Құқық

Азаматтық іс қалай жүргізіледі?

Азаматтық іс жүргізу — бұл сот пен басқа субъектілер арасындағы азаматтық істі қарау мен шешу кезінде туындайтын азаматтық іс жүргізу құқығының нормаларымен реттелген, азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастары мен процессуалдық әрекеттер жиынтығы. Іс жүргізудің басты мақсаты — осыған дейін бұзылған құқықты қалпына келтіру немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау. Азаматтық іс жүргізу — соттың, тараптардың (талап қоюшы, яки талапкер мен жауапкер) және басқа да процеске қатысушылардың (прокурор, өкілдер, сот хатшысы және т.б.) процессуалдық әрекеттерін, олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін жинақтайды.

Сотқа, басқа да қатысушыларға процеске қатысу мақсатына жету үшін заңмен белгіленген іс жүргізу құқықтары беріліп, соған сәйкес іс жүргізу міндеттері жүктеледі. Іс жүргізу, құқықтар мен міндеттер процесі барысында жүзеге асырылады.

Азаматтық іс жүргізудің нысанына тән белгілері: сот істерін қарау мен шешу тәртібі алдын ала азаматтық іс жүргізу құқықтық нормаларымен белгіленген;

істің аяқталуына мүдделі тұлғалардың сот мәжілісінде іс қарауына қатысуға құқығы бар және өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алады; сот шешімі іс бойынша сот отырысында дәлелдемелер арқылы анықталған деректерге сүйенуі қажет және ол заңға сәйкес болуы керек.

Сот азаматтық істерді мынадай жағдайларда қарайды: өзінің құқығын немесе заңды мүддесін қорғауды талап еткен адамның арызы бойынша; заңда белгіленген реттерде басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды талап етіп, соттан өзіне алатын мемлекеттік басқару органдарының, мекемелердің, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың немесе жеке азаматтардың арызы бойынша.

Азаматтық іс талап-арыз, арыз, не шағым беру арқылы судья сотта азаматтық іс қозғайды және ол тиісті ұйғарым шығарады.

Сотта іс қаралған кезде сот (жеке-дара) сот отырысында іс материалдарын қарайды, істі мәні бойынша шешеді немесе іс бойынша өндірісті қысқартады. Жалпы ереже бойынша шешім қабылдаумен аяқталады.

Заң күшіне енбеген сот шешімдері мен ұйғарымдарына апелляциялық шағым беру және наразылық келтіру арқылы қайта қарау сатысында (апелляциялық өндіріс) соттың шығарған шешімімен не ұйғарымымен тараптар, үшінші тұлғалар келіспесе, олар осы істі қараған соттан келесі жоғары тұрған сотқа шешім шығарған күннен бастап 15 күн мерзім ішінде апелляциялық шағым бере алады,  ал прокурор болса өзінің наразылығын келтіре алады.

Сондай-ақ, келесі сотқа осы іске байланысты қосымша дәлелдемелерін ұсынуға олардың құқықтары бар. Осы саты бойынша істі қараған сот (яғни алқа) қаулы шығарады.

Шынболат КАДИРОВ,

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы.                                      

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button