Әлеумет

Қала тазарып жатыр

Өткен аптаның сенбі күні Ақтөбе қаласында 250-ден астам ұжым сенбілікке шықты. Тазалықтың екі айлығы жарияланған күннен бастап қаламызда 2345 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар қала сыртындағы қоқыс полигонына шығарылған.

Сәуірдің 7-і мен маусымның 7-і аралығында Ақтөбе қаласы мен қала маңындағы селолық елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалау, көгалдандыру жөнінде екі айлықтың жарияланғанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз.

Ақтөбе қаласы әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Аслан Махатовтың айтуынша, өткен сенбіде қалада 250-ге жуық ұжым сенбілікке шықты. Олар мекеме айналасын күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, қала әкімінің қаулысы негізінде өздеріне бекітілген аумақтарды да тазалады. Мәселен, сол күні Ақтөбе экономика, статистика және информатика колледжінің ұжымы мен оқушылар қауымы Әлия Молдағұлова даңғылы бойында орналасқан «Дина» гипермаркеті жанындағы бос жатқан алаңды күл-қоқыстан тазартты. Бұл күні жастар еңбекке білек сыбана іске кірісті.

 

«Барлығы тазалықтан басталады!»

Сенбілікке негізінен колледждің 1-2 курсында оқитын оқушылар шықты. Ұжым тазалықтың екі айлығы жарияланған күннен бастап іске кірісті. Әуелі біз колледж аумағын қыстан қалған күл-қоқыстардан тазарттық. Қазір біз өзімізге бекітілген аумақты тазалап жатырмыз. Яғни қаланың  Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы «Дина» гипермаркеті маңындағы бос алаңнан «Табыс» коммуналдық базарына дейінгі аралықта жұмыс жасайтын боламыз.  «Ақбұлақ» мекемесі маңындағы аумақты тазарту да бізге жүктелді. Колледжде әр аптаның дүйсенбісі сенбілік күні болып жарияланды. Бұл күні арнайы кестеге сай белгіленген уақыт аралығында сенбілікке шығамыз. Оқушылар да бұл іске белсенді араласып жүр, — дейді Ақтөбе экономика, статистика және информатика колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Байтақова.

Жалпықалалық сенбілікке шыққан колледждің 50-ден астам оқушысын бекітілген аймаққа арнайы автобуспен жеткізіпті. Іске білек сыбана кіріскен  жастар үйілген қоқыстарды қапшықтарға салып, жүк көліктеріне тиеді. Бірсыпырасы жерді тырмалап, шіріген арамшөптерді жұлды.

Жұмысты ертеңгілік сағат 9-да бастадық.  Әсем қаламыз Ақтөбенің көркін келтіру үшін сенбілікке бірауыздан шығып отырмыз. «Барлығы тазалықтан басталады!» деген ұранды ұстана отырып, осы іске бір кісідей атсалысып жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз — ақтөбеліктерді қаланы таза ұстауға шақыру. Былтыр да біз колледжге бекітілген аумақты күл-қоқыстан, тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартқан болатынбыз. Өткен жылы сенбілікке 3-4 рет шықтым. Әлия Молдағұлова даңғылы — қаланың көрікті аумақтарының бірі. Бұл көшеде зәулім үйлермен қатар, мәдени орындар, сауда ғимараттары орналасқан. Біз өзімізге жүктелген міндетті абыройлы атқаруға тырысып жатырмыз, — дейді  колледждің аударма ісі бөлімінің 2-курс оқушысы Жәния Рабаева.

 

2345 тонна қалдық шығарылды

Сенбілік күні Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Аслан Махатов істің басы-қасында жүрді.

Қала әкімінің тазалықтың екі айлығын жариялау туралы арнайы қаулысына сәйкес барлық мекемелер мен кәсіпорындар, ұйымдар бұл бағытта жұмыла жұмыс жасап жатыр. Қаладағы әрбір ұжым өздерінің және іргелес жатқан аумақтарды күл-қоқыстан тазартып, көгалдандыруы тиіс. Екі айлық кезінде қаладағы қоқыс полигоны жеке секторлар мен мекемелерден тұрмыстық қатты қалдықтарды ақысыз қабылдайды. Бірінші жалпықалалық сенбілікке 250-ден астам ұжым шықты. Бүгінгі күнге дейін қала және селолық округтер аумағынан полигонға 2345 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылды.  Мұның өзі қалалықтардың тазалыққа барынша мән беріп, бұл істегі белсенділіктерін аңғартып отыр.

