Басты жаңалықтар

Қала

Көшенің «жыртығын» мердігерлер өз есебінен жамайды!

 

Кеше қала әкімі Ерхан Омаровтың төрағалық етуімен қаланың автомобиль жолдарын және жол инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

 

Мәжіліске облыстық әкімшілік — жол полициясы басқармаларының бастықтары, көлік бақылау инспекциясының басшысы, қалалық мәслихаттың депутаттары, Ақтөбе қаласы ІІД бастығы, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің жол қозғалысын ұйымдастыру және автомобиль көлігі кафедрасының меңгерушісі, мердігерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылыпты.

Қала әкімі өзінің кіріспе сөзінде комиссия отырысында талқыланатын мәселенің аса өзектілігіне тоқтала келіп, қала жолдарының көлік жүрісін қамтамасыз етуде, аймақ экономикасын көтеруде, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуда маңызды орын алатынын айтты.

Автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жөніндегі жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Қалдығұлов жан-жақты айтып берді.

Баяндамадан аңдағанымыздай, қала жолдарының жағдайы көліктердің санына да байланысты. Тап бүгінгі таңда облыс орталығы аумағында тіркелген көлік құралдарының саны 148 мың бірліктен артық. Көліктердің ай сайынғы өсімі әкімшілік полициясы басқармасының мәліметі бойынша орта есеппен 300 бірлік құрайды. Тек 2006 жылдан бері автокөлік құралдарының саны 51,2 пайыз ұлғайды. Осымен байланысты жыл сайын жергілікті атқарушы органдар облыс орталығының көлік жүретін көше жолдары құрылысы мен оларды қайта жаңартуды бір сәт те естен шығарған емес. Бұл жұмыстарды жүргізудің шаралары белгіленіп, негізгі бағыттары айқындалды.

 

Көшелер кеңейіп, жүру жеңілдеді

 

Көше қиылыстарындағы және темір жолдың өтпелі жолдарындағы көлік кептелістерін болдырмау мақсатында өткен жылдары көп жұмыстар атқарылды. Темір жолдардың өтпелі жолдары кеңейтілді. Лермонтов көшесіндегі және Заводская мен Бейбітшілік даңғылындағы темір жолдың өтпе жолдарына ұлғайту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесіне өту жолының ені екі есе ұлғайып, қазіргі шақта 14 метрге жетті. Екі жақтан да екі жолақты қозғалыс қамтамасыз етіліп, қазіргі сәтте кептеліс жойылды.

Осындай мақсатты жұмыстар Авиақалашық ауданындағы темір жолдың өтпелі жолында да басталды. Оның құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айында толық аяқталады. Мұнымен бір мезетте өтпелі жолға тірелетін көшелерді кеңейту қолға алынуда. Авиақалашық ауданындағы жұмыстардың аяқталуымен, Зинченко көшесінен бастап, Бөгенбай батыр көшесіне дейін 4 жолақты қозғалыс ұйымдастырылады. Аталған нысан үстіміздегі жылы іске қосылады.

Қала аумағындағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге және жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды кеңейтуге байланысты өткен жылы барлығы 16 жоба жүзеге асырылып, бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаржы игерілді.

Қала әкімінің орынбасары өзінің баяндамасында күрделі жөндеу жүргізілген бұл көшелер мен даңғылдарға жеке-жеке тоқталды. Әрине, олардың басым көпшілігі қала тұрғындарының ойынан шығып, игілігіне айналды. Кең, сәнді, көлік кептелісін болдырмауды ойлап салынған бұрма жолдары бар көшелер мен даңғылдардың артықшылықтарын байқамау тіпті де мүмкін емес. Дегенмен, қала әкімінің орынбасарының өзі де мойындағандай, олардың ішінде ешбір сын көтермейтіндері де бар. Мысалы, өткен жылы  ғана жөнделген Некрасов, Уәлиханов және бірқатар көшелердің қазірдің өзінде асфальтбетон жамылғылары қақырап, бүлініп жатыр.

 

Бәріне — мердігер жауапты

 

Комиссия отырысында қала әкімі Ерхан Омаров осы көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекемелердің басшыларын орындарынан тұрғызып, мәселені қабырғасынан қойды. Бұл кемшіліктер қалалық әкімдік арқылы қыс кезінде-ақ анықталып, жиындар өткізіліп мердігерлерге ескертілген. Көшелер мердігерлердің есебінен тез арада қайта жөнделуге тиіс. Оған бюджеттен ешқандай қаржы төленбейді. Мердігер мекеменің көшені қайта қалпына келтіруі қазіргі кезде қатаң бақылауда. Осы мақсатта қалалық әкімдікте арнаулы комиссия құрылып, оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да мүдделі органдар кіргізілді.

