Отбасы бизнесі — ортақ құндылық

Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес — біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс.
(Президент Жолдауынан).
Қазір кәсіп ашып, оны дамытқысы келетіндер үшін мол мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта түрлі қаржы институттары жұмыс жасайды. Ондағылардың айтуынша, бүгінде несие алушылардың 40 пайызға жуығы қаражатты отбасы бизнесін дамытуға жұмсайды екен.
СУРЕТШІНІ ЕМЕС, СИЫРДЫ БАҒАЛАЙДЫ
Әлемде отбасы бизнесі қалай дамып жатыр? Ол үшін бірқатар елдердің тәжірибесіне көз жүгіртіп көрелік.
Мәселен, Арменияда ежелден құпия бұйрық бар: қыздар тұрмыс құрады, ал ер балалар саудаға бет бұрады. Латвия мемлекетінің бұрынғы президенті өз жұбайымен үлкен саясатқа келген жаңа үміткерлер үшін кеңес беру қызметі фирмасын ұйымдастырған. Ал Украинада әкелі-балалы бірігіп отбасы холдингін ашуды әдетке айналдырыпты. Яғни холдинг ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіріп, оны өңдеумен айналысады. 2008 жылы Украинаның қаржы министрлігі шағын отбасылық бизнестегілерді салықтан түбегейлі босатуды жоспарлаған. Бұл туралы сол кездегі Украинаның вице-премьері Николай Азаров былай деді: «Әрине, 250-ге жуық нағашы жиен мен немере әпкелер жұмыс жасайтын орын кәсіпорын болуы мүмкін емес. Бұл — шағын отбасылық бизнес. Біз уақыт өте келе мұның орта бизнес субъектісіне айналып, ел экономикасын дамытатынына сенімдіміз».
Германия әлемге «Далмайр» кофе компаниясымен белгілі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан кәсіппен әйгіленген компания бүгінде Германия экономикасының негізін құрайды: мемлекеттегі өндірістік кәсіпорындардың 85 пайыз үлесі осы компанияның еншісінде. Бүгінде компания 3 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Далмайр» — кофе сатумен маманданған компания. Тарихы сонау XVIII ғасырдың басынан бастау алған компания өнімді әуелі 16 король сарайына жеткізумен айналысқан. Компанияның жылдық табысы — 400 миллион еуро. «Далмайр» компаниясында өндірілетін сапалы өнім, яғни кофенің ірі дәні Эфиопияның мықты плантацияларында өсіріледі. Компанияның қазіргі басқарушысы Уильям Ферпоортен соңғы уақытта бәсекелестердің көбеюіне қарамастан фирманың ұзақ жыл отбасы меншігінде қалатынына сенімді.
Бүгінде Голландияда отбасы меншігіндегі сүт бизнесі ерекше дамыған. Қарапайым голландықтар үшін герцог немесе суретшіге қарағанда, әншейін сиыр малы анағұрлым жоғары бағаланады. Өйткені ірі қарадан алынатын өнім арқылы бұл елдің аты әлемге әйгіленді. Отбасы меншігіндегі сүт фирмаларының иелігінде кемі 120 сиырдан болады. Олар жылына орташа есеппен 1 миллион литрге дейін сүт береді. Еуроодақтың нақты статистикасында бір голландық 30 еуропалықты азықтандыратыны көрсетілген.
Әлемге «Дионис» тері салоны желісімен әйгілі Грекияда XIV ғасырда құндыз терісінен алғашқы тондар тігіле бастады. Кейін терінің әлеуметтік мәртебесі жоғарылағаннан кейін, грекиялық тері өндірушілер тонды еуропалықтар үшін тігуді қолға алды. Олар тері өндірісінің құпиясын ұрпақтан-ұрпаққа айтып, жеткізді. Қазір тері өндірісі Грекияда негізгі отбасылық кәсіп саналады.
Бүгінде Италия компанияларының 90 пайызға жуығы — отбасы меншігіндегі нысандар. Мұндағы әйгілі «Etro» компанияның президенті Джироламо бұл іске өзінің екі ұлы мен қызын тартқан. Бір ұлы мен қызы әйелдерге арналған киімдерге, әшекей бұйымдар мен сөмкелерге дизайн жасаса, тағы бір ұлы бизнесті әкімшілік және қаржылық жағынан басқарады. Олар: «Бизнеске деген қарым-қатынасың қашанда бірінші орында тұру керек» деген ұстанымды ұстанады екен.