Қаламыз жылдан-жылға тазарып келеді. Қала тұрғындарының да тазалық маусымы кезіндегі жауапкершіліктерінің артқаны байқалады.  Қала бойынша тазалық маусымына 33 жоғары және арнаулы оқу орындары бекітілді. Олар қаламыздың айналма тасжолдарының  бойын, су-тоғандар мен гүлбақтардың, саябақтардың айналасын күл-қоқыстан тазартады. Аптаның әр күнінде бекітілген кестеге сәйкес әрбір ұжым өздеріне жүктелген аумақты тазартатын болады. Бүгінде санитарлық күтім жұмыстары бойынша қалада 10 мердігер мекеме жұмыс жасап жатыр. Олар өздеріне бекітілген мекеме, кәсіпорындарды  тазалық жұмыстары үшін  қажетті құралдармен толық қамтамасыз етіп, күл-қоқысты сыртқа тасымалдау шараларын ұйымдастыратын болады. Транспорт тарапынан да көмек көрсетеді.

Жеке сектор тұрғындарына бұған дейін түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізілді. Біз қарапайым тұрғындардың науқандық жұмысқа өз үлестерін қосуын  сұраймыз, — дейді А.Махатов.  

Жыл басынан бері қала тазалығына мән бермей, тәртіп бұзу деректері бойынша  жеке және заңды тұлғаларға 2 миллион 800 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Бұл іске қатысты рейдтік тексеру шаралары әлі де жалғасып жатыр.

Екі айлықты ұйымдастырудың үйлестіру жұмыстарын жүргізу бойынша қалалық штаб құрылған болатын. Құрамында аумақтық округ төрағалары, учаскелік полицейлер бар штаб мүшелері қазір рейдтік тексерістер жүргізіп жатыр. Егер жеке үйлер мен мекеме маңында үйілген күл-қоқыстар болса немесе өзге де тәртіп бұзушылық жағдайлар кездессе, онда сол үйдің иесіне, болмаса заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынады. Бұл орайда штаб мүшелері арнайы заңнамамен және  Ақтөбе қаласы мен елді мекендерді абаттандыру қағидасы негізінде жұмыс жасайтын болады, — дейді Аслан Махатов.

 

Жарақсыз дөңгелек және жатақхана

Ақтөбе қаласындағы «Троллейбус паркі» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің аға инженері Ерболат Көшербаев сенбілікке қоғамдық көлік жүргізушілерінен басқалары түгел шыққанын айтады.

Қазір «Троллейбус» паркінде шамамен 300-ге жуық адам жұмыс жасайды. Оның 80-і — жүргізушілер. Қызметкерлер мен жұмысшылар тазалық жұмыстарына ерте кірісті. Біз жылдағы дәстүр бойынша мекеме ауласына көп жылдық гүлдер егіп, жас көшеттер отырғызамыз. Осыдан үш жыл бұрын  қала әкімінің  тапсырмасы бойынша «Алатау» сауда үйінің маңына 240 түп жас қарағаш отырғыздық. Келесі сенбілікте сол жас көшеттердің түбіне қара топырақ төгіп, әктейміз. Шіріген бұтақтарын кесіп, ерекше күтім жасайтын боламыз, — дейді Е.Көшербаев.

Биыл «Троллейбус паркі» мекемесі маңына шыршалардың жас көшеттері отырғызылады.

Қалалық әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сенбілік күні қаланың Рысқұлов көшесі бойындағы 195-үйге барды. Бұрын бұл жатақхананың негізгі тұрғындары «Троллейбус паркі» мекемесінің жұмысшылары болыпты.  Қазір 500-ден астам адам тұратын жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұндағы тұрғындар осыдан төрт жыл бұрын кондоминиум құрып, тозығы жеткен ғимаратты қайта қалыпқа келтіру үшін іске өздері кіріскен.