Мәжілісте мердігер мекеменің өкілі кемшілікті мойынына алып, ауа райының қолайлы жағдайы туысымен, жұмысқа кірісетіндерін білдірді. Қажетті материалдар, техника дайын. Жұмысты өз қаржысы есебінен, тәулік бойы кідіріссіз жүргізетін болады. Қалалық әкімдік бұл мердігер мекемеге осындай қатаң талап қойып отыр.

Талқыланған мәселеге байланысты өткен жылдың қуанышы мен өкініші осындай. Алайда, бұл жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайтыны белгілі. Қазіргі кезде үстіміздегі жылдың жобаларын жүзеге асыруға дайындық жұмыстары толық мәнінде қолға алынуда. Алдын ала белгіленген жоспар бойынша қаланың көне бөлігінде Асау Барақ, Жангелдин және Қонаев көшелері күрделі жөндеуден өтеді. Қонаев көшесін кеңейту көзделуде.

Көлік қозғалы молайып тұрған Әкімжанов көшесінен бастап, Жангелдин көшелері бойында да күрделі жөндеу жұмыстары жүреді.  Бұл көшелер соңғы 20 жыл бойы жөндеу көрмегенін де айта кету керек.

Мұнымен бірге, Батыс-2 жаңа шағын ауданының өсуімен байланысты Ә.Молдағұлова даңғылын Сәнкібай батыр даңғылынан Бәйішев көшесіне дейін 6 жолаққа, Бәйішев көшесінен Қобданың шығар жолына дейін 4 жолаққа көшіруді қамтамасыз ететін жедел жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлау қажет болып отыр.  Сондай-ақ, «Мега Шығыс» сауда үйі ауданында, 312-атқыштар дивизиясы мен К.Нокин даңғыл көшесіндегі жиі болып тұратын көлік кептелісін жою мәселесі де қарастырылуда.

Сазда өзені бойында өздігінен қалыптасқан көлік қоятын қазір 70-тің шамасында орындар болса, осы жердегі көлік өтетін жолда көлік қоятын  орындар 320 орынға дейін төседі.

Кірпішті кентінің бағытындағы жолға да күрделі жөндеу жүргізу ойластырылуда. №18 орта мектепке қарай өтетін жолды жөндеу және осы жерге аялдама павильонын орнату жүзеге асырылмақ.

 

Уақытша қиындық, уақытша құбылыс

 

Тек көше, көше жолдары емес, аула аумақтарын жөндеу де — кейінгі қалдыруға болмайтын жұмыс. Егерде 2009 жылдан бастап қаланың шағын аудандарында 262 аула аумағы жөндеуден өткізілген болса, үстіміздегі жылдан бастап ескі қаланың аула аумақтарын жөндеу басталмақ.

Өтпе жолдар, бұрма жолдар көлік пен жаяу жүргінші қозғалысын көп жеңілдететінін кейінгі жылдардағы қаланың жаңа құрылыстары анық көрсетті. Әз Наурыз көшесі бойындағы өтпе жол құрылысы 2012 жылы тамызда басталып, 2013 жылы қараша айында аяқталды. Бұл құрылыс қаланың көлік қозғалысына көп жеңілдік әкелді.  Әз Наурыз жаңа көшесі қаланың ең көп көлік өткізетін аумағына айналды. Үстіміздегі жылы «Актюбсельмаш» зауыты ауданындағы көпірге де жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Комиссия отырысында үстіміздегі жылы қаралып отырған мәселеге байланысты қалада атқарылатын басқа да көптеген құрылыс жұмыстарын еске сала келіп, қала әкімі Ерхан Омаров жұмыстың сапасына айрықша көңіл бөлуді, бақылаушы орындардың өз жұмысын тиянақты жүргізуін баса айтты.

Қазіргі кезде қала көшелерінде қазаншұңқырлар аз кездеспейді. Оларды бітеу, тегістеу жедел қолға алынуда. Қазір бұл жұмыстармен 10 жол жөндеу бригадалары айналысуда. Әрине, мұның бәрі уақытша құбылыс. Жалпы, көше құрылыстарында, оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде мердігерлер тарапынан жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын қала әкімі айрықша атап айтты.

Комиссия мәжілісінің қорытындысымен қала әкімі тиісті орындарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Үлкен округ: үміт пен сенім    

 

Қарғалы селолық округі — Ақтөбе қаласына қарасты 5 селолық округтің ішіндегі ең үлкені. Округте 4 ауыл бар: Қарғалы, Ақжар, Мағаджан, Ясный. Жыл өткен сайын округтегі халықтың саны көбейіп келеді. Соңғы дерек бойынша мұндағы  адамдардың саны 26 мыңнан көп. 

Тұрғындардың барлығы да көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Сонымен қатар, елді мекендер электр қуаты, телефонмен қамтылған.

