Экономика

Молшылыққа негіз қалайтын сәт

Қылтиып көктем шыққасын-ақ, шаруа баққан ел тыныш жата алмаса керек. Себебі ертеңгі молшылыққа негіз осы кезде қаланады. «Көктемнің әр күні — жылға азық» деп халық бекер айтпаған. Мұндайда әр күн қымбат. Ылғал жабуға білек сыбанып кірісетін шақ таялғанда диқаншы қауым қандай әрекет үстінде? Жалпы облыс биылғы көктемгі далалық жұмыстарға қандай дайындықпен кіріскелі отыр? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағазиевпен әңгімеміз осы сауалдардың төңірегінде өрбіген еді.

— Ағымдағы жылға бас егіншінің көзімен қарағанда көңіліңіз тола ма?

— Топырақтың жоғарғы қабатындағы нақты күзгі ылғал қоры мен қыста түскен қарды, жазғытұрғы жауын-шашынды ескерсек, әрине, көңіл толады. Егістік алқаптарға көп жылдардан бері болмаған қар түсті. Ылғалдың мөлшерінің жоғарылығын статистикалық дерек көздерінен де байқауға болады. Жерде көп тоң болған жоқ, негізінен қыс жылы болды. Күз жауынды болып,  бірден қар жақсы түсті. Оның қалыңдығы кейбір жерлерде бір метрге дейін жетті. Сондықтан біз биылғы жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін бітік егінді, молшылықты жыл болатын шығар деп ойлап отырмыз. Қазір осы ойға тас-түйін бекінген шаруалар қажетті техникасын, тұқымын сайлап, дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы, техниканың дайындығы бүгінгі күнге облыста 94-95 пайыз құрап отыр. Әрине, бұл көрсеткіш әр ауданда әртүрлі. Техникасы толық әзір болмай жатқан шаруашылықтар да табылып қалуы әбден мүмкін. Алайда, оларды сақадай сай етуге әлі де уақыт бар. Қалған күндерде уақытты ұтып жұмыс істеу керек. Егер қолда бар техниканы толық әзірлеп үлгерсек, далалық жұмыстарды жүргізуге келгенде көп қиыншылық көрмейтін болармыз деп ойлаймын.

— Жанар-жағармай мәселесі қалай шешілуде?

— Көктемгі егіс науқанын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жағдайына келетін болсақ, қанағаттанарлық екенін айта аламыз. Көктемгі егіс науқанына қажетті арзандатылған дизель отыны  келіп жетті. Жанар-жағармай бекітілген бағамен берілуде. Ол диқандар үшін тасымалдау және оператордың шығындарын қоса алғанда литріне шамамен 95 теңгені құрайды. Бұл орташа нарықтық бағадан 11-12 пайызға төмен.

Қазіргі таңда республикадан облысқа 8 мың тоннаның үстінде жанар-жағармай бөлініп отыр. Қазіргі күні 2 мың тонна жанар-жағармай өңірге келіп тұр. Шаруашылықтар бастап алып жатыр. Осы келгені келген, шаруашылықтар сәуір, мамыр, маусым, осы үш айда алатын болады.

— Көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға қажетті техника мен жанар-жағармай уақытында дайындалғанмен, бірқатар шаруа қожалықтарын тұқымның жағдайы қинайтын сияқты. Бұл мәселе жақында өткен Үкімет отырысында да қозғалды.  Ақылбек Мамытбеков бұл проблеманың таяу арада шешілетіндігін айтты. Дегенмен, біздің облыста тұқым тапшылығы  қаншалықты өзекті?

— Облыс үшін 51 мың тонна тұқым керек болса, осының 42 мың тоннадайы қолымызда бар. Қалған жетпес тұқымның орнын толтыруға бағытталған  жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Таяу арада көршілес Қостанай облысынан 4 мың тонна арпа дақылын алмақпыз. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Бұған қосымша тағы да мың тоннадай бидай тұқымын сатып аламыз. Алдында күзде алған бидайымыз бар 3 мың тоннаның үстінде. Қалғанын шаруашылықтардың өздері тауып қамтамасыз етеді. Әрине, бұл тұқымдарды  біз шаруашлықтарға кепілдіктерімен береміз.  Тұқымды Ресейден, еліміздің басқа да облыстарынан өз беттерімен іздестіріп алып жатқан шаруашылықтар бар. Олар сапалы тұқым еккісі келеді. Мұнымен бірге, облыс ішінде бір-бірінен тұқым сатып алуды жалғастырады. Әйтеке би ауданында өткен жылы артықтау тұқым құйып алған шаруашылықтар бар. Қарғалы ауданында да осындай мүмкіндіктерді көріп отырмыз биыл…

— Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша біздің облыста да нық бағыт ұсталуда. Басым дақылдардың алқабын кеңейту есебінен бидай алқабы кемітілуде. Оның есесіне мал азығындық дақылдар, майлы дақыл көлемі ұлғаюда. Биыл екпе шөп алқабы өсетінін білеміз. Ал оның тұқымы жеткілікті ме?

— Мал азығындық бағыттағы екпе шөп алқабын көтеруде біз облыста екі тұқым шаруашылығын белгілеп отырмыз. Іс жүзінде олар мал азығын дайындаумен дендеп  айналысатын шаруашылықтар. Ол — Қарғалы ауданындағы «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сосын Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» шаруашылығы. Бұлар мал азығын дайындаудағы облыстағы тұқым шаруашылығы деп белгіленді. Бұларға біз биыл элиталық тұқым егуге кеңес беріп отырмыз. Осы арқылы олар элиталық тұқым алады. Сөйтіп, келесі жылы жалпы тауар өндірушілерге өздерінің шығарған элиталық тұқымын тарататын болады.