Жатақхананың іргетасы 1988 жылы қаланған. Әбден ескірген жатақхананың төменгі қабатына, мұндағы коммуналдық құбырларға күрделі жөндеу қажет болды. Ғимараттың қасбеті де мүжіліп, подъезд терезелері сынып жатты. Қол қусырып қарап отыруды жөн көрмей, мұндағы тұрғындар терможаңғырту бағдарламасы арқылы әрекет етуге кірісті. Осылайша, «Банкцентркредит» банкінен жеті жылға 14 миллион теңге несие алдық. Ауқымды қаражатқа жатақхананың төбесі мен қасбетін, төменгі қабаттағы терезелерді пластикалық үлгіде жаңарттық. Бұдан бөлек, подъезд терезелерін қайта қалпына келтіріп, домофон есік қондырдық. «Табыс-Ақтөбе» мекемесі арқылы алған несиеміздің ай сайынғы қайтарымы да көп емес, — дейді «Шатлық» кондоминиумының төрайымы  Буляк Зайнагутдинова.

Сол күні жатақхана ауласын тазалауға 15 адам шықты. Тұрғындар сенбілікке кезекпен шығатын болып келіскен. Олар ауланы көріктендіру мақсатында дөңгелек жөндеу орталығынан алған жарақсыз дөңгелектерден қоршаулар жасап, түрлі-түсті етіп сырлады. Бұл іске балалар мәз болды.

P.S. Сол күні «Жас Отан» жастар қанаты  «Жастар – Отанға!» жобасы аясында еліміздің барлық аймақтарында «Таза мекен» экологиялық акциясын өткізді. Бұл акция жастарды қоршаған ортаны қорғауға шақыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталды. «Таза мекен» экологиялық акциясы аясында Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында қалалық мәслихат депутаттары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, жоғары оқу орындарының студенттері, барлығы 50 адам сенбілікке шықты. Бұлардың арасында «Жас қанат – 2013» республикалық байқауының Гран-при иегері Димаш Құдайберген мен былтыр жасөспірімдер арасында өткен дойбы ойындарының әлем чемпионы Мират Жекеев те болды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Ақтөбенің бас жоспары осындай

Ақтөбе қаласының тұрғындары жыл сайын артып келеді. 2040 жылы Ақтөбе миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналады. Алып шаһардағы бірнеше шағын аудан заман талабына сай қайта жасанады. Олардың арасында «Нұр Ақтөбе», «Батыс-2», «Москва сити», «Құрмыш» аудандары бар.

Қала аумағының кеңеюіне халықаралық маңызға ие мега-жоба — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізі де сеп болады. Сөйтіп, алдағы 30 жылда урбанистік орталықтың жер көлемі 29 мың гектардан 72 965 гектарға дейін артады. 

Бұл туралы дүйсенбі күні қалалық әкімдікте қала әкімі Ерхан Омаровтың төрағалығымен өткен Ақтөбе қаласының бас жоспарын түзету туралы қоғамдық тыңдауда айтылды.

 

Ақтөбе миллион тұрғыны бар шаһарға айналады

2011 жылдың маусымында түзету енгізу мақсатында қолға алынған Ақтөбе қаласының бас жоспары жақында мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұған дейінгі бас жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 мамырдағы №350 қаулысымен бекітілген болатын. Дегенмен,  тұрғындар санының өсуі бас жоспардағы болжамнан тым көп. Сонымен қатар, Ақтөбе ірі агломерация орталығы болады. Ақтөбе агломерациясы индустриалды-инновациялық және көлік-логистикалық және Қазақстанның батыс облыстары үшін халықаралық деңгейдегі медициналық орталық ретінде қалыптасады. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндет. Осы себептерге байланысты құжатқа өзгерістер енгізу қажет болды.

Бас жоспарға түзетулер енгізу бойынша жобалау жұмысының бас мердігері — «Актюбгражданпроект» өндірістік коперативі. Астаналық «Градкомплекс» жобалау институтының директоры Нұрбек Аужанов бастаған сәулетшілер де бас жоспарға зор үлес қосты.