Жергілікті билік округтің көркейе түсуі үшін көп шаруа тындырып жатыр. Жоспарланған жұмыс та жетерлік. Мысалы, биылдың өзінде мұндағы үш бірдей ауылдың орталық көшелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Ясныйдың ескі бөлігіндегі, Қарғалыдағы су құбырлары жаңартылады. Заречный-4, Мағаджан, Ақжар ауылдарындағы электр желілерін қайта жарақтау да — биыл тындырылатын шаруа. Заречный-4 елді мекенінде салынып жатқан 1000 орындық мектеп те жыл аяғына дейін еңсе көтереді. Жаңа білім шаңырағы ашылғанда екі ауысымда 2000 бала білім алатын болады.

Біз Қарғалы селолық округінің әкімі Алмаз Әлімбаевпен ауылдың тыныс-тірлігі туралы әңгімелескен едік. 

                                   

Жамылғы төселетін жолдар

 

Ақтөбе қаласы мен қалаға қарасты ауылдарда барлығы 1800-ге жуық көше бар. Соның 30 пайызы жаңартылған. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы бір жарым жылдың ішінде Ақтөбедегі 73 жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалыпты. Соның төртеуі — Қарғалы селолық округі жолдарының құжаттары. — Биыл Қарғалыда — Центральный, Ясныйда — Мир, Ясный-2-де — атауы жоқ орталық көше, Ақжарда Береке көшелеріне күрделі жөндеу жасау жоспарланып отыр. Бұл үш көшеге де  асфальтты-бетонды жамылғы төселеді, — дейді Алмаз Аманбайұлы.

Қарғалыға су құбырларын жүргізу үшін 565 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленіпті. Соның арқасында орталықтандырылған су желісі жоқ Солнечный, Комсомол, Сәтпаев, Мишин, Молодежный, Әзберген батыр  көшелеріндегі тұрғын үйлерге де су желісі тартылатын болады. Сонымен қатар, биыл Ясный ауылының ескі бөлігінің де  су құбырлары жаңарылады.

Заречный-4, Мағаджан, Ақжар ауылдарындағы электр желілеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін де жобалық-сметалық құжаттар дайын. Бұл жұмыстар да биыл қолға алынады.

 

Мүлік иесіз қалмайды

 

Қарғалыдағы кәріз құбырларына күрделі жөндеу жүргізу үшін де жобалық-сметалық құжат әзірленген. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу 2015 жылға жоспарланыпты. Округ орталығында 114 көп қабатты тұрғын үй бар. Алмаз Аманбайұлының айтуынша, осы үйлердің барлығының да кәріз желілері толықтай ауыстырылады. 

Қарғалыда «ашық» қалған иесіз электр желілері бар. Соған байланысты Ақтөбе қаласынан арнайы комиссия шақыртып, иесіз қалған жерлерді иесіз ретінде тіркеуге алдық. Заң талабы бойынша иесіз жер иесіз ретінде 1 жыл тіркеуде тұруы тиіс. Содан кейін коммуналдық меншікке алынады.

Қарғалыдағы иесіз электр желілерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат  дайындауға тапсырыс берілді. Біздің ұсынысымыз биыл жобалық-сметалық құжаттары әзірленуі тиіс нысандардың тізіміне енгізілді. Сонымен қатар,

Ясныйдың ескі бөлігіндегі үйлердің газ құбырларының диаметрін ұлғайту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын да биыл дайындау жоспарланып отыр. Жоспар жүзеге асса, тұрғындар үйлеріне автономды жылыту қондырғысын орнатып, үйлерін жылыта алады, — дейді округ әкімі.

Айта кету керек, 2015 жылы Ясный мен Қарғалы ауылдарында әрқайсысында  320 орындық балабақша салынады.

 

Кәсіпкер: өтініш пен кепілдік

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөледі. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың бірі — «Жұмыспен қамту  — 2020» бағдарламасы.  4 бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған  бағдарламаның екінші басым бағыты — ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Бұл үшін кәсіпкерлерге шағын несие беріледі.

Кәсіпкерлікпен айналысу үшін шағын несие алуға 20 шақты тұрғын өтініш білдірген еді. Әзірге оның төртеуінің құжаттары мақұлданды.

Өтініш иелерінің арасында техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашқысы келетіндер көп. Олардың құжаттары көбіне дұрыс болмай шығады. Себебі, мұндай орталық ашу үшін кәсіпкердің елді мекеннен қашықтау жерде жері болуы тиіс. Үйдің ауласынан ашуға рұқсат жоқ. Коммерциялық мақсат үшін жер берілмейді. Жер аукцион немесе конкурс арқылы ғана беріледі. Бағдарламаның үйлестірушілеріне «Жұмыспен қамту  — 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алғысы келгендер үшін конкурстан тыс жер беру туралы ұсыныс жасадым.

Шағын несие алуға тағы бір кедергі — өтініш иелерінің көпшілігінің кепілге қоятын мүлкі жоқ. Кепілсіз несие берілмейді, — дейді Алмаз Әлімбаев.

