Басты жаңалықтар

«Балапан» бағдарламасы: жұмыс пен жоспар

«ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз — белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?

Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда».

 

(Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауы жолдарынан).

 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл біздің облыста 24 балабақша ашылады.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс үшін 5 млрд. 466 млн. теңге бөлініп отыр.

Біз облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен Елбасы жүктеген міндеттің орындалуы туралы әңгімелескен едік.

 

 

«Балапанның» жемісі:

9 ауданның  көрсеткіші — 100 пайыз! 

 

«Балапан» бағдарламасы аясында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың барлығы бірдей мектепке дейінгі біліммен қамтылуы тиіс. Біздің облыста бұл мақсаттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Соның айқын дәлелі — 9 бірдей ауданда — Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Темір, Ойыл, Шалқарда 3-6 жастағы балдырғандардың бәрі де  балабақшалар мен шағын орталықтарға барып жүр.

Қалған 3 аудан —  Алға, Мұғалжар, Хромтау әзірге бұл межеге жете қойған жоқ. Дегенмен, олардың да көрсеткіші 95 пайыздан асып отыр.

Ақтөбе қаласында бірнеше мектепке дейінгі ұйымдар пайдалануға берілгенмен,  облыс орталығына қоныс аудаушылардың күрт көбеюіне байланысты Ақтөбеде балалардың балабақшамен қамтылуы  әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Мұндағы 3-6 жастағы балдырғандардың балабақшамен қамтылуы — 72,4 пайыз, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Біздің облыс балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша республикада алғашқы бестікті түйіндейді: Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар, Ақтөбе.

Сәуірдің 1-і күнгі мәлімет бойынша, облыстағы 41 534 бала балабақшалар мен шағын орталықтарда тәрбиеленіп жатыр. 520 мектепке дейінгі ұйымның — 249-ы балабақша. Қалған 271-і — шағын орталық. 1 жастан 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы —  63,3  пайыз. Ал 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы — 85 пайыз. 

— Айта кету керек, 2013 жылы 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен қамту және мектепке дейінгі ұйымдардың желісін көбейту көрсеткіштері бойынша облыстың аймақтық дамыту бағдарламасы мен стратегиялық жоспардың индикаторлары артығымен орындалды. Мысалы, Ақтөбе қаласында — 7, Әйтеке би ауданында — 4, Байғанин мен Шалқарда бір-бірден жоспардан тыс балабақша пайдалануға берілді, — дейді бөлім басшысы.

 

Құрылыс: 24 балабақша мен 3020 орын

 

Биыл облыста 3020 орынға арналған 24 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланып отыр. Қазір Ақтөбе қаласында және Мұғалжар ауданының орталығы — Қандыағашта әрқайсысы 320 орындық балабақша салынып жатыр. Бұл мақсатта  қаржы республикалық бюджеттен бөлініпті. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында 3 жеке балабақшаның  құрылысы басталды.  Бұл 3 балабақшаның жалпы сыйымдылығы — 840 орын.

1991 жылы біздің облыста 438 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істеді. Бұл білім шаңырақтары балалардың  52,4 пайызын қамтыды. 1997 жылы осы балабақшалардың  97-сі ғана қалды. Арада екі жыл өткен соң, 1999 жылы облыста небары 68 балабақша болды (балалардың қамтылуы — 9,3 пайыз). 2006 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны күрт өсті. Сол жылы 98 балабақша жұмыс істеді. 2007 жылы 190 (!) балабақша мен шағын орталық ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Үш жылдан кейін, 2010 жылы мектепке дейінгі мекемелердің саны 474-ке жетті. Дәл қазір облыста 520 балабақша мен шағын орталық бар. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.

2020 жылға қарай  біздің өңірде 150 мектепке дейінгі мекеме (18 843 орын) ашылады. Сонда Мемлекет басшысы жүктеген міндет орындалады. Яғни 3-6 жастағы балапандардың барлығы бірдей толықтай балабақшамен қамтылатын болады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

 

Кезек пен себеп

 

Қазір облыстағы 29 272 балапан балабақша кезегінде тұр. Оның 24 940-ы — Ақтөбе қаласындағы балалар.

Бұдан үш жыл бұрын, яғни 2011 жылы 21 827 бала кезекте тұрған болатын. Былтыр кезек күтуші балалардың саны 28 мыңнан асты. Қуаныштысы, бұл демографиялық өсімге байланысты, балалардың дүниеге келу көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2012-2013 оқу жылында 7 жасқа дейінгі балалардың саны 113 622 болса, биылғы оқу жылындағы бала саны — 117 869.

Тағы бір себеп, бірқатар  аудандар жоспарды орындай алмады, ашылуы тиіс балабақшалар ашылған жоқ. Соның салдарынан кейбір аудандарда балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші төмендеді. Мысалы, Қарғалыда — 15,6 пайызға, Әйтеке би ауданында — 8,1 пайызға, Алғада — 7,3 пайызға кеміді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Кәсіпкерлерді қолдау

 

«Балапан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың бір парасы — жекеменшік балабақшалардың санын арттыру. Соған байланысты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі енгізілді.

Биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс үшін 5 млрд. 466 млн. теңге бөлініп отыр. Оның 1 миллиард 315 миллионы — республикалық бюджет есебінен бөлінсе, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы.

2012 жылы елімізде бірінші болып біздің облыста жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру басталды. Сол жылы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын және әр балаға 20 мың теңге бөлуді бекіту туралы қаулы қабылдады. Қаржыландыру көлемінің көптігі жөнінен де біздің облыс бірінші болды. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс үшін Қарағанды облысы — 12 мың теңге, Оңтүстік Қазақстан облысы — 14 мың теңге, Қостанай, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары — 16 мың теңгеден бөлді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің арқасында жеке балабақшалардың саны 3 есеге дейін артты. Қазір облыста 21 мемлекеттік емес балабақша бар.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button