Қаланың бас жоспары  2011 жылдың маусым айынан былтырға дейін түзетілді. Құрылыстың бірінші кезеңі — 2017 жыл. Бұл уақытта облыс орталығында 450 мың тұрғын болады. Келесі есептік кезең — 2030 жыл. Ол кезде қала халқы 625 мыңға жетеді. Қала құрылысын дамытудың ұзақ мерзімдік тұжырымдамасы 2040 жылға дейін жоспарланып отыр. Бұл жылы біздің шаһар миллион тұрғыны бар ірі қалаға айналады, — деді жиында алдымен сөз алған облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.

Ол өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қаланың басты қала құрылысы құжатын жобалау барысында бірінші кезекте Ақтөбе агломерациясының даму перспективалары ескерілгенін атап өтті.

Қаланы агломерациялық орталық ретінде дамыту үшін шаһардың жаңа бас
жоспарының барлық жобалау жұмыстары аяқталды. Ендігі шаруа — бас құжатты сараптамадан өткізу. Одан соң тиісті министрліктерде тексеріледі. Содан кейін Үкіметте қаралады, —
деді Нұрлан Ақабайұлы.

 

Саяжайлар аумағы:

бүгін мен ертең

Жиын барысында Нұрлан Боранбаев қала құрылысы саласындағы проблемалар мен жобалаушылардың жоспарлары туралы айтты.

Алдымен көлік инфрақұрылымына көбірек көңіл бөлу қажет. Саяжайларды қайта жарақтау да — уақыт талабы. Сондай-ақ, экологиялық жағдайға баса назар аудару қажет. Әсіресе, бұл Ақтөбе қаласының солтүстік өндірістік аумағына қатысты болып отыр. Бұл аумақта Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты сияқты бірнеше ірі өндіріс орындары  орналасқан. Басты проблема — ВОХР, Махамбетовка тұрғын үй массивтері мен кейбір саяжайлардың санитарлық қорғау белдігі аумағында орналасқандығы.  Санитарлық талапқа сәйкес, санитарлық-қорғау аумағында адамдар мүлде тұруға болмайды. Себебі адамның денсаулығына, өміріне қауіпті.

Мұндағы саяжайларда өсірілген ауылшаруашылық өнімдері де зиянды. Өйткені топырағы мен суы қатты ластанған. Сонымен қатар, аталған аумақтың су басып кету қаупі басым. Сол себепті бұл аумақтардың жерін пайдалануды шектеп, кейін учаскелерді кезең-кезеңмен қайтарып алуды және бұл жерлерді орманды алқапқа айналдыруды ұсынамыз, — дейді Нұрлан Ақабайұлы. Оның айтуынша, экологиясы таза, ең қолайлы саяжайлар Сазды су қоймасы мен Қарғалы өзені сағасына жақын аумақтағы бау-бақша ұжымдары екен. Бас жоспарда бұл саяжайларды сақтап қалу қарастырылыпты.

Қалаға жақын Сазды, Елек өзендерінің сағасында орналасқан саяжайлар орманды саябақ аумағы белдігінде орналасқан.  Бұл аумақта қазір жасыл көшеттер азайып бара жатыр. Болашақта бұл аумақтарды да орманды алқап ретінде пайдалану жоспарда бар. Қазір бұл саяжайларды маусымды жұмыс үшін пайдаланып, кейін учаскелерді кезең-кезеңімен қайтарып алу ұсынылып отыр, — деді мекеме басшысы.

Ақтөбедегі бау-бақша учаскелерінің  жалпы көлемі — 2592 гектар. 32 026 саяжайда  40 мың адам тұрады.

Қала маңындағы бау-бақша ұжымдары бей-берекет салынған. Жер учаскелері мақсатсыз пайдаланылып жатыр. Бұл аумақтарда әлеуметтік инфрақұрылым тартылмаған.  Саяжайлардың тұрғындарының саны туралы нақты мәлімет  жоқ. Бау-бақша ұжымының құрылысын реттейтін нормативтік және құқықтық база да жоқ. Мұның бәрі сайып келгенде болашақта үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Сол себепті бірқатар шараларды қолға алған дұрыс. Мәселен, бау-бақша ұжымында құрылыс салу ережесін әзірлеп,  бекіту керек. Саяжайлардағы құрылыстар мен жер телімдерін түгендеген жөн, — деді Н.Боранбаев. 