Ол өз сөзінде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау» бағдарламасы аясында  биыл селолық округтерді көркейту үшін қаржы бөлінетіндігін айтты. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, Қарғалыдағы скверге жөндеу жүргізліп, кейбір үйлердің аулаларына ойын алаңдары салынатын болады. Сонымен қатар, орталық көшеге қоқыс жәшіктері, қоқыс алаңдарына бейнебақылау қондырғысын орнату жоспарланып отыр.    

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Отбасы және келеңсіздік

 

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында «Келеңсіз отбасыларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» тақырыбында облыстық семинар өтті.  

Семинарға облыстық әділет департаментінің, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары, қала мектептері мен облыстың барлық аудандарынан мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен психологтар, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің қорғаншылық және қамқоршылық бөлімдерінің мамандары және тәрбие ісінің әдіскерлері қатысты.

Әуелі облыстық білім басқармасының бас маманы Галина Еремеева отбасындағы келеңсіздік пен әлеуметтік жетімдіктің ерте алдын алу туралы баяндама жасады. Облыстық бала құқығын қорғау басқармасының маманы А.Нұрманова,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі З.Әділшинова және тағы басқалар тақырып аясында әңгіме өрбітті.  

Семинарға қатысушылар әлеуметтік бейнеролик пен Орталық тәрбиеленушілерінің сұхбатынан әзірленген бейнематериалдар көрді.

Ақтөбе қаласындағы №29 орта мектептің әлеуметтік педагогы А.Дабылова мен №34 орта мектептің психологы А.Музеева әріптестерінің алдында өз тәжірибелерімен бөлісті.

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Кітап патшалығы» атты кітаптар көрмесін ұйымдастырып, жаңа оқулықтар, кітаптар, әдістемеліктерді таныстырды. Сондай-ақ, орталық тәрбиеленушілері қамырдан, қағаздан жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесін ұсынды.

«Отбасы келеңсіздігінің алдын алу жұмыстарындағы жаңа тәсілдер» тақырыбына арналған тәжірибе бөлімінде қатысушылар екі топқа бөлінді: орыс топтары Орталықтың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ұ.Есенғожинаның және қазақ топтары №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының психологы Н.Қадырқұлованың жетекшілігімен пікір таластырып, ойларын ортаға салып, талдады.

Семинардың соңында қатысушыларға жұмыс барысында қолдану үшін кітапша түрінде орысша, қазақша ұсыныстар, кеңестер, тесттер, нұсқаулар, жаднамалар топтамасы үлестірілді.

Әсима ІЛИЯСОВА,

әлеуметтік педагог.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

Кәсіп

 

Өрген бұрым сәнге айналып келеді

 

Жақында Ақтөбе облыстық өнер музейінде алғаш рет облыстағы шаштараз шеберлері арасында байқау ұйымдастырылып, олардың өнерлері сыналып, түрлі шаш үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Атап айтсақ, «Ерекше шаш сән үлгісі» номинациясын Жәмилә Темірзақова жеңіп алса, Іңкәр Әлібекова «Креативті шаш сән үлгісін» көрсетті. «Кешкі шаш сән үлгісін» Жазира Бердіғалиева жасаса, «Қиялдағы шаш сән үлгісін» Наталья Тумакаева ұсынды.  

 

Жәмилә

Психологтардың пікірінше, кездесулерде адамдардың назары ең бірінші аяқкиімге, қолдың тырнағына және шашына түседі екен. Біздің қазақта осыған ұқсас «дос басқа, дұшпан аяққа қарайды» деген мәтел бар. Сондықтан да үлкен-кіші бәрі де әрқашан әдемі көрініп, шашты жөнге келтіруге тырысады. 

Адам ағзасында шаштың өзіндік алатын орны бар. Айталық, бір жеріңіз ауырып тұрса, көңіл күйіңіз болмаса да шаштың түсі өзгеріске ұшырап отыратын көрінеді. Мазасыз күй кешіп жүрсеңіз, шаш көмескіленіп, жұқара бастайды да, ал ұзақ уақыт уайымға салынсаңыз, шаштың түсуі жиілейді екен.

Байқауда номинацияға ие болғандардың кейбірімен әңгімелескіміз келіп, жұмыстарына хабарластық. Шаштараздың міндеті тек шаш қиюмен шектелмейді ғой. Олар шаш­ты емдейді, жуады, қияды, өреді, сәндейді, бояй­ды. Осындай жұмыс­тар­дың жетегінде қолы байланып жатқан шебердің бірі Жәмилә Темірзақова бізбен әңгімелесуге әзер уақыт тапты. Оның айтуынша, адам шашқа немқұрайды қарамауы тиіс. Себебі адамзат шаш арқылы ғарышпен байланыста болады екен. Яғни шаш иесіне күш беру үшін Күн мен Айдан энергия қабылдайды.

