Талғаттың тазылары

Халқымыз «ат жақсысы — бозы, ит жақсысы — тазы» деп дәріптейтін қазақы тазының тұқымы құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Деректерге сүйенсек, елімізде таза қанды қазақы тазының саны мыңға жетер-жетпес көрінеді. Жиырма жылдан бері тазы асыраумен айналысып келген ақтөбелік Талғат Ермағанбетов қазақы тазыны іріктеп, әлемдік кинологиялық орталыққа тіркетпесе, өзге жұрттың иемденіп кететінін айтады. Ал сырт елдің кинологтары қазақы тазыны тіркесе, оның атауы орта азиялық тазы болып өзгереді екен. Егер осы жағдай орын алса, тазының қазақы тұқым екенін дәлелдеу қиынға түспек. Сондықтан ақтөбелік азамат қазақы тазыны сақтап қалудың қамына кірісіпті. Сонымен…
Ақтөбеде қанша тазы бар?
Ақтөбенің Сазды ауылында тұратын Талғат Ермағанбетовтың итке қызығушылығы бала кезінен басталыпты. Иттің овчарка, төбет секілді тұқымдарынан бастап түр- түрін асырап көрген ол 1994 жылы қолына қазақы тазыны түсірді. Өзге иттер секілді емес тазының алғырлығы Талғаттың осы тұқымды өсіруге деген қызығушылығын оятты.
— Қазір таза қанды қазақы тазыны табу қиын. Ақтөбе аймағында бар болғаны жиырмаға жуық таза қанды қазақы тазы бар. Ал өзгелерінің барлығы — қайың қаптал, яғни тазы мен өзге тұқымның будандасуынан пайда болған иттер. Өкінішке қарай, ит асыраушылардың көпшілігі қазақы тазы мен будан иттерді айыра алмайды. Дене тұрқы тазыға келіңкірейтін иттердің барлығын қазақы тазыға теліп жатады. Тазының түрі көп. Оның ішінде құмай, қайың қаптал, ауған, орыс, түркімен деп аталатындары бар. Жүйріктігі, мықтылығы жағынан қазақы тазыға тең келері жоқ. Алайда, қазір осы байлығымызды бағалап жатқандар сирек. Қазақы тазының қадір-қасиетін білмейтіндер, қолда бар тазыны кез келген итке, тіпті ұяластарымен ұйықтырып, тұқымын аздырып жатыр. Иттің де төрт аяқтылығы болмаса, адамнан айырмашылығы шамалы. Ұяластарымен будандастырылған иттің тұқымы азғындыққа ұшырайды, мінезі өзгереді, қаны бұзылады. Сондықтан тазы ұстайтын азаматтардың осы мәселеге аса сақтық танытқандары жөн, — дейді Талғат Ермағанбетов.
Талғат жуырда Ақтөбедегі алғашқы облыстық тазы өсірушілердің кинологиялық клубын ашты. Қазір клубтың құрамында онға жуық адам бар. Мақсат — облыс аумағындағы қаны таза қазақы тазылардың тізімін жасау, жойылып бара жатқан ұлттық құндылығымызды сақтап қалу.
Талғат бұрынғыдай емес қазір барлығы құжат арқылы жүзеге асатынын айтады. Егер қазақы тазыны дер кезінде тіркеп, құжаттандырып алсақ, ертеңгі күні ешкім талас тудырмасы анық. Ал құжатсыз қанша жерден асыл тұқымды болса да қазақы тазы көп иттің бірі болып саналады. Осындай олқылыққа жол бермес үшін Талғат клуб жұмысына ерекше күш салып, осы салаға қызығушылық білдіретін жігіттермен сөйлесіп жатыр.
Тазы — талғампаз хайуан
Талғат Ермағанбетовтың айтуынша, нағыз қазақы тазының жүні тықыр, құлағында шашақты түгі болады. Түсі сары, көкшіл сұр болып біркелкі келеді. Оның ішінде көкшіл сұр тазылар жоғары бағаланады. Қазақы тазының мойнында немесе денесінің басқа жерінде ала жолақтар болмайды. Егер мойнын түгел орап тұрған ақ жолағы болса, ол қазақы тазы емес.
— Қазақы тазы қаншығының биіктігі — 65, арланының биіктігі 75 сантиметр шамасында болады. Қазақы тазының бір ерекшелігі, аң қаққыш, суыққа төзімді, ұзақ суыт жүріске шыдамды, денелері сидам, ширақ, арық келеді. Тазы көсілгенде адымы ұзын, есік пен төрдей жерге жетеді. Жеңіл әрі жүйрік болғандықтан қашқан аң құтыла алмайды. Икемділігі сондай, қоян, түлкі секілді аңды оңай аулайды. Өзге тұқымдастары тәрізді аяғын қайырып, мойнын шығарып алғанын көргенім жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тазы қуса жететін, қашса құтылатын қасиетке ие, — дейді Талғат.
Талғаттың қолында қазір таза қанды қазақы бес тазысы бар. Ұрғашы тазыларын ұйықтыру үшін өткен жылы Алматыдан арнайы еркек тазы алып келіпті. Лашын, Таймас, Зуля, Ласка деп атайтын иттері қазір мал қораның бір шетіне жайғасқан. Талғат иттеріне күніге үш мезгіл ет қосылған арнайы тамақ береді. Тамақ құнарлы болса, иттің бұлшық еті жақсы жетілетінін айтады. Иттердің бір-бірімен тату болуы үшін бес итке тамақты бір табаққа құяды. Тазы тамаққа талғампаз келеді.