Бас жоспарды жобалаушылар бау-бақша құрылысын дамыту үшін Орск және Хромтау трассалары бағытындағы аумақтардан жер телімдерін беруді қарастыруды ұсынып отыр.

 

Көлік инфрақұрылымы:

ұшақтардың ұшу-қону бағыты өзгереді 

Қоғамдық тыңдауда баяндамашылар көтерген мәселелердің бірі — көлік инфрақұрылымы. Темір жол вокзалының орналасқан жері көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіріп отыр. Әуежайдың да проблемасы жетерлік.

Қаладағы әуежайдың қазіргі орналасуы болашақтағы миллион тұрғыны бар қаланың дамуына кедергі келтіретіні анық. Әуежайдың шулы жолағы қазір қаланың іргесінде, тіпті ортасында жатыр деуге де болады. Осы мәселеге байланысты «Градкомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сәулетшілері қаланың дамуы үшін әуежайдың ұшу-қону жолағын 68 градусқа бұруды ұсынып отыр. Соған сәйкес болашақта ұшақтардың ұшу-қонуы Сазды селолық округі және Хромтау трассасы бағыттарына (желдің бағытына байланысты) өзгереді, — деді «Актюбгражданпроект» өндірістік кооперативінің басшысы Әубәкір Әжіғалиев.

Миллион тұрғын мекендейтін шаһарға келешекте  қазіргі темір жол вокзалы да тарлық етеді.

Сол себепті, болашақта қазіргі темір жол вокзалы аумағында жаңа вокзал еңсе көтереді, — деді Әубәкір Әжіғалиев.

 

Қала көлемі 72 965 гектарға дейін өседі

Басқосуда «Градкомплекс» ЖШС директоры Нұрбек Аужанов сөз алып, әзірленген бас жоспардың негізгі тараулары туралы айтты.

Ақтөбе — Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуы қарқынды қалалардың бірі. Мемлекет басшысы Ақтөбенің миллион тұрғыны бар қалаға айналатынына сенім білдірді. Елбасы биылғы Жолдауында: «Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту — маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар — Астана мен Алматы, одан соң Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді», — деді. Ақтөбенің бас жоспарына түзету енгізудегі басты мақсат та осы —  Президент тапсырмасын орындау.

Бас жоспарда көппәтерлі тұрғын үйлері бар көпқабатты тұрғын үйлер салуға басымдық беріліп отыр. Соған байланысты қаланың жалпы көлемі 29 739 гектардан 72 965 гектарға дейін (2003 жылғы бас жоспар бойынша қала көлемі — 42 847 гектар) өседі, — деді Нұрбек Аужанов.

Болашақта қазіргі Мәскеу шағын ауданы мүлде жаңаша түрге енеді. Аталған ауданның 1/3 бөлігінде көпқабатты тұрғын үйлер еңсе тіктейді. Олардың арасында 20-25 қабатты зәулім үйлер де болады. Сонымен қатар, бұл ауданда әкімшілік мекеме, театр бой көтереді. 7 мектеп, 6 балабақша салу жоспарда бар.

Ақтөбе қаласында екі бөлік бар: көне қала және жаңа қала. Осы екі бөлік қазіргі Мәскеу шағын ауданы аумағынан пайда болатын «Москва ситимен» жалғанады. Ақтөбе темір жол вокзалы арғы бетінде Мәскеу ауданын, бергі бетінде көне қаланы байланыстыратын порталға айналады.

Сонымен қатар, жоспар бекітіліп, инвесторлар табылса, Құрмыш ауданы да жасанады. Мұнда 5, 9 қабатты тұрғын үйлер  салу жоспарланып отыр.

Болашақта «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында қоныстанушылардың саны 300 мыңға жететін болады.

2040 жылға қарай Ақтөбе миллион тұрғыны бар шаһарға айналады. Тұрғын үйлердің қала сәулетіне сай орналасуына қазірден бастап көңіл бөліп, қам-қарекет жасауымыз қажет. Әйтпесе, жеке тұрғын үйлер мен екі қабатты үйлерді сала берсек, қала аумағы қазіргіден 3 есеге артады. Сөйтіп, қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіреді. Шығын да аз емес: инженерлік коммуникация желілерін тарту керек. Әлеуметтік нысандарды көбірек салуға тура келеді. Сондықтан бас жоспар бойынша қала ішіне жеке тұрғын үй салуға қатаң шектеу қойылып отыр. Жер үйлер қала маңындағы ауылдарда еңсе көтереді,— деді «Актюбгражданпроект» өндірістік кооперативінің басшысы Әубәкір Әжіғалиев.