БИЗНЕС — ҚАЛЫПТАСПАҒАН МАМАНДЫҚ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнес отбасылық дәстүрге айналуы керек дегенді баса айтты. Бір сөзінде Президент елімізде ең ары кеткенде екі ұрпақтың өкілдері ғана бизнеспен шұғылданып жатқандығын еске салған болатын. «Біз бұл жөнінен әлі жас елміз. Біздің қоғамымызда жекеменшік дәстүрі әлі толық қалыптасып, бел алып кете қойған жоқ. Ал оның заңдық негіздері болса, даму үстінде келеді. Сондықтан Қазақстанда бизнеспен шұғылданушылардың өзі де әрі-сәрілік жағдайы басым. Мұның бір себебі, бизнестің мамандық ретінде толық қалыптаспағандығы. Кәсіпкерлердің өздері кеше бір шаруамен айналысса, бүгін екінші бір іске әуестенеді. Ал ертең басқа бір салаға көшіп кетуі де ғажап емес. Сөйтіп, әр істің басын бір шалып жүре береді. Демек, бизнес үшін бүгін тек осы іске кірісті деген мәлімгерлік сөз жеткіліксіз болып табылады. Бізге терең стратегиялық жоспар құрып үйрену керек. Бизнестің өзіне міне, осы арқылы келуіміз керек», — деген еді.
Президенттің бұл пікірімен толықтай келісетін ақтөбелік кәсіпкер Абзал Айымбаев бүгінде аймақта отбасылық бизнестің озық үлгісін көрсетіп жүр. Қазір ол Алға қаласында отбасымен бірге «Айым және А» автомектебін ашып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік туыпты.
Абзалдың әкесі Бақытжан кезінде оқу-өндірістік комбинатын басқарған тәжірибелі маман. Бүгінде баласы әкесінің осы педогогикалық жолын жалғастырып жатыр.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше мән беретін Абзал қазір ауылында 14 адамды жұмыспен қамтып, төрт жыл ішінде 1200 адамға жүргізуші куәлігін берген. Сонымен бірге, өзі басқаратын мектепте Алға балалар үйінің 86 түлегіне ақысыз оқуға жағдай жасапты.
КӘСІП ТҮБІ — НӘСІП
Гүлжанат Ерғазина, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры:
— Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық әр мемлекеттің экономикасының негізі және үлкен кадрлық резерв саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының бірі — еліміздің әрбір азаматын жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа кәсіптердің дамуына жағдай жасау, қажет болған жағдайда жаңа мамандықтарға да қайта оқыту. Осындай игі істердің арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы одан әрі жақсаратын болады. Елбасы биылғы Жолдауында бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бизнес әрбір отбасы үшін қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Отбасылық кәсіп — ортақ құндылық.
Былтыр аймақта қордың Ақтөбе филиалы арқылы 577 адамға шамамен 1 миллиард 400 миллион теңге көлемінде несие берілді. «Шағын несие», «Бизнес аймақ», «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы несие алғандар — осы отбасылық кәсіпті дамытуды мақсат тұтқан адамдар. Өйткені несие алатындардың шамамен 40 пайызы қаражатты отбасы бизнесін дамытуға арнайды.
Бұл орайда облыстың Байғанин ауданында бүгінде кәсібін дөңгелентіп отырған «Қос-Темір» шаруа қожалығын ерекше атауға болады. Жиырма жылға жуық жылқы шаруашылығымен айналысып жүрген қожалық иесі Сабытай Жексенбай түгел отбасымен осы кәсіпке бет бұрған. Қария екі баласын да кәсіптің қыр-сырын білуге үйретіпті. Бүгінде көп шаруаны ұлы Еркін Жексембайға сеніп тапсыратын қожалық иесі «Сыбаға», «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдауға бірнеше мәрте ие болды. Қазір қожалық иелігіндегі қымыз өндіретін цехта 0,5-1 литрлік бөтелкелерге құйылған қымыз облыс аумағында кең сұранысқа ие.
Мұндай мысалдарды Мұғалжар ауданындағы «Вайнах» шаруа қожалығына қатысты да айтуға болады. Бау-бақша өнімдерін егумен айналысатын қожалық иесі Межед Айсаханов қазір алты баласын іске араластырып отыр. Бұрын кәсіпкер жерге тұқым салу болмаса өнім жинау мақсатында ғана қордан несие алса, қазір өнімді жер-жерге тасымалдау немесе көлік алу мақсатында мемлекеттік қолдауға ие болып жүр. Бұл — істің аяғынан нық тұрғанын білдіреді.
Бір айта кетерлік жайт, бүгінде отбасы бизнесінің озық үлгісін жасап отырғандардың дені ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Біздің міндет — отбасылық дәстүрдегі кәсіптің өзге түрін дамытуға мүмкіндік жасау әрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ықпал ету.
Арайлым НҰРБАЕВА.