Қазір аламыз деп өтініш білдіргендерге  біз Саратов облысынан тасымалданған судан шөбінің, сорго, басқа да мал азығындық шөптердің  тұқымдарын бере аламыз. Қазір бұл дақылдардың тұқымдары зертханаларға тапсырылды. Бұл жерде біз негізінен мал бордақылау алаңдарына, бірен-саран ірі шаруашылықтарға бірлі-жарым көмек беруді қарастырып отырмыз. Тіпті жемдік бағыттағы қара бидай, арпа дақылдары да мал азығына жатады. Оның көлемін биыл  көбейткелі отырмыз. Сол себептен де 4 мың тоннадай арпа тұқымын сатып алып жатырмыз.

— Қазір егіншілікті аудандар астық егілетін алқаптарын қысқартып, босаған жерлерге себілетін дәнді дақылдар түрін пысықтауда, яғни егістік алқаптарын әртараптандыру ісіне бет бұруда. Бұл мәселеде облыс қандай мақсат ұстап отыр?

— Былтырғы жобада қалдырып тұрмыз. Егістіктің жалпы болжамды көлемі биыл 667,6 мың гектар құрайды. Оның ішінде дәнді дақыл — 505,8 мың гектар, азықтық дақыл — 107,5 мың гектар, майлы дақыл — 45 мың гектар шамасында. Бұған қоса, осы жылы 5,3 мың гектар картоп, 3,9 мың гектар көкөніс, бау-бақша егіледі.

— Көктемгі егіс науқаны алдындағы басты қиындық қандай?

— Басты қиындық сол — шаруашылықтардың бережағы өте көп. Азық-түлік корпорациясына алған несиелері үшін 380 миллион теңгеге бережақ. Соны қайтармайынша, үкіметтің 3 пайыз жеңілдікпен беретін несиесін биыл көп шаруашылықтар ала алмайды. Қарызы бар шаруашылықтардың есепшоттары былтырғы жылдан жабық тұр.

— Сонда шаруа қожалықтары несиені қайдан алады?

— Қарыздарын өтеп, өздерінің кепілдікке салған мүлктерін босату керек. Сол кезде алады. Мұнымен бірге, бізде шағын несие беретін мекемелердің бар екенін көпшілік білсе керек. Солар арқылы несие алуларына болады.   Республикалық деңгейде ауыл шаруашылығын қолдау қоры бар. Осы мекемеден «Егінжай» бағдарламасы бойынша ауыл диқандары қаражат алуларына болады. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша да несие алуға мүмкіндік бар. Мұның алдыңғысы — 6 миллион теңге, соңғысы — 2 миллион теңгеге дейін шағын шаруа қожалықтарына несие бере алады. Сондай-ақ, аудандарда шағын несиелік серіктестіктер жұмыс жасайтынын да еске сала кеткен артық болмас. Сондықтан жұмыс жасаймын деген шаруаға қай  жерде де іс бастауға мүмкіндік мол.

— Көктемгі егіс жұмыстарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау, оның ішінде субсидия мәселесі қалай шешілуде?

— Субсидиялаудың түрлі бағдарламалары бойынша өсімдік шаруашылығын дамытуды қолдауға байланысты 1 184,3 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл 2013 жылғы қарастырылған қаржыдан 570,4 миллион теңгеге көп немесе 52 пайызға артық. Жалпы, жылдағыға қарағанда мал азығындық дақыл түріне субсидия көлемі ұлғайып отыр.

— Биыл егін қалайда бітік шығады деуге толық негіз бар ғой. Бұған сіз қалай қарайсыз?

— Алдын ала айту қиын. Бірақ биылғы жылдан үмітіміз өте зор. Жылдың  ерекше екені рас. Жерде ылғал 1 метрге дейін бар. «Ылғал 1 метр болса, гектарына 10 центнер астық бар» деп отыратын баяғы агроном шалдар. Әрине, мәселені тек ылғал шешпейді. Ол үшін біздің өзіміз де дайын болуымыз керек.  Жетпейтін тұқымды мейлінше қарап, тексеріп алуымыз керек. Егетін тұқымның талапқа сай болуы — бір, екіншіден, агротехнология қатаң сақталуға тиіс, тез ылғал жабуға кіріскен жөн. Қазірдің өзінде жер кеуіп жатыр, қаланың шаңы шыға бастады. Биылғы жылы ерте еккен диқан ұтатын шығар деген болжам айтамыз. Себебі қаңтар айында қатты аяздар болды, ол ертең шілдеге келсе, ыстық соғуы мүмкін. Содан егілген егін жақсы өтіп кетуі керек. Ол үшін техниканы қазірден дайындау қажет. Жер әзірлену қажет. Уақытында ылғал жабылуы керек. Осының бәрін үйлестіріп жұмыс жүргізетін маман кадрлар болу керек.

Егінші қауым биылғы жылдың егін егуге оңтайлы болып отырғанын көріп отыр. Сондықтан осы аталған көктемгі далалық жұмыстарды ыждағатты жүргізуге олардың өздері де тырысатыны даусыз. Бір кездері облыс диқандары көктемгі егіс науқанын 9 мамырға аяқтап, сабан тойларын өткізіп жүрді. Мен, міне, осы дәстүрді жалғастыру керек деп есептеймін. Сонда мол өнімге кепілдік болады.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button