Жиын соңында Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қаланың бас жоспарына түзету енгізудің маңыздылығын айта келе, тиісті мекемелерге бірқатар тапсырмалар берді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Тұрғын үй және терможаңарту

Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықты жаңарту» бағдарла­ма­сын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 470 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаржыға облыс орталығындағы 15 үй жөнделеді деп жоспарланып отыр.

Біз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бисембиннен мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысы туралы білген едік.

 

15 үй жаңарады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық

ша­руашылықты жаңарту» бағдарла­ма­сының аясында тұрғын үй қорын сақтап қалуда көп шаруа тындырылып жатыр. Биылдың өзінде 15 көпқабатты үй жаңарады,— дейді Жұлдызбек Темірбекұлы.

Үйге қандай жөндеу жұмыстарын жасау қажет? Мұны тұрғындардың өздері шешеді. 15 үйдің 11-інің инженерлік желілері толықтай ауыстырылады екен. Яғни салқын су, ыстық су, жылу, кәріз құбырлары алмастырылады. Электр қуаты да қайта жарақталады.

Тұрғындар арасынан белсенді топ құрылып, олар жобалау институтының өкілдеріне үйдің қай бөліктеріне жөндеу жасалатынын айтады. Бұған қоса әр үйде қанша адам тұратыны туралы мәлімет аламыз. Әр пәтердің шаршы метрін нақтылаймыз. Бұдан соң жобалалық-сметалық құжат дайындалады. Құжат дайын болғаннан кейін тұрғындармен кездесу өткізіп, жұмыстың жалпы құны қанша тұратынын айтамыз. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға байланысты жалпы жиналыста тұрғындардың 2/3 бөлігі келісімін беріп, құжатқа қол қойса, ол хаттама заңды болып есептеледі.

Қазір жөндеу жүргізілетін үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді, — дейді тұрғын үй  инспекциясының басшысы.

 

Жоба жемісі:

жылу энергиясы үнемделеді. төлемақы азаяды

Бағдарлама аясында жасалатын үлкен шаруаның бірі — жылу энергиясын үнемдеу мақсатындағы жоба. Бұл туралы Жұлдызбек Темірбекұлы былай дейді:

— Әлгінде 11 үйдің инженерлік желілері ауыстырылатынын айттым. Соның арқасында тозығы жеткен, әбден ескірген жылу құбырлары да жаңарады. Яғни жөндеу жұмыстарынан кейін жылу босқа ысырап болмайды. Бұл — бір. Екіншіден, осы 11 үйдің 8-іне автоматтандырылған жылыту бекеті орнатылады. Оның басты ерекшелігі, жылу беруді ретке келтіреді. Автоматтандырылған жылыту бекетінің бір қондырғысы үйдің сыртына орналастырылады. Бұл қондырғы даладағы ауа райын  «хабарлайды». Ал жылыту бекеті сол «мәлімет» бойынша үйге қажет жылуды береді.

Автоматтандырылған жылыту бекетінің арқасында жылу энергиясы біраз үнемделеді. Тиісінше, жылу үшін аз ақша төленеді.

Мұндай қондырғыларды орнату 2011 жылдан бастап қолға алыныпты. Сол жылы 6 үйге орнатылса, 2012 жылы 7 үйге жылу реттейтін бекет қондырылған.

 

Төлем:

өсімақы болмайды. инфляцияға да тәуелді емес

15 үйдің 4-еуінің жекелеген бөліктеріне ғана жөндеу жүргізіледі екен. Яғни үйлердің шатырлары бүтінделіп, жертөлелері  жаңартылады. Подъездердің есік, терезелері салынады. Кейбір үйлердің инженерлік жүйелері ішінара ауыстырылады.