— Тазының ерекшелігі сол, ол өзге иттер сияқты өлексе жемейді, лас жерге жатпайды. Қанша жыл ит асырап келемін, бір байқағаным, тазы басқа иттер секілді емес, ақылды, адамға жұғысқыш, иесіне адал келеді. Ұзақ жылғы тәжірибемнен болар, иттерімді алыстан жазбай танимын. Бірде Зуля атты тазым жоғалып кетті. Қанша іздеу салсам да итімді таба алмадым. Үш жылдан кейін Зуляны мал базардан көріп, бірден таныдым. Жалпы мен иттің күшік кезінен-ақ оның қандай болатынын бірден айырып беремін.
Менің нағашы атам Жалғасқан кезінде Будённый жылқысын өсірген әрі жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы ұстаған сері адам болыпты. Ол қай жерде жүйрік жылқы, алғыр тазы болса, қашықтығына қарамастан іздеп барып, тұқым алуға тырысады екен. Атамның жылқы мен итке қатысты әңгімелерін анам айтып отырушы еді. Сол кісінің сол қасиеті маған дарыса керек, жүйрік тазы болса, бағасына қарамай сатып алатыным бар, — дейді Талғат.
Талғат еліміздің оңтүстік өңірінде итті бизнестің түріне айналдырып алушылардың көп екенін айтады. Мәселен, Алматы, Шымкент қалаларында тазының күшігі жүз мың теңгеге дейін барады. Ал біздің қалада әрі кетсе отыз мың теңгеден аспайды. Ақтөбеліктер тазыны аң аулау, яғни спорттық мақсатта жиі қолданады. Талғат аймақтағы тазы ұстаушылардың басын қосса, тазының тұқымын сақтап қалуға болатынын айтады. Өткен жылы Талғат Сазды ауылының сыртынан екі гектар жер алыпты. Қазір осы жерден жаңа бір нысанның құрылысын бастады. Мал қорадан бөлек, тазыларға арналған арнайы орын салынып жатыр. Талғаттың бұдан бөлек мал шаруашылығына қатысты да жоспары бар. Қазір елуге жуық сиыр бағып отыр. Биыл «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, асыл тұқымды ірі қара өсіруді қолға алмақ.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
ИТКЕ «КЕТ» ДЕМЕ, КЕЛІН!
«Уикипедия» ашық энциклопедиясында тазыға қатысты көптеген мәліметтер айтылады. Солардың ішінде тазының аң алуына қатысты наным-сенімдер бар.
Тазының алғаш өз бетімен аң алу құрметіне ауылдастары жиналып, қайырлы болсын айтып, қуанышқа кішігірім той жасайды. Аңшылармен бірге саятқа шығып, аң олжасын, әсіресе, түлкі байланған кісінің өзі қуанышына ауылдастарын ортақтастырып, тілек жасайтын жоралғысы бойынша бүкіл ауыл аңшы үйіне жиналып, қыстың ұзақ сары таңын ойын-күлкі, өлең-жырмен өткізеді.
Аңшы олжасының етінен аяғы ауыр әйелдер ауыз тисе, мылтық пен қақпаны қырсығып қалады. Өйткені жүкті ананың арғы әлеммен байланысы бар, құрсақтағы ұрпақ бергі әлемге әлі үлгеріп келмеген. Аяғы ауыр әйел аңның етіне аңсары ауып, жерік болып тұрса, аңшы құралына ақ түсті мата байлап, аңшыға кәдесін беріп барып еттен ауыз тиеді. Адамның басына қонған құт пен шаңыраққа келген ырыс көбіне ит болып келеді: сол үйге құтпан ит немесе алғыр тазы бітеді де ол адамның барлық тілеуін жүзеге асырып, мұратына жеткізеді дейді қазақ сенімінде. Жаңа үйленген жастарға үбірлі-шүбірлі, дені сау, берік болсын деген ырыммен жас келіннің көйлегінің етегінен итке жем бергізеді. Аяғы ауыр әйел жерігі қанғанша итке «кет» деп айтуға тыйым салынған.
ИТ ЖӘНЕ ИТАЯҚ
Қазақ дәстүрінде иттің ас-су ішетін итаяғы тек ағаштың безінен ойып, әшекейленіп жасалады, темірден болса ырыс кетеді деп ырымдайды.
Әбден ескіріп, тозған итаяқты отқа жақпайды, жаңғыртып жаңаламайды. Ұзаққа дейін тілі шықпаған немесе кекеш, тұтықпа, быдық болып жүрген балаға «итаяқтан» су ішкізсе кінәратынан арылады деп сенген. Сауын малының желіні ісінсе итаяқты отқа қыздырады да, онымен ауру желінді ұрып домдайды. Алайда, итаяқты үйге кіргізуге, оған ожаумен ас-су құюға қатаң тыйым салынады.
«Ит итаяғын жаламай көңілі көншімес» деген, яғни ит тойып тұрса да кешкісін үй иесінің әйелі итаяққа бірдеңе салуы шарт. Өйткені «аш ит үреген де өреген» деп аш ит табаны қышып керуенге ерсе немесе ауыл аралап жүрсе, үйдің құтын өзгеге аударып жіберуі мүмкін деп қауіпсінген.