— Адам шашты үнемі күтіп-баптауы қажет. «Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды» демей ме. Байқасаңыз, көшеде шашы ұйпа-тұйпа қыздан гөрі шашы қиылған немесе өрілген, әдемі жиналған аруға көз түсетіні анық. Тіпті беліңізге дейін түсетін ұзын шашты қолдасаңыз да, бәрібір оның ұштарын үнемі қиып отырған жөн. Өйткені шаштың ұшында жағымсыз энергия жиналады екен. Мұндай жаман энергия өміріңіздің көлеңке тұстарынан арылуға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Тек, есіңізде болсын, өз шашыңызды өзіңіз қимаңыз! Егер қиятындай жағдай туып жатса, онда сіз жаңағы айтқан жағымсыз энергиядан арылудың орнына, керісінше өн-бойыңызға қайта қабылдайды екенсіз, — дейді Жәмилә.

Өзінің әңгімелеуінше, бала күнінен қайшы мен тараққа жақын болған Жәмилә 19 жасынан бері шаш қиюмен айналысады. Қазір 27 жаста. Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында туған. Банк ісінің маманының оқуын тәмамдаған ол елге келген соң бала күнгі ойы түрткілеп, шаштараз кәсібіне бет бұрады.

— 8-шағын ауданда орналасқан «Айнұр» шаштаразының иесі Райса апаға мың алғыс айтамын. Сол кісіден көп нәрсені үйрендім. Шынымды айтсам, елге келгенде ең алғаш жұмысқа алып, қамқор болғасын ба, өзімнің туысымдай боп кетті. Шаштараздағы қыздар да жақсы болды. Оның арасында жеке өмірімде келеңсіз жайттар болды, сосын ойладым, жұмыс орнымды ауыстырсам, мүмкін, өмірім де оң өзгерер деп. Райса апаның алдынан шақ дегенде өттім, ол кісі ақ жол тілеп, шығарып салды. Содан бері «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешеніндегі «Beauty proof» (Бьюти прооф) әдемілік салонында әмбебап шаштаразбын. Бізге Ақтөбедегі өзге ұлт өкілдері, әсіресе, қытайлар, үндістер, түріктер, кәрістер көп келеді. Шаш қию және шашты сәндеу барысында Түркия мен Германиядан шыққан шашқа арналған құралдарды қолданамыз. Біздің салонда шаш қию, жуу және шашты ретке келтіре отырып әдемілеу (укладка) — 5 мың теңге. Тек қана ретке келтірудің өзі — 3 мың, ал кешкі сән үлгісін жасату шаштың көлеміне қарай 5 мың теңгеден жоғарылай береді. Түрік немесе немістің бояуларымен шаш бояу 10 мың теңгеден жоғары бағаланады. Көбіне бізге клиенттер интернеттен немесе журналдан көрген шаш үлгісін жасап беруімізді өтінеді. Ондайда бар өнерімізді салып, жасап беруге тырысамыз, кейде бет пішініне, шаштың қалыңдығына, түріне қарай кеңес беріп, өзі ұнатқан шаш үлгісінің бет пішініне жараспайтынын айтамыз, кейде  өз қиялымызға да ерік беретін кездер болады. Мысалы, мен өзім грек шаш үлгісін ұнатамын. Кеше өнер музейінде өткен байқауда жасадым. Бізде өзімізде ұсақ қысқыштар болады. Әуелі соның көмегі арқылы шаштың үлгісін жасап алып, лак сеуіп шашты қатырамыз. Сосын шаш бекіген сәтте қысқыштарды алып тастаймыз. Сонда бұл үлгі ешқандай түйреуішсіз, қысқышсыз болады, бір тәулікке дейін бүлінбейді, тойда алаңсыз жүре аласыз, — дейді Жәмила.

Әңгіме арасында шаштараз бізге шаш күтіміне қатысты мынадай кеңес берді: кез келген дәріханадан ошаған майын сатып алып, оны ыдысымен қайнаған суға салып алып, ыстық күйінде шаштың түбіне және ұшына уқалау арқылы жағып, бір сағат жүру керек. Осылайша аптасына екі рет жасасаңыз, екі айдан соң шашыңыз жақсарады. Жәмилә ошаған майын өзі жағып көргенін, оң нәтиже болғанын айтты. Бұл кеңес шашы түсе беретін, бояудан, химиядан шаршаған, әбден бүлінген шаштарға арналғанын да жеткізді.

Жәмилә болашақта әдемілік салонын өзі ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетінін, сол үшін салон қызметіне кіретін басқа да мамандардың кәсібін меңгеріп, әрекет қылып жүргенін айтты. Ол қазірдің өзінде бетті әрлейтін әжептәуір визажист, қасқа, ерінге, көзге татуаж жасайтын шебер, оған қоса құлақ теседі.