—  Жөндеу жүргізілетін үйлердің біразы 60-шы жылдары салынған. Бұл үйлерді жөндеу үшін көп қаржы керек. Қыруар қаржыны тұрғындардың өздері жинап, жөндеу жүргізуі — оңай шаруа емес. Сол себепті тұрғын үй қорын сақтау мақсатында қолға алынған бағдарламаның тұрғындарға пайдасы көп.

Айта кету керек, терможаңарту жұмыстары үшін төленетін ақшаны мемлекетке  қайтарғанда өсімақы мүлде болмайды. Кепілдің қажеті жоқ. Төлем инфляцияға тәуелді емес. Ақшаны Үкіметке 10-20 жылда қайтару керек. Әр пәтердің иесінің ай сайынғы төлемі пәтердің шаршы метріне байланысты әртүрлі болады. Орташа баға: 2-5 мың теңге. Өйткені қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, ай сайынғы төлем 3 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс, — дейді Жұлдызбек Темірбекұлы. Оның айтуынша, тұрғындар жөндеу жұмыстары үшін төлейтін қаржыны мерзімінен бұрын төлеуге ерікті.

Жұмыстың сапасы туралы Жұлдызбек Бисембин былай дейді:

—  Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарына 3 жылға кепілдік береді. Сол аралықта мердігер мекеменің кінәсінен қандай да бір жұмыстың сапасы талапқа сай болмаса, оны қалпына келтіруді аталған мекеме өз міндетіне алады. Егер сылақ жасалып, кейін ол қабыршақталып түсіп қалса, онда бұл мердігер мекеменің кінәсі.

 

87 үй кезекте тұр

Ақтөбе қаласы мен қалаға қарасты 5 селолық округте 1602 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 30 пайызы жөндеу жүргізуді қажет етеді.

Бағдарлама қолға алынған бастапқы жылы тұрғындардың басым бөлігі терможаңарту жұмыстары туралы әңгімені түсінбейтін. Тіпті қорқынышты күйде болғандары  да рас. Қазір халық терможаңарту жұмыстарын түсінгені соншалық,  87 үй кезекте тұр, — дейді тұрғын үй  инспекциясының басшысы.

Былтыр Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту бағдарламасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Біраз үйдің  жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.

Дегенмен, өткен жылы  Өңірлік даму министрлігінің қаулысына байланысты терможаңарту жұмыстары үшін қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан былтыр  жобалық-сметалық құжаттары әзірленген үйлер биыл жөнделеді. Бірақ бұл үйлердің жобалық-сметалық құжаттары 2014 жылғы бағамен қайта есептелді. Жобалау құны 2-7 миллион теңгеге өсті. Сол себепті тұрғындармен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, жобалық-сметалық құжаттарды биылғы  жылдың бағасымен бекіту үшін пәтер иелерінің келісімін алдық.

Айта кету керек, құжат мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жөндеу  жұмыстарын бастамастан бұрын жөндеу жұмыстары үшін төленетін қаржыға байланысты пәтер иелерімен  келісімшарт жасаймыз. Себебі жұмыс толық аяқталған соң тұрғындардың көпшілігі ақша төлегісі келмей, түрлі сылтаулар айта бастайды. Тіпті пәтерлерінің есіктерін ашпайтындар бар. Келісімшарттың бір бөлігінде «Келісімшарт мемлекеттік комиссия жұмысты қабылдағаннан кейін күшіне енеді» деп көрсетілген. Яғни жөндеу жұмыстары үшін төленетін ақша жұмыс толық аяқталғаннан кейін төленеді. Егер тұрғындар біздің талаппен келіспесе, онда жөндеу жұмыстары кезекте тұрған басқа үйлерге  жасалады,  — дейді Жұлдызбек Бисембин.

Терможаңарту жұмыстары мамыр, маусым айларында басталып, жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Мектептегі мейірім

Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектепте қайырымдылық акциясы өтті.

Мектептегі көп балалы, аз қамтылған,  толық емес отбасынан шыққан оқушыларға,  жетім балаларға акция аясында әлеуметтік көмек көрсетілді. Мектеп директоры Тазагүл Әбдиева мұндай шараның білім ордасында жыл сайын ұйымдастырылатынын айта келе, акцияға ұдайы қатысып, белсенділік танытып жүрген  мұғалімдерге, ата-аналарға ризашылығын білдірді.

