Басты жаңалықтар

Ядролық қарудан азат әлем

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит барысында жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. «Алдымен, ядролық қауіпсіздіктің жалғыз ғана кепілі — толық және жалпыға ортақ ядролық қарусыздану және ядролық лаңкестікке қарсы тұру және оның түп-тамырына балта шабу қажет.

Сонымен қатар, лаңкестікке қарсы науқан мемлекеттің бейбіт ядролық бағдарламасын, технология мен құрал-жабдық, білім мен тәжірибе алмасу құқығын шектемеуі тиіс. Қазақстан АЭС үшін ядролық отынның толық циклі өндірісін дамытуды және атом стансасын салуды жоспарлауда», — деді Елбасы.

Сондай-ақ, Қазақстанның МАГАТЭ-нің рөлі мен беделінің одан ары артуын жақтай отыра, Таяу Шығысты қоса алғанда ядролық қарудан азат жаңа аймақтың құрылуына қолдау білдіретіндігі де айтылды. Әлемдегі ірі Семей ядролық полигонын жапқан, зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартқан Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі. Сондықтан саммиттерде ядролық материалдар таратпау және адамдар үшін зор қауіп-қатер тудыратын жаппай қырып-жою қаруының террористер мен экстремистердің қолына түсу мүмкіндіктерін болдырмау мәселелерін көтеруіне толық құқы бар.

Саммитте Қазақстан Президенті атом электр стансалары үшін қауіпсіз уран алуға болатын аз байытылған ядролық отын банкін қалыптастыруға қатысты Қазақстанның ұсынысы туралы да айтты:

— Саммит аясында біз Семей ядролық полигоны аумағын және оның инфрақұрылымдарын одан әрі оңалтуға байланысты Қазақстан мен АҚШ арасында арнайы мәлімдеме қабылдадық. Бұл бағыттағы екіжақты ынтымақтастық өте жақсы деңгейде екенін айта кету керек, — деді Н.Назарбаев.

 

Қазақстанның батыл пікірлер айтуына толық моральдық құқы бар!

 

Осыдан 25 жыл бұрын елімізде қазақ жеріндегі ядролық сынақтардың зардаптарын жоюды мақсат еткен «Невада-Семей» қозғалысы құрылған болатын.

Қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көз ашпай келген қазақ жеріндегі сынақтардың бір күнде тоқтатылуы шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болғаны аян. Қазақстан ядролық жарылысты тоқтату бойынша әлем елдері арасынан алғашқы болып батыл қадам жасады. «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы» Жарлыққа қол қойған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамы ерлікпен парапар еді», —  дейді Қазақстан Республикасы Парламентінің экс-депутаты, медицина саласының үздігі, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Гаагада өткен ІІІ жаһандық саммитте айтқан ұсыныстары, болашаққа деген жоспарлары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған саммит қатысушыларының көңілінен шықты деп сенемін. Себебі Қазақстанның бұл салаға қатысты батыл пікірлер айтуына толық моральдық құқы бар. Қазақ жерінде ядролық сынақтар 40 жыл бойы жүргізілді. Сынақтардың біздің халқымызға тигізген зардабы аз емес. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен сол зардаптарды жою барысында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Семей ғана емес, Қазақстанның батыс өңіріндегі Капустин Яр, Азғыр, Ембі-5, Нарын, Тайсойған секілді елді мекендерде қанша жарылыстар жасалып, қарулар сыналды. Сол сынақтардың барлығының халық денсаулығына зиян тигізгені мәлім. Бірнеше жылдан бері халықтың денсаулығын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында аталған өңірлерде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы Жанқала ауданында мемлекеттік медициналық орталық салынды, ол жерде азаматтар тегін барып емделе алады. Жақында Маңғыстау облысында осы тақырыпта үлкен конференция өткізілген болатын, оған елімізге белгілі экологтар, медицина саласының мамандары, министрлер қатысты.Сол мәжіліс барысында Ақтауда типтік облыстық аурухана салынатыны туралы айтылды. Сонымен қатар, Азғыр, Капустин Яр сынды елді мекендерде де кезек күттірмей атқарылуы тиіс жұмыстар баршылық, — дейді І.Көбенов.

Еліміздің батыс аймағында болған ядролық сынақтар зардабы Семей полигонының зардабына парапар деуге болады. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның батыс  аймағында 40-тан астам ядролық сынақ болған. Батыс өңіріндегі Капустин-Яр, Азғыр полигондарында 25 мыңдай зымыран сынақтан өткізіліп, ұшырылған. Оның ішінде 619 баллистикалық ракета болды. Олар да жер бетінде арнайы жарылып, сыналды. Ракеталардың әрқайсысы қоршаған ортаға 50 тоннадан астам қауіпті улы заттар шығарған. «Бұл аумақта әскери қару-жарақтың  алып 180 түрі сынақтан өткен», — дейді сұхбаттасымыз Ізімғали Көбенов.        

Ізімғали Көбеновтің айтуынша, еліміздің батыс өңіріндегі шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе — Маңғыстау өңіріндегі Қошқар ата полигонының жағдайы.  

— Құрамында ураны бар химиялық қалдықтар жатқан Қошқар ата полигоны еліміздің батысындағы үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Ол Каспий теңізінен 7-8 шақырым, ал облыс орталығынан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерде қазір 51 миллион 790 мың тонна радиоактивті қалдықтар бар. Қалдықтардың белсенділігі — 11 242, 825 Кюри. Ал Кюридің қуаттылығы рентгеннен де мықты. Осы жердегі топырақ құнарлылығын қалпына келтіру, залалсыздандыру мәселесіне қатысты ұсыныстарымызды айтып жатырмыз, — дейді І.Көбенов.