 

Жазира

Байқауға қатысқандардың тағы бірі — бес жылдан бері қаламыздағы 8-шағын аудандағы «Айнұр» шаштаразында жұмыс істеп жүрген Жазира Бердіғалиева. 25 жасқа әлі толмаған Жазира шаш қию өнерін «Элит» оқу орталығында үйреніпті. Ең алғаш жеті жыл бұрын сіңлісінің шашын қиыпты. Содан бері қолынан тарағы мен қайшысы түспепті. Сондай-ақ, кластас құрбыларының, достарының шаштарын өріп, шаш үлгілерін талай жасап бергенін әңгімеледі. Ол қазір ер адамдардың да, қыз-келіншектердің де шаштарын қиып, сәндей береді. Әмбебап.

Әсіресе, тойға, кешкі думандарға баратын арулардың шашын сәндегенді ұнатамын. Байқағаным, соңғы уақытта қыздар шашын өте қысқа қидырмайды. Көпшілігінің шашы иыққа түсіп тұрады. Сосын қазірде өрім сәнге айналды. Әжелеріміздің бұрынғы шашбауларына қызыққан  қыздар қазір лента қосып, шаш өргізуге құмар-ақ. Сондай-ақ, шаштың кей бөлігіне бұйра салып, бір бөлігін өру де сәнге айналып отыр. Қазақ қыздардың бет пішініне төбесін көтеріп, өрілген бұрымды арқаға лақтырып тастаған әдемі үйлеседі. Әрі қазір осы сәнге айналып келеді. Расы керек, бұрым өрудің түрліше тәсілі бар. Кейде адамның келбетіне, шаштың түріне қарай аяқасты шаш үлгісін жасауға тура келеді. Ондайда қиял мен шығармашылық шабыт қажет. Көп жағдайда шашты ерекше етіп тұратын сән үлгілері клиент күтпеген жағдайда, дем арасында туындап жатады, — дейді Жазира.

Өзінің шашы беліне түсетін Жазира аруларымызға мынадай кеңес береді:

— Шаш қалың болса, өсірген жақсы. Ал жұқа болса, қалың боп көрінуі үшін қысқа қидырған жөн. Қазір экологияның нашарлығынан ба, жастардың да шашы ағарады. Ондайда, әрине, боямай жүру мүмкін емес. Шашты мейлінше күту үшін аммиаксыз бояулар таңдаған дұрыс. Тіпті болмаса, қайта-қайта боямау үшін ақшылдау түске бояған абзал. Ал егер бетіңіз таза, секпілсіз, ажарлы болса, онда шашты талдап бояған (мелирование) жақсы. Қазір қыз-келіншектер қиюдан гөрі шашты емдеуге көп мән береді. Өзім де шашымды қиып, бояп, жасамағаным жоқ, бәрін көрдім. Қазір табиғи болғанын қалаймын. Сондықтан шашымды өсіріп жатырмын. Бұрын өрілген ұзын бұрым — сұлулық символы, қазақ қызының сәні болды емес пе,  дейді әмбебап шаштараз.  

Жазира шаштараз ең алғаш қолына қандай қайшы-тарақ ұстады, дәл сондай құрал болмаса, қолы жүрмейтінін айтты. Қазіргі жұмыс орнында үстел үстінде өзінің үйреншікті құралдарының бірнешеуі тұрғанын байқадық.

«Бізде ер адамдардың шашын қию — 600 теңге, ал қыз-келіншектердің шашын қию — 600-800 теңге. Кешкі сән үлгілерін жасау шаштың ұзындығына қарай 2500-3500 теңгеден жоғарылай береді. Ал қалыңдықтардың шаш үлгілері 5 мың теңгеден жоғары», — дейді Жазира.

Үнемі ізденісте жүретін Жазира әлі де білмейтінім көп дейді. Үйренгісі, оқығысы келеді. Ақтөбеде өтетін семинарлардан қалмауға тырысатын бойжеткен жазда Алматыға барып, өз саласы бойынша білімін жетілдірмек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Су сорылып жатыр

 

Соңғы аптада күн райы жылынып, еріген қардың суы жұртшылықты біраз әбігерге түсірді. Әсіресе, қаланың  Құрмыш, Мәскеу, Шанхай аудандарындағы көшелермен жүру қиындап кетті.  Қала әкімі аппаратының әскери-жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Бекболат Нұрашев аталған аудандарда арнайы бригада жұмыс істеп жатқанын айтты.

