орын бер, қарттарды құрметте!» деген плакаттар қаладағы қоғамдық көліктерде жапсырылатын. Бір-екі ай деп мерзім қоймай-ақ, осындай акциялар жиі өткізілсе, пайдасы көп болар еді. Сондай-ақ, кондукторлар да үлкендерге орын беру керектігін ескертіп отырса, артық болмас еді.
Сағидолла ЖОЛЕКЕНОВ,
қала тұрғыны.
Пікір
Түбірді түртпектемесек…
Тілді құрметтеу сөзді дұрыс жазудан басталады. Қазақ тілінің төл дыбыстары «Ы» мен «І» әріптерінен басталатын сөздер балаға ат қойғанда кездеседі. Сондықтан осы сөздерді қатесіз жазған жөн.
Ырысты – Рысты емес, Ырысбек – Рысбек, Ыспан – Спан, Ырымбике – Рымбике, Ырымбай – Рымбай, Ырза – Рза, Ілия – Лия, Ілес – Лес болып жазылмайды. Осылай қате жазылып жүрген кісі, жер-су аттары жиі кездеседі. Қазақтың төл сөздерінің түбір күйін сақтап жазу керек. Басылымдарда кісі аттары, оның ішінде біріккен сөзден тұратын кісі аттарын жазу кезінде түбірге үлкен мән берген абзал. Мысалы, Мырзақұлды Мырзағұл деп жазу дұрыс емес. Өйткені «құл» деген сөз бар, «ғұл» деген сөз жоқ. Соңғы дыбыстың әсерінен қатаң дыбыс ұяң болып естіліп тұр. «Құл» деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, соңғы кезде «ов», «ова»-лардың орнына «ұлы», «қызы» деген сөздер жазыла бастады. Бұл – қуанарлық жағдай. Ал руын, тегін, әулетін тіркеп жазу жөн емес. Бұл – үлкендерге кездескенде айтылатын таныстыру дәстүрі.
Қадиша ДҮРИСАҚЫЗЫ, қарт ұстаз,
Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Еңбекші адай ауылы – ел есінде
Тарихтың талай жайды бауырына басып жатқаны белгілі. Осыдан тура сексен жыл бұрын кеңес өкіметінің қазақ халқының ұлттық намысын аяққа басуға бағытталған бір аяусыз шарасы аясында Маңғыстау бойындағы Адай туынан тараған бір буын ауыл бала-шағасымен қуғын-сүргінге салынып, Ақтөбе жеріне қарай жер аударылды. Оларға жаңа қоныс Қобда өңіріндегі Қаратал өзені бойынан бұйырды. Осы жерде жаңа ұрпақ дүниеге келді. Жаңа мекен сол кездегі заман ағымына сай Еңбекші Адай ауылы атанды.
«Елу жылда – ел жаңа, қырық жылда – қазан» дейтін болсақ, 1929 жылы тың жерден бой көтерген үйлер күні кешеге дейін бой түзеп тұрды. Ауыл балалары көз көрім жердегі Қаратал мектебіне қатынап оқыды. Алайда уақыт өз өрнегін салды. Бұл ауылдан түлеп ұшқан жас буындар қазір ірі қалаларда, облыс орталығында еңбек етуде. Олардың көпшілігі танымал азаматтар атанды.
Еңбекші Адай ауылының бүгінгі ақыл айтар үлкендерінің бірі Өмірбаев Әділхан аға мен оның зайыбы Күләш апа алыс-жақыннан жиналған ағайынның басын қосып, өткен-кеткенді түгендеп, сұрастырып отырды. Елге танымал азамат ағалар Ізберген Көшімов, Идош Асқар, Түрікпенбай Айжарықов, Алтай Тайжанов, Қалиолла Сағындықов, Раукен Отыншиндер, аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова бұл шараның ұрпақтар үндестігі, ел бірлігі тұрғысынан мәні зор екеніне тоқталды.
Қаратал бойынан шыққан елдің танымал азаматы Серік Әбілжанов бізге жолбасшы бола жүріп, осы жердің тарихына қатысты естіген-білгендерін тиянақтап отырып баяндап берді.
Қандай да алқалы жиынға елең етпейтін қазақ болмасы анық. Бұл дүбірлі шара да талайды жолға шығарғаны байқалады.
Алматыдан келген меценат Жауғашты Нәбиев осындай ретпен елді көргеніне, көпшілікпен қауышқанына ризашылығын білдірді.
Алыстағы Кемероводан Аман Төлеев жеделхат жіберіпті.
Ағайынды Өмірбаевтар – Ұлықпан, Ислам, осы әулеттің келіні Зибаш, Ермек, Тауман Ибашевтар, Сабыржан Әбішев осы шаруаның көп бөлігін өз қолдарымен атқарды. Орал Байсеңгіров бүкіл мәдени шаралардың жүйелі әрі қызықты өткізілуіне бас-көз болып, жиналған көпшілікті жалықтырған жоқ.
Айтысқа үш жұп шықты. Олардың арасында халыққа танымал жүйрік Қайнар Алакөзов топ жарды.
Ат жарысы ас сәнін келтірді.
…Еңбекші Адай ауылының көне жұртында қазір екі үйдің ғана қабырғасы қалқаяды. Оның есесіне ауыл іргесіндегі қорым аумақты жерді алып жатыр. Мұнда кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған көштің бастаушылары – аяулы ата-әжелер, олардан кейінгі толқын – аға-апалар, олардың бауырынан тараған, өмірден ертерек озған, жас шамасы әр түрлі мөлшердегі ағайындар мәңгі тыныстап жатыр. Олар кезінде ұжымшар құрып, қоғам игілігіне аянбай еңбек етті, ұрпақ өсірді.
Еңбекші Адай ауылы ел жадында алда да сақталып қала береді. Өйткені кезінде осы мекенді көгерткен, өздері де көктеп-өскен бабалардың кейінгі ұрпағы тарихты енді ұмытпасы анық.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қобда ауданы.
Оқырман хаттарын топтастырған Кәмшат ҚОПАЕВА.
Bukara07mail.ru