 

Атом электр станциясы Ақтауда салынбайтын болды!

 

Елімізде болашақта атом электр станциясы салынуы мүмкін екендігі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр. Өткен жылы наурыз айында «Қазатомпром» ҰК» АҚ-ның инновациялық жобалары бойынша басқарушы директоры Валерий Шевелев атом электр станциясының Ақтау қаласында салынатыны туралы айтқан болатын.  «Қазақстанда АЭС салу туралы саяси шешім қабылданды. Алғашқы станция Маңғыстау облсында бой көтереді. Себебі Ақтауда қажетті инфрақұрылым сақталған, қызметкерлер құрамы да бар. Станция оң көзқарастарға ие болған реактор базасы негізінде салынатын болады. Кейін атом бейбіт мақсатта әскери қызметтерде қолданылады», — деген-ді В.Шевелев. Атом электр станциясын салуға үміткер қалалар ретінде Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы мен Алматы қаласы да айтылған болатын.

— Жақында атом электр станциясының батыста емес, шығыста салынатыны нақты айтылды. Соны естігелі бері иығымыздан үлкен жүк түсті. Себебі Ақтауда атом электр станциясы салынбайтын болды. Меніңше, бұл өте дұрыс шешім. Өйткені Маңғыстау облысында мәселе жетерлік. Жоғарыда айтып кеткен Қошқар ата полигоны, Каспий теңізінің жағдайы, мұнай қалдықтарының көбеюі, Қашаған кен орнының жұмысы, міне, мұның барлығы да Ақтаудың қазіргі экологиялық жағдайына әсер етіп отыр. Сондықтан қазіргі уақытта Ақтауға атом электр станциясын салмас бұрын осы мәселелерді шешіп алу қажет деген мәселені біз бұрын талай рет айтқан едік. Сол ұсыныстар ескерілді, ұлтжанды азаматтар, үкімет басындағы халық қалаулылары бұны ескеріп, станцияны Ақтауда емес, Курчатовта салуды жөн деп тауып отыр. Ал бұған шығыс өңірінің ғылыми әлеуеті жетеді, себебі  Семейде республикалық радиациялық қауіпсіздік және экология институты бар, Курчатовта да зерттеу институты жұмыс жасайды, сондықтан атом электр станциясын батыста емес, шығыста салған дұрыс шешім деп есептеймін, — дейді І.Көбенов.

І.Көбеновтің айтуынша, Семейдегі экология және радиация ғылыми зерттеу институтының филиалын жақын арада Атырау немесе Ақтөбе қаласында ашу қажет.  

  Өйткені Семей полигонының жабылғанына, шүкір, 23 жыл болды. Семейде осы уақыт аралығында қыруар жұмыстар атқарылды, табиғаттың да өзін-өзі емдейтін қабілеті бар. Яғни Семей өңірінде жұмыс азайып келеді. Енді бар назарымызды батысқа аударуымыз керек. Себебі жоғарыда айтып кеткеніміздей, батыста да біраз жарылыстар болды, бұған қоса батыста хром, уран өндіріліп жатыр, Каспий мәселесі де күн сайын ушығуда, Қашағанның да қоршаған ортаға әсері көп болады. Сондықтан экология және радиация ғылыми зерттеу институты филиалын ашу қажет, —  дейді сұхбаттасымыз.

 

АҚШ-тың Қазақстаннан үйренері көп

 

Гаагадағы Саммит алаңында Семей ядролық полигоны аумағын қалпына келтіруді одан әрі жалғастыру бойынша АҚШ пен Қазақстанның арнайы мәлімдемесі қабылданған болатын.
  Бұл қаржы мен ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастық тағы бір сатыға көтерілді деп атап өтуге болады, —  деді Н.Назарбаев.

Сұхбаттасымыздың айтуынша, АҚШ-тың Қазқстаннан үйренері көп. Семейдегі секілді АҚШ-тың Невада штатында ірі жарылыстар болды. Ал біз Семей полигонын толық жауып тындық. Әлемде жарылыстар жасалмағанымен, жұмыс жасайтын полигондар әлі де баршылық.

— Елбасының 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі нағыз ерлікпен парапар болды деп есептеймін. Ал Невада полигоны заң бойынша толықтай жабылған жоқ, тек ядролық сынақтар өткізуге мораторий жарияланды. Сол себепті АҚШ Қазақстан мемлекетінің сынақ жүргізуді тоқтатуға қатысты тәжірибесімен, біз АҚШ-тың ғылыми тұрғыда жерді залалсыздандыру тәжірибелерімен бөлісеміз. Осы тұрғыда әлемде ірі сынақтар жүргізілген Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық және радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымының алдын алу үшін бірлескен күш-жігерді арт­тырудағы серіктестікті жалғастыра беретіні заңды деп есептеймін, —дейді І.Көбенов.

Оның айтуынша, биыл Астанада дүниежүзі бойынша ядролық сынақтардан бас тартып, ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бүкіләлемдік конргесс өткізіледі.  Ізімғали Көбенов медицина саласының үздігі, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймағы филиалының директоры ретінде осы үлкен басқосуда ірі сынақтар өткізілген батыс өңірінің әлі де болса шешілмей жатқан мәселелері төңірегінде бірнеше ұсыныстарын көтермек…  

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button