— Осы уақытқа дейін қала ішінен екі жүз елу мың тонна қар сыртқа шығарылды.  Бұл жұмыстарды  жеті мердігер  мекеме, яғни «Ақжол», «Елім Ақтөбе», «Ақтөбегордострой», «Таза қала», «Дорожник», «КТП» ЖШС-лары мен «Тазалық» коммуналдық мекемесі атқарды. Әр мекеме  өздеріне қарасты аумақты қардан аршыды.  Ең бірінші кезекте тендерге енгізілген көшелердің қары сыртқа шығарылды. Оның ішінде су басу қаупі жоғары көшелер тазартылды. Наурыз айының алғашқы аптасына дейін бұл жұмыстар тоқтаған жоқ. Алайда, кейбір тұрғындар қардың әлі алынбағанын айтып шағымданды. Олардың атаған бірқатар көшелері тендерге енгізілмеген. Қазір Мәскеу ауданындағы  қосымша бригадалар қар шығару жұмыстарын аяқтап қалды. Бұған қоса көктемгі су тасқынына қарсы құрылған штаб жұмыс істеп жатыр. Штабқа қоңырау шалатындардың басым бөлігі Шанхай, Мәскеу, Сүт зауыты аудандарының тұрғындары.  Штаб құрылған алғашқы күні сексенге жуық қоңырау түсті. Бір ғана Мәскеу ауданынан  күніге отыздан аса тұрғын қоңырау шалады. Осы мақсатта құрылған арнайы комиссия түскен қоңыраулар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мереке қарсаңындағы күндерде күніге  үш мың текше метрден аса  су сорылды. Жүз тоннаға жуық инертті материалдар төгілді, — деді Бекболат Нұрашев.

Қазір қалада жүзге жуық техника осы мақсатқа жұмылдырылып жатыр. Оның ішінде су соратын арнайы көліктер бар. Мердігер мекемелермен келісімге келген жеке көлік иелері де көшелерді судан тазартып жатыр. Қаланың 11-шағын ауданындағы және Угольник пен Мәметова көшелерінің бойындағы  су соратын  станциялар да жұмыс істеп тұр. Жалпы көктемгі су тасқынына қарсы бюджеттен 68 миллион теңге бөлініп, «Тазалық» коммуналдық мекемесімен келісім жасалған.

— Егер қар осылай бір жібіп, бір қатып ерісе, су алып кету қаупі болмайды. Алайда, «сақтықта қорлық жоқ» демекші, Елек, Қарғалы өзендеріне жақын саяжайларда тұратын тұрғындарға алдын ала ескерту берілді. Тұрғындардың бірқатары уақытша қала ішіне қоныс аударса, тұратын баспанасы жоқтар саяжайда қалды. Сондай-ақ, бес селолық округ басшыларына да су тасқынының алдын алу жұмыстары тапсырылды. Округтерге бекітілген мекемелер уақытында қарды сыртқа шығарды. Қазір бұл аймақтардан түскен шағым жоқ. Округ әкімдерімен хабарласып, ахуалды біліп отырмыз, — деді Бекболат Нұрашев.

Сондай-ақ, су басу қаупі туындаған жағдайда  немесе өзге де қиындықтар орын алса, тұрғындардың 23-38-35, 23-55-43 телефондары арқылы  штабқа хабарласуына болады.

 

Тұрғындар не дейді?

 

Жаннұр СӘРСЕНОВА, студент:

— Қаланың Тұрғындар қалашығы ауданындағы Бейбітшілік даңғылында тұрамын. Қыста арнайы мекемелер көшені қардан  тазартып тұрды. Қар уақытында сыртқа шығарылғандықтан болар, күн жылыған кезде көшені айтарлықтай су алған жоқ. Қазір Есет батыр көшесіндегі оқу орныма жаяу барып келемін. Жалпы орталық көшелерде қар аз болғандықтан, су тез кебеді. Сондықтан бұл аймақтағы тұрғындар  көктемде қиындық көрмейді. Ал Мәскеу, Оңтүстік Батыс ауданынан қатынайтын құрбыларыма қиын. Олар аялдамаға жеткенше балшық кешіп келетінін айтады.

Ғафу ҚҰЛАМАНБАЕВ, Ақжар-2 ауылының тұрғыны:

— Биыл қыста  Ақжар-2 ауылының халқы  қалаға әрең қатынады. Тиісті мекемелер  қарды уақытында тазартпады. Мәселен, менің жұмыс орным қаланың бір шетінде болғандықтан жеке көлігіммен барамын. Ал қыста омбы қардан көлігімді сыртқа шығара алмаймын. Бұған қоса  қар тазалауға келген көліктер қарды дұрыс  аршымайтыны өз алдына, оңды-солды жүріп, онсыз да қиқы-сиқы жолды бүлдіріп кетеді.  Бұдан кейін көлікпен жүру тіпті қиын. Ал аялдама болса, қашық, оған омбылап әрең жетеміз. Күн жылыған уақытта арнайы қар аршитын көліктер жолды тазартқан болды. Бірақ тазаланған көше жоқ. Қазір қар еріп, су кешіп жүрміз.

 

Нұрша БИДАНОВА,Мәскеу ауданының тұрғыны:

— Жыл сайын көктемде қар суы көшеде кілкіп, еркін жүре алмаймыз. Мекемелер тазартқан болады. Бірақ көшенің көпшілігі жөндеу көрмеген әрі арық болмағандықтан, қанша тазартқанмен пайдасы шамалы.  Сондықтан көктем келсе, су етігімізді дайындап, су кешуге әзір отырамыз.