Биыл наурыз айында жалпыға бірдей білім қорынан 210 мың теңге қаражат бөлініп, сол қаржыға әлеуметтік топтағы 50 оқушыға мектеп формасы, спорттық киімдер мен оқу құралдары, аяқ киімдер алынған болатын. Қайырымдылық істе ата-аналар да қарап қалған жоқ. Бұл орайда, демеушілік танытқан Роза Ильяшова ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жоғары сынып оқушыларының біріне 10 мың теңгеге қысқы аяқ киім алып берсе, 9 «ә» сыныбының ата-аналар комитеті атынан Ботакөз Сарбаева 10 оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз еткен болатын. Мұндай қайырымдылықтың айқын көрінісін  9 «а» сынып оқушысы Қ.Талмұрзаевтың отбасындағы төтенше жағдайдың орын алуына байланысты мектеп мұғалімдерінің бір ауыздан қаржы жинап,  50 мың теңге көлемінде қолдау танытқан шарапатты ісінен де аңғаруға болады.

Тазагүл Отарбайқызының айтуынша, қайырымдылық істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 Мейрамгүл ТӘЖІҒҰЛОВА,

№37 орта мектептің әлеуметтік педагогі.

Берекелі бес ауыл

Қурайлы ауылындағы облыстық туберкулез санаториясы мектеп-интернатында өнер сайысы болып өтті.

Мектеп ұжымы Қобыланды батыр, Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Жиренше шешен  атындағы бес ауылға бөлініп, алдымен ауылдарын ұлттық нақышта  безендіру, ұлттық киім, дастарқан мәзірі бойынша жарысқа түсті. Одан соң өз ауылдарының атына орайластырылған «Ұлылардан ұлағат» атты шағын қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Келесі «Сегіз қырлы, бір сырлы» сайысында ән мен күй, биден жарысты. Ұлттық ойын түрлері бойынша бақ сынасты. Қай ауыл да бір-бірінен кем түскен жоқ, дегенмен, қазылар алқасы сайыстың қай шартын да мүлтіксіз орындаған Жиренше шешен ауылын І орынға лайық деп тапты. Оқушылар  үшін ұстаздарының бұл өнегесі жақсы әсер қалдырды. Мектеп ұжымының ауызбіршілігін, ұйымшылдығын танытқан шара жалғасын тауып, ауыл әкімшілігінің шақыруымен ұстаздар қауымы тұрғындар алдында да  өз өнерлерін көрсетіп, ел ықыласына бөленді.

 Орынша БАҚТЫБАЕВА,

мұғалім.

Ақтөбе қаласы.

Әнуар мен арайдың жеңісі

Ақтөбе қаласындағы «Геолог» мәдениет үйінде балабақша тәрбиеленушілері арасында «Ханзада мен ханшайым» байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға қаладағы 18 балабақшадан бүлдіршіндер қатысты. Музыкалық таныстырылым, сән үлгісі, өнер сайыстарынан өзара сынға түскен балалар байқауға барынша тыңғылықты дайындықпен келіпті.

Ақтөбе қаласындағы «Аманат-Балақай» балабақшасының қатысушылары бұл сайыста екінші орынға табан тіреді. Балабақшаның «Бұлақ» даярлық тобының тәрбиеленушілері Арай Әзілхан мен Әнуар Мұхамбетовтің өнеріне көпшілік тәнті болды. Жарасымды киінген жұптардың кең сахнада ән айтып, би билеуіне барынша күш салған балабақшадағы музыка жетекшісі Жеңіскүл Жиеналиева мен Анаргүл Әлжанова, сондай-ақ, хореограф Гүлшара Есмахановалардың еңбегі ерекше. Қазылар алқасы бүлдіршіндердің киім үлгісін жоғары бағалады. Балабақша тігіншісі Маржан Сантееваның бұл еңбегі байқауда өзгелердікінен өзгеше сән үлгісімен ерекшеленді. Байқауды ұйымдастырушылар осындай өнерлі өрендерді тәрбиелеп, оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған «Аманат-Балақай» балабақшасының басшылығы мен ондағы тәрбиешілерге зор алғыстарын білдірді.

Динара МҰХАМБЕТОВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button