 

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Оқушыны науқастан оқшаулайтын интернат

 

Елімізде 24 ақпан-24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы күрес айлығы жүріп жатыр. Айлық шеңберінде біз туберкулезге қарсы күрес жұмыстарына атсалысып келе жатқан Қурайлы мектеп-интернаты туралы әңгімелеуді жөн көрдік.

Қурайлыдағы мектеп-интернат 1965 жылдан күні бүгінге  дейін жұмыс жасауда. Қезінде бір оқу жылында 250 бала тәрбиеленген шаңырақта қазір 100 оқушы білім алып жүр. Мұнда кез келген бала оқымайды. Яғни бірінші және тоғызыншы сынып аралығында оқитын оқушылар облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мамандарының, облыстық білім басқармасының арнайы жолдамаларымен қабылданады. Негізгі мақсаты — отбасында туберкулезбен сырқаттанатын, оның ішінде, туберкулездің ашық түрімен науқастанатын кісілерден балаларын уақытша оқшаулау. Сондай-ақ, бірнеше жыл бұрын туберкулезбен науқастанып жазылған оқушылар, Манту сынағын қою арқылы «Вираж», «Гиперпроболары» анықталған, туберкулездің алдын алу мақсатында химиопрофилактикалық дәрілер беру үшін қабылданады.

Әр оқу жылының басында интернатқа қабылданып, оқу жылы аяқталған соң, оқушылар жазғы демалысқа үйлеріне жіберіледі. Келесі оқу жылына оқушылар арнайы комиссияның шешімімен қайта іріктеледі.

Қазір мектепте 21 мұғалім, 12 тәрбиеші жұмыс жасайды. Білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Әр оқу бөлмесінде интерактивті тақта бар, компьютерлер де жеткілікті. Өз кітапханасы, жатақханасы, спорт залы бар. Санитарлық талапқа сай моншаға оқушылар  апта сайын түседі. Асханадан оқушылар күніне 6 рет ас мәзіріне сай тамақтанады.

Мұндағы медпунктте І санаттағы дәрігер-фтизиатр, төрт медбике жұмыс жасайды. Медбикелер медколледжде білімдерін жетілдірген, арнайы сертификаттары және барлық профилактикалық екпелерді егуге рұқсаттары бар. Мектепте әр оқушыға арнайы медициналық кітапшалар толтырылып, оқушылардың денсаулықтары қадағаланады. Әр оқушы жылына екі рет флюорографияға түседі, Манту сынамасы алынып отырады. Сондай-ақ, мектеп-интернатқа Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың хирург, педиатр, окулист, невролог, жасөспірімдер гинекологы,  отолоринголог дәрігерлері келіп, әр оқушыны медициналық тексеруден өткізіп тұрады. Балалардың соматикалық науқастары анықталған жағдайда диспансерлік есепке алынып, тиісті емдер тағайындалып, сауықтырылып отырады.

Қурайлы мектеп-интернаты оқушыларға терең білім беріп қана қоймай, денсаулықтарын қадағалап, туберкулез ауруының алдын алады.

Бердібек ЖАМИТОВ,

Қурайлы облыстық туберкулез санаториясы мектеп-интернатының І санаттағы дәрігер-фтизиатры.

 

 

Үйірмеден үйренгеніміз көп

 

Қосымша білім беру саласында экология-биологиялық бағытта жұмыстанып жүрген, 60 жылдық тарихы бар Ақтөбе қалалық жас натуралистер станциясында көптеген үйірмелер бар.

«Гүлстан» үйірмесіне қатысқаныма екі жыл болды. Мұнда біз бөлме гүлдерінің шығу тарихын, құжаттандыру жұмыстарын және бөлме гүлдерін күтіп-баптау әдістерін үйреніп, оны тәжірибе жұмыстарымен ұштастырамыз. Сондай-ақ, мектебімізде, станцияда өсірілетін бөлме гүлдерін көбейте отырып, күтіп-баптап және өсімдіктерді заман талабына сай дизайндарда орналастыру әдістерін көптеп үйренеміз.

Жайқалып өсіп тұрған гүлді көргенде, әрине, жақсы ойда қалатынымыз анық. Осы орайда гүлге деген балалық сезімдерімізді біліммен ұштастыра білген үйірме жетекшіміз Талшын Рахымғалиеваның еңбегін айтып кеткім келеді. Біз үшін әрбір үйірме сабағы қызықты сәттерге толы. Үйірме сабақтарында түрлі шебер кластар ұйымдастырып, жарыс сабақтары, ойындар,  сарамандық сабақтар өткізіп, білімімізді одан әрі шыңдай түседі. Қалалық жас натуралистер станциясында өткізілетін қалалық, стансаішілік  іс-шараларға, «Өсімдіктер әлемі» бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілетін байқауларға белсене қатысып, марапатталып жүрген үйірме мүшелері де жетерлік.

Әсем ТҮЛІКБАЕВА,

«Гүлстан» үйірмесінің мүшесі. 

Ақтөбе қаласы.              

                                                        

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button